Ақтөбеде жұлынған қызғалдақпен суретке түскен ауыл әкімі сотта жылап жіберді

Ақтөбе қызғалдақпен түскен суретін статусқа салған Жұбанов ауылдық округінің әкімі Ләззат Бердібаева сотқа шақырылды. «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақты жұлуға қатысты заттай айғақтардың болмауына байланысты қылмыстық іс қозғалмайтын болды, деп хабарлайды Orda.kz.
Желіде қызғалдақпен түскен суреті тараған Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жұбанов ауылдық округінің әкімі Ләззат Бердібаеваға қатысты дау әлі басылмады. Ауыл әкімі бүгін облыс орталығындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа келді. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 1-бөлігі бойынша айып тағылып, іс қаралды. Онда «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын орындамау» туралы айтылған.
Сотқа Мұғалжар аудандық полиция бөлімі ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы шақырылды. Айтуынша, әкімшілік хаттама 2025 жылдың 25 сәуірінде желіде тараған суретке қатысты толтырылған. Айғақтық заттардың болмауына қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ.


Іс материалдарына сүйенсек, 21 сәуір күні сағат 15:30 шамасында Қандыағаш-Жұрын тасжолының жиегіне азаматша Бердібаева отбасымен табиғат аясында демалған. Кәмелеттік жасқа толмаған 2017, 2018 жылдары туған қыздары 10-15 дана қызғалдақ жұлып, анасына сыйлаған. Инспектор Бердібаева кәмелеттік жасқа толмаған қыздарына жұлуға болмайтынын ескертіп айтпай, балаларын қадағаламағаны үшін хаттама толтырып, сотқа түсіп тұрғанын баяндады.
ҚР заңы бойынша сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктерді жұлуға болмайды. Ақтөбелік инспекторлар жұлынған қызғалдақтың «Қызыл кітапқа» енген түріне жататынын тап басып айта алмады.
36 жастағы ауыл әкімі сотта қорғаушыны қажет етпеді. Сот залында өзін фотоға, бейнежазбаға түсіруге қарсы болды. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейді.
«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы 1-бөлімі туралы хаттамамен келіспеймін. Жол бойынша ешқандай ескерту, ақпараттық тақта немесе қорғау белгісі орнатылмаған. Мен алып келген тағамдарымды шығарып, дастархан жаямын дегенше 5-4 минут уақыт өтті. 8 және 6 жастағы қыздарым «маматай, мынау сізге» деп шамамен 10-15 тал гүл жұлып сыйлады. Ойымда артық ештеңе жоқ. Аналық инстингпен балаларымның берген гүлі ғой деп фотоға түстім. Және өзімнің WhatsApp статусыма салдым. Қыздарымның әрекеті табиғатқа зиян келтіру емес, анасына қуаныш сыйлау мақсатында еді. Алайда қыздарыма гүл жұлуға болмайтынын ескерттім. Полиция қызметкері өз сөзінде ескертпеген деді. Біздің қасымызда болған жоқсыз. Сондықтан ондай мәлімдеме болмайды деп есептеймін. Балалардың әрекеттері табиғатты қасақана бүлдіруге бағытталмады. Олар мектепке барып жүрген тәртіпті, жауапты балалар. Бала тәрибесімен өзім де, жолдасым да айналысады. Ақылды, тәрбиелі, саналы қыз балалар», — деді Жұбанов ауылдық округінің әкімі Ляззат Бердыбаева.
Ауыл әкімі өзінің 18 жыл мемлекеттік қызметте екенін, ешқашан теріс қылық үшін жауапты болмағанын атады. Желідегі жазбалардағы балағатт сөздерді көтере алмай, қыздары күйзеліске түскенін айтты.
Сотқа полиция айтқан тәрбиелеу міндеттерін орындамау фактісі болмағанын алға тартып, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша істі тоқтатуды сұрады.
Сотқа Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы Артур Қаңтарбаев шақырылған. Оған әкімнің желіде тараған суреті көрсетіліп, «Қызыл кітапқа» енген не енбегені сұралды.
«Мемлекеттік қызметкер болғаныммен зерттеуші маман емеспіз. Мұны анықтау үшін ғылыми зерттеу институтының мамандары керек, солар қорытынды беру керек. Ондай институт Қазақстанда бар. Бірақ суретке қарап, мынау осындай қызғалдақ деп айта алмауы мүмкін. Бізде үш қызғалдақ өседі. Екеуі жиі кездеседі. Ақтөбеде шренка қызғалдағы бар. Кауфман Атырау, Ақтау жағында бар. Қызғалдақ екені рас. Қай түрі екеніне сараптама жасау керек», — деді Артур Қаңтарбаев.
Судья ауыл әкіміне өзіне мінездеме алып келуді тапсырды. Сот отырысты 15 мамырға қалдырды.


Айта кетейік, бұған дейін «қызыл кітапқа» енген қызғалдақпен суретке түскен әкім жазаланатыны айтылған еді.
Автор: Ардақ Ерубаева
Жаңалықтар
- Індет, токсикоз және тұншығу: Маңғыстаудағы каспий итбалықтарының жаппай қырылу себептері айтылды
- «Тәуелділік тәуекелі»: Ресей салған алғашқы АЭС-ке Қазақстан жалғыз иелік ете ала ма?
- Сарапшы Ерлан Батырбеков неге Қазақстанда АЭС-ті «Росатом» салады деген сұраққа жауап берді
- Алматы маңында пойыз бен жол талғамайтын көлік соқтығысты
- «30 миллиондық таңғы ас»: Бейбіт Атамқұловтың ұлы ірі қарыз үшін бизнесменмен соттасты
- Қазақстан Елшісі Зеленскийге сенім грамотасын тапсырды
- Әйгілі мұнайшы, қоғам қайраткері Жақсылық Жанғазиев дүниеден өтті
- Киіктерді қырғандар босатылады да Мәсімов пен есірткі жасырғыштар — шықпайды: жаппай амнистия кімдерге қатысты?
- Иран ядролық қарудан бас тартып, Израильге шабуыл жасауды тоқтатуға дайын
- Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан мұнай бағасы 200-300 долларға дейін көтеріледі
- Шілдеде қосымша демалыс күні болады
- Си Цзиньпиннің келуі Астанадағы кептелістерге себеп болады
- АҚШ әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын Украинадан Таяу Шығысқа ауыстырды
- Израиль - Иран қақтығысы: Дубайдан шыға алмай қалған қазақстандықтар үйлеріне оралады
- Неліктен Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті Ресей салады?
- Қазақстандағы мерзімінен бұрын парламент сайлауы — жай ғана қауесет пе, әлде шындық па?
- Айсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританиядағы әскери оқуы: Қазақстанның әуе қорғанысы Ресейге қаншалықты тәуелді?
- Жаман иісті жоғалтып, мердігерлерді жазалау керек: Сатыбалды Алматының тағы бір ауданын аралап көріп, тағы да көңілі толмады
- Иран Израильге зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтар қолданып шабуыл жасады
- Қазақстан мен Ресейдің ботаник ғалымдары «мәңгілік шөбін» тауып, сенсациялық жаңалық ашты