«Адалды» Тимур Құлыбаев қаржыландырмайды». Мақсат Толықбаймен сұхбат

cover

Қазақстанда 10 қаңтар күні өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауына «Адал» партиясынан түскен журналист Мақсат Толықбай – саяси науқанды «әділетсіз өтті» деп есетейтіндердің бірі. ORDA. тілшісі Толықбаймен сөйлесіп, сайлауға және "Адал" партиясына қатысты сұрап көрді.

«ӨЗІМІЗДЕН ДЕ КӨПТЕГЕН ШИКІЛІК БОЛДЫ»

ORDA: Мақсат мырза, сіз сайлау аяқталып, экзитпол нәтижесі шыққан соң-ақ саяси процестің әділетсіз өткенін мәлімдедіңіз. Бұлай деуіңізге бақылаушылар хаттамасы негіз болды ма, дәлеліңіз қандай?

Мақсат Толықбай: Бұлай деуіме бақылаушылар есебінен бөлек, халық ықыласы себеп болып тұр. Сайлау біткен соң ықыласын білдіріп жатқандар өте көп. Бір сөзбен айтқанда қоғамның бізді қолдағаны сезілді.

Екіншіден, «Адал» партиясы 6,9 пайыз дауыс жинады десе, ішімнен «бәлкім расымен де 10 мың адамның дауысы жетпей қалған шығар» деген күдік болар еді. Ал бізді 3,7 пайыз жинады деген соң сайлау нәтижесінің бұрмаланғаны бірден белгілі болды.

Үшіншіден, сайлау алдында «Ауыл» партиясына да сенгендер болды, бірақ ол да өтпей қалды. Айналып кеп сол үш партия қайтадан өтіп отыр. Осы фактілер сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын аңғартады.

«Ауылдан» да, бізден де біраз кандитат сайлауға түсті. Алайда сайлаудың қалай өткенін, тәуелсіз бақылаушылар не деп баға бергенін ашық айтып, ашық жазған екі кандидат болса, соның бірі менмін. Мен ешкімді құттықтаған да жоқпын. Қалай бар солай айттым.

Сайлау жәшігіне бюллетень салып жатқан адам. Алматы, 2021 жылы 10 қаңтар

ORDA: Қолыңызда бақылаушылар хаттамасы бар ма? Жалпы «Адал» партиясының атынан сайлауды бақылағандар болды ма?

Мақсат Толықбай: Шынымды айтсам біздің бақылаушылардың саны мыңға да жеткен жоқ. Еліміз бойынша он мыңнан астам сайлау учаскесі болды. Ал бізде бақылаушы саны мыңға да жеткен жоқ. Дүкеннің есігі ашық тұрса, сатушысы болмаса, кез келген адам қандай зат алып кететінін өзі біледі ғой. Бізде сондай жағдай болды.

ORDA: Неге? «Бір айда 300 мыңнан астам адам мүшелікке өтті» деп мәлімдеген партия 10 мың бақылаушы таба алмады ма? Партияға бақылаушы тарту қиын болды ма сонда?

Мақсат Толықбай:  Біз Орталық сайлау комиссиясы тіркеген соң 4-5 күн ішінде бақылаушылар тізімін өткізуіміз керек екен. Уақыт тығыз болғандықтан, көп бақылаушы тарта да алмадық. Менің партияға мүше болғаныма бір айдан енді асты. Партияның бұрын немен айналысқанын білмеймін. Партиядан ұсыныс түсті, бағдарламаны өзіміздің жасауымызға мүмкіндік берді. Сөйтіп жастар тез арада жиналдық. Декларациямен миымыз ашып жүрді. Бақылаушыларды тіркетуге де уақыт болған жоқ. Өзімізден де көптеген шикілік болды. Оны мойындаймын.

«ЖУРНАЛИСТИКАҒА ҚАЙТЫП БАРУҒА ТУРА КЕЛІП ТҰР»

ORDA: Сайлау әділетсіз өткеніне сенімді сияқтысыз. Әділетсіздікке қарсы күресесіздер ме енді?

Мақсат Толықбай: Күрескенде... Барлығын ашық айттым. Кеше де әлеуметтік желіде мәлімдеме жасадым. Бұл жерде былай қарау керек. Әрбір азамат «Адал» партиясының сайлауға қатысқанына қуануы керек. Өйткені сайлау қалай өтті, қаншалықты әділетті өтті, мен соның көрінісі болдым. Дәлелдеп бердім. Егер біз түспесек, қай партия қанша дауысты бөліп алатыны ешкімге қызықты болмас еді.

ORDA: Бұл жерде жағдай керісінше емес пе? «Адал» партиясы сізді және басқа да танымал адамдарды пайдаланып, халықаралық ұйымдар жиі сынайтын Қазақстан сайлауын легитимді етіп берді деп ойламайсыз ба?

Мақсат Толықбай: Ол да мүмкін.

ORDA: Бұл жайлы партия атынан сайлауға түсерде ойланбадыңыз ба?

Мақсат Толықбай: Иә, ондай күдігім болған. Дегенмен үмітім басым болды. Халықтың қолдайтынын сездім. Ең болмаса жеті пайыз дауыс аламыз деген үміт болды. Сайлауды өткізген мен емес. Қаншалықты әділетсіз өткенін бәрі көріп отыр.

ORDA: Әділетсіз өткеніне сенімді болсаңыздар неге сотқа жүгінбейсіздер?

Мақсат Толықбай: Шынын айту керек, әділетсіз болғанын ашық айтып жатқан мен ғана. Өкінішке қарай, мені қолдайтын адам көп болмай тұр. Мен үшін партияның өзі тұрып бере ала ма? Оның өзі үлкен мәселе.

ORDA: Бастамаңызды қолдамайтын, сайлаушыларының дауысы үшін күреспейтін партия құрамында қала бересіз бе?

Мақсат Толықбай: Қайтадан кетіп қалсам, партияға жасаған сатқындығым болады. Бастаған соң жұмысымызды көрсетуіміз керек. Бар-жоғы бір айдай ғана жұмыс істедік. Келесі сайлауға дейін өзге партияларды сынауға, түрлі мәлімдеме жасауға көптеген мүмкіндік пайда болады. Сондықтан партияда қала беремін әзірге.

ORDA: Журналистикамен айналыспайсыз ба?

Мақсат Толықбай:  Журналистика – менің отаным. Ұлттық арнадағы жұмысымнан уақытша арыз жазып кеттім. Заң бойынша, олар мені жұмысқа қайта қабылдауға міндетті.

М.Толықбай "Qazaqstan" ұлттық арнасындағы "Ашық алаң" бағдарламасын жүргізіп тұр.

ORDA: Сонда партия мүшесі бола жүріп журналистикамен айналысасыз ба?

Мақсат Толықбай: Партиядағы қоғамдық жұмыс. Ол жерде маған ақша төленбейді. Маған ары қарай отбасымды асырау керек.

ORDA: «Журналист ешбір партияға мүше болмауы керек» деп жазған едіңіз бір жолы. Өз сөзіңізге қарсы шығасыз ба сонда?

Мақсат Толықбай: Партияда мәңгі жүрмеймін. Бірақ дәл қазір орта жолдан тастап та кете алмаймын. Журналистикаға қайтып баруға тура келіп тұр. Өйткені қолымнан нан пісіру, көлік жөндеу келмейді. Эфир жүргізу ғана келеді ғой.

«МАҒАН ДА МИТИНГІГЕ ШЫҚ ДЕП ЖАТЫР»

ORDA: Бүгінгі мәлімдемеңізде келесі сайлау туралы айтыпсыз. Осы сайлауда сіздерге сеніп дауыс бергендер «берген дауысымызды қорғай алмадыңдар» деп келесі сайлауда теріс айналмай ма, қолдаушыларыңыздың сеніміне селкеу түсіріп алмадыңыздар ма?

Мақсат Толықбай: Келесі сайлауға дейін қоғам қолдауы 2-3 есе артады деп ойлаймын. Мысалы кешегі мәлімдемемнен кейін «Мақсат, сендерді қолдаймыз» деп жатқандар көп. Келесі сайлауға дейін олардың саны артатынына сенімдімін. Осы сайлау барысында қоғамдық сананың оянуына сәл де болса әсер еттім. Қолымнан іс келетінін көрсете алдым. Мен әрекет еттім. Маған да «диван батыры» болып, фейсбукте сынап отыра беруге болар еді. Бірақ мен дайын тұрған партияға кіріп, күрестің осы жолын таңдадым.

ORDA: Басқа жол да болды ма?

Мақсат Толықбай: Болды. Мысалы, біреулер бойкот деді. Бірақ мен қоғамның белсенді бойкот жариялап, алаңға шығуға дайын еместігін білдім. Мысалы, Жанболат Мамай да, Мұхтар Әблязов та сан мәрте алаңға шақырды. Бірақ одан өзгерген ештеме жоқ. Маған да митингіге шық деп жатыр. Шынын айтуымыз керек, қазір митингі емес, саяси ағартушылық жұмыстарды көбейтуіміз керек. Елде бәрі өзгерісті қалайды. Бірақ ешкім өзінен бастағысы келмейді. Әрбір азамат «бұл – менің сайлауым, менің таңдауым» деп жауапкершілікті сезіне алуы керек.

«АДАЛ» ҚАРЖЫНЫ ҚАЙДАН АЛАДЫ, ПАРТИЯНЫҢ ҚОЖАЙЫНЫ КІМ?

ORDA:  Сіз мәлімдемеңізде «Адал» партиясы сайлаудан кейін ұйқыға кететін партиялардың қатарынан емес. «Сайлау алдында берген уәделерін орындайды. Бағдарламаларымызды жүзеге асырамыз. Тегін гранттар бөлеміз. Жұмыс жалғасады» дедіңіз. Бағдарлама, грант барлығы қыруар қаржыны талап ететіні белгілі. Партияның бұған әлеуеті жете ме?

Мақсат Толықбай: Иә, істейтін жұмыс өте көп. Жаңа парламент келген соң түрлі заң жобасы талқыланатыны анық. Мысалы, биыл Жер кодексіне жариялаған мораторий уақыты біткелі жатыр дегендей. Осындай өзекті мәселелерде партия атынан біз де қоғамдық талқылауға қатысатын боламыз. Заң қабылдатып жіберетіндей пәрменіміз жоқ. Дегенмен өз ұсынысымызды айтамыз.

Өзімнің де жеке көтерген мәселем бар. Әр қазақ кәсіпкер болса екен, кәсіпті үйренсе екен деген. Ол үшін тегін гранттардың санын көбейту керек. Партия маңайында да барынша кәсіпкерлер топтасқан. Бизнес жобасы бар, кәсіп бастағысы келетін жас азаматтарға қол ұшын беруді көздеп отырмыз.

ORDA: Заң жобасы дейсіз, қоғамдық талқылау дейсіз, бірақ «Адал» партиясы депутаттыққа ұсынған кандидаттардың көбі кәсіпкерлер мен бұрын саясатқа араласпаған адамдар. Неліктен?

Мақсат Толықбай: Әр партияның бағыты болады. Біз көбіне кәсіпкерлік жағын, ауыл шаруашылығын, экономика, өндіріс жағын дамытуды көздейміз. Өйткені шағын кәсіпкерлік дамымай, экономика гүлденбейді. Әр адамды табыс табу деңгейіне жеткізуіміз керек. «Адалдың» құрамында да саясаткерлер, саясаттанушылар бар. Елу шақты сарапшы жұмыс істеп жатыр.

ORDA: Саясаткерлер мен саясаттанушылар елдегі басты мәселе ретінде саяси реформаларды айтып жүр ғой. Сіздер үшін бұл мәселе өзекті емес пе? Жалпы «Адал» партиясында саяси реформаларға қатысты ұсыныс бар ма?

Мақсат Толықбай:  Алдағы уақытта ұсыныстарымызды жеткізетін боламыз. Бұл енді қоғамдық жұмыс қой. Біздікі жалғаса береді. Жұмыс тоқтап қалмайды.

«Адал» (бұрынғы «Бірлік» партиясының съезді

ORDA: Сонымен партияны қаржыны қайдан алады? Қоғамда «Адалдың» қожайыны – елдегі ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаев» деген сыбыс бар. Осы рас па?

Мақсат Толықбай: Сондай әңгіме шыққаны рас. Мен де қызық көріп тексеріп, сұрастырып көрдім, бірақ партияны қаржыландыратындар арасынан Құлыбаев деген «фамилияны» естіген жоқпын. Рас, демеушілік көрсетіп отырған көптеген кәсіпкер бар. Кез келген партияға кәсіпкерлер ғой көмектесетін. Бізде де сондай жағдай. Үгіт-насихатты да солардың көмегімен жүргіздік.

«НҰР ОТАН» 71 ПАЙЫЗ ДАУЫС ЖИНАДЫ ДЕП ОЙЛАМАЙМЫН

ORDA: Осы сайлауда да экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын биліктегі «Нұр Отан» партиясы бірінші орын алып, мәжілістегі басым мандатқа ие болғаны белгілі. Қалай ойлайсыз, «Нұр Отан» партиясы ОСК-ның ресми қорытындысындағыдай 71 пайыз дауыс жинай алды ма? Сайлауды әділетсіз өтті деген адам ретінде бірінші орын алған партияның жеңісін қалай сипаттайсыз?

Мақсат Толықбай: Енді оны бәрі көріп отыр ғой. Мен бәрін ашық айттым, ашық көрсеттім де. Сайлау қалай өтті? Әркім өзіне сұрақ қойсын. Мен соған жауап бердім. Қоғамдық көңіл-күй... Мен соны көрсете алдым деп ойлаймын.

ORDA: Нақтырақ жауап беріңізші, «Нұр Отан» 71 пайыз дауысты әділ жинады ма?

Мақсат Толықбай: Енді... Олар 71 пайыз жинады деп ойламаймын. Мен коммунистердің 9,1 пайыз дауыс жинағанына таңғалдым. Олар коммунист болып қатысса сенер едім. Өйткені елде өткенді аңсайтын шал-кемпірлер бар әлі де. Олар коммунист деген атын да алып тастады ғой. Сонда бұлар қалай жинады? Соған мен таңғаламын. Ең болмаса атында коммунист деген сөз қалса, сенуге болар еді.

ORDA: Күмәнді дауыс коммунистердікі ғана ма сонда?

Мақсат Толықбай:  Оған да күмәнданамын. Жалпы менің сайлауға күмәнім көп. Қай партия болмасын. Мен бұған дейін де ашық айттым: «Адал» екінші орын алды. Өйткені тәуелсіз бақылаушылардың бізге жіберген хаттамасы бойынша көп жерде екінші орын алғанбыз. Содан-ақ бәрі түсінікті.

ORDA: Сұхбатыңызға рақмет!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар