Ақтөбеде 9 сынып оқушысының арызымен қамауға алынған депутатқа қатысты прокуратура не жасырды?

cover

Ақтөбеде жантүршігерлік қылмыстық іске қатысты күдікке ілінген облыстық мәслихат депутаты Аркадий Ни қамауда отыр. Әлеуметтік желіде «депутат жасөспірімнің 36 жастағы анасына 15 жастағы қызының пәктігі үшін миллиондап ақша берген» деген ақпарат ашық айтылуда.

Прокуратура қаршадай қызды төсек қатынасына тартқан депутатқа қатысты ақпаратты жоққа шығарған жоқ. Растауға да асықпай отыр.
Ақтөбе қаласы 8 мөлтек ауданындағы аралас мектептік 9 сынып оқушысына қатысты сұмдық жағдай жасөспірім өз үйінен қашып кеткеннен кейін ғана белгілі болды. Әбден қиналған оқушы жағдайын әжесінің үйіне барып айтып, көмек сұраған. Немересінің жыныстық зорлықтың құрбаны болғанын естіген әжесі жағдайды құзырлы органға хабарлаған. Жасөспірімнің арызы негізінде
Ақтөбе әуежайының VIP залында депутаттың қолына кісен салынды.

Уақытша тергеу изоляторы

«Қазіргі уақытта күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 128-бабының тәртібімен Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес өзге де ақпараттар​ жария етуге жатпайды», -​ деген облыстық ПД депутаттың қандай баппен қамауға алынғанына қатысты тіс жарған жоқ.

Керісінше, ұстаздар жантүршігерлік оқиғаның болғанын растайды. Олар жыныстық зорлық көрген жасөспірімнің ерекше қорғауға алынғанын айтады.

«Келеңсіз жағдайдың орын алғаны рас. Қылмыстық іс тіркелді. Тергеу жүріп жатыр. Жәбірленуші кәмелеттік жасқа толмағандықтан, оқиғаны жария ете алмаймыз. Оқушы қауіпсіз жерге, арнайы мекемеге орналастырылды. Қасында тәрбие ісі жөніндегі маман, психолог, ішкі істер органынан өкіл бар. Балада психологиялық ауытқулар жоқ. Толық емес отбасында тәрбиеленген. Отбасында жәбірленушіден басқа үш бала бар», - дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Райхан Нұрқожаева.

Жәбірленуші білім алатын мектеп

Қылмыстық істің тіркелгеніне бір аптаға жуық уақыт өтсе де жергілікті прокуратура, полиция Аркадий Ниге нақты қандай айып тағылғанын жариялаған жоқ. Облыстық соттың баспасөз қызметі де депутатты қамауға алу туралы санкцияға қатысты ақпарат беруден бас тартты.


Кәсіпкерлігімен аты шыққан депутат қамауға алынған күннің ертеңіне «Нұр Отаннан» қуылды. Билік партиясы оның заңға қайшы әрекет жасағанын айтып, ресми ақпарат таратты.

«Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Аркадий Нидің заңға қайшы әрекет жасады деген күдікпен ұсталу фактісі бойынша «Nur Otan» облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы облыстық филиалдың Саяси кеңес Бюросына Аркадий Ниді «Nur Otan»-ның партиялық билетінен айыру туралы мәселені қарауды ұсынғанын хабарлаймыз. Облыстық Саяси кеңес Бюросының қаулысымен Аркадий Ни «Nur Otan» партиясының қатарынан
шығарылды», - деген партияның Ақтөбе облыстық филиалының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.


16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасады деген күдікпен қамауға алынған бизнесмен туралы не білеміз?


Ақтөбе облысындағы ең бай, ықпалды адамдар қатарындағы Аркадий Ни тоғыз жылдан бері облыстық мәслихат депутаты. Масқара болған 59 жастағы кәсіпкердің аты «Қазақстанның 100 Жаңа есіміне» кірген таңдаулылардың тізімінде жүр. Кәсіпкер Бішкек қаласында дүниеге келген. 1966 жылдан бастап Қазақстанда тұрады. Аркадий Ни Қазақстан кәрістері қауымдастығының Ақтөбе филиалы басшылығы мүшесі, «Қазақстан теннис федерациясының» Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры және өңірдегі ет өнімдерін шығарумен айналысатын алпауыт компанияның қожайыны.


Прокуратураның депутатқа қатысты ақпаратты жасырын ұстауы халықтың ашуына тие бастады. Пәктігімен қоса кішкентай қыздың өмірін талқандап тастады деген күдікке ілінген беделді депутаттың миллиондары қылмыстық істі көлеңкелей ала ма?
Қоғамды алаңдатқан сұрақты алдағы уақытта да назарымызда ұстаймыз.

Автор: Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар