«9 айыпты»: Шерзат ісіндегі куәгерлер бар сұмдықты жайып салды

Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Полаттың ісі бойынша сот отырысы елдің қабырғасын қайыстырған трагедияның егжей-тегжейін ашып жатыр. 16 жасар бозбаланың өліміне қатысты сотқа жәбірленушілер мен куәгерлер келіп, мән-жайды баяндап берді.
Orda.kz тілшісі сот залынан тікелей ақпарат таратты.
«Мен Шерзатпен он алты жыл бірге болдым»

Сот алдымен марқұмның әжесі — Жұмабике Қадыровадан жауап алды. Ол көз жасын тыя алмай, сол қанды түннің егжей-тегжейін баяндап берді.
«Шерзат біреуді ұрып қойды» деген хабарды ести сала дүкенге жүгіріп барған әжесі, оқиға орнына келгенде немересіне топ бала жабылып жатқанын көреді.
«Олар үш көлікпен келді. Сол жерде оны бірде-бір ұрмаған бала қалмады», — деді ол.
Немересін қорғамақ болғанда бір жігіт оны бар күшімен итеріп жібереді. Оның Абзал екенін кейін ғана біледі. Оған марқұм Нұрқанат айтқан көрінеді. Шерзатқа араша түспек болған келінін де белгісіз екі жігіт ұстап, жібермей қойған.
«Олар «Шерзат пен Нұрқанатты өлтірдік» деп кетіп қалды. Қолдарында пышақ болды. Менің олардың жанына жетуге де шамам келмеді», — деді Қадырова.
Сот залында отырған кезде де әжесі өз эмоциясын жасыра алмады:
«Мен Шерзатпен он алты жыл бірге ұйықтап, бірге өмір сүрдім. Сол күні мен де бірге өлдім», — деді қалтырап.
Жәбірленуші тарап бұрын істі болған айыпталушыларға қатысты да пікірін айтты:
«Егер оларды кезінде бес жылға түрмеге жапқанда, бұл қанды оқиға болмас еді», — деді өксік пен ызаға булыққан әжесі.
Қорғаушы тараптың адвокаты Абзал Шынасылды көрсетуін сұрап, «ешкім айтпасын» деп қытығына тиетін сауалдар қойды. Айыпталушылардың бірі көрсетілген кезде, Қадырова:
«Керек болса, айыпталушылар отырған жерге кіріп, көрсетейін!» – деп айыптылар отырған жаққа қарай жүрмек болып, залда аз уақыт шу болды.
Қаза тапқан 16 жасар Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Қадырова сотта жауап берген сәтінде өзін ұстай алмады.
Сот отырысында Қаржаубай Нұрымов анасына араша түсіп, қорғаушылар қойған сұрақтарға қарсы шықты. Оның айтуынша, айыпталушылардың қорғаушылары «негізсіз, қысым жасайтындай сұрақтар қойып жатыр».
Сот залынан шыққан соң, Жұмабике Қадырова есінен танып қалды. Куәгерлердің сөзіне сенсек, оны жедел жәрдем көлігіне дейін көтеріп апаруға тура келген. Қазір оның жағдайын дәрігерлер бақылап отыр.
Жетісу облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Савелий Пактың айтуынша, 60 жастағы әйелде стресс салдарынан осындай күйге түскен.
«Мен тас атқандарды да көрдім»


Талдықорғанда 16 жасар Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиева жауап берді. Ол оқиға кезіндегі өзіне және баласына жасалған қиянат туралы айтып берді.
«Қаржаубай қоңырау шалып, Шерзат бір баланы ұрып жібергенін айтты. Біз шыдамай үйден шықтық», — деді Гүлбара.
Ол оқиға орнында баласына топ болып жабылғанын және өзін екі адам ұстап тұрғанда, Шерзаттың жарақат алғанын баяндады.
Гүлбара мылтық дауыстарын естігенін де жасырмады.
«Қайын інім Нұрқанат пен Шерзатты қорғап жатсам да, Абзал бастаған жігіттер ұрып жатқан еді. Мылтықтың даусын екі рет естідім», — деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, анасы Абзал мен Нұрқияс оған «сені де өлтіреміз» деп қорқытқанын және оқиға орнында екі қыздың оған тас атқанын айтты. Қыздар Гүлбараның жедел жәрдем шақыру туралы өтінішін елемей, ешқандай көмек көрсетпеген.
«Олар маған тас атты, мен жедел жәрдем шақыруды өтінгенде, ештеңе істемеді», — деді Гүлбара.
Осылайша, Гүлбара Бишімбиева сотта қанды түн туралы көптеген жаңа деректерді жария етіп, қоғамды дүр сілкіндірген оқиғаның мән-жайын ашты.
Сот отырысы кезінде Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың эмоцияға беріліп істеген әрекеттері үнемі наразылық тудырды. Ол айыпталушылардың адвокаттарының үнемі сөздерін бөліп, процесті қиындатты. Әсіресе, әйелінің сұрақтарына жауап бергенде, Нұрымов бірнеше рет араласып, оның сөздерін түзетуге тырысты. Судья бірнеше рет ескерту жасаса да, тәртіп бұзушының әрекеттері өзгерген жоқ. Ақырында судья қорғаушысына қатаң ескерту жасады.
«Баламды құтқарғым келді»

Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов куәлік берді. Ол қайғылы түннің қалай басталып, немен аяқталғанын егжей-тегжейіне дейін айтып берді. Оның сөзінше, «Хуторлықпын» деп өздерін атаған жігіттер сөзге келмей, төбелес шығарған.
Нұрымовтың айтуынша, оқиға кезінде Дархан Әскентаймен дауласып жатқанда, әкесін қорғау үшін Шерзат оны бір рет ұрып жіберген. Бұл әрекеттен кейін Дархан «балаларымды шақырамын, ұлың денсаулығынан айрылады» деп сес көрсеткен. Қаржаубай Нұрымов сол түні дүкенде болған. Дархан мас күйі келіп, ақысын басқа адамның атына түсіргенін айтып, дүкеннен шығып кеткенін айтты.
Кейін Дархан өзін «хуторлықпын» деп таныстырған Нұрбол есімді танысын шақырған. Ол да мас болған күйі жеткен. Артынша Нұрқанат пен кәмелеттік жасқана толмаған тағы бір бала келген. Қаржаубайдың айтуынша, ол баласының қауіпсіздігін ойлап, жағдайды бейбіт жолмен шешуге тырысқан. Бірақ керісінше, жанжал ушығып, төбелеске ұласқан.
Нұрымов «Хуторлықтардың» аты аталса, жұрттың үрейленетінін айтты. Себебі осы топ бұған дейін көршілердің бірін өлтірген көрінеді. Бұл топтың барын ІІМ теріске шығарғанымен, Қаржаубай олардың нақты бар екенін, өзі сол түні олардың бірі — Нұрболмен бетпе-бет кездескенін айтты.
Қаржаубайдың айтуынша, төбелес кезінде дүкенге Шерзаттың достары да жеткен. Олар бастапқыда шетелге оқуға кетіп бара жатқан досын шығарып салу үшін дүкенге келген. Бірақ дәл сол сәтте төбелес басталған. Қаржаубай Ахметтің соққыға жығылғанын, кейін төбелестің өршіп кеткенін айтты. Ол өзінің Шерзатқа пышақ салынған сәтті көрмей қалғанын да мойындады.
Қаржаубайдың сөзінше, оқиға орнында анасы мен әжесі де болған. Шерзаттың анасын екі ер адам ұстап тұрса, әжесі арыққа құлап түскен. Ал баласына шабуыл жасалған сәтте Нұрқиястың оны мылтықпен ұрғанын көзімен көргенін жеткізді. Бүгінде сотта Шерзатқа шабуыл жасады деп күдікке ілінген осы Нұрқиясты анасы қорғап отыр.
Қаржаубай баласы мен Нұрқанатты көлікке салып, ауруханаға жеткізбек болған. Бірақ жолда жүрегі тоқтап, баласына өзі жедел жәрдем шараларын жасауға тырысқанын айтты. Алайда нәтиже болмаған, Шерзат сол жерде жан тапсырған.
«Біреуі барсеткасынан, біреуі қалтасынан пышақ шығарып жатты»
Талғардағы «Қамажай» дүкені алдында болған қанды оқиға бойынша сотта жауап берген куәгер – Шерзат Полаттың досы Мирас Сейсенбай. Ол сол түні оқиға орнында болып, төбелестен аман қашып құтылғанын айтты.
Мирастың айтуынша, оны дүкенге Шерзаттың өзі шақырған, алайда олар келген кезде Шерзаттың өзі жоқ болып шыққан.
«Біз келгенге дейін бір көлік тұрған. Артынша Golf пен Mersedes-тен бірнеше адам, оның ішінде екі әйел де түсті. Сол жерде біреуі Ахметті ұрып жіберді», – деді ол.
Оқиға басталған сәтте Мирас Ахметтің төбелестің ортасында қалып қойғанын, ал өзі байқамай арыққа сүрініп кеткенін айтты. Сол сәтте «бір-екеуінің қолынан пышақ көріп қалдым» деп мәлімдеді.
«Біреуі бәрсеткасынан, біреуі қалтасынан пышақ шығарып жатты. Бәкіні жабық күйінде көрдім», – деді ол сотта.
Қауіптеніп, олар оқиға орнынан қашып кеткен. Қашып бара жатып, Шерзатқа хабарласқанда, ол «келмей-ақ қойыңдар» деген. Бірнеше минуттан кейін олар дүкен алдына қайта келіп, Шерзаттың әжесін көрген. Жағдайы нашарлап кетіпті.
«Сендер кімсіңдер, балам-ау?» деп есікке сүйеніп тұрды», – деді Мирас.
«Жерде ес-түссіз жатқан баланы көрдім»
Шерзат Полатқа қатысты атышулы істің кезекті сот отырысында бұрын аты аталған екі қыздың бірі – Эльмира Нұрбекова жауап берді. Ол қанды оқиға алдында айыпталушылармен қалай танысқанын, не болғанын егжей-тегжейлі баяндады.
Эльмираның сөзінше, оқиғаға дейін екі күн бұрын құрбысы Дана арқылы Абзалмен, Нұрқияспен және Равильмен танысқан. Кейін олар бәрі бірге мейрамханаға барған. Сол жерде Азамат, Тоқтаубаевтар және тағы басқа жігіттер де отырған.
«Біз Данамен бірге биледік, кейін солармен бір үстелге отырдық. Столда арақ-шарап та болды», – деді Эльмира.
Мейрамхана жабылған соң, Эльмира үйге қайтқысы келген. Алайда жігіттер: «алдымен дүкенге барамыз, кейін апарып тастаймыз» деген. Дүкенге келгенде жігіттер көліктен секіріп түсіп, ішке кіріп кеткен.
«Біз Данамен көлікте қалдық, кейін темекі алу үшін дүкенге кірдік. Іште біз танымайтын екі ер адам болды. Солардың бірі: «Қазір қаруымды шығарып, ата бастаймын» деді. Осы кезде біреу есікті іштен теуіп жіберді», – дейді куәгер.
Осы сәтте сақалы бар, бас киімді белгісіз ер адам дүкен жанынан жүгіріп шығып, екі рет аспанға оқ атқан. Содан кейін төбелес басталып кеткен.
«Равильді тоқтатуға тырыстым, бірақ ол тыңдамады. Біз Данамен шетке шығып кеттік», – деді ол.
Куәгердің айтуынша, дәл осы кезде әйел адамның айқайы мен жерде ес-түссіз жатқан баланы көріп, шошып қалған. Жан-жаққа адамдар жүгіріп, дүкеннің артына тығылған.
«Жүрегім аузыма тығылып, қозғала алмай қалдым. Біреу қолымнан тартып, көлікке қарай жетелеп әкетті», – деді Эльмира.
Кетіп бара жатқанда, бейнежазба түсіріп тұрған әйелді көріп, жедел жәрдем шақыруын сұраған. Кейін қыздар жігіттермен бірге тауға кеткен.
«Жігіттер бізге «көлікте күтіңдер» деді. Кейін қара джип келіп, соған отырып, төмен қарай беттедік. Сосын полиция тоқтатты», – деді ол.
Соттағы жауаптарында Эльмира ауаға оқ атқан ер адамды кейін жәбірленушілермен беттесу кезінде бірден танығанын мәлімдеді.
Келесі сот отырысы
Белсенді Дінмұхамед Қаматайдың айтуынша, келесі сот отырыстарына Қаржаубайдың туыстары қатыса алмауы мүмкін. Бұған қаржылық қиындықтар мен денсаулық жағдайы себеп болып отыр.
«Келесі сот отырысына Қаржаубаймен оның жақындары қатыса алмауы мүмкін. Біріншіден, денсаулықтары үшін, өздеріңіз көрдіңіздер. Екіншіден, жол ақысы – Талдықорғанға қатынау қаражат жағынан қиын. Олар жұмыстарына шығуы керек. Алты ай бойы жұмыс істемеді», – деді Қаматай.
Белсендінің сөзінше, жәбірленушілер отбасында материалдық қиындықтар туындаған. Сол себепті олар Алматыдан Талдықорғанға тұрақты барып тұра алмайды.
«Ортасындағы отырыстарды сол Алматы облысына ауыстырсын немесе олардың жол қаражатын өтеп берсін», – деп ұсыныс білдірді Қаматай.
Талдықорғанда Шерзат Полатқа қатысты қылмыстық іс бойынша бүгінгі сот отырысы аяқталды. Істі қараушы судья Ержан Жанұзақов келесі отырыстардың 28 және 29 сәуірге тағайындалғанын мәлімдеді. Orda.kz бұл резонанс тудырған істі соңына дейін бақылап, сот отырыстары туралы жедел ақпарат беріп отырады.
Жаңалықтар
- Шерзат ісі: Ағайынды Тоқтаубаевтар мен кім-кімді аяусыздықпен ұрды?
- «Нұрғанатты да, Шерзатты да, Қаржаубайды да ұрмадым»: Азамат Тоқтаубаев сотта жауап берді
- Ердоған мен Зеленский жанында: Анкара манында зілзала болды
- Көксу өзеніне құлап кеткен ер адамның денесі табылды
- Әйелін терезеден лақтырған майор: Қызылордалық полицей жас жұбайын мүгедек етті
- Қорқытып, кейін соққыға жыққан: «Дикий Арманның» досы мен оның бандасы сотталды
- «Аяушылықпен тебу, хуторлық емеспін, пышақ ұстамадым»: Нұрбол Тоқтаубаевты судья сөзінен ұстады
- Қадыровқа қарсы шыққан: Алматыда шешен белсендісі ұсталды
- «Тергеушілер мені де, інімді де ұрды»: Шерзаттың сотында Нұрбол Тоқтаубаев сөйледі
- Мигрант зейнеткердің денесін бөлшектеп тастаған
- Зеленский Стамбұлдағы келіссөздің сәтсіз өтетініне сенімді
- Шерзаттың соты: Дархан Әскентай адвокатынан бас тартты
- Имам ер адамдарға гинеколог болу харам екенін айтты
- Шерзаттың ісі: Күдіктілердің адвокаттары істі қайта тергеуді сұрады
- «Қылмыс әлемінің серкесіне қаржы бөлді»: Амандық Баталовтың күйеу баласын Қырғызстанда іздеп жатыр
- Анасының жанайқайы: Сотта Шерзатты жабылып ұрған сәттің видеосы көрсетілді
- «Фашист, нацист»: Қазақша мәзір беруден бас тартқан кафе кешірім сұрады
- Шавкат Рахмонов Өзбекстан азаматтығын алды – UFC
- «Уыс-уыс шаш, жұлынған тырнақ»: Ақнәрдің өлімін полиция жылы жаба салмақ па?
- «Қауіпті»: Америкалықтар Temu бағдарламасын сотқа беріп жатыр