4 қызына есірткі беріп, азаптаған Сауд Арабиясы патшасының сұмдықтары

Сауд Арабиясы — мұсылман елдерінің ішінде әйел құқығын таптаудан дес бермейтін елдердің бірі саналып келді. Алайда билікке Абдулла патша келгеннен кейін сәл өзгеріс болып, әйелдер жоғары білім алып, көшеде ер адам ертпей-ақ жүре алатын құқыққа ие болған еді. Бірақ осынау либералды көзқарасты жақтайтын адамдай көрінген патшаның өз қыздарына істеген жаға ұстатарлық сұмдықтарын жақында АҚШ тілшілеріне көп жылдар бойы патша әулетіне қызмет еткен дәрігер Дуайт Бердик баяндап берді.
Қадірлі оқырман, Orda.kz оның әңгімесін ықшамдап, назарларыңызға ұсынады.
83 жастағы дәрігер Дуайт Бердиктің айтуынша, ең либералды көзқарастағы патша жылдар бойы қыздарына есірткі беріп, «алтын торда ұстап» азаптаған. Қыздардың көрген азабы жайлы, біреуінің жан тәсілім еткені жайлы бұрын тек қаңқу сөздер тараған еді. Енді сол сұмдықтардың сыры ашылды. Өзінің қызметтік жазбаларында Бердик ханшайымдардың азықсыз, сусыз қалған кездері жайлы да жазды.
Бердик патша отбасында көп жылдар бойы жұмыс істеген, 2021 жылы ханшайым Халаның қайтыс болғаны туралы естіп, осы сұмдық оқиғаны жариялауға шешім қабылдайды. Оның пікірінше, Халаның өлімі аштық пен есірткіге тәуелділіктен болды. Оның әпкесі Маха да алты айдан кейін қайтыс болды.
Абдулла патшаның жеке дәрігері болу
1995 жылы Бердик Техас штатының Макаллен қаласында жедел жәрдем дәрігері болып жұмыс істеді. Ол 50 жаста болды және бірнеше жылдар қала ауруханасында дәрігер болып жұмыс істегеннен кейін бұл жерден әбден мезі болған еді. Бердик бірсарынды жұмыстан және үнемі келіп түсетін маскүнемдерден, үйсіздерден және нашақорлардан шаршады.
Осылай жұмысын ауыстыру туралы ойланып жүргенде, ол медициналық журналдан бос орын туралы хабарландыруды байқайды. Тәжірибелі дәрігерлерді Сауд Арабиясына — Эр-Риядтағы король Фейсал атындағы мамандандырылған аурухана және зерттеу орталығына жас мамандарды оқытуға шақыру жарияланды. Ол жерде патшаның отбасы мүшелерін емдейді. Мұндай өмірін аяқ-асты өзгертетін ұсыныс Бердикті қызықтырып әкетті.
Оны бір айлық сынақ мерзіміне шақырды. Бердик оны сәтті өткізді. Ол жұмысқа кіріскен уақыттан көп ұзамай патша Фахд инсульт алды. Ал оның орнын тақ мұрагері Абдулла келді. Сол кезде Абдулла шамамен 70 жаста еді. Патша темекіқұмар болатын және оның жүрегі бір рет инфаркт алған еді. Ал Бердик сол кездегі елдегі ең тәжірибелі парамедиктердің бірі саналды. Оны шұғыл түрде сарайға ауыстырып, тақ мұрагері үшін тәулік бойы медициналық көмек ұйымдастыруды тапсырды.
Бердик Сауд Арабиясы мен Мароккодағы Абдулланың сарайлары мен виллаларын, сондай-ақ оның көп әйелдерінің резиденцияларын, корольдік яхталарды және жеке ұшағын көрді. Ол төтенше жағдай туындаған кезде патшаға он бес секунд ішінде жедел көмек көрсетуге мүмкіндік беретін жағдай жасауы тиіс еді. Америкалық дәрігер фельдшерлерден, медбикелерден, дәрігерлерден, техникалық мамандардан және жүргізушілерден тұратын толық құрам жинады. Абдуллаға кем дегенде бір медицина қызметкерін үнемі ертіп жүруі керектігін тапсырды.
Патшаның негізгі резиденциялары шағын жансақтау бөлімшелеріндей жабдықталды. Сондай-ақ Бердик төрт реанимобильге тапсырыс берді. Көліктерге жолдарда да, кедір-бұдырлы жерлерде де жоғары жылдамдықпен қозғалуға мүмкіндік беретін жарыс қозғалтқыштары орнатылды.
Дәрігерге Сауд Арабиясы несімен ұнады?
Бұл елде ол қаржыдан қысылмады. Арабтар тек жабдық сатып алу, қызметкерлерді жалдау және жабдықтау тұрғысынан ғана жомарттық танытпай, өз жұмысын адал атқаратын адамдарға да аса жомарттық көрсетті. Бұған дейін өз қызметі АҚШ-та жылдар бойы бітпейтін күрес болып көрінген Бердик шығыстағы бұл адалдық пен жомарттықты көріп, ерекше әсер алды.
Жаңа жұмыс берушілердің көзқарасы америкалық дәрігерді әлі көшіп келмей жатып-ақ баурап алды. Бар рәсімдер аяқталған соң, көшіп келу үшін Бердик пен оның әйелі Сьюзаннан жоспарлы медициналық тексеруден өтуді сұралды. Талдау нәтижелері көңіл көншітпеді. Сьюзанға жатыр мойнының қатерлі ісігі диагнозы қойылды.
Бердик енді қызметінен айырыламын деп алаңдады. Бірақ керісінше, арабиялық шенеуніктер Сьюзанды Эр-Риядқа жеткізіп, оны король ауруханасына жатқызды. Ал ота жасау үшін атақты дат хирургі шақырылды. Мәселе бірден шешілді. Әйелі сауығып шықты, ал жаңа жұмысын сол күйі істей берді.
«Бұл ерекше қамқорлық еді. Мен өзімді оларға қарыздар сезіндім», — дейді Дуайт Бердик.
Алдымен Бердиктерге Эр-Риядтың бір зәулім үйінен пәтер берілді. Бірақ көп ұзамай оларды қаланың ең беделді аудандарының біріне көшірді. Тәулік бойы күзетілетін Al Yamama кешені пальмалармен, бассейндермен, джакузилермен және теннис корттарымен жабдықталған нақ оазиске ұқсайды. Жұбайлар бақпен қоршалған кең виллада тұрды. Олардың үй қызметшісі және толық жайлылықты қамтамасыз ететін басқа да қызметкерлері болды.
Жаңа көршілері қоғамның беделді өкілдері еді. Бердиктер ортасы Таяу Шығыстың интеллектуалды, білімді және мәдениеті жоғары адамдарына толды. Сьюзан король отбасына йога жаттықтырушысы ретінде сабақ бере бастады.
Көп ұзамай Бердиктер мешітке бара бастады. Ақыры ерлі-зайыптылар ислам дінін қабылдады. Мормондық отбасында өскен Сьюзан хиджаб киіп, ал Бердик намаз оқи бастады. Бұл шешім оған Абдулламен бірге Мекке мен Мединаға сапар жасауға мүмкіндік берді. Көп ұзамай ол сарайда басқа сенімді адамдармен бірге тұрақты түрде түскі ас іше бастады. 2005 жылы патша Фахд қайтыс болып, Абдулла таққа отырған кезде, Бердик оның ең сенімді серіктерінің біріне айналды.
«Маған оның жеке бөлмелеріне кіріп, еркін жүруге рұқсат етілді. Мен ол жерде мемлекеттік қонақасыларға жиі қатыстым. Оның жеке ұшағымен әлемді араладым», — деді Дуайт Бердик.
Абдулла Бердиктің көзіне мейірімді басшы ретінде көрінді. Өз сөзінде оны «нағыз көзі ашық, халықаралық көзқарасқа ие жақсы адам» деп сипаттады. Кейде қарапайым халық патшаға өтінішпен немесе шағымдарымен қабылдауына келетін. Бір күні жас әйел Абдуллаға инженер болғысы келетінін айтты. Бірақ корольдіктегі ешбір университет қыздарды қабылдамайтын. Біраз уақыттан кейін Эр-Риядта Король Абдулла ғылым және технологиялар университетін ашты. Бұл Сауд Арабиясында жастар мен қыздардың бірге оқи алатын алғашқы оқу орны болды.
Тұтқындағы ханшайымдар және дәрігер олар жайлы қайдан білді?
Абдулла тек Бердик үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл батыс әлемі үшін көзқарасы ілгерілеген және либералды шығыс жетекшісі болып таныла бастады. 2007 жылы ол Рим Папасымен кездескен Сауд Арабиясының бірінші королі болды. Абдулла кезеңінде әйелдер қоғамдық өмірге белсенді түрде қатыса бастады. Әйел адам алғаш рет вице-министр лауазымына тағайындалды.
Тіпті Абдулланы қатал, қараңғы көзқараста деп санауға еш себеп жоқтай көрінді. Бердик Абдулланың бірнеше рет үйленіп, ажырасқанын білді. Оның шамамен 30 әйелі болды. Бірақ онымен бірге төрт әйел ғана бірге тұрды. Жалпы әйелдерінен 15 ұлы мен 20 қызы бар.

2000 жылдардың ортасында 70 жастағы Бердик жасына байланысты Абдулланың жеке дәрігері қызметінен кетті. Ол консультант дәрігер болып, корольдің туыстарына көмек көрсету үшін ел ішінде жиі сапар шекті. Бұл жұмыста ол Қызыл теңіз жағалауындағы үлкен сарайдағы корольдік клиникада жұмыс істеу үшін Джиддаға үнемі ұшып барып тұрды.
Дәл сол жерде Бердик алғаш рет корольдің төрт қызының қамалғаны туралы білді. 2008 жылы оны ханшайым Халаға тыныштандыратын екпе егуге шақырды. Оларлың сөзінше ханшайым асүй пышағымен өзіне және сіңлілеріне қауіп төндіріпті-мыс. Бердик «алтынмен қоршалған» сәнді виллаға барды. Ол күзетшіге араласпа деп, ғимаратқа кірді. Іште итальяндық поп-музыка қатты қосылып тұрды.
«Баспалдақтың жоғарғы жағынан қолында үлкен ас үй пышағы бар жас әйелді көрдім», — дейді Дуайт Бердик.
Оның айтуынша, ханшайым ұзын бойлы, қысқа, қара шашты еді. Кең футболка мен спорт шалбарын киіп алған. Ол кезде шамамен 30 жаста. Бердик жақындаған кезде жас әйел жақындамауын талап етіп:
«Мен корольдің қызымын, ал сен — ешкім емесссің», — депті.
Ол жақындамауға уәде берген соң ғана әйел тынышталып, пышақты қойды.
Ол Бердикке өзінің және сіңлілері — Маха, Сахар және Джавахердің виллада қамауда екенін айтты. Олар бірнеше жыл бұрын аналары күйеуінен қашып, Лондонға кеткеннен бері сол жерде тұрып жатқан. Бердик көмек көрсетуге дайын екенін айтып, ханшайым оған келісім берді.
Сол күні ол ханшайымға ешқандай дәрі-дәрмек бермеді. Айтатын нәрсе өте көп болған.
Дәрігер ханшайымдарға қалай көмектеспек болды?
Король клиникасына оралғаннан кейін Бердик ханшайымдардың медициналық карталарын қарап, жағасын ұстады. Сөйтсе қыздарға тұрақты түрде күшті транквилизаторлар қоспасын беріп тұрған екен. Онымен қоймай, енді ол жақын арада өзі де осы препараттарға рецепт жазуға мәжбүр болатынын білді.
Ол бас тартса, орнына басқа біреуді алатыны анық. Ал көп жылдар бойы қолданған препараттар үзіліп қалса, қыздардың жағдайы одан әрі нашарлап кетеді.
«Мен өзімді от пен судың ортасынде тұрғандай сезіндім. Қыздардың қиын жағдайы туралы толығырақ білу үшін, уақыт ұту мақсатында кәсіби этиканы кейінге қалдырдым», — дейі Дуайт Бердик.
Жеті жылдан астам Бердик ханшайымдарға рецепті транквилизатор салатын жауапты дәрігерлердің командасының сенімді мүшесі болды. Ханшайымдардың кокаин, амфетаминдер мен алкогольге қолы шектеусіз жетті. Бұл олардың денсаулығына одан әрі қауіп төндірді. Осы жағдайда Бердик ханшайым Халаның сенімді адамына айналды, оның және сіңлілерінің бостандығын қамтамасыз ету жолында жұмыс істеді.
Қыздар толықтай оқшауланған жоқ. Кейде корольдік күзетпен бірге дүкенге шығуға рұқсат алды. Олар мобильді телефон, электронды пошта және Skype арқылы анасымен және шағын қолдаушылар тобымен ара-тұра сөйлесіп тұрды. Бердик те оларды үнемі көріп тұрды.
Бастапқыда ол төртеуін де бақылады. Алайда, қыздар жиі ұрысып қалатын. Бір кездері Маха шу шығарған соң, Хала екеуін басқа жаққа көшірді. Ал Сахар мен Джавахер бірге тұрды. Бірақ қыздардың денсаулығы туралы ақпарат беруден бас тартқаннан кейін, олармен қарым-қатынасы үзіліп қалды.

Дегенмен дәрігер Хала ханшайыммен араласып тұрды. Қыздың таланты мен ақылдылығы оны таң қалдырды. Ол тіпті Халаны босату жоспарын құрған еді. Хала Италияда тұруды армандап, клиникалық психолог болуды қалағанын білген соң, оған бұл туралы әкесімен сөйлесуді ұсынды.
Халаның үміті оянып, Бердиктің көмегімен алкоголь мен есірткіге тәуелділіктен біртіндеп арылуға кірісті. Оның жағдайы тұрақтала бастаған соң, әкесінен бір кешкі ас ішуге рұқсат алды. Сол кезде ол Абдуллаға өзінің амбициялары мен жоспарлары туралы айтып берді.
Алайда, король Халаға алдымен тұрмысқа шығу керек екенін айтты. Бірақ Хала әкесінің еркіне көнбеді. Одан кейін ол корольдік қабылдаулардан қайтадан шеттетілді. Сол кешкі астан кейін қайтадан алкоголь мен есірткіге бой алдырды.
«Ол былай деді: «Сауд Арабиясынан саған жақсы мұсылман күйеу тауып, сені күйеуге береміз, сосын шектеулерді жою туралы сөйлесеміз». Менің Сауд Арабиясы аумағында күйеуім болмайды. Маған мұсылман күйеу де керек емес. Мен бұған келіспеймін», — деген Хала ханшайым (Дуайт Бердиктің естеліктеріндегі жазбалардан).
Қыздарының бостандығы үшін күрескен ана
Хала мен оның әпкелері — Алануд Аль-Файездің қыздары. Ол Иордания королі әулетінің мүшесі. 50-ге таяған Абдулла оны бес жасында әйелдікке алды. Бір кездері ханшайымдар біраз еркіндікте болып, қымбат мектептерде оқып, анасының жанында саяхат жасаған.
«Хала ханшайым яхталармен жүзді, шаңғы теуіп, жеке ұшақпен ұшты, Мишлен жұлдыздарымен марапатталған мейрамханаларда тамақтанды. Сондай-ақ, сарайлар мен бес жұлдызды қонақ үйлерде ұйықтады», — дейді Дуайт Бердик.
Алайда бұл ұзаққа созылмады. Абдулла патша Аль-Файезден бас тартқанда оны ұл тууға қабілетсіз деп айыптады. Аль-Файез БҰҰ-ға берген мәлімдемесінде 2003 жылы Лондонға қашқанын, сонда ересек қыздары келеді деп үміттенгенін айтты. Алайда бұл арманы орындалмады.
Король мен төрт ханшайым арасындағы қарым-қатынас олардың анасы қашпас бұрын-ақ шиеленісе түскен еді. Сахар бір құқық қорғаушыға жазған хатында, бір күні өзі мен әпкелері әлеуметтік қызметкерлер ретінде Эр-Риядтың кедей аудандарына барғандарын және сол жерде тұратын адамдардың «кедейлік пен бақытсыздыққа» толы өмірінен шошып кеткендерін айтты.
Олар әкелеріне бәрін айтып береді. Алайда патша оларды өтірік айтты деп айыптады. Ол «Патшалықта кедейлер жоқ» деп жауап берген. Бұдан кейін Хала корольді одан сайын ашуландырды. Ол ауруханалардың бірінде адам құқықтарының бұзылғаны туралы айтып берді. Осы оқиға үшін оны аз уақытқа түрмеге де қамады.

Ханшайымдардың тұтқынға алынғаны 2014 жылы көпшілікке белгілі болды. Олардан екеуі журналистермен байланыс орнатып, аз-маз сұхбат берді. Алайда бұл үшін Сахар мен Джавахед өз әрекеттерінің салдарын тартты. Осы үшін қыздарды аштан қатырып, виллаға егеуқұйрықтар мен жәндіктер жіберді және суды тоқтатты.
Осы кезеңде Бердик, қызметтік жағдайын пайдаланып, Халаға корольдік қабылдаулардан қалған тамақты алып келді. Хала азықты себетке салып, виллалар арасындағы қабырғаға шығып, аштықтан зардап шегіп отырған сіңлілеріне берді. Қыздар теңіз суын өздері жасаған құрылғы арқылы тұщыландырып, балық аулады.
Олардың анасы Лондонда қашып өмір сүріп, БҰҰ-ны осы іске араласуға шақырды. Ол қыздарын есірткімен улап жатқанын мәлімдеді. Мамыр айында тағы бір мәлімдемеден кейін БҰҰ өкілдері қыздардың тағдырына қатысты алаңдаушылық білдірген хат жолдады. Бірақ жауап болған жоқ. Аль-Файез Арабия елшілігі алдында наразылық білдіріп, қолынан келгенін жасады, бірақ қыздарына көмек көрсете алмады.
Ол 2015 жылы қыздардың тағдырына назар аудартуға тырысуды тоқтатты. Абдулланың өлімінен кейін ол барлық әлеуметтік желілерін өшіріп, БАҚ-қа сұхбат беруді доғарды. Аль-Файез қыздардың әкесі өмірден кеткен соң олардың өмірінің еш құны болмайтынын ұқты. Ал қоғамдық дау олардың жағдайының одан әрі нашарлауына немесе тіпті өліміне алып келе ме деп қорықты.
Бердик АҚШ-қа кеткен соң...
Бердик Абдулланың өлімінен бұрын АҚШ-қа қайтып оралуға шешім қабылдады. Өзі де әбден қартайды. Әрі ханшайымдарға ешқандай көмек көрсете алмайтыны анық еді. Оның айтуынша, соңғы сапарларында Хала мен Маха есірткі трансында болды. Олар тек музыка тыңдап, ішіп отырды. Тамақ жеуді тоқтатты. Қыздардың өмір сүруге деген құштарлығының жоғалғаны сезілді.
Соңғы жолыққанда Хала Бердикті әкесінің сыйға берген Бентли кабриолетінде серуендетті. Екеуі көлікпен вилла маңын айналып жүрді. Хала рөлде қолына виски бөтелкесін ұстап отырды.
2015 жылдан кейін қыздар сыртқы әлемнен мүлде хабарсыз қалды. Олардың достары мен құқық қорғаушылар да қыздардан еш хабар ала алмады. Арабия үкіметі қыздардың тағдыры туралы бірнеше рет сұрау жасағандарға жауап беруден бас тартты. Бердиктің ақпаратына қарасақ, король Салманның әкімшілігі ханшайымдарға қатыгездік танытты. Төрт қызға тамақ пен су бермеді.
Қазір Бердик 83 жаста. Ол Халаның 2021 жылы қайтыс болғанын білген соң, осы оқиғаны жария етуге шешім қабылдады. Халаның жасы шамамен қырықта еді. Оның пікірінше, өлім себебі — азап шегу, есірткіні асыра пайдалану. Оның әпкесі Маха алты айдан кейін қайтыс болды.
Бердик Арабияның патша әулеті туралы артық әңгіме айту қауіпті екенін жақсы біледі. Дегенмен соған қарамай қыздардың оқиғасын журналистерге айтуды жөн көрді.
«Мен қартайдым. Ендігі жасымда ажалымды еш бүкпесіз, тоқ көңілмен қарсы алғым келеді», — деді Дуайт Бердик.
Бердиктің әйелінің сөзіне қарасақ, ол Халаға қызы ретінде қараған. Көмектесе алмағаны үшін әлі күнге дейін өзін кінәлайды. Сонымен қатар, америкалық дәрігер Абдулланың екі беткей болмысын әлі күнге ұға алмай келеді.
«Міне, мен шексіз құрметтейтін адам, ол халықаралық әлемде жақсылықтың белгісі болып, Таяу Шығыста әйел құқықтарын қорғаумен айналысты. Оның бұл бейнесі төрт қызының 15 жыл бойы қамауда ұстап, азаптаған адаммен қалай үйлеседі?», — деді Дуайт Бердик.
Жаңалықтар
- Шерзат ісі: Шекеевтің көмекшісіне сот залында қолмен қорқытатын «ишара» көрсеткен қай сотталушы?
- Мен Нұрғанатты ұрдым, ал Абзал оны пышақтады: Шерзат сотында бес күдіктіден жауап алынды
- Нұрғанатқа пышақты Абзал салды, басқа кім? – Равиль Сакиев
- «Тыныш жүр дедік қой»: Шымкенттегі тәуелсіз журналист тағы қысым жасап жатқанын айтты
- Дариға Назарбаеваның күйеуі Қаңтар оқиғасынан кейін QazaqGaz-дан қалай ақша алды?
- «Кешіріп үлгерді»: Петропавлда соғыс ардагері қайғылы оқиғадан кейін көз жұмды
- Шерзат соты: Қаржаубайдың адвокатына шұғыл жедел жәрдем шақырылды
- «Нұрғанатты ұрайын деп бардым, бәкі салып алдым»: Шерзаттың сотында Шыңғыс Белғожаев жауап берді
- Ресейде қазақстандық студент террорист деген күдікпен қамауға алынды
- Сөгіс естіген көлік министрлігі ішкі тексеріс жұмыстарын жүргізеді
- Белгілі спортшының отбасында құлдықта болған Мұқанның ісі бойынша тың дерек шықты
- «Нұрғанат мылтықты оқтап жатты»: Калашников мылтығы мен «Хутор» жазбасы кімге тиесілі?
- «Абзал пышақтан қанды сүрткенін көрдім»: Шерзаттың ісіндегі күдіктіні Қаржаубайдың кешірімі құтқара ма?
- Мәйіт таситын көлік және желіні өшіргіштер: Алматыдағы Назарбаевтар резиденциясы мен «Кеңсай» зиратында не болып жатыр?
- Полиция бөлімі бастығының орынбасары парамен ұсталды
- Қазақстанда Байқоңыр ғарыш айлағының құрылғылары мен кейбір ғимараттары сатылады
- Қызғалдақпен суретке түскен әкімнің ісі уақытша тоқтады
- «Жол жоқ – салық жоқ»: 4 әкім 12 жыл бойы 15 млрд шығынмен Алматының бір жолайрығын қалай салып жатыр?
- Шерзат ісі: Азамат Тоқтаубаевтың бір емес, төрт рет істі болғаны анықталды
- Шымкентте алаяққа алданған оқушы Free Fire аккаунты үшін 2 млн ақшадан айырылды