10 жасар қызын зорлаған өгей әке тергеуден соң босап шықты

cover Фото: Orda.kz

Алматы облысының Ақши ауылында 10 жасар қызына екі жыл бойы зорлық көрсетті деп айыпталған өгей әкесі 12 айдан кейін тергеу изоляторынан шықты. Orda.kz редакциясына қыздың анасы (есімдері өзгертілді – Ред.) істің сотқа жетпегенін және тергеудің әділ өтпегенін айтып, жан айқайын жеткізді.

Анасы мен әжесі әділдік іздеп барлық жерге жүгінген, бармаған жері қалмаған. Қыздың туыстарымен бірге қорғаушысы Раджан Берсінбаев пен психолог Маржан Жомартқызы оқиғаның мән-жайымен бөлісті.

Оқиға 2023 жылы болған. Анасы қызының өгей әкесінен көрген қорлығын нағашы әжесінен білген.

«Бұл — қызымның екінші некесі, бұл еркектен екі баласы бар. Бірге тұрғандарына 5 жыл болған, тұңғыш қыз алғашқы некеден туған. Немерем демалыста үйге келгенде: «Әже, маған папа тиіседі, аяқ-қолдарымды, денемді сипайды», — деп айтты. Тиісе ме деп сұрап едім, тиісті деді. Мен бірден анасына хабарлама жаздым. Ол сенбей, мүмкін емес деді. Ертесіне жекеменшік гинекологқа апардым, ол жерде өзгеріс бар деп айтты. Қыз қалай болғанын толық айтып берді. Оны жұмысқа алдап апарған, машинада және үйде де қорлық көрсеткен», — дейді әжесі.

Анасының айтуынша, өгей әкесі қызға массаж жасататын болған.

«Біз 2017 жылы әлеуметтік желі арқылы танысып, үйлендік. Қызымды ешқашан ұнатпайтын, үнемі ұрысып, тиісе беретін. Мал бақтырып, қора тазалатып қоятын. Араша түссем, «қызыңа өз қызымдай қарағанымды қаласаң, араласпа», — дейтін. Талай таяқ жедім. Қызым кейде төменгі жағы қышып, ашитынын айтатын, бірақ мен мән бермей, «дәрет ал» деп қоя салатынмын. Тіпті арт жағымнан бір сұйықтық ағып жатыр дегенде, мен жай ғана іші өткен екен деп мән бермедім. Бір күні бөлмеге кірсем, қызымды көрпемен жауып, үстіне жатқызып алыпты. «Не істеп жатсың?» деп сұрасам, «бүгін қызым 5 алып келіпті, еркелетіп жатырмын» деп қоя салды», — деді анасы.

Қыздың анасы күйеуінің телефонынан жасөспірімдерге қатысты жазбаны байқап қалғанын айтады.

«Мен ол біреумен сөйлесетін шығар деп ойлайтынмын, себебі үнемі «телефоныма тиіспе» деп айтатын. Бірақ бір күні телефонды қуаттауға қойғанда, көзім түсіп қалды. Сонда оның порно-сайттан «с дочкой» деген мазмұнды қарағанын көріп, шошып кеттім. Бірақ қызым емес шығар, жай ғана көрген шығар деп өзімді жұбаттым», — дейді анасы.

Анасының айтуынша, жазғы демалыста қызды нағашы әжесінің үйіне әрең жіберген. Бірақ жіберер алдында өгей әкесі қызына үйдегі жағдайды ешкімге айтпа деп қайта-қайта ескертіп отырған.

«Қызыма нағашылары келе жатқандықтан, әдемі көйлегін кигізіп қойғанмын. Сол уақытта өгей әкесі қора тазалаймыз деп алып кетті. Мен көйлегі таза, тиіспеші десем де, қоймай алып кетті. Қызым біраз уақыттан соң көйлегін ауыстырып келді, мен тағы да мән бермедім», — деді анасы.

Қыздың анасы сұхбат беру барысында қатты сенген адамы осылай істегеніне өзін кінәлап,  көз жасын тия алмады.

«Жазғы демалыс бітуге аз қалған кезде қызыма телефон шалып, 2 күннен кейін алып кетеміз деп едім, қайтқысы келмейтінін айтты. Кешке анам хабарлама жазып жіберіпті: «Қызыңа қарамайсың ба, күйеуің тиіседі екен ғой», — деп. Мен дереу қоңырау шалып, гинекологқа апаруын өтіндім. Келесі күні анам қызымды апарыпты. Гинеколог растады, бірақ қағаз жазып беруден бас тартып, бұл үшін эксперттер қағаз береді деп қайтарды», — деді.

Анасының айтуынша, гинеколог зорлық белгілерін көре тұра, полицияға хабар беруден де, қағаз бетіне мән-жайды жазудан да бас тартқан.

«Бұл оқиға 2023 жылдың тамыз айында болды. Екі күннен соң қызыма барып, болған оқиға туралы сұрадым, ол барлығын растады. Анамның үйінде күйеуіме «осылай жасапсың ғой» деп айтқанда, ол өз кінәсін мойындамай, сол жерден қашып кетті. Біз полицияға шағым түсіріп, қыркүйек айында «Көреміз» бағдарламасына әділдік іздеп бардық.
Бағдарлама бізге адвокат ретінде Ғабит Өмірбек мырзаны ұсынды. Мен Ғабит мырзаға сенімхат жазып бердім. WhatsApp желісінде топ ашып, барлық мәліметті жіберіп отырдық. Мен жіберген мәліметтерді Ғабит екінші тарапқа беріп отырды. 12 айдан кейін Ғабит күдіктінің «жала жабылды» деген себеппен тергеу изоляторынан шыққанын хабарлап, пост жариялады. Менің қызымның құқығын қорғаймын деп, күдіктіні бостандыққа шығарып жіберді», — деді анасы.

Бұл іске қатысты 3 сараптама жүргізілген. Ең бірінші экспертиза оң нәтиже көрсеткенімен, тергеушілер уақыт өте 2 және 3-сараптамалар жүргізген. Екінші экспертиза теріс нәтиже көрсеткендіктен, қыздың іш киімі дәлел болса да, істі 12 айдан кейін жауып тастады.

Психолог күдікті зорлық-зомбылықты жоспарлы түрде жасағанын айтады.

«Ұзақ уақыт қызды бейімдеп, дайындап алып зорлаған. Бойын үйретіп алғаннан кейін ғана кіріскен. Қорқыту, ұру арқылы қыздың өзін кінәлі сезінуін пайдаланған. Қасақана, жоспарлы түрде жасалған зорлық-зомбылық. Медицина тілімен анық-қанығын айтпай-ақ қояйын. Қызға зорлық-зомбылықтың барлық түрін жасаған», — дейді Маржан Жомартқызы.

Іс сотқа жетпей жабылғандықтан, анасы адвокат Раджан Берсінбаевтан осы істі қолға алуын өтінген. Orda.kz тілшісі осы оқиғадан кейін адвокат Берсінбаев, қыздың анасы және психолог Маржан ханыммен бірге Іле аудандық прокуратурасына барды. Прокуратура бөлімшесінде тілшіміздің құралдарын кіреберісте алып қалды. Істі қайта ашу мақсатында прокуратураға жүгінген.

«Сарапшылардың қорытындысы бойынша істі жаптық. Құжаттарды Қонаев қаласынан ала аласыздар. Педофилді бостандыққа шығара салатын біз ақымақ емеспіз ғой. Оның кінәлі екені дәлелденген жоқ», — деді Іле ауданы бас прокурорының орынбасары.

Бізге құжаттар Қонаев қаласында деп, сол жаққа бағыттады. Ертесіне біз Қонаев қаласындағы Алматы облыстық прокуратурасына жол тарттық.

Orda.kz редакциясы Ғабит Өмірбекке хабарласып, істің мән-жайын анықтады.

Ғабит Өмірбектің айтуынша, ол «Көреміз» бағдарламасына Іңкәрдің (есімі өзгертілді – ред.) ісі бойынша маман-спикер ретінде қатысқан, бірақ қыздың құқығын қорғау туралы нақты уәде бермеген. Бағдарламада айтылған деректер күмән тудырып, ол осы мәселе бойынша туыстарынан қосымша ақпарат алған. Туыстары күдіктінің кінәсіз екенін дәлелдейтін құжаттарын көрсетіп, көмек сұрағаннан кейін ғана ол тергеудің оныншы айында іске қосылған.

«Ол кезде мен Іңкәрдің құқығын қорғау туралы уәде берген жоқпын. Тіпті бағдарламадан кейін құрылған чаттан да уақыт өте шығып кеттім. Себебі бағдарлама кезінде, дәл сол мезетте-ақ, сот-медициналық сараптамасының қорытындысы, анасының жауабы және талқыланған басқа да деректер күмән тудырғанын айтқанмын.

Бағдарлама эфирге шыққаннан кейін күдіктінің туыстары хабарласып, мен айтқан күдіктердің негізсіз емес екенін растайтын құжаттарын көрсетті. Олар күдіктінің кінәсіздігін дәлелдеп, көмек сұрады. Осыдан кейін тергеу ісіне араласып, Instagram парақшамда істің мән-жайын жариялап отырдым», — дейді Ғабит Өмірбек.

Ғабит Өмірбек Instagram парақшасында істің егжей-тегжейін бөлісіп, құқық қорғау органдарына тергеуге ерекше назар аударуды сұраған. 12 айлық тергеу нәтижесінде күдікті кінәсіз деп танылып, бостандыққа шығарылған.

Ғабит мырзаның айтуынша, Іңкәрдің ісі бойынша күдік бар, бірақ оның өгей әкесінің іс-әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылықтың құрамы болмағандықтан іс сотқа дейін жетпей тоқтатылды. Бұл шешімнің негіздері қаулының мәтінінде толықтай көрсетілген, соның ішінде күдіктіге қатысты жүргізілген «өтірік детекторының» нәтижесі де көрсетілген (детектор күдіктінің бұл қылмысқа қатысы жоқтығын анықтаған).

«Іс бойынша 12 ай бойы жүргізілген тергеу барысында Іңкәрдің берген жауаптарындағы мән-жайлардың бірі де расталмады. Соның бір мысалы — екі рет жүргізілген комиссиялық сот-медициналық сараптамалардың нәтижелері (біріншісі Алматы қаласында, екіншісі Жетісу облысында). Әр сараптамада төрт сарапшы мен екі дәрігер-маман қатысқан, олардың барлығы қыздың ар-ожданына нұқсан келтірілмеген деген қорытынды шығарды. Алғашқы сараптаманың қорытындысы көрнеу жалған деп танылып, жеке қылмыстық іс қозғалды (ҚР ҚК-нің 420-бабы бойынша). Қазіргі уақытта сарапшыға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған. Іңкәрдің жауаптарында келтірілген басқа да мән-жайлардың шындыққа сәйкес еместігі дәлелденд», – деді заңгер.

Оның айтуы бойынша, Іңкәр тергеу кезінде, телебағдарламада және соттағы жауаптарында пікірін өзгертіп отырған.

«Іс материалдарында Қазақстанның психология және психо-лингвистика салаларындағы жетекші мамандардың қорытындылары бар. Бұл қорытындылар бойынша, зорлық-зомбылыққа ұшыраған баланың психологиясына тән теріс салдарлар Іңкәрдің бойында және мінез-құлқында байқалмаған, ал оның жауаптарында жаттандылық бар. Осы деректерді ескере отырып, тергеу органдары қыздың жауаптары субъективті себептермен өзгертілген болуы мүмкін деген қорытындыға келген», – деп қортындады Ғабит Өмірбек.

Қазіргі таңда істі қайта ашуға өтініш қаралып жатыр. Orda.kz редакциясы істі бақылауда ұстап, жаңалықтармен хабардар етіп отырады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар