2022 жыл мемлекеттік тіл жылы болуы тиіс – депутат

cover Фото: akzhol.kz

«Ақ жол» фракциясы ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа Ұлт ұстазы, Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты депутаттық сауал жолдады. Депутаттық сауалды Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жария етті.

Сауалға сәйкес ұлт ұстазы атанған Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлын ұлықтау шаралары ұйымдастырылу керек.

– Келесі жылы Алаш көсемдерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ ғылымын академиялық жолмен ұйымдастырушы, ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясы шоғырын тәрбиелеуші аса ірі тұлға, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтеді. Осы мерейтойға байланысты үкімет комиссия құрып, жұмыс жоспарын жасады. Дегенмен, Ұлт ұстазын ұлықтау мақсатында жасалуы тиіс шаралар да жеткілікті. Әлихан, Ахмет, Міржақыптар бастаған Алаш арыстары Қазақ Елінің Тәуелсіздігі жолында өлшеусіз қайрат көрсетті және ұлт азаттығы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білді.

– Қазақ тіл ғылымының қазығын қағып, шаңырағын көтеріп, керегесін кеңейткен, бір өзі бір академияның жұмысын істеген, феномен дарынды Ахаң - Қазаққа құдай бере салған асыл қазына! Ахаңнын тойынан ешқайсымыз аянып қалмауымыз керек! Ұлттың Ұлы Ұстазы Ахаңның тойында шаппағанда, қайда шабамыз?!. Бұл біздің елдігімізді білдіретін ерекше той болуы тиіс! Қостанай облысы әкімдігі Жангелдин ауданы орталығынан 100 шақырымдай жердегі шамамен 100-дей отбасы тұратын Ахаң туған ауылға ғалымның атын бердік дейді. Ауыл түгілі облысқа берсе де лайықты болатын Ұлт ұстазының аты алыс шалғайдағы жолсыз ауылмен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Алашқа, яғни Қазаққа қарсы күрескен Жанкелдиндердің елді жаныштаған 70 жылдық заманы келмеске кетті! Алаш көсемі Ахаңдардың армандап, айқасқан Тәуелсіз Қазақ Елінің заманы келгеніне 30 жыл толды. Ендеше, Алаш көсемдері Ахмет пен Міржақыптың туған ауданының аты әлі күнге дейін қызыл большевик, кезінде ұлты мен дінін сатып, Николай Степнов болған Жангелдиннің атында болуы елге де, ерге де, ең алдымен әруаққа қиянат! Ауданның аты 150 жылдығын әлем атап өткелі отырған Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атында болуы керек! Бұл тарихи әділеттілік болар еді. Бұл туралы 2020 жылы Жанкелдин ауданының тұрғындары, Ахмет Байтұрсынұлы мен Ақкөл ауылдарының 292 адамы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа Ашық хат та жазған еді. Ол баспасөзде жарияланған. Бұл Саяси бағдарламасына декоммунизацияны басты бағдар етіп алған «Ақ жол» партиясының мақсатына да сай келеді, - делінген жолдауда.

Сондай-ақ, «Ақ жол» фракциясының мүшелері мынадай ұсыныстар жасады:

  • 1. Ахмет Байтұрсынұлының туған ауданы мен ауылын жандандыру үшін туған жерінде мемориалдық кешен салу керек.
  • 2. Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылына жол салынуы керек.
  • 3. Ахаңдай ұлы тұлғаны дүниеге сыйлаған Байтұрсын бабамыздың қараусыз қалған, аянышты күйдегі қабірі мен қорымын қолға алу керек.
  • 4. Қостанайдағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлы атын беру керек.
  • 5. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне ұлттық статус беріліп, штат саны шешіліп, мемлекет қамқорлығына алынуы керек.
  • 6. Осы музей-үй жанындағы жер теліміне алаш үйі ғимаратын салу, Алаш Арыстары мұрасын кешенді зерттеу орталығын ұйымдастыру;
  • 7. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы саябағына (1998 ж) тарихи тұлғаның еңселі ескерткішін қою;
  • 8. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына айрықша статус, қаржылық қолдау қажет.
  • 9. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғимаратының алдына ғалымның ескерткішін орнату.
  • 10. Келесі жыл – ЮНЕСКО бойынша Ахмет Байтұрсынұлы жылы болғандықтан, тіл атасы құрметіне елімізде келесі 2022 жыл - Мемлекеттік тіл жыл болуы тиіс.
  • 11. Астанамыз бен барлық облыс орталықтарында Ахаңның ескерткіші тұруы тиіс! Ресейде Орынборда, Анкарада, Ташкентте, Бакуде ескерткіштерін орнату керек.
  • 12. Еліміздің астанасында Ахаң атындағы көп салалы мәдени- танымдық орталық ашылуы тиіс.
  • 13. Ахаңның асыл мұраларын Түркі әлеміне насихаттау жұмысы жолға қойылуы керек.
  • 14. «Қазақ» газетінің 7 томдығын, «Айқап» журналының 5 томдығын, «Сарыарқа» газетінің 1 томдығын шығару керек.
  • 15. «Ағартушы» атты А. Байтұрсынұлы туралы монография мен ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбеттің "Ғасыр саңлағы" атты кітабы дайын кітабын қазақ, ағылшын, түрік, орыс тілінде шығару керек.
  • 16. Тіл білімі институты астындағы «Марка» гей-клубы, «Барвиха» түнгі клубтарын жабу керек.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар