Жөндеу ме, жауапсыздық па?: Ақан серінің мазарына ауыр техника кіріп, зираттарды басып өтті

cover Коллаж: Orda.kz

Биыл 5 маусым күні Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы Қамсақты ауылдық округінде Қамсақты ауылдық округінің әкімі мен Антоновка ауылдық округінің әкімі XIX ғасырдан бері тұрған Ақан серінің сүйегі жатқан қорымға кірген. Ондағы мақсаты Ақан серінің кесенесіне жөндеу жұмыстарын жасау болған. Алайда жүк тиегіш көліктер мен адамдар төмпешік болып жатқан басқа ескі зираттарды басып кетті. Аудан әкімімен бірге қос әкім сөгіс алды. Дегенмен ауыл тұрғындары туыстары мен бабаларының қабірлерін басып өткеніне наразы болып, әділ жаза беруін талап етіп жатыр.

Orda.kz редакциясына хабарласқан Бекжан Ералинов Тәкенұлы қорымға ешбір рұқсатсыз кірген Қамсақты ауылдық округінің әкімі Қайсар Махметов пен Антонов ауылдық округінің әкімі Жомарт Оразалинге назалы. 

«Аруақ разы болмай, тірі байымайды»

Бекжан Ералинов өзінің бабасы Ерәлінің осы зиратта жатқанын айтты. Ақан сері Ерәлі бабаның балдызы екен. Зиратта жатқан марқұмдар Ақан серімен өмірінің соңында бірге болып, жерлеген туыстары екен. Оның сөзінше, бабалардың аруағын мазалаған әкімдер кешірім сұрап та келмеген.

«Ерәлі бабамыздың жұбайы Айша — Ақан серінің туған апасы. Ақан сері қартайғанда ешкім керек болмағанда сол апасына келіп, біздікілер ақтық сапарға шыққанша қасында болған. Марқұм болған соң біздікілер өзіміздің зиратымызға жерлеген. Міне енді оларға жергілікті әкімдер сондай «алғысын» көрсетіп отыр», — деді Бекжан Ералинов. 

Оның сөзінше, Ақан серінің мазары 1980 жылдардың аяғында салынған. Бұрынғы әкімнің кезінде қоғамдық қызметкерлер жай шөбін жұлып, қоршауын бояп, сыпырып жүретін көрінеді. Жаңа келген әкім осы жергілікті жердің адамы болса да, зиратқа көп адамды жіберіп, көлік кіргізіп отыр.

5 маусым күні түсірілген сурет. Фото: Бекжан Ералинов

Бекжан Ералиновтың сөзінше осы суреттегі көк киімдегі кісінің астында және төмпешік болып жатқан мазардың айналасында, арт жағында ескі зираттар бар. Ол марқұмдардың үстінен көлікпен басып өткені үшін, адамдардың аяқпен таптағаны үшін ауыл ақсақалдарының наразы болғанын атап өтті.

Фото: Бекжан Ералинов

 Ал Ақан серінің кесенесін қайта жөндетпек болған адам кәсіпкер екен. Облысқа жолығып келіскен соң, ауылдық округтің әкімдері «бел шешіп» кіріскен көрінеді. Бекжан Ералинов олардың көлікпен кіріп, зираттарды басып кеткеніне қатты наразы екенін айтты.

«Бұрынғы әкім ештеңеге тимейтін. Енді биыл Ақан серінің әкесі Қорамсаның жиені ме, білмедім. Әйтеу бір кәсіпкер реконструкцияға ақша бөлген. Ол өзі «Смирнова Аққайың дайындық» деген ЖШС. Аққайың ауданы жақ. Сол облысқа жолығып, жергілікті әкімге айтқан ғой. «Реконструкция істейік» деп. Әкім бұйрық беріп, біздің Қамсақ ауылдық округінің әкімі бар, қоғамдық қызметкер мен жүк тиегіш көлік сонікі. Антонов ауылдық округінің әкімі орыстармен бірге бәлен адам молаға кірген. Ешқандай рұқсатсыз, ақсақалдардан ештеңе сұрамай, ауыл тұрғындарына да ескертпей кірген», — деді Бекжан Ералинов. 
Мазардағы шөпті шапқан соң түсірілген сурет

Бекжан Ералинов әкімнің сол ауылдың тумасы екенін атап өтіп, оның мазардың қасында жерленген адамдар жайлы қалай білмей қалғанына таңқалғанын айтты.

«Әкім осы ауылдың жігіті. Соған таңқаламын. Жүк тиегіш көлік кіргізіп, мазардың айналасын қазған. Ішінде көлікпен жүріп айналып, жатқан марқұмдардың зираттарын басып кеткен. Антон ауылдық округінің әкімі орыстарды тримерімен бірге кіргізіп, шөбін шапқан. Қамсақтының әкімі Қайсар Махметов. Антонов әкімі Жомарт Оразалин. Ішіне құрылыс материалдарын кіргізген. Қоқыс жатқаны бейнежазбаларда көрініп тұр. Масқара қылды», — деді Бекжан Ералинов. 

Оның сөзінше, жоғарыдағы басшыларға жағамыз деп кіргендер енді «білмедік» деп отыр.

«Енді олар «білген жоқпыз, тастар ары жағындағы ғой, бер жағындағы таза бер ғой» деп. Ал жүк тиегіш көліктің жүрген жерінде қатар-қатар ой болып қалған зираттар жатыр. Енді «білген жоқпыз» дейді. Мен оларға: «Сендерге нені білу керек? Бұл зират қой. Қоршалған. Иесі, туыстары бар ғой. Сұрамастан кіруге не қақыларыңыз бар? Кім жатса да» деймін. Олар Ақан Серінің мазарын жөндетіп өздеріне плюс аламыз деп кірген. Ештеңеге қарамай», — деді Бекжан Ералинов. 

Тапсырыс беруші болған жағдайды жуып-шаюға дайын

Мұндай жағдайдың болып жатқанын естіп, тапсырыс беруші кәсіпкер кешірім сұраған көрінеді. Тіпті қираған зираттарды жөндеп, басына тас қойып, марқұмдардың аттарын жазыпты. Ақсақалдар естеріне түскендердің атын айтыпты. 

«Тапсырыс беруші шалдарын жіберіп кешірім сұрады: «біз әкімдікке олай жүк тиегіш көлік кіргізіңдер деп айтқан жоқпыз ғой» деп. Жерлеп жүріп, кешірім сұрап, тас қойып, бабаларымыздың аттарын атап жазды. Әкем бабаларымыздың бәрінің аттарын атап, зираты қираған басқа марқұмдардың аттарынан есіне түскенін айтты. Бірақ онда бәлен адам жатыр ғой. Әкем оларды кешірді. Ал әкімдіктер болса не адам сияқты кешірім сұрамады, түк болмағандай жүр. Олар: «алдында зираттың маңайы таза болған» дейді. Мен айтамын: «баяғыда қазақтар марқұмдардың бәріне қайдан тас қойсын? Ағашпен салатын, ағаш уақыт өте күнге күйіп кетті, үгіліп кетті. Талай уақыт өтті ғой. Онда 1800 жылдардың басынан, тіпті одан да ертеден бастап кісілер жатыр ғой. Ол біздің жеті атамыздың қорымы. Бекәлі қажының. Әйтеу қызметін көрсету үшін білгенін істеп қалу керек. Жергілікті адамдар жүр. Жасы елуден асқан жігіттер», — деді Бекжан Ералинов. 

Оның сөзінше, ауылдық округтің әкімі жай сөгіс алған. Қамсақты ауылдық округінің әкімі аудан әкімімен ілесіп келген. Аудан әкімі Мейрам Меңдібаев кешірім сұраған. Ал ауылдық округтің әкімі үндемей ілесіп келіп, үндемей қайтқан. Бұл кезде зиратты ақсақалдар әлі көрмеген кез екен. 

«Аудан әкімі әкеме келген кешірім сұрап. Әкем кешірген жоқ. Сосын зиратқа барғанбыз. Ана бейнежазба сол. Бәрін жүк тиегішпен қайтадан дұрыстап, қылмыстарының ізін жасырған түрі. Біздікілер аудан әкіміне шарт қойды: «Ауыл әкімі жергілікті жігіттер ғой. Орнынан алып таста. Сен жарайды, басқа жақтан келдің, жүре бер» деп. Ол уәде берді. Жұмыстан шығаратынын, жазалайтынын айтты. Бірақ 3 ай өтті. Ештеңе істеген жоқ. Сосын прокуроратураға арыз беруге тура келді. Аудандық прокурор әкімге тәртіптік жаза шығарды. Аудан әкімі өзі бұйрық берген соң, істің ішінде болған соң, жұмыстан қуа алмайды ғой. Жай сөгіс берген», — деді Бекжан Ералинов. 

Ол әкім болған адамның елге үлгі болуы қажет екенін атап өтіп, адами заңды да, ресми заңды да бұзғандарды жазалауын талап етеді. 

«Енді облыстық прокуратураға беруге тура келді. Үшеуіне де арыз жаздық. Облыс әкімдігі сейсенбі күні осы мәселе бойынша шақырып жатыр. Облыстық прокуратура жақында нәтижесі дайын болады дейді. Бірақ олардың нәтижелерін білеміз. Сол үшін БАҚ өкілдеріне хабарласып отырмын. Менің және туыстарымыздың ойынша мынандай кісілер әкім болып жұмыс істемеу керек. Жөн-жосықты білмегендер, сондай қылмысқа барғандар қандай әкім болады? Әкім деген елге үлгі болатын адам болуы керек қой. Олар біріншіден заң бұзды, кез келген облыс әкімдігінде діни басқарма бар ғой. Содан рұқсат алып, кіруге рұқсат алып, ақсақалдардан рұқсат алып, арнайы қағаздарымен келуі керек. Неге десеңіз, ол жерде Ақан серінің өзі жатыр ғой. Біздің бабаларымызға қарамаса... Адами заңды бұзды», — деді Бекжан Ералинов.

Бекжан Ералинов бәрінен бұрын сөз сөйлеуі керек еді деп, Солтүстік Қазақстан облыстық Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Әділбеков Хамзат Қажымұратұлына да уәжі бар екенін айтты.

«Шу басталғанда облыстан Хамзат деген имам хабарласқан. Қателеспесем орталық мешіттің имамы. Өзі біздің ауылда 3-4 жыл оқыған. Не болып жатыр деп сұраған еді. Масқара деген еді. Бірақ сол жоқ болып кетті. Имамдардан да, рухани басшылардан да бір әрекет жоқ. Ақан серінің мазары ашылғанда сол имам алдында тұрды. Сондай салтанатты мейрамдарда алдында тұрады. Осындай жағдайларда сынап, сөз сөйлейтін адамдар солар ғой», — Бекжан Ералинов.

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы не дейді?

Orda.kz редакциясы әуелі құзырлы органдарға істің мән-жайын анықтау үшін, арнайы сауал жолдады.

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасының Қамсақты ауылындағы зираттағы жөндеу жұмыстары кезінде заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді. Айыртау аудандық прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың әрекеттерінің заңдылығына талдау жүргізіп, 2019 жылғы 31 мамырдағы №48 бұйрықпен бекітілген «Жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың типтік қағидаларының» 6-тармағы бұзылғанын анықтаған.

«Мазарларға арналған жер телімдері тіркелмеген, сондай-ақ зираттарды күтіп-ұстау жөнінде келісімшарттар мен жүргізілген жұмыстардың есептері жоқ екені анықталды».

Сонымен қатар, зираттағы қабірлердің бүлінуі мен вандализм фактілері тіркелмегені хабарланды.

«Аталған дерек бойынша лауазымды тұлғалар әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ. Дегенмен, типтік қағидаларды бұзған екі лауазымды адамға тәртіптік жаза ретінде сөгіс жарияланды», — деп мәлімдеді прокуратура.

Бұдан бөлек, аудан әкімі Мейрам Меңдібаевқа қатысты тәртіптік іс қозғалғанын және оны Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі қарап жатқанын хабарлады.

«Бақылаудың жеткіліксіздігі және заң талаптарының бұзылуына байланысты 2025 жылғы 2 қазанда Айыртау ауданының прокуроры аудан әкіміне қатысты тәртіптік іс қозғап, оны қарау үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне жолдады (қазіргі таңда қаралу үстінде)».

 

Прокурор қадағалау актісін енгізгеннен кейін Айыртау ауданы әкімдігі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңы мен жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларының талаптарын сақтау мәселесін бақылауға алғанын мәлімдеді.

Мақала шығып жатқан кезде Бекжан мырза аудан әкімі Мейрам Меңдібаевқа да сөгіс берілгенін хабарлады.

Көрші Антонов ауылдық округінің әкімі ешқандай бұйрық бермегенін айтып басын ала қашты

Ақан серінің мазары Қамсақты ауылдық округінде Қамсақты ауылында орналасқан соң, Қамсақты әкімінің сол жақта жүруін (ережелерді бұзса да) түсінуге болады. Алайда сол күні Антонов ауылдық округінің әкімі Жомарт Оразалин де сол жақта жүрген.

Orda.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында Антонов ауылдық округі әкімдігі Жомарт Оразалиннің тарапынан ешқандай ресми келісім не бұйрық берілмегенін қадап айтты.

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Антонов ауылдық округінің әкімі Жомарт Оразалинге Ақан сері жерленген қорым аумағында жүргізілген жұмыстарға байланысты тәртіптік жаза қолданылды. «Жұмыстар кезінде зираттағы қорымдарға ешқандай зиян келтірілмеді» деп жазды Антонов ауылдық округінің әкімдігі. Өз жауаптарында әкімдік, аудан әкімінің өкімімен Жомарт Оразалинге сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілгенін атап өтті. 

«Аудан әкіміне хабарламай, округ аумағынан тыс жерге шыққаны және өзінің қызметтік әрі аумақтық өкілеттігіне кірмейтін Ақан сері мазарының аумағында жұмыстар жүргізгені үшін сөгіс жарияланды», – деп жауап берді Антонов ауылдық округінің әкімдігі.

Сондай-ақ, жауаптарында Қамсақты ауылы Қамысақты ауылдық округінің құрамына жататынын нақты көрсетіп берді. 

Қамсақты әкімі зираттардың бүлінгенін толығымен жоққа шығарды

Ал енді даудың басы болып отырған Қамсақты әкімдігіне келсек, олар жауабын ұзақ күттіріп барып жіберді. Ресми хатта Қамсақты ауылдық округінің әкімі Қайсар Махметов 2025 жылғы 5 маусым күні мазар маңында «абаттандыру жұмыстары» жүргізілгенін мәлімдеді. 

Әкімдіктің Facebook парақшасы
Бұған дейін Бекжан Ералиновтың көрсеткен суреттері мен бейнежазбадағы көріністері «жылан жалағандай». Әлеуметтік желіде тек қана «таза бейсенбілік өткізді» деп қана жазылған. Үйіліп тұрған құрылыс материалдарының суреті жоқ, күрекпен сәл тереңдеу қазылған көріністер мен мазардың айналасының қазылғаны көрінетін суреттер салынбаған. 

Қамсақты ауылдық округінің әкімі Қайсар Махметовтің айтуынша, сол күні мазардың сырты мен айналасы тазаланып, шөп шабылған, ескі құрылыс қалдықтары, сынған кірпіштер мен цемент қалдықтары қолмен жиналып, арнайы техникаға жұмысшылар күшімен тиеліп шығарылған. Сондай-ақ, жердің үстіңгі 15 сантиметр қабаты ғана алынғанын, ал ауыр техника жерлеу орнына кірмегенін атап өтті.

Махметовтің сөзінше, ескі бетон төсеме тақтасы — мазар мен стела арасындағы шамамен 50–55 метрлік жол алынып тасталып, оның орны тегістеліп, темір қоршаудың іргетасы бекітілген. Қамсақты ауылдық округінің әкімі Қайсар Махметов те сөгіс алғанын мойындады.

«Бұл жұмыстар Айыртау ауданының әкімі Мейрам Жақсылықұлы Мендыбаевтың ауызша тапсырмасы бойынша жүргізілді. Тапсырма жоғары басшылық тарапынан берілгендіктен, мен сол нұсқаулар негізінде әрекет еттім және қосымша ақпарат менде болған жоқ. Мен өзім Қамсақты ауылының тумасымын. Қорым аумағында кімдердің ата-бабалары жерленгенін білмедім. Жұмыстарды орындау кезінде ешбір қабір бүлінген жоқ. Тағы да атап өтемін: жүргізілген жұмыстар кезінде ешқандай жерлеу орнына зиян келтірілген жоқ, әрі мазар салынған уақыттан бері өзге зираттар тіркелмеген», — деп жауап берді әкім Қайсар Махметов. 

 

Ол өз сөзінде мазардегі ешбір қабірдің бүлінбегенін, әрі мазар тұрғызылған уақыттан бері өзге жерлеу орындары тіркелмегенін айтады.

Сонымен қатар, ауыл ақсақалы Тәйкен Ералин және оның туысы Бекжан Ералинмен кездесу өткізілгені, тараптардың «ортақ келісімге келгені» де көрсетілген.

«Өтірік айтады. Сотқа береміз»

Бекжан мырза «ортақ келісімге келдік» деген сөзді толық жоққа шығарды. 

«Тапсырыс беруші ақша берген соң, әкімдер шаш ал десе, бас алатын әкімдер мазарға басып кірген. Ешқандай ортақ келісім болмады. Болмайды да. Өтірік айтып отыр. Бұл әкімдер адам сияқты кешірім де сұраған жоқ. Біздің ар-намысымызға түк болмағандай отыр. Біздің тыныш жатқан аруақтарды мазалап, құрбан шалып, осында кінәлілер келсе болады ғой. Біздің рудың үлкені, 87 жастағы ақсақалымыз бар. Оның жанына қатты батты», – деп күйінде Ералинов.

Облыстық прокуратураның жауабынан кейін Бекжан Ералинов сотқа арыз жазатынын хабарлады.

«Ал прокуратуранікі сөгіс беріп құтылу. Олар тым болмаса сол зиратқа барып көрді ме екен? Рұқсатсыз ішіне кіргені, үстімен жүргені вандализм емес пе? Оны тіпті ескермеген бе? Әкімдікке барғанда «болған іс болды ғой» деп жас жігіттер айтып жатқанда бәрі түсінікті болды. Заңда ондай жоқ деп. Моральдық жағын тіпті ескермеген. Енді президент істері жөніндегі басқармаға өтініш жібердім. Енді сотқа арыз жазамыз», – деп күйінді Ералинов.

Ескі зираттардың басына қойған ағаштар мүжіліп, уақыт өте үгітіліп кетуі мүмкін. Ал төмпешік болып тұрған зират бара-бара шөгіп кетеді. Сондықтан қазақ зираттар мен ескі қорымдарға кірмеген. Егер біреу осы қағазға жазылмаған дала заңын бұзса, «аруақты қорлама» дейтін. Дардай-дардай азаматтар мазардың айналасында өздері ғана жүріп қоймай, көліктер кіргізгенін «білместік» деп айтуға бола ма? Оны оқырманның еншісіне қалдырдық.

Orda.kz осы жағдайды ары қарай бақылап, ақпарат таратып отырады.




Жаңалықтар

барлық жаңалықтар