5 қаңтарда атылған бейбіт азаматтың бірі – Әділет Қабдоллаев
Әділет Қабдоллаев анасы Сәулеш Асыловамен. Фото: отбасы мұрағатынан
42 жастағы алматылық Әділет Қабдоллаев 5 қаңтарда бейбіт митингті көріп-қайтуға үйінен шыққан бойда көп ұзамай оққа ұшып, ауруханада жан тапсырған.
Әділет інісі Жомартқа 5 қаңтар күндіз сағат 13.30 шамасында қалада митинг болып жатқанын айтып, үйден шықпауын ескертіп хабарласқан. «Мен негізі Төле би көшесінің бойында жұмыс істейтінмін. Маған хабарласып, үйден шықпа, біз үйдеміз, қалаға жолама деп ескертті. Шеру басталған бір күн бұрын да шықпаған еді» дейді Жомарт Қабдоллаев. Оның сөзін марқұмның әйелі де растайды.
– Түсте 14.00 шамасында бір таныс досы отбасы, бала-шағасымен жүргенін айтып хабарласқан соң, алаң жақты көріп-қайтайын деп кеткен. Бейбіт жиын, жай барып келемін деді. Шығарда айтқан соңғы сөзі «жаным, мен қарусызбын, еш алаңдайтыны жоқ, ақымақ емеспін ғой» деген болатын. Хабар алып отырдым. Түс ауа күн суық болғандықтан, жолдасының әйелін үйіне қайтарып жібергенін жеткізді. Сағат 17.00-де телефонына қоңырау шалғанда тұтқаны БСНП-дан (қазақша: Қалалық жедел жәрдем ауруханасы / ҚЖЖА – ред.) бір медбике көтерді. Ол Әділетті отаға алып кіріп жатқанын айтты, – дейді аты-жөнін көрсетпеуді сұраған (Әділеттің) әйелі.
Марқұмның аяғы мен ішіне оқ тиген. Бірер сағаттың арасында болған жағдай. «Сол түні отадан қайта оянбай, 6 қаңтарға қараған түні қайтыс болған». Келесі күні туыстары ауруханадан мәйітін алып кеткен.
Жомарт ағасының қысқа уақытта оққа ұшуына байланысты оны алаңға жетпей, Төле би көшесінің бойында атылған болуы мүмкін деп болжайды.
Әділет жұмыс талғамаған, ол күзетте, құрылыста істеген, қолынан ұсталық келетін, дәнекерлеуші де болған. Әйелі пәтер жалдап тұратын отбасының арқасүйерінен айырылғанына әлі сене алмайды.
Алматы облысы Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылында қарт анасы бар. Алты перзентімен ерте жесір қалған Сәулеш Асылова үлкен ұлының бірі мезгілсіз опат болғанына қатты қынжылады.
Құқық қорғаушылар тізім жасап жатқанын естіп, жазықсыз өлтірілген бейбіт тұрғындардың қатарына тіркеткен. Жомарттың сөзінше, марқұм ағасы діни ағымға қатысы болмаған. «Ешкімнің ала жібін аттамайтын, салмақты, жан баласына еш жамандығы жоқ адам еді. Бейбіт тұрғын болғанына толық сенімдімін» деп сипаттайды. Ал келіншегі оның өте жақсы адам болғанын айта келе «нағыз патриот, өзінің есіміне сай адам. Өте мейрімді, ашық, ақкөңіл, өзінде болмаса да басқаларға жаны ашитын, қолы ашық еді. Үнемі классика үлгісінде киінетін. Өте таза жан еді, артық сөйлемейтін» деп еске алады. Жұбайының айтуынша, Әділет тірі күнінде үй салуды мақсат етіп, анасын қажылыққа апарғысы келген.
Әзірге жай-жапсары белгісіз оқ ату фактісі бойынша қалалық Полиция департаменті іс қозғады. Әділеттің туыстары істің әділ тергелуін және бүлікші мен арандатушылардың есебін толықтыру үшін бұрмаланбауын талап етеді.
Соңғы жексенбіде марқұмның рухына арнап қырқы асы өткен.
Республикада, соның ішінде ең ірі ошағы ретінде Алматы қаласында болған қаңтар оқиғасында жүздеген адам атылған оқтан, граната жарғақшағынан түрлі деңгейде жараланып, бірнеше жүзі қаза тапқан. Билік марқұмдардың тізімін әлі күнге дейін жарияламады. Президент Тоқаев 13 қаңтарда жазықсыз оққа ұшқан бейбіт азаматтардың отбасына мемлекет тарапынан өтемақы берілетінін мәлімдеген. Қазақстанның жаңа тарихындағы ең қанды оқиға – қаңтар трагедиясының ресми түсіндірмесі халықаралық сарапшылар мен қоғам тарапынан күмән тудырып отыр.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық