136 адамның мойнына 579 млн теңге несие қарызын ілген емші сот залынан босатылды
Фото: Orda.kz
30 жыл халық емшісі атанған Сұлушаш Қазбаева 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы жазаны 2 жылдан кейін өтейді. Сот оның 12 жастағы баласы барын ескерді.
Orda.kz тілшісі сот отырысына қатысып қайтты.
Ақтөбе қалалық соты Қазбаеваны Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі, 2-тармағы («ірі мөлшердегі алаяқтық») бойынша кінәлі деп таныды.
Бірақ сотталушы сот залынан бостандыққа шықты. Ол жазаны 2 жылдан кейін өтейтін болды.
«Кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі деп белгіленсін. Қылмыстық кодекстің 74 бабы 1-бөлігі негізінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындауы 2 жыл мерзімге кейінге қалдырылсын. Сұлушаш Қазбаеваға қатысты бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенше күзетпен ұстау шарасы ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық қолхатына өзгертіліп, сот залында босатылсын», — деді судья Тұрсынхан Салықов.
Сот материалдарына сүйенсек, Қазбаеваның қылмыстық әрекеті 2021 жылдан басталған. Ол өзін сотта Қазақстан және дүниежүзі емшілер қауымдастығының мүшесі, «шығыс медицинасының магистрі», «халықтың құрметті емшісі» ретінде таныстырды.
Емші сенімге кіріп, Құранмен ант етіп, түрлі уәделер арқылы адамдарға несие алғызған. Ақшаны «қайтыс болған інісіне мешіт салуға», «қызын Түркияға емге апаруға», «жеке клиника мен тойхана ашуға» жұмсайтынын айтып сендірген.
Кейбір жәбірленушілер 24 миллион теңгеден аса несие алғанын мәлімдеді. Әрқайсысы өзін емшінің жалғыз көмекшісімін деп ойлаған.
«Құдайдай сендік» деді сотта көзіне жас алған жәбірленушілер.
Сот отырысында жәбірленушілердің көбі зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар екені белгілі болды.
«Мына адамның кесірінен бәріміз қаңғырып кеттік, ауруға ұшырадық. Жүзден аса адамды алдау не деген сұмдық?! Құдайдай сендік. Осыған келіп босанған апам әлі күнге дейін «оған ауыр сөйлемеші, балаға зияны тиіп кетер» деп қорқады. Біз қорқамыз бұл адамнан. Үйде артық сөйлеуге қорқамыз. Айтыңызшы, несиені мен қалай төлеймін? Мен бала оқытып отырған адаммын. Несиені басымыздан алып тастаңызшы, бір шешімін таппасаңыз жартымыз суицид жасап, жартымыз ауруға ұшыраймыз», — деді жәбірленушілердің бірі.
Басқа бір жәбірленуші:
«Мен зейнеттегі адаммын, несиені қалай төлеймін? Ол бізді банкке апарып, несиеге кіргізді. Қазір несие қарызын өтеу үшін жасыма қарамастан жұмыс істеуге мәжбүрмін», – деп шағымданды.
Жәбірленушілерден алған ақшаның қайда кеткені белгісіз.
Прокурор Гүлназым Әлиеваның айтуынша, сотталушы 4 ай тергеу кезінде ақшаның нақты қайда жұмсалғанын түсіндірмеді. Қазір 579 миллион теңгенің қайда кеткені белгісіз.
Сұлушаш Қазбаева тағылған айыпты ішінара мойындағанымен, қарыз көлемімен келіспейтінін айтты.
Факт:
• Сотталушының жасы — 51-де;
• Өз айтуынша, 30 жыл бойы халық емшісі болған;
• Қамауға алынған уақыты — 2025 жылы 22 қаңтар.
Айта кетейік, жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы абақты жазасын сұрады. Үкімнен кейін прокурорлар пікірін сұрадық:
«Апелляциялық шағым түсіріп, түсірмейтінімізді қазір айта алмаймыз. Себебі үкім заңды күшіне енген жоқ. Үкім прокуратураға түскеннен кейін шешімін, заңдылығын тексереміз. Қылмыстық кодекстің 74 бабына сәйкес егер сотталушыда кәмелетке толмаған балалары болса, онда сот өзінің құқығын пайдаланып 2 жылға кейінге қалдырады. Сот азаматтық талаптың көбін қанағаттандырды, кейбірінен қарағаттандырудан бас тартты, азаматтық тәртіпте қаралуға жататынын айтты. Шығын 579 млн теңге», — деді прокурор Усман Орынбасарұлы.
Еске сала кетсек, Ақтөбеде «емшіге алдандық» деген 136 жәбірленуші сотқа шағым түсіргені жайлы жазған едік. Сотталушы мүгедек балаларын емге апарғандарға миллиондап несие алдыртқан. Емшіге 24 млн теңге несие алып бергендер жылап тұрып соттан көмек сұраған болатын.
Автор: Ардақ Ерубаева
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық