Алматыда 5 жасар бала жерасты суына тұншығып, көз жұмды

cover скриншот

Алматыда 5 жасар бүлдіршін жерасты суына толы шұңқырға құлап, көз жұмды. Адам өліміне әкелген шұңқыр кәріз сору стансасын салу үшін қазылған.

Астана телеарнасына марқұмның жақындары шұңқырдың ашық, әрі қоршаусыз тұрғанын айтқан.

Қайғылы оқиға Алатау ауданындағы Қарасу шағын ауданында орын алған. Рамазан есімді бүлдіршін түскі уақытта ойнауға сыртқа шығып кеткен. Ойнап жүріп, аяғы тайып, шұңқырға құлап кеткен. Бауыры келгенше бүлдіршін тұншығып қалған.

«Көшеде кетіп бара жатқан едік, досым екеуміз. Жаңағы баланың анасы көріп қалып өзі көшеге жүгіріп  шықты айқайлап, бізді шақырған соң жүгіріп келіп баланы көріп шығарып алдық. Бірақ шығарғанмен сәл үлгере алмай қалыппыз» дейді Қарасу шағын ауданының тұрғыны Савредин Мырзамов.

Марқұм баланың жақындары құрылысқа жауапты мекемені жауапқа тартуға ниетті.

«Балақай есіктің алдында ойнап жүрген. Одан басқа 7 айлық қарындасы бар. Анасы 7 айлық баланы киіндірем дегенше бұл бала далаға шығып кеткен. Бір 5-10 минуттың арасы ғана. Бұл шұңқырдың ашық тұрғанына біраз болды. Ешқандай жауапкершілік жоқ құрылыс компанияларында. Ашық-шашық  тастап кеткеннен кейін біз осындай жағдайға ұрынып отырмыз» дейді марқұм Рамазанның әпкесі Әсел Ошақбаева.

Қайғылы оқиғадан кейін жауапты компания шұңқырдың маңын қоршауға алып қойған.

Қазір тергеу амалдары басталған. Сот медициналық сараптама тағайындалған.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар