Әйелдің жаны, үш отбасының қасіреті: Айзат Жұманованың ісі бойынша соңғы сот отырысында ақиқат ашылды ма?
Коллаж: Orda.kz
Талдықорғанда Айзат Жұманованың өліміне қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған сот процесі аяқталды. Күйеуінің соққысынан қаза тапқан әйелдің ісі бойынша айыпталушы 14 жылға сотталды. Судья бұл қылмыс бір емес, үш отбасының тағдырына ауыр соққы болғанын атап өтті.
Orda.kz тілшісі бұл іс бойынша өткен соңғы сот отырысын бақылап қайтты.
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында былтыр шілдеде 32 жастағы Айзат Жұманованы аяусыз ұрып өлтірді деп айыпталған Айбар Жанболатқа қатысты үкім шықты.
«Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баптың негізінде 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтеу белгіленсін», – деді судья Әділет Бақытов.
Сонымен қатар, судья жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өндіру туралы талап-арызын ішінара қанағаттандырып, сотталған азаматтан 20 млн теңге өндіру туралы шешім қабылдады.
Фото: Orda.kz
Жәбірленуші тараптың адвокаты Арман Шәріпов сот шешімімен келіспейтінін және алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіруге ниетті екенін жеткізді.
«Біздің азаматтық талабымыз тек ішінара ғана қанағаттандырылды. Бұл бап бойынша ең жоғарғы жаза 15 жыл бас бостандығынан айыруды көздейді, ал сот 14 жыл тағайындады. Біз бұл шешіммен келіспейміз. Жәбірленуші тараппен ақылдаса отырып, азаматтық талаптың толық көлемде өтелмеуіне және жаза мерзіміне байланысты апелляциялық шағым түсіреміз», – деп мәлімдеді Арман Шәріпов.
Судья мемлекеттік айыптаушы 15 жыл сұрағанына қарамастан, не себепті 14 жыл жаза тағайындалғанын түсіндіріп өтті.
«Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес, 8 жылдан 15 жылға дейін ғана бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот сотталушыға тек осы шеңберде ғана жаза тағайындай алады. Сотталған азаматтың қылмысты алкогольдік масаң күйде жасағанын, яғни, айыбын ауырлататын жағдайды ескеріп және кінәсін жеңілдететін мән-жайлардың жоқтығын басшылыққа ала отырып, оған 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұл жаза жасалған іс-әрекетке пара-пар деп есептейміз», – деді судья Әділет Бақытов.
Сондай-ақ, судья сотталған Айбар Жанболаттың бұл әрекеті бір емес, үш отбасына орны толмас қасірет әкелгенін айтты.
«Сотталған Айбар Жанболат, сіз қазаға ұшыраған Айзаттың ғана емес, үш бірдей отбасының тағдырын бұздыңыз. Сол себепті осы қылмыс бойынша кінәңіз толық дәлелденгендіктен, сот сізге 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деп айтты судья Бақытов.
Марқұм Айзат Жұманованың туысы Раушан Дәуренбекова сотта айтылған «жүктілік» пен «атқа байлап сүйрету» туралы болжамдардың қалай туындағанын түсіндірді.
«Жүктілік туралы ақпарат расталған жоқ. Айзаттың жан құрбысы келіп: "Айзат маған 17-сі күні хабарласып (ол 21-і күні қайтыс болды), жақсы хабарым бар деп айтты" деді. Біз әйел адам үшін жақсы хабар жүктілік болуы мүмкін деп топшыладық. Ал атқа байлап сүйретті дегенге келер болсақ, мен мәйітханада оның денесінің көгала қойдай болып зақымдалғанын көріп, сыртқа шыққанда солай айтқан едім. Бірақ сот-медициналық сарапшы мұндай деректің болмағанын анықтады», – деді Раушан Дәуренбекова.
Марқұмның туысы Айзаттың ауруханаға жеткенше жолда көз жұмғанын және эксгумация жасалған соң ғана іс «адам өлтіру» бабына ауыстырылғанын жеткізді.
«Оның ауруханаға жеткенше қайтыс болғаны бейнежазбадан айдан анық көрініп тұр. Оны мекемедегі реаниматолог дәрігерлер қалай қабылдап алғанын өздері біледі. Сол жағдайдан кейін біз 106-баппен келіспей, істі 99-бапқа ауыстырттық. Эксгумацияға өзім қатысып, марқұмның басынан кешкен сұмдықтың бәрін өз көзіммен көрдім», – деп мәлімдеді Раушан Дәуренбекова.
Судья үкіммен қатар, Айзат Жұманованы қабылдаған аурухананың медицина қызметкерлеріне қатысты жекеше қаулы шығарды.
«Біз бұған дейін аурухананың медперсоналына және мекемеге қатысты наразылығымызды білдірген болатынбыз. Өйткені Айзатты ауруханаға әкелгенде оның тірі немесе өлі болғаны бейнетаспада анық көрінбейді, мұны тек медицина қызметкерлерінің өздері ғана білді. Сондықтан мекемеге тексеріс жүргізу туралы соттың жеке қаулы шығаруын сұрап, өтініш берген едік», – деді Арман Шәріпов.
Еске сала кетейік, тергеу деректері бойынша 33 жастағы ер адам мас күйінде үйінің маңында әйелін аяусыз ұрып-соғып, тепкілеген. Айзат есінен танып қалса да, күдікті оны ұруды тоқтатпаған. Кейін Айбар Жанболат қансыраған әйелін ауруханаға өзі жеткізген.
Бастапқыда іс «абайсызда адам өліміне әкеп соғу» бабымен тіркелгенімен, эксгумация мен қосымша сараптамадан кейін «адам өлтіру» бабына ауыстырылды. Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров марқұмның денесінде көптеген жарақаттар барын және өлімге ауыр бас-ми жарақаты себеп болғанын растады.
«Соққылар өте ауыр болған. Олардың жұдырықпен немесе қатты затқа соғылу салдарынан болғанын нақты кесіп айту қиын. Жарақаттар өте көп, шүйде сүйектері сынып, бас сүйегінің негізіне дейін тараған. Осы зақымдардың жиынтығы өлімге әкелген ауыр бас-ми жарақатына ұласты», – деді Тахир Халимназаров.
Талдықорғанда өткен бұл сот процесі қоғамда Қуандық Бишімбаевтың ісімен салыстырылып, халықтың ерекше назарында болды.
Жаңалықтар
- Жамбыл облысында 4,5 баллдық жер сілкінісі болды
- ӘЧ-2026: Мбаппе бірнеше рекорд орнатты, Лондонда футбол жанкүйерлері шу шығарып, қаланы әбігерге салды
- Қазақстанда Kуzdar.net ісі бойынша алғашқы үкім шықты
- Омбыдағы гүлзар алаңына Кемел Тоқаевтың есімін беру ұсынылды
- Өзбекстанда әліпби өзгереді: 26 әріптің орнына 28 әріп болады
- Ақтаудағы кафелердің бірінде атыс болып, ер адамның бетіне оқ тиді
- Алматы мен Астанада аптап ыстық күшейеді: Ауа температурасы +38 градусқа дейін жетеді
- Студент қос аяғынан айырылды: Арыс әкімінің ұлы неге күдікке ілінді?
- Қытайдағы алапат тасқын: Қырыққа жуық адам қаза тауып, іздестіру жұмыстары жүріп жатыр
- Мас болып екі көлікпен соқтығысқан Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалды
- Қазақстанда тағы үш жол учаскесі ақылы болады
- Қайын жұртын жалмаған: Прокурор Сұлтан Сәрсемалиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады
- Қазақстан 2026–2027 жылдары бірден жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды
- Алматы облысында 2025 жылы жоғалып кеткен әйелдің денесі табылды
- Атыраудағы түгелдей бір отбасының ажалы: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
- Данияр Елеусінов Астанада екі жол апатына қатысы бар деген күдікпен ұсталды
- Түркістан полициясы журналистің ұрланған көлігін бірнеше сағат ішінде тауып берді
- АҚШ Иранға жаңа соққы жасады, Тегеран америкалық базаларға шабуылмен қарымта берді
- Чемпиондар лигасы: «Қайрат» өз алаңында «Сутьесканы» 2:1 есебімен жеңді
- Ескі асфальтқа төгілген тас: Тарбағатай–Аягөз тасжолы сынға ұшырады