Алматыдағы мектептердің бірінде зорланған баланың әкесі барлық сұмдықтың бетін ашты

cover Фото: ашық дереккөзден

Алматыдағы мектептердің бірінде 7-сынып оқушылары 1-сынып оқушысын зорлады. Зардап шеккен баланың әкесі Orda.kz тілшісіне берген сұхбатында ұлының қаңтар айынан бері жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтты.

Жантүршігерлік оқиға мектеп әжетханасында орын алған. Бала ауырсынып, қатты айқайлаған, бірақ оны ешкім естімеген.

«Жетінші сынып оқушылары оны сыныптан алып шыққан. Мұғалім Алла Васильевна ұлымды солармен бірге жіберген. Балам маған оның қолын бұрап, артынан жақындағанын айтты. Алдымен біреуі зорлап, сосын екіншісі, солай кете берген. 10-12 рет болған. Баламды пышақпен, мылтықпен қорқытқан екен» деді баланың әкесі.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен балалар құқығы жөніндегі штаттан тыс кеңесші Раиса Шер Алматыға жекеменшік мектепте оқитын 1-сынып оқушысына қатысты мән-жайды зерттеу үшін келді.

«Бұл жағдайды ерекше бақылауда ұстап отырмыз. Алдын алу шараларын жүргізу үшін бүгін «Мариям» жекеменшік ұйымында тексеру жүргіземіз. Сондай-ақ, оқушының отбасына барып, қажетті көмек көрсетеміз. Балаға да психологиялық көмек көрсетіледі. Тергеу іс-шараларының нәтижесіне қарай әрі қарай шаралар қабылданатын болады. Сараптаманың нәтижесін күту керек. Құқық қорғау органдарымен байланыстамыз» деді Есенғазы Иманғалиев.

Еске салсақ, бұған дейін құқық қорғаушы Дина Смаилова Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінің оқушысы жоғарғы сынып оқушыларынан жәбір көргенін хабарлаған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар