«Анашым, ояншы!»: Атырауда ер адам екі қызының көз алдында әйелін өлтірді
Фото: Ләззат Тасқынбаева, марқұмның туыстары ұсынған фото
Атырауда болған қайғылы оқиға көпшіліктің жағасын ұстатты. 39 жастағы Ләззат Тасқынбаева күйеуінің қолынан қаза тапты. Қанды оқиғаға олардың кішкентай қыздары куә болған, деп хабарлайды Orda.kz.
Оқиға 19 тамызда болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам тағы да әйеліне қол көтерген. Желкеге тиген соққыдан кейін Ләззат көз жұмған. Қыздары «Анашым, ояншы!» деп жылап, жанында отырған.
Ләззат Тасқынбаева 14 жыл некеде болып, екі қыз туып, тәрбиеледі. Әпкесі Майра Сәдуақастың айтуынша, ол күйеуінің зорлығына ұзақ жылдар бойы шыдап келген, себебі отбасының сақталатынына сенген.
«Әйелдер өздерін үйлерінде қауіпсіз сезінуі керек емес пе? Біз XXI ғасырда, өркениетті елде өмір сүріп отырмыз ғой. Ләззаттың артында екі қызы қалды. Үлкені алтыншы сыныпта оқиды, кішісі биыл мектепке барды. Өмірінің соңғы екі жылын ол қыздарына арнады, жұмыс істемеді. Олар үшін анасы әлемдегі ең қымбат жан еді. Соңғы бес жылда күйеуі ішімдік ішіп алып оны жиі ұратын. Ләззат үндемей бәріне төзді, отбасы үшін күйеуінің өзгеретініне сенді», — деді Майра Сәдуақас.


Әйелінің қазасынан кейін күйеуі жедел жәрдем шақырудың орнына алдымен әпкелерін хабардар еткен. Ләззаттың туыстарының айтуынша, олар мәйітханадан мәйітті алудан да бас тартқан.
«Өлімге әкелген соққы желкеге тиген. Ағасы мен әпкесі жеткенде көшеде жедел-жәрдем мен полиция тұрды. Ал үйдің ішінде күйеуінің екі әпкесі мен екі кішкентай қызы болды. Қыздар аналарының қасында жылап: «Анашым, ояншы! Сен тек жатсың ғой! Тұршы!», деп жалынды. Бірақ Ләззат жауап бере алмады», — деді марқұмның сіңлісі.
Қазір балалар интернатта. Оларға психологтардың көмегі қажет.
«Әрине, күйеуі Ләззаттың қайтыс болғанын түсінген кезде, бірінші кезекте жедел жәрдемге немесе полицияға емес, әпкелеріне хабарласқан. Кейін олар «Бізге мәйіт керек емес, өздерің алып кетіңдер» деп қатыгездік танытты. Мұндай тасжүректік — барып тұрған сатқындық. Біз үнсіз қалсақ, ешкім бұл қасірет жайлы білмес еді. Полиция басында бәрін жоққа шығарды, тек біз дабыл қаққаннан кейін ғана мойындады. Бұл — ұят та, отбасылық іс те емес. Бұл — кісі өлтіру. Бұл — бүкіл қоғамға ортақ қасірет. Ләззат енді жоқ. Бірақ оның дауысы біз арқылы естіледі. Мен бұны айтуға мәжбүрмін, себебі өзімнің де үш қызым өсіп келеді. Олар әйелдің таяққа төзіп, үнсіз жүре беретін елде өмір сүрмеуі тиіс», — деді Майра Сәдуақас.
Қазір Атырау облысының полициясы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Күдікті уақытша ұстау изоляторында.
Жаңалықтар
- Роналду «Әл-Наср» сапында жеңіс голын соғып, 1000 голдық тарихи межеге жақындай түсті
- Якутияда қарттарды бопсалап ақша алып жүрген Қазақстан азаматы ұсталды
- Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Қасіреттен қарусыздануға дейін
- Талғарда ер адам жеті жасар қызды бұтаның арасына қарай сүйреді деген күдікке ілінді
- Өмір бойына бас бостандығынан айырылған Аймахан Шерханның адвокаттары апелляциялық шағым түсірді
- БАӘ-де қаза болған екі қыздың денесі Дубайдан елге жөнелтілді
- Бақытжан Базарбек өзі қағып кеткен адамға қатысты жаңа мәлімет берді
- «Бұндайларға рақым жоқ»: Садыр Жапаров «халық жауларын» жазалауға шақырды
- Түркістанның 100 тонна еті Алматыда 20 пайыз жеңілдікпен сатылады
- Непал мен Қытай шекарасындағы апат аймағында үш қазақстандық іздестіріліп жатыр
- Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы күрес күні қазақстандықтарға үндеу жасады
- Трамп Венесуэламен «тарихи» мұнай келісімін жариялап, бензин бағасы түсетінін айтты
- 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлауға бола ма? Оқу-ағарту министрлігі жауап берді
- Әділет Жауғашар «Сүй иә» әнінің сөзін өзгертті
- «13 млн теңге несие ал!» Алаяқтардың айтқанын орындап, полицияға да, ұлына да сенбеген
- Байзақ ауданында полиция басшысының экс-орынбасары пара алған
- Құрылтайда сегіз тұрақты комитет құрылып, төрағалары сайланды
- Құрылтай төрағасының орынбасарлары сайланды
- Құрылтай төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды
- Алматыда ұшақ өртенді