Әлемді таңқалдырған қазақ қызы Антарктиданың суын қалай жүзіп өтті?

cover Коллаж: Orda.kz

Жақында Антарктиданың суын жүзіп өтіп, дүниежүзіне танымал болған Әнел Сытдықова 5 жыл бұрын да қазақстандықтардан алғаш рет 38 шақырымдық Ла-Манш бұғазынан гидрокиімсіз жүзіп өтіп елді таңқалдырған болатын. Кейін Лос-Анджелестегі ең ұзақ марафондық қашықтықтардың бірі — 34 шақырымдық Каталина бұғазынан жүзіп өтті. Қазақстанның Орал қаласында туған Әнел Сытдықова қазір Англияның Оксфорд қаласында отбасымен тұрып жатыр. Осы жолы ол 18.58.95 минуттың ішінде минус 1,4 градуста 750 метр қашықтықты жүзіп өтті.

Orda.kz тілшісі оған хабарласып сұхбат алды.

Фото: Әнел Сытдықова 

Әнел, сізді мұндай үлкен ұмтылыстарға не жігерлендіреді? Жүзумен қалай айналыса бастадыңыз?

— Мен жүзуді ересек болып бір-ақ бастадым. Алғаш рет Лондонда 2012 жылы құрбыларыммен бірге триатлонға қатысуға шешім қабылдадым. Сол жарыста ашық суда 1500 метр жүзу керек еді. Алайда мен сол кезде тоқтамай тек 200 метрді ғана жүзе алатынмын. 4 айлық дайындықтан кейін жаттықтырушымның көмегімен мен жүзуді үйрендім. Бассейнде 2000 метр қашықтықты жүзіп өттім. Осылайша, жарысқа дайын болдым.

Фото: Әнел Сытдықова 

Бірнеше жылдан кейін триатлонға деген қызығушылығым бәсеңдеді. Жарыстардың форматы сол күйі қайталанатын, бір сарынды болып кетті. Мысалы, триатлонда немесе марафонда қашан жарысқа қатысатының үнемі алдын ала белгілі болады. Сол күнге қарай дайындалып, жоспарыңды құрып, қатаң түрде сонымен жүріп-тұруың қажет. Бұл мен үшін тым «оңай» болып көрінді. Онда күтпеген жерден болатын қиындықтар мүлде жоқ еді.

Сол кезде мен алдыма мақсат қоя басталым. Ла-Маншты жүзіп өту идеясы менің ойыма 2015 жылы соңғы айронмен жарыстан кейін келді. Осыдан кейін мен бұл туралы ақпарат іздеп, зерттей бастадым. Бастапқыда ақпарат табу қиын болды. Өйткені Ла-Манш ағылшын тілінде «English Channel» деп аталады. Мұны білмегендіктен, іздеу жүйесіне «Ла-Манш» деп жазатынмын. Ақыры бір ай өткен соң, мен пилоттарға хат жазып, 2016 жылдың тамызында жүзуге ұсыныс алдым. Айтпақшы қазір бұлай тез жүзуге мүмкіндік алу қиын. Бұлай жүзудің кезегі 2-3 жылға созылады. Осылайша, менің суық суда марафондық жүзу жолым басталды.

Антарктида сияқты қауіпті әрі суық суларда жүзу үлкен ерік-жігерді талап етеді. Мұндай сынақтарға дайындықтың әдеттегі жаттығулардан айырмашылығы қандай?

Бұл рас. Мұзды суда жүзу қашықтықтары ереже бойынша судың температурасы 5°C-тан төмен болған жағдайда, небәрі 50 метрден 1600 метрге дейінгі аралыққа баруға болады. Бұл жердегі маңызды нәрсе — физикалық дайындықтан гөрі суыққа төзімділік болып отыр.

Маған 0°C немесе одан да төмен температурада 25-30 минут суда болу керек болды. Бұл өте қиын. Бірнеше секундтан кейін аяқ-қолыңды, денеңді сезбей қаласың. Дайындықсыз бұл қадамға бару өте қауіпті.

Мен үшін мұздай суық суда жаттығу қиын болды. Қыркүйек, қазан айларында мен жүзетін көлдің суы 11-12°C болды. Бұған қоса, мен күн сайын 30 минут бойы мұздай ваннаға түстім. Қолымнан келгеннің бәрін істедім.

Әрине, жарысты қыс мезгілінің соңына жоспарласа, суық суда жүзуге көбірек дайындалуға уақыт болар еді. Бірақ мен суық суда 9 жыл бойы, соның ішінде соңғы 5 жыл бойы қыста жүзіп жүрген соң өз тәжірибеме сендім. Бұл маған аздап сенімділік берді.

Сіздің триатлон мен жүзудегі жетістіктеріңіз Қазақстанда да, шетелде де көптің назарын аудартты. Халықаралық жарыстарда Қазақстанның алғашқы өкілі болуды сезінгенде қандай күй кештіңіз?

Бұл – өте үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Қазір тобымызба Қазақстаннан екі өкіл бар. Мадина Құрманбаева мен мен. Біз бұл миссияны абыроймен атқарып жүрміз деп ойлаймын.

Жаттығулар бар, жұмыс бар және отбасыңызға қарайласу бар. Қалай үлгеріп жүрсіз? Жігеріңіз сөніп, жүзуден шаршаған кездеріңіз болды ма?

Бәрі ең алдымен мақсатқа байланысты. Қандай мақсатқа ұмтылып отырғаныңды нақты білу маңызды. Менің мақсатым – қандай қашықтықты жүзіп өткім келетіні және адам расымен соған ынта-шынтасымен берілуі қажет.

Сонда ғана барып сүйген ісіңнен шаршамайсың. Мені жаттығуға мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Мен оны саналы түрде жасаймын. Әр жаттығудың мені мақсатыма жақындата түсетінін білемін.
Мен бәріне үлгеру үшін маңызды дүниелерді дұрыс саралап таңдаймын.

Жүзгенде ең қауіпті әрі қызықты, жарқын сәттеріңіз қандай болды? Нәтижеге жеткенде нендей күй кештіңіз?

Керемет сұрақ. Сұрағыңыз маған сол сәттердегі күйді қайта сезіндіріп жіберді, рахмет. Жүзген сайын суға түспей тұрып бойымды түрлі сезім билейді. Олар жүректі атқақтатқан қорқыныштан бастап, бәрін тоқтата салғың келетін, болмаса тығылып қалғың келетін, енді болмаса көптен күткен жарысқа деген сезімдерге дейін...

Ең жарқын сәттердің бірі деп Ла-Маншты айтар едім. Ол – мен үшін ерекше. Мен жүзу үшін 3 жыл күттім. Бұл қаншама ұзақ, суық әрі қиын жаттығулардың нәтижесі болды. Франция жағалауына жеткенде мен қуаныштан жеті қат аспанға ұшып кеткендей болдым.

Қазақстанда спортпен және салауатты өмір салтымен айналысатын адамдар саны артып келеді. Сіз елімізде триатлон мен экстремалды спорт түрлерінің болашағы жайлы не дер едіңіз? Сіздің деңгейіңізге жетуді мақсат ететін жаңа спортшыларға қандай кеңес берер едіңіз?

Бұл тенденция мені қатты қуантады. Себебі бұл қоғамның жалпы әл-ауқатының жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Адамдар өз денсаулығы мен хоббилері туралы ойланғысы келеді. Сонымен қатар оған орай таба алады. Біздің жастарымыз өте ынталы, әрі қазір ақпарат та өте көп. Менің ойымша, әуесқой спорттың болашағы сенімді қолда. Белгілі бір нақты кеңес бере алмаймын, өйткені әр адам өзіне ұнайтын мақсатты таңдап, соған қарай ұмтылуы керек.

Әнел, сіз Орал қаласында дүниеге келдіңіз. Сіздің көшуіңізге не себеп болды және туған қалаңызға деген сағыныш бар ма? 

Мен Оксфордта тұрамын және бұл қаланы өте жақсы көремін. Әдемі, қауіпсіз, жасыл желекке толы қала. Балаларым осында мектепке барады. Мен үшін отбасым жанымда болса, қай жерде болсам да өзімді жайлы сезінемін. Ата-анам Орал қаласында тұрады, мен олармен WhatsApp арқылы сөйлесіп тұрамын, бұл Алматыда тұрсам да дәл солай болар еді. Біз Қазақстанға жиі барып-келеміз, әрдайым демалысты асыға күтеміз.

Англия мен Қазақстанда өмір сүрудің айырмашылығы қандай?

Мен әрдайым жақсы нәрселерді байқауға ұмтыламын және кез келген жерде кездесетін жағымсыз нәрселерге назар аудармауға тырысамын. Бұл елдің табиғаты мен мәдениетін ұнатамын. Тәртіпке, экологияға, қауіпсіздікке және әлеуметтік қорғауға риза боламын. Адамдардың әзіл-оспағын да бағалаймын. Мұнда жыл бойы ашық суда жүзуге мүмкіндік бар!

Сұхбатыңызға рахмет!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар