30 заңсыз нысан: «Жібек Жолы» автобазарының тағдыры не болмақ?
Коллаж: Orda.kz
Алматыдағы «Жібек Жолы» автобазарының аумағындағы заңсыз құрылыстар сүріледі. Ал сатушылар мен көлік жөндейтін автосервис иелері бұған не дейді? Базарда қанша нысан заңсыз тұр? Әкімшілік пен базар басшылығы қандай келісімге келді? Orda.kz тілшісі «Жібек Жолы» автобазарына барып, сатушылар мен көлік жөндеуші жұмыскерлердің ойын біліп базар басшылығымен тілдесіп көрді.
«Жібек Жолы» автобазары көліктің қосалқы бөлшектерін сату және автокөлікке қызмет көрсетуге бағытталған сауда орны. Бұл базарда шамамен 2 000 жуық сауда орны жұмыс істейді. Бұл базарға кірсеңіз автобөлшектер мен көлік жөндейтін орындар қабаттасып жатыр.
Кәсіпкерлердің айтуынша, нарықтың орналасқан жері ыңғайлы, жалдау ақысы да қолжетімді. Бұлардың көбі осы базарда сауда жасау үшін несие алғандар.
«Жібек Жолы» автобазарын жақын уақытта толықтай заманауи сауда форматына көшіру жоспарланып отыр. Ал оның аумағындағы заңсыз нысандарды сүріп тастамақ. Бұл металл құрылымдардан тұрғызылған сауда павильондары рұқсатсыз және қала құрылыс нормаларына сай салынбаған екен.
Бұған дейін бұл заңсыз салынған сауда орындарын сот шешімімен бұзуға келгенін жазған едік.
«Құрылыс кезінде заңбұзушылықтар болған. Құрылыс-жобалау сметалық құжаттамасынсыз, урбанистика басқармасынан алынған эскиздік жоба келісімінсіз салынған. Алдымен құрылысшы бастапқы рұқсат құжаттарын алуы керек. Жоспарлау тапсырмасының актісі, эскиздік жобаға келісім, сараптамадан өту т.б. Одан кейін қала құрылысы бақылау басқармасын хабардар етуі тиіс. «Жібек Жолы» автонарығын жақын уақытта заманауи сауда форматына толық көшіру жоспарланып жатыр», — деп түсіндірді Алатау және Бостандық аудандары бойынша қала құрылысы бақылау бөлімінің басшысы Әлібек Төлбасиев..
Жалпы Алматы билігі мамандандырылған «Жібек Жолы» автобазарынан 30-ға жуық заңсыз сауда нысанын бұзуды жоспарлап отыр. Қала құрылысы бақылау басқармасының мәліметіне сәйкес, павильондар рұқсат құжаттарынсыз салынған. Бұзу сот шешімімен жүргізілмек.
Ал бұған базар басшылығы сот шешіміне қатысты апелляциялық шағым беретінін айтқан еді. Сонымен қатар, автобазар иесі кәсіпкерлерді бизнесінің жабылатыны туралы алдын ала хабардар етпеген. Белгілі болғандай, кәсіпкерлерден ақы алып келген автобазар иесінің өзінде де рұқсат беретін құжаттар болмағаны жазылған еді.
«Сот маған дейін өтті. Біз шешімге қарсы шағымданғымыз келеді. Бәрін заңдастыруға және ретке келтіруге тырысамыз. Қазір сөйлесіп жатырмыз, модернизация жасаймыз. Осыған байланысты жаңа буындағы қызмет көрсету орындарын салғымыз келеді. Орын береміз. Нарықта уақытша сауда орындарын табамыз», — деген еді нарық директоры Азамат Құлмаханбет.
Айта кетейік, сол кезде құқық қорғау органдары жалға алушыларға орындарын босатуға 11 тамызға дейін мерзім берген.
Қазіргі уақытта, автобазарда жағдай қандай екенін білу үшін Orda.kz тілшісі барып қайтты. Базарға кіреберіс жерден бастап анық байқалғаны автобөлшектер мен көлік жөндейтін автоқызметтер бөлек-бөлек емес, ыбырсып, қабаттасып тұр. Бұл базар ішінде емін-еркін жүруге кедергі жасайтыны байқалады. Ал көлік жөндейтін қызметтер металл құрылымдардан жасалған.




Фото: Orda.kz
Кәсіпкерлерден нақты неліктен көшірмек болып жатқанын сұрағанымызда, көбі бізге әкімшіліктен келгендер базардың кейбір аймақтарында қызыл сызық бар екенін айтты. Яғни, бұл қалада немесе жер учаскесінде үй немесе басқа ғимарат салуға болмайтын белгіленген шекара. Мысалы, жолдың қасында немесе кейбір арнайы аймақтарда құрылысқа тыйым салынған сызықтар. «Жібек Жолы» автобазарының кәсіпкерлерінен нақты базардың қай тұсы деп сұрағанымызда олар базардың артқы жағы, яғни, көлік жөндейтін автоқызметтер орналасқан аймақты көрсетті. Ал ол жақтағы сатушылар базардың бастапқы жағын айтты. Қарап отырсақ, базардағы жұмыскерлер де нақты не үшін базарды бұзбақ болып жатқанынан толықтай хабарлары жоқ болып шықты. Сондай-ақ олардың айтуынша, бұл базар қала ішінде орналасқан соң қаланың көркін бұзады. Сондықтан әкімшлік автонарықты қаланың сырт жағына көшірмек екен. Оған қоса базар орнынан жол салынуы да мүмкін екенін айтты. Жалпы бұл базар жабылады деген сыбыстың шыққанына 10 жыл болған.
Автонарықта көлік жөндейтін қызмет иелері жұмыс орындарында жоқ. Олар жалға алып ақысын төлеп, ол орынға көлік жөндейтін бірнеше жұмысшы алып қойып кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Сондықтан жұмыс беруші иелері жоқ болғандықтан көлік жөндейтін жігіттер әңгімеге құлық танытпады. Тек айтқандары бізге базарға реконструкция жасаймыз деді деп қысқа жауап қайтарды.
«Бізді кез-келген уақытта келіп орнымызды қирата алмайды. Біздің қолымызда бір жылдық алдын ала келісімшарт бар. Менің осында отырғаныма 10 жыл болды. Негізі кеше нақты қайдан екенін білмеймін. Әкімшіліктен болуы керек осында базар басшылығымен осы тұсты аралап қарап жүрген. Дәл қазір бізге келіп: «орындарыңызды босатыңдар» деп ешкім айтып жатқан жоқ. Тағы айтарым осыдан 3 жыл бұрын осы базардың артқы жағын бұзған. Сол кезде қызыл сызық бар екені анықталған. Бірақ базар басшылығы ол кезде қалай келісіп, құрылысты тоқтатқанын білмейміз. Бізге базардың басшылығы «өзіміз шешеміз» дегендей қылды. Оны қалай шешеді? Біз білмейміз», — деді аты-жөнін айтқысы келмеген сатушы.
Қысқасы, сатушылармен сөйлесе келе түсінгеніміз — «Жібек Жолы» автобазарын бұзу туралы әңгіме соңғы 5-6 жылдан бері айтылып жүрген сөз. Өткендегі сатушылардың көтерген шуынан кейін басшылық сіздерге тікелей мәселені қалай шешпек болып жатқандарын сұрадық. Көбі: «бізге келіп, ешкім жауап айтпады, біз өзіміз де толығымен білмейміз, әзірге жұмысымызды істғп жатырмыз», — деп жауап қайтарды.
Әділет департаментінің ресми өкілі Шынар Әбзелбектің айтуынша, әзірге «Жібек Жолы» автобазары саудагерлерін көшіру жоспарда жоқ, олар өз еркімен кететін уақытын күтіп отыр.
Orda.kz тілшісі «Жібек Жолы» автобазарының басшылығы отыратын ғимаратқа бір емес екі рет кіріп шықты. Күзетші ғимаратта базар басшылығынан ешкім жоқ екенін олардың әкімшілікке жиналысқа кеткенін айтты. Жағдайды анықтамақ болып басшылықтың байланыс нөмірін сұрағанымызда беруден бас тартты.
Енді базар басшылығы сүрілетін орынды, жалпы әкімдіктің шешімін қабылдай ма? Әлде қандай да бір жолын тауып әрекет ете ме? Ол қаншалықты заңды болады? Ол жағы уақыт еншісінде.
Жаңалықтар
- Астанада іске қосылардан бұрын LRT жүйесінің қалай жұмыс істейтіні таныстырылды
- Қордайда полиция қызметкерлерін қорлаған адамға айыппұл салынды
- Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов қазақстандықтарға мәлімдеме арнады
- Каспий таязданды, итбалықтар қырылды. Себебі неде?
- Алматы хантавирус жұқтырудың ықтимал жағдайларына дайын — СЭБД
- «Қазмырыш» зауытындағы жарылыстан зардап шеккен адам ауруханада қайтыс болды
- Елдегі экономикалық қылмыс жасағандар «масқара тақтасына» ілінеді
- Құлауға шақ қалған мұнара: Самарқандтағы Ұлықбек медресесін қазақтар бұзған ба?
- НАТО-ның экс-бас хатшысы АҚШ-сыз жаңа демократиялық одақ құруға шақырды
- Шамалғандағы мектепте жасөспірім мұғалімді ұрып тастады
- Шымкентте колонияда жатып бюджеттен 1,3 миллиард қаражат жымқырған әйел әшкере болды
- 2027 жылы Астанада үстел теннисінен Әлем чемпионаты өтеді
- Ким Чен Ын өзі қайтыс болған жағдайда ядролық соққы жасауды заңдастырды
- Көкшетауда көлікпен әйелді жаншып өткен оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғалды
- Алматыда бір тәулік ішінде рекордтық жауын жауды
- Тоқаев: Ядролық қарусыздану мен жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауда күш біріктіру маңызды
- ҚР СІМ: Түркияда қазақ тапқан велосипедші Қырғызстан азаматы
- Нетаньяху Ормуз бұғазы жағдайын дұрыс бағаламағандарын мойындады
- Францияда хантавирус індетін жұқтырған алғашқы жағдай белгілі болды
- Түркияда велосипед мінген қазақстандықты такси қағып, қаза тапты