8 наурызға сыйлықты бірге таңдайық!

cover

Көктем келгенде күннің жылынуынан бұрын, нәзікжандылардың төл мерекесін еске аламыз. Себебі, қыздар қауымы сыйлықтарға қарқ болып, көңілдері жайланбаса күннің жылынуы екі талай!

Сыйлық бастысы шын ниетпен берілсе болды екен деп, сыйлық иесінің талғамын ысырып қоюға әсте болмас. Тіптен психологтардың өзі де нәзік жандарға сыйлық таңдау - ұзақ ізденіс пен қатар жоғары талғамды қажет ететіндігін жасырмайды. Олай болса алдымен, жігіттеріміздің мерекеге қанша қаражат жұмсауға дайын екендігін білейік.

GorodRabot.kz сервисінің зерттеушілері жүргізген сауалнама нәтижесінде Қазақстандағы ерлердің 75% -ы өз ханымдарын құттықтауға дайындалып жатқанын білді. Ал олар сыйлыққа қанша қаржы жұмсамақ?

  • Респонденттердің 38% -ы сыйлықтарды 30 мың теңгеден аспайтын етіп жоспарлаған;
  • 41% -ың бюджеті 30-дан 50 мың теңгеге дейін;
  • 15% -ы Халықаралық әйелдер күніне 50-ден 100 мыңға дейін;
  • 4%-ы өз ханымдарының көңілінен шығу үшін 100-ден 200 мыңға дейін;
  • 2% -ы демалысқа 200 мың теңгеден астам қаражат жұмсауға шешім қабылдағаны белгілі болды.

— Қазақстандық әйелдер гүлдерді, иіс суларды (Француз әтірі 20000-200 000 тг аралығын қамтиды), «Dyson» шаш кептіргішін(200 000 тг-ден басталады), «tiffany» немесе «Pandora»(15000-150000 тг) зергерлік бұйымдарымен «Apple» (11,12, 12 pro, 12 pro max – 300 000-750 000 тг) гаджеттерін немесе жаңа ұялы телефонды 8 наурызға ең көп күткен сыйлықтар ретінде атады, делінген GorodRabot.kz зерттеуінде.

Ал ORDA.kz сайты өз оқырмандарына нәзікжандылардың сыйлыққа нені қалайтынында зерттеп білді. Нәтижесімен бірге таныс болайық!

ГҮЛ

Нәзікжандылардың мерекесін гүлсіз елестету мүмкін емес. Тіптен, кей арулар үшін гүлдер қосымша сыйлық болып саналады. Ал гүлді сыйламас бұрын, оның көңіл күйге әсерін саралап алайық. Мәселен, ақ түсті гүл адамның көңіл-күйін көтереді, сары түсті гүл - жылу мен байлықтың белгісі, ал күлгін түс – кеңдік пен сенімділікті білдірсе, қызыл гүл мерекелік көніл-күйді сипаттайды.

Ақ түсті гүл әдетте сыйластықтың символы болып табылғандықтан оны әріптесіңізге не болмаса дос қызыңызға сыйласаңыз болады. Егер сіз таңдаған гүл раушан болса, онда оның ұзындығымен қатар безендірулеріне мән бергеніңіз жөн. Әдетте, ақ түсті раушанды қызыл яки күлгін түспен сыртын безендірсеңіз болады. Ұмытып кетпеңіз, гүлдердің санына мән беріңіз. Себебі, жұп гүлді сыйлауға болмайды. Ал тақ сандардың барлығының өзіндік мағыналары бар.

Анаңызға қай түсті ұнататынын ескеріп, үлкен гүл шоғын тарту еткеніңіз анаңызға ұнары сөзсіз. Ақ не болмаса қызғылт түстегі раушан гүлдердің санын анағұрлым көп болғанын қадағалап, бірақ көлемін кішірек қылып таңдасаңыз, оны безендіргенде ол үлкен шоқ гүлдерге айналады. Себебі, аналарымызға әдетте гүлдің көлемінен гөрі сіздің ниетіңіз бен сыртқы көрінісі маңыздырақ. Әрлеу барысында заманауи үлгіде гүлдермен «АНА» сөзін жазу да сәнге айналған.

Қызыл, қызғылт түстерді қыздардың көбі махаббаттың, сүйіспеншілікті белгісі деп ұғатындықтан, сүйіктіңізге қызыл түстегі раушан гүлін сыйлағаныңыз абзал.

СЕРТИФИКАТ

Қазіргі заманғы таптырмас сыйлықтардың бірі – сертификат. Ол кез – келген нәзікжандылар үшін пайдалы әрі маңызды. Әрі оның түрлері де көп: SPA, сұлулық салонына, бет күтіміне, түрлі косметикаларға, көптен қатысқысы келіп жүрген курстары мен киімдер дүкенінде және т.б.

БЬЮТИ БОКС

Әйелдер үшін ең қажетті, 24/7 сөмкесінен түспейтін заттардың бірі – косметика. Қазіргі тілмен айтқанда – бьюти бокс. Косметиканың түрлері өте көп болғандықтан, әдетте олардың ең көп қолданыстағы түрлерін жинақтап, қораптарға салып, тарту етіп жатады. Осы тұста сыйлықтың сапасына да мән бергеніңіз жөн. Алданып, көшірме нұсқасын сыйлаудан сақ болыңыз!

ЕСІМІ ЖАЗЫЛҒАН СЫЙЛЫҚТАР

Есімі жазылған сыйлықтар – қазір сұранысқа ие. Олардың түрі көп. Мәселен, есімі жазылған алқа, монша халаттары, косметика салғыш және т.б. Әдетте, мойын алқасын сыйға тартсаңыз, аруларымыздың көңілінен шығары сөзсіз. Тек оның сапасы мен қоса нәзіктілігіне, және дизайына мән беруді ұмыт қалдырмаңыз.

КӨЛІККЕ ҚАЖЕТТІ ҚҰРАЛДАР

Егер аруымыздың жеке көлігі болса –көлікке арналған қажетті заттарды сыйлағаныңыз абзал. Себебі, көлік әркезде де өзіне күтімді қатты қажет етеді. Көліктегі нәзікжандыларға рөлдің сыртқы қамтамасын, қол тіреуіш, ұялы телефонды қуаттаушы мен тіреуші, тіптен, автоматты диагностикаға арналған сертификат берсеңіз қуанары анық.

БЛОГЕР АРУЛАРҒА АРНАЛҒАН СЫЙЛЫҚТАР

Қазіргі заманда блогер болуға тырыспайтын қыз кемде-кем болар. Осыған орай, оларға сыйлықтың түрлері де көп болмақ. Мәселен, видео түсіруге арналған лампа, бөлме гирляндалары, петличка мен штатив, App Storе-дағы түрлі ақылы программаларды сыйға тартсаңыз болады.

ҚОНЖЫҚТАР

Қонжықтар – бұлар ең көп сыйланатын әрі сұраныстағы ең жоғары сыйлықтар. Оларды көлеміне, түсі мен сапасына, әрі брендіне қарап таңдағаныңыз дұрыс. 100 жылдан астам тарихы бар Тэдди қарапайым жұмсақ ойыншықтарға қарағанда едәуір қымбат тұрады. Өйткені, ол – әлемдік брэнд.

ДЕМАЛУҒА ЖОЛДАМА

Инстаграм желісінде қыз келіншектердің пікірін сұрастырып едік, олардың басым көпшілігі шет елге демалып қайтқанға жолдама күтетін болып шықты. Соңғы жылдары бұл сыйлық тіптен үрдіске айналуда. Мерекеге қарай туркомпанияларда жеңілдікпен жолдамалардың түр түрін әзірлеп әлек.

Есіңізде болсын, ең қымбат сыйлық - уақыт. Оны кімге арнап жүргеніңе мұқият бол. Себебі, берілген уақытты кері қайтара алмайсың...

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар