«16 жасында елді дүр сілкіндірген ақын»: Мұхтар Шахановтың өмірі мен ұстанымы
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) Отырар ауданында дүниеге келген Мұхтар Шаханов – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, қоғам қайраткері және дипломат. Оның балалық шағы Төле би ауданындағы Қасқасу ауылында өтті. Болашақ ақын әкесі қаздырған жертөледе өсті. Сол жертөленің үстіндегі таудың баурайында тас орындыққа отырып, алғашқы өлеңдерін жазған. Orda.kz Мұхтар Шахановтың өмір жолына шолу жасап шықты.
Әкесі Қасқасу ауылында қари молда болған. Мұхтар тоғыз жасқа толғанда өмірден өтті. Анасы 13 құрсақ көтерген.
«Алғашқы өлеңімді бала кезімде жаздым. Кейін 16 жасымда республикалық газетке шықты. Сол кезде «16 жасар ақын шықты» деп жарияланды. Бүкіл Қазақстан шулады. Елдің түкпір-түкпірінен 400-ден аса хат келді. Екі адам іздеп келді, оның бірі – Шәмші Қалдаяқов, екіншісі – қазақтың дара тұлғалы ақыны Төлеген Айбергенов», – деп еске алған еді Мұхтар Шаханов.
Ақынның анасы Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергеновті өз ұлындай көріп, екеуі де оны туған анасындай құрметтеген. Мұхтар Шахановтың айтуынша, ол нағашы ағасы Ысқақтың тәрбиесін көрген.
«Ол кісінің күніне бір адамға жақсылық жаса деген қағидасын өміріме азық етіп алдым. Сондай-ақ өмірден өтерінде «араққа әуес болма» деген бір ауыз сөзін де ешқашан жерге тастаған емеспін», дейді ақын.
Жары Ханшайым Шаханованың айтуынша, ақынның анасы өте жомарт жан болған.
«Анамыз көңілі дархан кісі еді. Қолына ақша түссе, дүкеннен керегін алып келіп, бөлмесіне қоятын. Үйге келген адамдарға соның бәрін таратып, содан қуаныш табатын. Атамызды көрген жоқпын. Мұқаңның түр-тұлғасы сол кісіге ұқсайды деп ойлаймын. Енем үнемі іштей тілеуін тілеп отыратын», дейді ол.
Ақын мектепте бұзық балалардың бірі болғанын жасырмай айтқан.
«Өзен жағалап келе жаттым. Қасқасу тасып жатқан кез еді. Бір балықты толқын жағаға шығарып тастады. Ұстап алдым. Жанымдағы балалар қуырып жейміз деп қуанды. Білектей балық еді. Бірақ оған қарап, жаным ашып, қайтадан өзенге жібердім. Біраз жерге барған соң балық бұрылып қарап тұрды. Сол көріністі әлі ұмытқан жоқпын», дейді ол.
Еңбек жолы
Мұхтар Шаханов 1961–1965 жылдары Шымкент педагогикалық институтында білім алды.
Оқуды аяқтағаннан кейін:
- «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор болды;
- «Лениншіл жас» газетінің Оңтүстік өңірдегі меншікті тілшісі қызметін атқарды;
- Қазақстан теледидары, радиосы және редакцияларында еңбек етті.
- 1976 жылдан бастап Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы болды.
«Менің негізгі мамандығым – тракторшы. Материалдық байлықтың, спорттың, жеңіл әндердің бірінші қатарға шығуына байланысты шындық керек болмай қалды. Ақты ақ, қараны қара деп айту қиындады. Кім шындығын жоғалтса, сөзі басқа, ісі басқа болса, ұлттық мүддеге терең тамыр жібере алмаса – үлкен ақын, ғалым, саясаткер немесе жазушы болса да, оның құны көк тиын», деген еді ол бір сұхбатында.
1984 жылы «Жалын» альманағының, ал 1986 жылы «Жалын» журналының бас редакторы болды.
Желтоқсан, Наурыз және қоғамдық қызметі
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ халқына «ұлтшыл» деген айып таққан КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының қаулысына қарсы шыққан санаулы тұлғалардың бірі болды.
1988 жылы республикадағы тұңғыш экологиялық қозғалыс – Арал мен Балқаш мәселесі жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы болып сайланды. Сол жылы Кеңес дәуірінде 62 жыл бойы тыйым салынған Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруына бастамашы болды.
«1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Колбинге Наурыз мерекесіне қатысты хат жаздым. Бюро мүшелерінің ішінде мені екі-ақ адам қолдапты. Оның бірі – сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков», деген еді ақын.
- 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің, 1991 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
- 1992 жылы Олжас Сүлейменовпен бірге «Халық конгресі» партиясын құрды.
- 1993–2003 жылдары Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.
«Қырғыз еліндегі бірден-бір аға досым – Шыңғыс Айтматов. Екеуміз көптеген мәселенің басында бірге жүрдік, ақылдастық, сырластық.Бұл да екі парасатты адамның сана биігінде жолығуы», деген еді Мұхтар Шаханов.
- 2004–2007 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
- 2010 жылдан бастап «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық-демократиялық қозғалысының төрағасы әрі республикалық «Жалын» журналының бас редакторы қызметін атқарды.
Шығармашылығы
Мұхтар Шахановтың алғашқы өлеңі 1959 жылы жарық көрді. Ал алғашқы жыр жинағы – «Бақыт» 1966 жылы басылып шықты.
Кейін:
- «Балладалар» (1968),
- «Ай туып келеді» (1970),
- «Қырандар төбеге қонбайды» (1974),
- «Сенім патшалығы» (1976) кітаптары жарық көрді.
Халық қаһарманы Қасым Қайсенов:
«Мұхтар Шахановтың түйсігі – таза ақындық пайым-парасат пен ұлттық санаға терең тамыр жіберген, жалғандыққа жаны қас, шыншыл түйсік», деп баға берген.
- «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» драмалары Қазақстанда және шетел театрларында қойылды.
- Шыңғыс Айтматовпен бірге жазған «Құз басындағы аңшының зары» эссесі мен «Сократты еске алу түні» драмасы көптеген тілге аударылды.
- «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» драмасы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм түсірді.
- Ал «Өркениеттің адасуы» және «Жазагер жады космоформуласы» романдары ЮНЕСКО аясында талқыланып, халықаралық деңгейде қызу пікірталас туғызды.
«Өлең деген – ешкім айтпаған ойды айту. ЮНЕСКО менің жырларымды әлемдік поэзияның осы заманғы биігі деп таныды. «Өркениеттің адасуы» мен «Жазагер жады космоформуласы» романдарының әрқайсысында 20–30 романға татитын оқиға бар. Солардың ішінде ешкім айтпаған ойлар кездеседі. Сондықтан өлең жазу бір басқа, ұйқастыру бір басқа, ал нағыз ақын болу – мүлде бөлек. Кейінгі жастардың да сондай биікке көтерілуін қалаймын», деген еді Мұхтар Шаханов.
Соңғы сапар
Мұхтар Шаханов 2026 жылғы 19 сәуірде дүниеден өтті. 2026 жылғы 21 сәуірде Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында ақынмен қоштасу рәсімі өтті. Сол күні оның денесі туған ауылы – Жаңа Шілікке жеткізілді.
22 сәуірде Мұхтар Шаханов Арыстан баб кесенесінен шамамен 800 метр қашықтықтағы Қоғам ауылындағы зиратқа жерленді.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Данай Шайықов әлемдегі ең мықты кәсіби хоккей лигасының мүшесі болды
- Ерлан Қарин Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды
- «16 жасында елді дүр сілкіндірген ақын»: Мұхтар Шахановтың өмірі мен ұстанымы
- Құрылтай — жаңа формат: Президент Құрылтай сайлауы мен оның маңызына тоқталды
- Футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалындағы алғашқы жұп белгілі болды
- Тарихи өзгеріс: Қос палатаның соңғы отырысы
- Талғарда сегіз үйді өрт жалмап кетті
- 2026 жылғы 1 шілдеде бірден алты лауазымды тұлға тағайындалады
- «75 ісі»: Қамшыбек Тәшиевке тоғыз жыл түрме жазасы сұралды
- Мүфтият мәһрдің ең төменгі мөлшерін түсіндірді
- Елдегі жанармай талан-таражға түспейді: Ресеймен шекарада бақылау күшейтілді
- Түркістан облысында жол апатынан бір отбасының бес баласы қаза болды
- ӘЧ-2026: Роналду, Месси және Мбаппе — Forbes тізіміндегі бестіктің табысы қанша?
- Астанада полиция туралы ролик түсіріп, жариялаған блогер жазаланды
- Әкімшілік амнистия: 300 миллион теңгеге жуық айыппұл кешіріледі
- АҚШ елшілігі: Сұхбат қазақ тілінде өтіп, 10 жылдық виза беріледі
- Паттайяда туристің шабаданынан 17 жастағы қыздың мәйіті табылды
- Алтын іздегендер жер қопаруды қояр емес – ҚМА ауқымды арнайы операцияны көрсетті
- Бюджет тапшылығы: Қазақстан халықаралық банктерден жарты триллион теңгеге жуық қарыз алады
- 30 жыл бойы заң қабылдаған Сенаттың соңғы отырысы өтті