13 жылдық тозақ: Күйеуінің соққысынан сынған тіс, жарамсыз болып қалған ағзалар
Алматы облысының тұрғыны Қамар Алпамыс күйеуі өзін сүйген жары емес, құл қылып ұстады деп айыптады. Небары 34 жасар Қамардың не сау тісі жоқ, арнай протезбен жүр, не сау қолы мен қабырғасы жоқ. Ең сұмдығы, 13 жыл бойы үздіксіз алған соққылардың салдарынан ішкі ағзалары, яғни ішек бөліктері мен жатыры жарамсыз болған соң, дәрігерлер ағзаны алып тастауға мәжбүр болған екен.
Orda.kz Қамардың тұрмыстағы қан қақсатқан оқиғасын тыңдады.
Әрине, бұл оқиғаны оқығанда кез-келгеніміздің ойымызға «неге 13 жыл бойы шыдады екен», – деген сұрақ туындайтыны анық. Дегенмен де, жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда қиынырақ. Қамар Алпамыстың айтуынша, күйеуі (әлі де ресми некеде) Думан абьюзерлік, садистік және манипулияцияны мықтап меңгерген адам. Ал ондай адамның құрығынан шығу оңай емес.
Халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюроның баспасөз орталығында адвокат Инга Иманбай мен бірге көрген азабын айтқан Қамар Алпамыс күйеуіне Қарасай аудандық полиция департаментінде «денсаулыққа қасақана орташа деңгейдегі зиян келтіргені» үшін іс қозғалған. Алайда, 8 ай өтсе де қылмыстық істе 4 тергеуші ауысып, еш алға жылжымады.
Қамар Алпамыстың адвокаты Инга Иманбайдың айтуынша, қозғалған істен бөлек бас прокуратура мен басқа құзырлы органдарға Қамардың 13 жыл бойы көрген қорлығын іске қосу мен күйеуіне қарсы шара қабылдауға байланысты арыз түсіруге ниетті екенін жеткізді.
13 жылға созылған тозақтың табалдырығы қайда жатыр?
Қамар күйеуімен 2011 жыл сүйіп қосылған, әу баста, қыз-жігіт болып жүргенде ешқандай оғаш қылығын байқамаған. Бәленің бәрі некелескен соң араға 3-4 ай салып басталып, күйеуі қол көтере бастаған. Қамар тұңғыш қызына аяғы ауыр кезде ішіндегі 4 айлық баласына қарамастан, күйеуі аямай сабаған. Жалдамалы пәтерде ата-енесімен тұрғандықтан материалдық жетіспеушіліктер болса да, күйеуі жарытып жұмысқа да шықпаған соң Қамар 3 айлық баласын тастап, колледжге жұмысқа шығуға мәжбүр болады.
«Бір күні жұмыстан келгенде енем мен күйеуімнің әңгімесінің үстінен түстім. «Бұл қалайша мұғалім болып колледжге кіріп алды екен? Көршіміз мектепке мұғалімдікке кіру үшін елу мың теңге берген екен. Қамар болса, колледжге кірді, тек арты ұятқа сөз келтіретін нәрсе болмасын», деп енем күйеуіме айтып отыр екен. Мұны естіп, намысым мен арым тапталды. Бұрын көріп келген барлық қорлыққа көнсем де, бұл сөздер мені сол жерде сындырып жіберді. Енеме сіз неге бұлай айтасыз? Менің балам 3 айға да толмаған, кеудем сүтімен қатып қалған. Сіз қалайша бұлай ойлайсыз?,- дедім. Дәл сол жерде енем «мынаны өлтіріп таста, тілі шығайын деген екен», деп маған баласын айдап салды. Думан орнынан ұшып тұрып мені тебе бастады, артынан енем де қосылып теуіп, сау-тамтығымды қалдырмады», – дейді Қамар.
Осы оқиғадан кейін әпкесі Қамар мен баласын төркініне алып кеткен. Араға 5 ай салып күйеуі кешірім сұрап, «енді жұмысқа шығамын, жағдайыңды жасаймын» деп хабарласып қоймай жүріп, қайтуға көндіріп алады. Қызының тілі шығып, «папа» деп айта бастаған соң Қамар да ойланып-толғанып, қайта қосылуға бел буады. Бұл жолы күйеуі ата-енеден бөлек тұрамыз деген желеумен басқа жалдамалы пәтерге баласымен алып келеді. Қамардың айтуынша, нағыз сұмдықтың көкесі дәл сол жерде басталыпты.
«Пәтерге кіріп заттарымды қойдым, қызымды жайғастырып жатқаным сол еді, есік тарс етіп жабылды. Артыма қарап үлгермедім, күйеуім жүгіріп келіп мені аяусыз сабай бастады. Сөйтсем, алдыңғы көрген қорлығым мұның қасында дым емес екен. Мені тоқтамай ұрғаны соншалық, сол сәтте қорыққаннан кіші дәретім де шығып кетті. Ар жағында қызым шыңғырып жылап жатты. Содан біраздан соң есімді жиып оянсам, ваннаның ішінде тастай суық суда тыр жалаңаш жатыр екенмін. Тұрып, айнаға қарасам, өз-өзімді танымай қалдым. Бетімнің бір сау жері қалмаған, алған соққылардан бет-аузым ісіп, көзіме дейін жабылып қалды. Содан бөлмеден қызымды іздеп, қасына барып, үнсіз ғана шарасыздан жылап жаттым», – дейді келіншек.
Алдымен азаптады, артынан емдеді
Қамардың айтуынша, сол кезде күйеуі әдейі жедел жәрдем шақырмау үшін әрі соққылардан денесінде көгерген жерлер қатты білінбеуі үшін оны шешіндіріп, суық суға салып, өзі дәріханаға дәрі әкелуге шығып кеткен. Артынша келіп, дәрілерді Қамарға беріп, жылап отырып кешірім сұраған.
Алғашында некелескенде Қарағанды облысы Теміртауда тұрған. Тапқандары тамағына әрең жеткен соң, күйеуі бір күннің ішінде Алматыға көшуге шешім қабылдайды. Жаңа қалаға көшіп келсе де күйеуі нешетүрлі сылтау тауып, тиісе берген екен. Қамардың күйеуі Монғолиядан көшіп келген қазақ, сол көшіп келген көшеде сол жақтан көшіп келген адамдармен көрші болады. Бірде күйеуі онсыз да ұялы телефон сатып әрі 3 қызын өзі асырап нан тауып жүрген Қамарға әлгі көршілеріне де түскі әрі кешкі асты істеп беріп жүресің деп айтқан.
Келіншектің айтуынша, «жұмыс істеймін бе, әлде қыздарыма қараймын ба, не екі үйдің ас-ауқатын жасаймын ба?», – деп айтқанымен. Бәрібір күйеуінің айтқанын істеп, екі ортада үлгермей дал болған. Күйеуі Қамарды ол жерде ешкіммен сөйлесіп, араластырмауға тырысқан екен. Көрінгеннен қызғанып, күн бермеген. Бір күні барлығынан әбден шаршағанын, күйеуінен не көмек, не қолдау жоқ екенін айтқанда, тағы да аяусыз соққының астында қалған.
«Сол күнгі соққылардан соң, әбден барлығынан безіп, өзімнің сондай шарасыздығымды, намыссыздығымды ойлап, түңіліп кеттім. Содан үйдегі дәрі қобдишасындағы барлық дәріні алып уыстап ішіп қойдым. Дәл сол сәтте өмірден қажығаным соншалық 3 қызымды да ойлауға мұрша болмады», – дейді Қамар.
Артынша, тағы да күйеуі келіп, Қамарға тоқтамай су ішкізіп, есін жиғызған екен.
Бұл жолы тағы да күйеуі жылап кешірім сұрған. Қамарды адам қатарынан сызып, талай рет бетіне ыстық сорпаны да шашып жіберген кездері де болыпты.
Қызғаныштан, келіншегінің талай рет шашынан сүйреп, қысты күні суық қарға тұрғызып, мойнын сынық әйнекке қажаған. Қысқасы, Қамардың күйеуімен кешкен ғұмыры жайлы естігенде тұла бойың түршігіп, адам жағасын ұстайтын сәттерге толы.
Ең ақырғы рет келіншек түбегейлі ат құйрығын үзуге бел буғанда күйеуі келіншекті сабауға арнайы дайындалған екен. Қамардың айтуынша, ол әйелін жиһаз жасайтын цехтің ішіне кіргізіп, барлық камераларды теріс қаратып, кезекті рет аяусыз соққыға жыққан. Сол жолғы соққыдан Қамардың сынған қолы 8 ай өтсе де әлі жазылмаған.
Соққының ізі: денсаулыққа қайтарымсыз зақым
Осылайша, Қамар өмір бойына мүгедектің күйін кешуге мәжбүр. Тағы да дүниеге сәби әкелу бақытынан айырылды. Ішек бөліктері алынып тасталғандықтан ағзада метоболизм өз жөнімен жүрмеген соң, басқа да іш құрылысы шіри бастады. Сондықтан да қазір келіншектің денсаулығына ерекше күтім керек.
Алғашында Алматыға көшіп келген кезде ұялы телефон сатып күнелткен Қамар араға біраз уақыт салып, жиһаз сатуға шығады. Артынша істің бабын түсінген соң өзінің жеке жиһаз сататын цехын ашуға бел буады. Келіншек жиһазбен айналысқан кезде күйеуі көрінгеннен қызғанып, күнде кеште жұмыста келген кезде тағы соққының астына алатын болған.
Айта кетейік, күйеуі 13 жылда жарытып жұмыс істемеген. Отбасын негізінен Қамар бағып отырған. Тірнектеп тапқан ақшасына Қарасай ауданынан үй салуға жер сатып алады. Сатып алған жерді де күйеуі бірден өзінің атына жаздырып алған. Енді сол жерге Қамардың қара терімен салынған үй автоматты түрде күйеуінің атына тиесілі болып тұр. Келіншек күйеуінен кеткенде оған үйді бермеймін деп, тіпті азаматтық сотқа арыз жазып соттасқан. Тірнектеп тапқан қаражатына салған үйді де жерді де күйеуі тартып алған. Ортақ несиелерін де тек осы Қамар төлеп келген екен. Ақырында сау тамтығы қалмай, маңызды ағзасынан айырылып, 3 қызымен пәтер жалдап, қалған несиелерді де мойнына жүк қылып, төлеп жүргендігін айтады келіншек.
Қамар сұлу романындағы кейіпкердің тағдырына ұқсас, тиген жарынан қорлық көрген Қамардың тағдыры осындай. Енді алда Қамар Алпамыс адвокат Инга Иманбаймен бірге әділдікке жетіп, күйеуінің істеген істері үшін жазасын алуы үшін соңына дейін күресуге ниетті.
Жаңалықтар
- Түрмедегі Марат Жыланбаевтың жағдайы ауыр
- Челси Астанаға қарсы жас ойыншыларды ойнатады
- Айбек Оралбай бокстан Азия чемпионы атанды
- Қаржаубай Нұрымовтың күйеу баласын соттады
- Нұра-Теміртау автожолында Audi көлігіне тиелген жылқы анықталды
- Ауыл шаруашылығы министрлігі комитетінің төрағасы пара алған
- Соғысқа қарсы шыққан Ресейлік әнші Нобель сыйлығына ұсынылды
- Өскемен қаласына жаңа әкім тағайындалды
- Ақтөбеде ерлі-зайыптының өліміне себепкер болған полицей сотталды
- «Тергеу аяқталу сатысында»: Шерзат ісіне қатысы бар адамдар жақын арада жауапқа тартылады
- Назарбаев университеті 73 млрд теңгені ауаға ұшырды
- Ер адамның жүрегінен метал сынығы табылды
- Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауда заңсыздықтар анықталды
- Жасанды девальвация: Ұлттық банктің экс-басшысы Қазақстан экономикасының құпиясын ашты
- Он миллион адам қарсы болған уақыт белдеуін зерттеуге үкімет үш жыл жұмсамайды
- Салмағы 7 тонналық Үндістаннан келген контрабанда әуежайда алты жыл бойы қараусыз жатты
- Ольга Рыпакова жеңіл атлетика федерациясының президенті атанды
- Басшысыз қалған Сирияны кім басқарады?
- Сынға қалған Саран қаласына жаңа әкім тағайындалды
- Ұятты жерлеріме қол жүгіртті: оншақты қыз азғын Indrive такси жүргізушісіне шағымданды