Ақбұлақтағы атыс, күдіктінің кәсібі мен үйі, қайтыс болған бес адам (арнайы репортаж)
Ақбұлақ - Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан шағын аудан. Қысқа ғана Сыздықов көшесінің тұрғындары бір-бірімен жақын араласады. Көбісі жер үйлер. Осы жерде 20 қыркүйектің кешінде жұртты дүрліктірген оқиға орын алды. Сот шешімін орындауға келген азаматтарды үйінен айрылып қалғысы келмеген үй иесі атып тастады.
Кешкі сағат 17:00 де Ақбұлақта атыс болған. Бес адамды бірдей жер жастандырған күдіктінің есімі Игорь Дужнов. Ол 2011 жылы алған несиесін төлей алмай, кепілдікте тұрған үйінен сот шешімімен босатуы тиіс еді. Сонымен қатар оның Бағанашылда кәсіп жүргізген жылжымайтын мүлкі болған. Кейін үй аукцион арқылы басқа адамға сатылған. Оның жаңа иесі Нұрахмет Тұрғанов екені айтылды. Қолына үкімді ұстап келген екі учаскелік полиция мен сот орындаушы және үйдің жаңа иесі мен куә ретінде келген досы сол жерде қаза тапты.

Араға бірер уақыт салып оқиға орнынан суреттер мен видеолар желіде тарай бастады. Бірі адам өлді, енді бірі полиция қылмыскерді ұстады деп шуласып жатты. Атыстан кейін екі сағаттан соң оқиға орнына жеткен Orda.kz редакциясы төрт жедел жәрдем көлігі мен оқиға орнын қоршаған полицейлерді көрді. Игорь Дужновтың үйі тұйық көшеде орналасқандықтан оған көлік кіретін бір ғана үлкен жол бар.
Құзырлы органдардың қоршауынан өте алмаған журналистер оқиға туралы көбірек ақпарат алғысы келгенімен оларды ішке өткізбеді. Ол уақытта үйдің ішінде тексеру, сараптама жасау амалдары жүріп жатқан.
Сары лентаның арғы жағында болып жатқан қызу тіршілік туралы айтатын адам ретінде Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов БАҚ өкілдерінің алдына шықты. Ол күдіктінің заңды түрде тіркелген аңшы мылтығымен атқанын айтты.
– Күдікті аңшы мылтығымен оқ жаудырған. Үйде әйелі мен үш баласы болған. Ол біздің екі қызметкер мен сот орындаушыны және үйдің жаңа иесін атты,- деді қалалық ПД бастығының орынбасары.
Қоршауға алынған аймақтың жанында жеке сот орындаушы мекеменің қызметкерлері жүрді. Күн толық ұясына батқан соң олардың жанына бір әйел адам мен кәмелетке толмаған қыз келіп «Сенбеймін!» деп жылады. Камераға түсірмеуді сұраған олар марқұмның таныстары болса керек деп түйдік.
Полицияны айналып, сары лентаның астынан арлы-бері өтіп жүрген азаматтық киімдегі адамды тәртіп сақшылары ұстап алды. Оның сол жерде тұратыны, я болмаса қайтыс болғандардың жақыны екені айтылмады.
Атыс болған аймақта құзырлы орган өкілдерінен көп адам болмады. Бір сәтте «жол беріңдер, жедел-жәрдем кіреді» деген полиция қызметкерлерінің дауысы естілді. Сары лента шешіліп, ішке екі бірдей жедел-жәрдем көлігі кіріп кетті. Олар мәйіттерді алып шықты ма, әлде басқа жараланғандар болды ма, белгісіз.

Orda.kz журналистері оқиға орнына сағат 23:00 шамасында қайта айналып келді. Журналистер тарқаған, құзырлы орган өкілдері әлі де осында. Біздің журналистерге органда қызмет атқаратын азамат келіп «сендерді сәлден кейін ішке кіргізеді, күте тұрыңдар» деген болатын. Бірақ айтылған сөз жерде қалып, ішке ешкімді жібермейтіні белгілі болды.
Сол уақытта атыс болған үйге қарама-қарсы беттегі мекеменің қызметкерлері өздерінің жұмыс орнында тастап кеткен көліктерін алып кету үшін біртіндеп келіп жатты. Олардың ескерту жасағандарын жіберіп, ескертуі жоқтарды кері қайтарды.

Көршілердің үйіне амалын тауып кіріп, оқиға туралы сұрадық. Терезесі қан шашыраған бетке қарайтын әйел атыстың дауысын естімеген, оларды ұйқысынан полиция қызметкерлері оятқан. Үйге келіп, тұрғындарға фото және видеоға түсірмеуді қатаң ескерткен. Бұл барлық көршілерге қатысты.
21 қыркүйектің таңында редакция журналисі Сыздықов көшесіне қайта барды. Оқиға орнында полицейлердің қоршауы әлі де тұрғанын көрді. Журналистер әуеден және жақын аймақтан суреттер түсіріп үлгерді.
Қорыққаннан үйінен кешелі бері шықпаған күдіктінің көршісі Игорь Дужновтың адамдармен көп араласпайтынын айтты.
– Көрші тұрамыз. Жамандығын көрмедік. Көп араласпайтын адамдармен. Бірақ олардың ауласынан ұрыс-керісті естімедік. Оның момындығы осыған жеткізген шығар деп ойлаймыз. Кеше шамамен 5-6 оқ атылды. Атыс кезінде осы жерде болдық, балаларым мен немерелерім қорқып есікті жауып алдық. Біздің көше өте жақсы араласатын еді, бірақ ол көп қосылмайтын. Әкесі мен өгей анасы болған, олар қайтыс болып кетті-ау деймін, – дейді есімін атамауды сұраған көрші.
Тағы бір көршісі атыс болған уақытта үйде болғанын айтып, камераға түсуден және есімін айтудан бас тартты.
– Атыс болғанда үйде болдық, темір алатындар екен деп ойладық. Кейін патрульдерді көріп, атыс болғанын білдік. Сағат 11-лер шамасында темекі шегуге шыққанда сол үйдің аумағынан айқай шудың дауысы шығып жатқан. Қақпаны тепкіледі ма, бірақ мен мән берген жоқпын, - дейді көрші.
Түске дейін полиция орнатқан қоршау алынбаған. Полиция марқұмдардың денесі жатқан жерлерге арнайы нөмірлері бар таңба қойып, артынан оларды алып тастаған. Қазіргі уақытта журналистер тергеу экспериментінің қашан басталатынын күтуде.
Сағат 13:15 шамасында полиция қоршауы алынып тасталды. Журналистер қанды оқиға болған үйге жақындай алды. Олар үйдің маңына жақын жерден қан іздерін көрді.
Редакция журналистері Игорь Дужновтың жары Анаид Демирчянмен байланысқа шығып болған оқиға туралы сұрады. Ол өз кезегінде балаларының құқығы қорғалмағанын, әрі бұл істе заңсыздықтар болғанын алға тартты. Кейінірек ол атыс болған үйінің алдына шығып, біздің редакцияға берген мәліметті толық қайталап айтып берді.

— Мен қазір бірдеңе деуге кеш екенін білемін, бірақ балаларымыздың құқығы әлі де қорғалмай жатыр. Барлығы қол қусырып отыр. Сот орындаушылары заңсыз тұрғыда жұмыс істеді. Тек заңсыз емес, өте дөрекі әрекет етті. Бұл да көп нәрсені тоқтатар еді. Біздің арыздарымызды заңсыз дей берді, менің сырқаттанып қалғаным ешкімді қызықтырмады. Екі ай стационарда емделіп жүрмін, барлығының оған түкіргені бар. Кезекші прокурор келіп, бәрін сабырмен, заңды тұрғыда түсіндірсе болар еді. Мұндай ештеңе болмады (масқара). Олар дарбазаны құлата бастағанда, нағыз тозақ басталды, – дейді Демирчян.
Материал дайындауға қатысқандар:
Ильдар Адильченов
Бек Байтас
Бағдат Асылбек
Дархан Халил
Жаңалықтар
- Respublica партиясы Құрылтай тізіміне 76 адамын бекітті
- Шымкентте Нұрайдың өлімі бойынша іс прокуратураға өтті, отбасы тергеу қорытындысымен келіспейді
- «Ақ жол» партиясы Құрылтайға 63 кандидат ұсынды
- Бекет ата мешітіне зияратқа аттанып, хабарсыз кеткен үш адам табылды
- Бір күнде 26 су басу жағдайы: Алматы әкімдігі жаңбыр салдарын жоюмен белсенді күресіп жатыр
- Маңғыстауда Бекет ата жерасты мешітіне зиярат етуге кеткен үш адам ізім-ғайым жоғалып кетті
- 17 жастағы Алдияр Аңсат жаңа гроссмейстер атанды
- ҚМДБ Қазақстанның бас мешітіне «Нұрсұлтан мешіті» атауын берді
- ӘЧ-2026: Марокко құрамасы Канаданы жеңіп, ширек финалға шыққан алғашқы команда атанды
- АҚШ пен Иран 11 шілдеде Пәкістанда тағы да бітім тақырыбын қарастырады
- Президент Қазақстан халқын Ұлттық Домбыра күнімен құттықтады
- Қытай көліктері қымбаттады: ZEEKR құны Cadillac және Lincoln-мен бірдей болды
- Еуропадағы рекордтық ыстық Швейцария мұздықтарын ерітіп жатыр
- Алматының Төле би көшесінде жантүршігерлік жол апаты болды
- Қарағандыда екі «әлеуметтік қызметкер» 94 жастағы кейуананың миллион теңгесін үптеп кеткен
- Тоқаев Трампты АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтады
- Қазақстан делегациясы Ирандағы аятолла Хаменеимен қоштасу рәсіміне қатысты
- Адам өліміне әкелген жарылыстан кейін «Қазмырышқа» миллиондаған айыппұл салынды
- Елімізде Домбыра күніне орай екі мыңнан астам іс-шара өтеді
- Астанада ірі өрт шығып, көліктер мен жанар-жағармай қоймасы өртенді




