Анасының туған күні полицияда өлген семейлік жігіттің отбасы әділдік талап етеді
Семей қалалық ІІБ (ПБ) ғимаратында көз жұмған Елдос Қалиев. Фотоколлаж: Orda
Осыған дейін редакция 11 қаңтарда Семей қаласының Полиция басқармасы ғимаратында 26 жастағы Елдос Қалиев көз жұмғанын жазған. Марқұмның денесінен туыстары мен жақындары азаптау белгілерін көргенін айтады. Коменданттық сағатта ұсталған тұрғынның бір күнге ұзамай қаза табуы көп сұрақ тудырып отыр.
Бұған дейін редакция өзіне жүгінген азаматтардың уәжімен Семейдегі полиция мен прокуратураның адам құқықтарын өрескел бұзғаны жөнінде бірнеше материал жариялаған. Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған куәгердің бірі қаңтар оқиғасынан кейін полиция ғимаратында «азаптаудан бір жас жігіттің көз жұмғанын» көргенін жеткізген. Orda осы жағдай жайлы ақпарат сұрап, ІІМ мен облыстық Полиция департаментіне жүгінген. Ресми өкілдер 6-10 қаңтар аралығында кісі өлімі болмағанын айтып, ақпаратты жоққа шығарған.
Геолог болып жұмыс істейтін семейлік Елдос Қалиевтің өлімі жергілікті жұрттың құқық қорғау органдарына күдігін арттыра түсті. Қаңтар оқиғасына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде, коменданттық режимнің алғашқы сағаттарында ұсталған Қалиев полиция басқармасына жеткізілген.
Өзін Қалиевтің бала кезгі досы ретінде таныстырған Талғат Исламов редакция тілшісіне берген сұхбатында оқиға күнгі жағдайды баяндап берді.
– 10 қаңтар кешкісін жолдастарымен досының әке атанғанын атап, шағын дастархан жайған. Мерекелік кештен кейін үйіне қайту үшін қоштасып шығып кеткен. Біраз қызып алғаны бар. Қарағайлыға (ықшам аудан атауы – ред.) барар жолда көлігін тоқтатып, ұстаған. Оны полиция бөлімшесіне емес, Семей қалалық басқармаға алып кеткен. Келесі күні өлтірілгені белгілі болды. ...Тура мағынасында бет-аузын бұзған, әбден азаптаған. Қазір оны ішімдік ішпеп еді, сау болды, көлігінен қару-жарақ табылды деп, көпе-көрнеу бұрмалап, қолдан қылмыскер етіп көрсетуге тырысып жатыр, – дейді ол.
Исламовтың сөзінше, Елдос 5 қаңтарда көпшілікпен бірге «қызығушылық танытып» бейбіт жиынға барған. «Бірақ бүлік-бұзақылыққа араласпаған. Бұрын-соңды саяси наразылыққа қатыспаған».
Жеті балалы Қалиевтер отбасының үлкені Айдос Қалиев те бауырының «досының әйелі босанып, соны атап өткенін» растайды. Қаңтардың 11-і, анасының туған күнінде қаза болған Елдостың отбасы қаралы хабарға қатты есеңгіреп қалған.
Марқұмның мәйітін көріп шошыған туыстарының талабы
– Ести сала қалалық басқармаға жеттім, ауладан көлігін көрдім. Бауырымды сұрап едім, іштен полиция қызметкері шығып, «кеше ұсталды, тінту кезінде қару табылды. Қарсылық танытты, сөйтіп көз жұмды» деді. Не дерімді білмей абдырап қалдым. Мәйітханадағы мамандар сараптамаға материал жасалып жатқанын айтты. Денесін 12 қаңтарда алдық, – дейді Айдос Қалиев.
Марқұмның мәйітін «бір күн емес, 10-15 күн далада жатқан сияқты» деп сипаттаған ағасы сүйекке кіріп шыққаннан кейін күйзеліске түскен. Ол Елдостың бойынан азаптау белгілерін көрген. «Белден төмен дубинкамен ұрған, тұтас қанталап тұрды. Басы да толған гематома. Оң көзі ісініп-қанталап кеткен. Жағы сынған секілді көрінді. Мұрны мен сол жақ қабырғасы сынған. Ерні көкпеңбек. Омыртқасы мен аяғының башпайларындағы қан іздерінен ине тәрізді үшкір зат тыққаны байқалады» дейді. 13 қаңтарда күндіз жерленген.
– Жетісі өткен соң істің мән-жайын білуге Полиция басқармасына бардым. Олар Өзіндік қауіпсіздік басқармасына сілтеді. Бесінші қабатқа көтерілдім, олар Антикорға жолдадық деді. Онда барғанымда Затон аудандық полиция бөлімшесінің ішіндегі тергеу басқармасы қарайтынын айтты. Сөйтсек, олар енді көшіп келдік, орналасып жатырмыз, әзірге ешкімді қабылдай алмаймыз деп қайтарды. Допша сандалтып, созбақтатып жатыр... ІІБ (ПБ – ред.) ғимаратына өз аяғымен кіргенін бақылау камерасының видеосынан көрдім. Сол түні өлтіріп тастаған, – дейді Айдос.
Басқарма мамандары бауырының митинг күні алаңда тұрған он шақты фотосын көрсеткен. «Көліктен қару-граната табылды дегенге өз басым сенбеймін. Кім митингтен бес күн өткеннен кейін қауіпті қаруды өзімен ұстап жүреді» деп құзырлы органдардың әрекетіне күмән келтіреді.
Туыстары Елдос Қалиевтің өліміне кінәлілердің жазалануын талап етеді.
Талғат Исламов марқұм досын көпшіл, бәрімен жақсы араласатын еді деп еске алады. «Табиғатынан мейірбан, жанашыр адам еді. Ешкімге зияны жоқ. Еңбектеніп, маңдай терімен өсуге тырысып жүрген. Жұмыс істеп көлік алды. Осыншама қатігездікке баруға бола ма? Масаң күйдегі адамнан сұрақ-жауап алудың өзі ақылға сыймайды. Мұндайды бұрын көрмегем. Аяусыз азаптаған. Олай қорлағаннан гөрі атып өлтірсе жаны қиналмас па еді?!. Не жазығы бар, жас жігіттің өмірін қор қылды».
Қылмыстық кодекстің 362-бабының («Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») төртінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Семей қаласының прокуроры Саид Аймұхан құқық қорғаушы Ерлан Қалиевке берген ақпаратына қарағанда, өңірдегі ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасы №226328031000008 іс қозғаған. Семейде дәл осыған ұқсас айыппен тағы бір іс ашылған. 35 жастағы Жандос Жотабаев 17 қаңтарда уақытша ұстау изоляторында қаза тапқан.
Orda редакциясы құқық қорғау органдарының ғимаратында орын алған екі бірдей өлім фактісі жөнінде Антикор, ІІМ мен Бас прокуратураға арнайы сұрау хат жолдады.
Аманат қоғамдық комиссиясының бірлесіп ШҚО-да жұмыс істеп жатқан Құқық қорғау ұйымдары альянсының мүшесі Ерлан Қалиев редакцияға берген сұхбатында Семей қаласында 64 адам қамауда отырғанын айтты. Полицияның қызметтік лауазымын асыра пайдаланғаны үшін төрт іс қозғалған. Құқық қорғаушылар бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұсталып, абақтыда отырған туыстарын үйқамаққа ауыстыру жөнінде Семейде 61, Өскеменде 16 арыз қабылдаған.
Жаңалықтар
- Ливан өлім жазасын жойған алғашқы араб елі болды
- Нұрай Серікбайдың өлімі: Прокурор күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады
- Иранның қастандық жасау қаупіне байланысты Трамп ұшағын ауыстыруға мәжбүр болды
- Бір серіктестіктің алты бірдей жұмысшысы құдыққа түсіп қаза тапқан: Полиция үш адамды ұстады
- Бала ауыр халде: Футбол алаңында төтенше жағдай болды
- Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад сырттай өлім жазасына кесілді
- Алматыда күйеуін өлтірген әйел сотта ақталды
- Прокуратура талабымен: Атырау облысында полицейлерді соққыға жығып, бостандықта жүргендер сотталды
- Аичи-Нагоя-2026: Азия ойындарының медальдары таныстырылды
- Қытайлық ғарыш миссиясы сәтсіз аяқталды: Зымыран тасығыш 90 секундта жарылып кетті
- Медициналық сақтандыру қорынан 3,5 млрд теңгеден астам қаржы ұрланған
- Ақсайда түнгі клубта жаға жыртысқандар жазаланды
- «Крыша боламын» деп 30 млн теңге талап еткен ММА жаттықтырушысы ұсталды
- Парсы шығанағында тұрып қалған кемелер әлемді экологиялық апатқа ұшырата ма?
- Бесағашта мас ер адам көшеде қыздарға бейәдеп ұсыныс жасаған
- Астанада полиция қызметкері кәмпитке қақалған баланың өмірін құтқарды
- Елден жаппай ақша алып қашып жатқандар кім? ҰҚК мәлімдеме жасады
- Қазақстандықтар үй сатып алуды азайтты ма? Тұрғын үй нарығында жаңа өзгеріс байқалды
- Өз тойына келе алмаған жұптың тойы экран арқылы өтті
- Үйлену тойында пышақтап өлтірген: Ақтөбе облысындағы сұмдық жайт