Ақтөбеде коммуналдық қызмет бақылаушылары жалақыны жүз пайыз көтеруді талап етті
Фото: Orda.kz
Ақтөбедегі «QazServiсeGroup» ЖШС мекемесінің жүзден аса бақылаушысы бүгіннен бастап жұмысты тоқтататындарын хабарлады. Жұмысшылар жалақы жүз пайызға көтерілгенде ғана жұмысты жалғастыратындарын мәлімдеді.
Бақылаушылар таң атқаннан кеш батқанға дейін сабылып жүргенде табатын табысымыз 60 200 теңге деп ашынады. Оған 7 мың теңге ғана жол жүру шығыны қосылады.
Айтуларынша, бір бақылаушының өзі 1300-1500 абоненттің үйін аралап, компанияға кемі үш-бес миллион теңге кіріс әкеліп отыр. Ал жұмысшылар жалақысы мардымсыз.
– Осы мекемеге 11 жыл бұрын бақылаушы болып кіргенімізде 50 мың теңге жалақы төледі. Осы күнге дейін ол ақша 60 200 теңге болып көтерілді. Бұл ақшаға күн көруге бола ма? Он жылдан бері алатын ақшамыз осы. Есептеңіз, он жыл бұрын тариф 4 теңге болатын, қазір ол 11 теңгеге өсті. Жұмысшылар жалақысы сол қалпы. Жоғарыда отырған басшылар бір күндік тамағын 60 мың теңгеге алады. Біз оны бір айға қалай жеткіземіз? Үкімет біздің жанайқайымызды естісе екен. Елде осындай әлеуметтік қиындықтардан қаншама наразылықтар болып жатыр. Бақылаушы болып жүргендердің бәрі әйел адамдар, әрқайсысының 3-4-тен баласы бар. Қазақ шыдамды халық. Осы уақытқа дейін өзімізді жұбатып келдік ,- дейді бақылаушы Райхан Ғабдолова.
Аталмыш мекеменің бақылаушылары тек газ қызметінің ғана емес, жарық пен қоқыс төлемдерінің де түбіртегін таратады. Қымбатшылықтың қалтаны қысқанын айтқан мекеме қызметкерлері жалақыны жүз пайызға көтеруді талап етті.
– Жұмыс көлемі көп. Бір адам айына жоқ дегенде мыңнан аса адамның үйін аралаймыз. Өзім жалғызбасты анамын. Қазір бәрі қымбаттап кетті. Бұл ақшаны неге жеткіземін?! Біз қазір киім алмаймыз. Тапқанымызды несие мен тамаққа әрең жеткізіп отырмыз. Ақшаны жүз пайызға өсірсін. Біз оған дейін жұмысты тоқтатамыз,- дейді бақылаушы Жәмила Жұмағұлова.
Жұмысшылар сонымен қатар 24 күндік еңбек демалысын 30 күнге, жол жүру құнын екі есеге көбейтуді талап етті.
Ал компания басшысы мәселені шешу әзір мүмкін емес екенін кесіп айтты.
– Қазіргі уакытта жалақыны жүз пайызға көтеру қиын. Ол талапты орындауға ақша бөлінбеген. Мердігер компанияға жағдай баяндалды. Солармен бір шешім қабылданады,- деді «QazServiсeGroup» ЖШС-нің басшысы Әлібек Досмұхамбетов.
Аталмыш мекемеде облыс бойынша коммуналдық қызмет түбіртегін таратып жүрген 179 бақылаушы бар, оның 110-ы қалада.
Ардақ Ерубаев, Ақтөбе қаласы
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық