Ақтөбеде жетімдерге сапасыз жатақхананы үй ретінде ұсынған депутаттар сотталып жатыр
Фото: Мұғалжар ауданы әкімдігі / Мұғалжар ауданы мәслихатының бұрынғы төрағасы Бақытжан Қадралин
Ақтөбеде Мұғалжар аудандық мәслихатының екі депутаты және аудандық құрылыс бөлімінің басшысына қатысты қылмыстық іс қарала бастады. Тергеу олардың кезекте тұрған жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға құжаты реттелмеген, сапасы талапқа сай келмейтін жатақхананы «тұрғын үй» ретінде өткізуге тырысқанын анықтаған.
Іс Ақтөбе қалалық №2 сотында қаралып жатыр. 60 томнан тұратын қылмыстық іске 3 айыпталушы, 2 жәбірленуші, яғни әкімдік пен жеке кәсіпкер, сондай-ақ 6 қорғаушы қатысып жатыр.

Orda.kz ашық дереккөздерге сүйеніп, айыпталушылардың аты-жөнін анықтады.
Арнайы күзетпен жеткізілген екі депутат: аудандық мәслихаттың экс-төрағасы Бақытжан Қадралин және депутат Азамат Жәлімбетов. Үшінші айыпталушы — аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әнес Сейілхан.
Айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің келесі баптары бойынша айып тағылған:
- 190-бап – аса ірі мөлшердегі алаяқтық,
- 218-бап – «қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру»,
- 385-бап – «жалған құжат жасау және оны пайдалану»,
- 28-бап – «қылмысқа қатысу».
Процесті Ақтөбе қалалық №2 сотының төрағасы Сандуғаш Ізбағамбетова жүргізіп отыр.

Прокурор Темірлан Ибрагим айыптау актісін жариялап, іс материалдарымен таныстырды.
Іс «Мұғалжар Отан» ЖШС-нің меншік иесін жалған жолмен ауыстырудан бастау алады. Айыптауға сәйкес, Азамат Жәлімбетов – серіктестіктің құрылтайшысы әрі аудандық мәслихат депутаты. ЖШС 2019 жылы жүргізушілерді оқыту орталығы ретінде тіркелген. Үлес құрылымы: Ж.-ға – 39%, «Отан» қоғамдық қорының төрағасы А.-ға – 51%, «Ақтөбе Отан» ЖШС директорына – 10%.
2021 жылы Ж. тергеу анықтай алмаған тұлғамен бірге бланк және мөр дайындап, жиналыс хаттамасын қолдан жасап, 2022 жылы екі құрылтайшының орнына жалған қол қойып, барлық үлесті өз атына рәсімдейді. Артынша жалған сатып алу-сату келісімін жасап, құжатты eGov арқылы тіркейді. Сот сараптамасы құжаттардың қолдан жасалғанын растаған. Осылайша, «Отан» қорына — 81,6 млн теңге, «Мұғалжар Отан» ЖШС-не — 16 млн теңге көлемінде залал келген.
А.Ж.-ға ҚК-тің 385-бабы «жалған құжат жасау» және 190-бабы «аса ірі көлемдегі алаяқтық» бойынша айып тағылған.
2018 жылы Б.Қ. аудандық мәслихат депутаты болып сайланады. 2020 жылы «Базис» ЖШС-нен 70 бөлмелі жатақхананы 8 млн теңгеге сатып алады. Нысанның жалпы аумағы — 4 431 шаршы метр.

2021 жылы ол мәслихат төрағасы қызметіне тағайындалады.
Прокурордың айтуынша, Қ. қызмет бабында жүріп, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту бағдарламасын білген соң, жатақхананы тұрғын үй ретінде өткізу жоспарын жасаған. 2022 жылы 70 пәтерлі үйдің техникалық төлқұжатын алады.
2023–2025 жылдары Ақтөбе облысына 3,4 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде Мұғалжар ауданына 105 млн теңге қарастырылып, 11 пәтер сатып алу жоспарланған.
Қ. мен Ж. арасында іскерлік байланыс орнап, олар алаяқтық жолмен пайда табу үшін бірігіп әрекет етуге келіседі. Қ. Ж.-ға үшінші тұлға табуды тапсырады. Ж. бұл іске тек өз әйелі А.Ә. көмектесе алатынын айтқан, ал Қ. оның ұсынысына келісім берген.
2023 жылы сәуірде облыс әкімінің шешімімен Мұғалжар ауданына қосымша 59 пәтер бөлініп, 566,4 млн теңге қаржы қосылады.
Қ. мен Ж. мемлекеттік сатып алуға А.Ә.-нің атынан қатысуды жоспарлап, жатақхана ішінде заңсыз демонтаж жүргізіп, бөлмелерді «пәтерге» айналдырады. Бірақ құжат жүзінде нысан әлі де жатақхана. ХҚКО-да оны көпқабатты үй ретінде тіркейді.

«Жаңа отау» ЖШС жасаған бағалау қорытындысында нысан құны — 832,8 млн теңге. Бір ғана үй ретінде көрсетілгендіктен, баға бірнеше есе көтерілген.
Осылайша, 70 пәтерді сатып алу үшін бюджеттен 672 млн теңге бөлінеді. 2023 жылы бөлім басшысы Ә.С. актқа қол қойып, ешқандай тексеру жүргізбей, Қ. мен Ж.-ның әрекетіне көмектеседі.
Ә.С. 672 млн теңгені А.Ә.-ның есепшотына аударады. Бұл қаржының 630 млн теңгесі Г.Қ.-ның шотына өтеді.
Ж. қалған 42 млн теңгені өз қажетіне жұмсайды.
Қ. өзіне түскен 338,9 млн теңгені жеке мақсатқа пайдаланған.
Қ.-ға ҚК-тің 218-бабы «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» бойынша айып тағылған.
Соттағы жағдай
Сот алдымен іс материалдарын зерттеп, содан кейін айыпталушылардан жауап алады. Екі депутат тағылған айыптарды мойындамаған. Бөлім басшысы айыптың бір бөлігін ғана мойындаған.
Айта кетейік, бұл іс өткен жылдан бері тергеліп келеді. Аудиттен кейін Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетовке қатаң сөгіс жарияланған еді.
Автор: Ардақ Ерубаева
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық