13 жылда 435 млн жұтқан ҰҚТ қызметкері: Шымкенттің білім ордаларын уысында ұстаған «құдай» кім?

cover Коллаж: gov.kz

Шымкентте ҰҚК-нің бұрынғы жоғары лауазымды қызметкері Манап Сарбасовқа қатысты атышулы сот отырысы өтіп жатыр. Оған аса ірі көлемде алаяқтық жасады, пара алды және пара берді, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастырды деген айыптар тағылған. Сот отырыстары ашық өтіп жатыр, деп хабарлайды Orda.kz.

Куәгерлердің бұған дейінгі айтқан сөздеріне қарасақ, осы өңірдің білім саласын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, «салық» төлетіп отырған беделді Манап Сарбасовқа ешкім қарсы келе алмаған. Өткен сот отырысында куәгер Эльмира Дүйсенқызы 2019 жылы мектеп ашарда құжат мәселесі туындағанда оған Манаптың өзін «бәрін шешетін құдай, болмаса патша» деп атағанын айтқан еді.

Эльмира Дүйсенқызы — басты куәгерлердің бірі, кәсіпкер, жеке мектеп пен колледждің директоры. Осы жолы басты назар тағы сол Эльмира Дүйсенқызының берген куәлігіне ауды. Себебі дәл Эльмираның жауабы Манап Сарбасов пен Әлиханованың сыбайлас екенін мәлімдеген шешуші сөздердің бірі болды.

Эльмира Дүйсенқызының айтуынша, 2010 жылдардың басында-ақ оған ай сайын бір миллион теңге төлеп тұрса, бизнесіне ешкім кедергі келтірмейді деген ұсыныс жасаған. Куәгердің сөзіне қарасақ, басында Сарбасов тікелей хабарласпаған. Ақшаны қалай төлейтінін Әлиханова арқылы жеткізіп отырған. Эльмираның сөзінше, Сарбасов кейіннен тікелей өзі талап қоя бастаған.

«Басында айына бір миллион теңге болды. Бір жылдан соң бұл сома екі жарым миллионға жетті, ал 2019 жылы жеті жарым миллионға дейін өсті. Қазалы мен Таразда колледж ашқан сәтте, бірден төлем де өсті. Өзі: «Сендердің бизнестерің дамып жатыр. Демек, төлейтін құндарың да жоғары болуы керек деп ашық айтатын», — деді кәсіпкер әйел сот залында. 

Дүйсенқызының есебі бойынша, соңғы он үш жыл ішінде Сарбасовқа берілген жалпы сома шамамен 435 миллион теңге болған. Бұл қаржыны куәгер Эльмира өзінің адвокаты және тергеушімен бірге қарап, нақты есебін шығарған. Есепке ай сайын тұрақты төлемдермен қатар, әртүрлі «комиссиялар» мен «сапарларға» арналған жеке сомалар да төлеген. Мысалы, бір жолы Сарбасовқа Алматыға жол жүрердің алдында 10 мың доллар бергенін айтты.

Фото: Orda.kz

 Ал Манап Сарбасов куәгердің сөзін жоққа шығарып, шілденің 3-і күні өткен беттестіруде Дүйсенқызы мүлде басқа мәлімет айтқанын алға тартты. Манап Сарбасов өзіне тағылған айыптан басын ала қашып, Әлихановаға сілтеп отыр. Яғни, оның сөзіне қарағанда, Әлиханова өзі пара талап еткен. Ал ол ешқандай сома сұрамаған.

Манап Сарбасов осылай азар да безер болған кезде Эльмира Дүйсенқызы көп уақыт өткен соң, ұмытып қалғанын және тергеушінің сұрағанына қарай жауап беріп жатқанын айтты.

«Көп нәрсені ұмытып қалдым. Алғашқы беттестіру оқиғадан бір жыл өткен соң ғана болды. Иә, кейбір сәйкеспейтін дүниелер болуы мүмкін. Бірақ өзінің қамқор болатынын айтып, пара беруді ұсынған нақ осы Сарбасовтың өзі», — деді Эльмира.

Түстен кейін сотта Дүйсенқызының жеке көмекшісі әрі медбикесі Жұпар Ақманова сөз сөйледі. Ол Манап Сарбасовты бірнеше мәрте Эльмираның кеңсесінде көргенін айтты. Сондай-ақ, өзі бірнеше рет ақшаны тікелей Сарбасовқа және оның жұбайына қолма-қол тапсырғанын растады.

Куәгердің айтуынша, сондай оқиғаның бірі 2020 жылы болған:

«Эльмира Дүйсенқызы ұшар алдында маған жеті жарым миллион теңге қалдырды. «Өзіңде ұстап тұр, кейін келіп алады» деді. Үш-төрт күннен кейін маған қоңырау шалып, қабылдау бөлмесіне түсуімді сұрады. Сол жерде біреу ақшаны алып кететінін айтты. Келіп жеткен — Сарбасовтың өзі. Ақшаны өз қолымен оған табыстадым. Тағы бір жолы Эльмира Дүйсенқызы сырқаттанып, система алып жатқан. Сейфтен 10 миллион теңге алып беруімді өтінді. Үйге ақ түсті орамал тағып, көзілдірік киген Сарбасовтың әйелі келді. Сыртқа шығып, сәлемдесіп, ақша салынған пакетті көліктің терезесінен бердім», — деді Жұпар Ақманова сотта. 

Эльмира Дүйсенқызының компаниясындағы кадр бөлімінің басшысы Ботагөз Мырзахметова да ай сайынғы «салық төлеу міндеті» жайында хабардар болғанын растады. Оның айтуынша, өзі ақшаны тікелей тапсырмағанымен, қолма-қол қаражатты буып-түюмен жиі айналысуына тура келген.

Сарбасовқа қатысты сот отырысы алда жалғасын табады. Алайда сұрақ көп, жауап аз. 435 миллион қайда кетті? Қаржы расымен түртпектей бермеу үшін төленген құн болды ма? Егер Сарбасов расымен айыпты болса, оның қитұрқы әрекеті жайлы бәрі білетін болса, неге бәрі үндемеді? Осынша адам білген қылмысты жоғары жақтағы атқамінер азаматтар естімеуі мүмкін бе? Әлде олар көз жұмып отыр ма? Уақыт көрсетеді.

Orda.kz редакциясы сот барысын әрі қарай бақылап, ақпарат таратып отырады. Келесі отырыс 4 маусым күні, сағат 10:00-де Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.

Автор: Александра Ким

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар