«Ақиқат па? Жала ма?»: Air Astana ұшқышының қорғаушылары өз дәлелдерін жариялады

cover Фото: Orda.kz

Қыз зорлады деп айыпталған ұшқыштың ісі әлі жүріп жатыр. Бұл жолы оның туыстары мен қорғаушысы өз нұсқасын мәлімдеді. Зорлық жасады деп айып тағылған ұшқыштың ісі өзгеше арнаға ауысты.

Наурыз айында Orda.kz жәбірленушінің айтқанын жариялаған болатын. Біз сол кезде күдікті азаматқа хабарласқан едік, алайда ол сол кезде пікір білдіруден бас тартты. Енді күдікті тарап өз нұсқасын ұсынды.

Ұшқыштың қарындасы Эльвира Абдрахманова мен адвокат Динара Жұбатова баспасөз мәслихатын өткізіп, қыз ұшқыштан ақша алғысы келген болуы мүмкін деген уәж айтты.

Еске сала кетейік, жәбірленуші (алғашқы мақалада біз оны Жұлдыз деп атадық, сол бүркеншік атпен атай береміз) өз сөзінде  мергендер қауымдастығының мүшесі екенін, бұл спорт түрімен бес жылдан астам уақыт айналысатынын айтқан еді. Ол Қонаев қаласының маңындағы мергендерге арналған клубта жаттыққан. 2024 жылдың 6 қазанында бір жаттығудан кейін Алматыға баруы керек болып, бапкер клуб мүшелерінің бірінен Жұлдызды жеткізіп салуды өтінген. Қыздың айтуынша, қалаға келген соң, ер адам телефон қуаттағышын алу керек екенін айтып, оны пәтеріне кіргізуге көндірген. Оның сөзіне қарасақ, сол жерде ол Жұлдызды еркінен тыс, зорлаған көрінеді. Ал енді күдікті болып отырған тараптың жауабы мүлде басқаша болып отыр.

Ұшқышқа бұрынғы сүйіктісі арқылы шыққан

Ұшқыштың қарындасы Эльвира Абдрахманованың айтуынша, Жұлдыз бұл оқиға болмас бұрын, 2024 жылдың тамызында бауырының бұрынғы сүйіктісі Надеждамен араласқан:

«Жұлдыз әлеуметтік желіде атыс жаттықтырушысы Надеждаға (аты өзгертілді), яғни бауырымның бұрынғы қызына жазылған. Хабарламаларында ол атыс спорты қымбат па деп сұраған, клубқа қалай кіруге болады деп қызықты. Надеждаға сүйсініп, мақтап жазды. Жұлдыз клубта жаттығуды 2024 жылдың тамыз айының соңында бастаған. Жеке танысу кезінде сөйлесіп отырып, Надежда жігітінің ұшқыш екенін айтып қалған», – дейді Абдрахманова. 

Кейінірек баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар Надеждамен болған әңгіменің аудиожазбасын қосып қойды. Аудиожазбада ұшқыштың бұрынғы қызы жаңа танысына тек атыс клубы туралы емес, жеке өмірі жайлы да баяндағаны естіледі. Атап айтқанда, ол Жұлдызға жігіті туралы, оның жетістіктері жайлы айтқан. Ол тек кәсіби мерген ғана емес, сонымен қатар белгілі әуе компаниясында жас командир-ұшқыш екен. Жұлдыз олардың жұбын «Мистер мен миссис Смит» фильміндегі кейіпкерлермен салыстырады. 

Олар жұп сияқты көрінді

Эльвира Абдрахманова өзінің бауыры қылмыстық іске іліккен сол, жайттарды егжей-тегжейіне дейін баяндады:

«Ол күні атыс клубында менің бауырымнан бұрын танымайтын бір Жұлдыз деген қызды Алматыға апарып тастауды сұраған. Олар бұған дейін таныс болмаған, бірақ сөйлесе келе қыз оның дәл сол ұшқыш Надежданың бұрынғы жігіті екенін білгені анықталды», — дейді қарындасы.

Эльвираның айтуынша, Жұлдыз сол танысқан сәттен бастап, жол бойы бауырына ашық түрде «қылымсып, көз салып, қылық көрсеткен»:

«Ол тіпті бауырымның шалбарына қолын салып, жыныс мүшесін ұстаған. Анайы әзілдер айтқан. Қыздың ықыласын байқаған соң, бауырым оған бірге түскі ас ішуге баруды ұсынған. Бірақ мейрамханаға барар алдында жаттығудан кейін душқа түсіп, киім ауыстыру үшін үйге соғатынын айтқан», — деді Эльвира. 

Эльвира сөзін дәлелдеу үшін бауырының пәтері орналасқан тұрғын үй кешеніндегі сыртқы бақылау камераларынан алынған бейнежазбаны көрсетті. Онда күдікті мен Жұлдыз отырған көліктің кешенге келгені, қыздың көліктен түсіп, жігіт көлікті тұраққа қойғанша күткені түсірілген. Кейін екеуі қол ұстасып, ауланы бірге кесіп өтеді.

«Міне, сағат 15:45-те олар оның үйіне — тұрғын үй кешеніне келгенін көріп отырсыздар. Камералардан бауырымның көлікті қалай тұраққа қойғаны анық көрінеді. Қараңыздар, олардың танысқанына бір сағат қана болса да, құшақтасып тұр. Қыз күлімдеп, арқасымен оған сүйеніп тұр. Кейін екеуі қол ұстасып кетіп барады, қыз оған қарап күлімдейді, жүрісі еркін. Олар романтикалық қарым-қатынастағы жұп сияқты көрінеді. Еш жерде қорқыныш, зорлық не қысым байқалмайды», — деді Эльвира Абдрахманова.

Ал Жұлдыз болса, күдіктінің оған «мені гей деп ойламас үшін, таныстарым көріп қалса, қолымнан ұстап жүр» деп өтінгенін айтқан еді.

Осыдан кейін Эльвира Абдрахманова бауырының пәтерінің макетін көрсетті. Оның айтуынша, бұл макет Жұлдыздың зорлық туралы айтқандары шындыққа жанаспайтынын дәлелдей алады. Ұшқыштың қарындасы — сәулетші, сол себепті пәтердің жобасы мен ішкі құрылымын өзі әзірлеген, барлық ерекшеліктерін жақсы біледі.

Оның айтуынша, бауыры мен қыз пәтерге кірген кезде дабыл жүйесі іске қосылуы керек еді. Оны өшіру үшін бөлмеге тез кіріп, терезенің жанындағы құрылғыға 40 секунд ішінде код енгізу қажет. Ал бұл үшін есік жабық болуы керек. Жұлдыз болса, өз сөзінде бұл туралы мүлде айтпаған, тек ұшқыш оны ішке кіруге үгіттегенін, кейін есікті құлыптап, қол жуып кеткенін айтқан.

«Шын мәнінде, дабылды өшіру үшін ол (Жұлдыз) не бірден ішке кіруі керек еді, не сыртта қалып, есік жабық болуы тиіс еді. Екі жағдайда да егер ол пәтерге келгенін біліп қорыққан болса, жай ғана кетіп қалуға мүмкіндігі болған», — дейді ұшқыштың қорғаушысы.

Қорғаушы тағы бір дәлел ретінде егер шынымен ұшқыш қызды күштеп кіргізіп, ол қарсыласқан болса, денесінде көгерген іздер немесе жарақат болуы керегін айтты. Алайда, оның айтуынша, ондай белгілер болмаған.

Сонымен қатар, Жұлдыз өз сөзінде қатты айқайлағанын айтқан. Алайда Эльвира Абдрахманованың айтуынша, жексенбі күні, түстен кейін көршілердің бірі қыздың айқайын еститін еді, бірақ ондай куәгер табылмаған.

«Ол бірнеше рет көмек сұрап, айқайлағанын, ал бауырым оған дауыс көтергенін айтты. Алайда бұл жексенбі күні болды. Яғни, кешкі уақыт, көршілердің бәрі үйде болатын сәт. Бұл пәтерлерде дыбысты оқшаулау нашар. Айқай мен арпалыс дыбыстарын міндетті түрде біреу естуі керек еді», — деді ол.

Ұшқыштың қарындасы мен адвокаты Жұлдыздың денесінде ешқандай жарақат болмағанын сот-медициналық сараптама дәлелдеді деп отыр.

«Жыныс мүшелерінен де зорлық белгілері табылмады. Тіпті, ол бауырымның мені тұншықтырды деген сөзіне қарамастан, мойнында да ешбір із болмаған», — деді Абдрахманова.

«Сыйлық екенімді түсіндің ғой»

Ұшқыштың қарындасының айтуынша, жыныстық емеурінді қыз бастаған, ал жанжал оның ақша жөніндегі астарлы сөздерінен кейін болған:

«Шын мәнінде не болды? Пәтерде Жұлдыз өзін еркін ұстады, жақындасуға ниет танытты. Олар сүйісті, құшақтасты. Бауырым оған симпатия танытып, жауап қайтарды. Алайда қыз: «Сыйлық екенімді түсіндің ғой?!» — дегенде, оған бұл сөз ұнамады. Мұны орынсыз деп бағалап, әрі қарай сөйлесуден бас тартты. Сол кезде Жұлдыз: «Мен шешіндім, демек ақша төлеуің керек» деді. Артынан: «Саған қазір сені орнына қоятын адамдар келеді» деп қорқытқан», — дейді қарындасы.

Баспасөз мәслихатында көрсетілген тағы бір бейнежазбада Жұлдыздың пәтерден шыққан соң, ауланың ішінде жүргені көрінеді. Қорғаушы тараптың айтуынша, ол кадрларда қыз сабырлы көрінеді, ешқандай зорлық көрген адамға ұқсамайды. Бейнежазбада ол ауланың ішінде жалаңаяқ, шалбар мен бюстгальтер киген күйде, қолын басына қойып жүріп бара жатқан сәті түсірілген.

Ұшқыштың қарындасы Жұлдыздың тағы бір мәлімдемесіне жауап берді. Қыз пәтердегі тінту кезінде күдіктінің қоймасынан әйелдердің киімі мен көп мөлшерде май табылғанын айтқан болатын. Алайда Абдрахманова бұның жалған екенін айтады:

«Құқық қорғау органдарының ресми құжаттарында ондай заттар тіркелмеген», — дейді ол.

Ал Жұлдыз болса, бізге берген жауабында, полицейлер бұл заттарға назар аудармағанын және оларды айғақ ретінде тіркемегенін айтқан.

Ұшқыштың бұрынғы қызы бұл оқиға туралы не дейді

Спикерлердің айтуынша, ол баспасөз мәслихатына өзі қатысқысы келген. Алайда қазіргі таңда шетелдегі жарыста жүр. Сондықтан оның әңгімесінен алынған аудиожазба қосылды. 

Надежда Жұлдызбен бірге Қонаевтан Алматыға аттанған кезін еске алды. Олар атыс клубының екі жігітімен бірге жол жүрген. Ол кезде, Надежданың айтуынша, Жұлдыз жолаушыларға ашық қылмыңдаған.

«Мен таныстарымнан бізді қалаға жеткізіп салуды сұрадым. Олар келісті. Біз көлікке отырдық. Ішінде екі жігіт болды. Жұлдыз олардан: «снайпингке қатысқан қымбат па, әлде практикалық атыс қымбат па?» деп сұрап отырды. Негізінен бұл спорттың қымбаттығы мен оған көп табыс табу керек екенін талқыладық. Яғни, бұл спортқа экономикалық жағынан қарадық. Сонымен қатар, ол жігіттерге ерекше қылымсыды. Маған тіпті, ол солардың ішінен жігіт іздеп отырғандай көрінді. Ал ол жігіттер болса, едәуір егде жаста еді», — деді Надежда.

Сондай-ақ, Надежда 6 қазанда болған оқиғаға байланысты пікір білдірді. Бұл күні Жұлдыз полицияға оның бұрынғы жігітіне шағым түсіріп, Надежда бұл іске араласуға мәжбүр болған. Оның айтуынша, сол күні кешке Жұлдыз оған Instagram арқылы хабарласып, көмек сұраған. Надежда оған киімдерін алып келіп, сот-медициналық сараптама кезінде қасында болған. Тіпті, сол түні ол Жұлдызды алғаш тексерген сарапшыға көмектескен. Себебі маман түнде жалғыз кезекшілікте болған және суретке түсіруге көмек қажет екенін айтқан.

Маман болмаса да, Надежда зорлық белгілерін байқамағанын сенімді түрде мәлімдеді:

«Ол өз түсініктемесінде тырнақ ізі, қан кету бар деп айтты. Бірақ ондай ештеңе болған жоқ. Не көгерген із, не жара — ештеңе болмады. Сол кезде менде біртүрлі сезім пайда болды. Ол бірдеңені жасырып тұрғандай болды», — дейді Надежда.

Бұрынғы жігіті туралы Надежда жақсы пікір айтты. Оны мейірімді, қамқор адам ретінде сипаттады, ешқашан қатыгездігін байқамаған. Екеуінің айрылысуына себеп — Надежда бала сүйгісі келген, ал жігіті отбасын құруға дайын болмаған.

Баспасөз мәслихатының қорытындысында Эльвира Абдрахманова Жұлдыздың ұшқыштан қомақты ақша алғысы келгенін тағы бір мәрте атап өтті. 

Қылмыстық іс 7 қазанда қозғалған. Ал 19 қазанда жәбірленуші тараптың адвокаты қарсы тарапқа үш миллион теңге көлемінде азаматтық талап жолдаған:

«Қыздың өкілдері бізге файл жіберді. Бұл — үш миллион теңге көлемінде материалдық шығынды өндіру туралы талап арыз. Айтуынша, Жұлдыз бауырымның пәтерінде қымбат заттарын қалдырған екен. Мысалы, Dyson фирмасының фенін, төсек жабдығы жиынтығын…», — деді.

Соңында ұшқыштың қарындасы қорғаушы тараптың қолында оның кінәсіздігін дәлелдейтін барлық айғақтар бар екенін мәлімдеді.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Әсел Сұлтанмуратова «Орда» тілшісіне берген сұхбатында былай деді:

«Ұшқышты қорғау тарапынан келтірілген уәждер шындыққа жанаспайды. Қылмыстық іс материалдарында күдіктіге тағылған айыпты дәлелдейтін нақты айғақтар бар», — деді Әсел Сұлтанмұратова.

«Орда» бұл істі әрі қарай бақылауда ұстайды. Тергеу әлі аяқталған жоқ, сот қашан басталатыны да әзірге белгісіз.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар