Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Мектеп-интернаттағы ахуал

cover

Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Гранитогорск ауылында орналасқан «Көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернат» ұжымының арасында кикілжің бар екені айтылды. Әлеуметтік желілерде «жұмыс орнын 300 мың теңгеге бағалап, оны басқаларға сатып отырды» деген ақпарат тарай бастады.

Оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін Orda.kz редакциясының тілшісі ретінде қазақ-қырғыз арасындағы шекаралас аймақта орналасқан Жамбыл облысы Меркі ауданы Гранитогорск ауылына бардым.

Желіде желдей ескен ақпараттарға сәйкес, жаңа мектеп интернатта балаларға бөлінген қаржы дұрыс игерілмеген. Қыста жылу беретін көмір сатып алынбаған және мектептегі күрделі жөндеуді мекеме қызметкерлері жүргізді деген уәждер де жазылған.  Сондай-ақ, екі ортада ағылып жатқан арыздар саны да аз емес.

Мектеп-интернат осыдан 60-70 жыл уақыт бұрын негізі шипажай жұмысын атқаратын мекеме ретінде ашылған. Балалар саны азайған соң интернат болып, жағдайы төмен отбасыларға берілген. Қазір мұғалімдер мен директор арасындағы жанжалдың кесірінен мектеп ішіндегі жағдай тұрақсыз.

Мектепке кіргенде мекеме қызметкерлері «Неге келдіңіз? Не істеп жүрсіз?» деп сұрақтың астына алды. Комиссия мүшелерінің қатарына кіргендіктен, мекемеге кіргізуге мәжбүр болды. Комиссия мүшесі екенімді айтып, мектепті аралап шықтым. Есік алдында мемлекеттік қызметтік көліктердің тұрғаны жағдайды естіп, облыстан басшылар келді деген ой қалдырды.

Оқу ғимаратын аралай бастағанда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жамилә Бекбатырова, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Берік Бегалиев және мектеп әкімшілігі кездесті. Олар әрбір сыныпқа кіріп балалармен сөйлесіп, мектептің ахуалымен танысты.

Мектеп асханасының жағдайын білуге арнайы кіріп, асхана қызметкерлерінен «бәрі жақсы, ешкім аш жүрген жоқ» деген ақпарат алдым. Бейнежазбада көрсетілген бөлменің едені сырланған, келетін тексеріске дайындық жасалғаны байқалады.

Төбесінен су ағады деген мектепті өз көзіммен көру үшін жатын орындардың шатырына шықтым. Шатырдан су ағатындай жерлер көрінбейді. Шенеуніктер мектеп-интернаттың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасарына тапсырма берді. Мектепте еңбекке баулитын жылыжай да, басқа да қолдан жасалынған жұмыстар жоқтығы айтылды.

Директор: Менің кінәм жоқ

Шенеуніктерді шығарып салғаннан кейін мектеп директоры Данара Елемесова сұрақтарға жауап берді. Директордың айтуынша шағымда айтылғандай ешқандай кене, құмырсқа жоқ. Арыз, шағымдардың бір жылдан астам уақыт бойы келіп жатқанын айтқан директор дәлел жоқ екенін жеткізді.

Қазір тергеу ісі аяқталып, сотқа жөнелтілмек. Директордың сөзін оның орынбасары қолдап, қосылатындығын білдірді. Мектептегі жөндеуге бөлінген қаражатты жымқырды деген айып бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп, ақпарат толықтай дәлелденбеген. Осы орайда кіші қызметкерлер әктеу және сырлау жұмыстарын жүргізгендіктерін айтты.

– Бұл ақпаратпен келіспеймін. Балалардың жатын орнында ешқандай кенелер мен құмырсқалар жоқ. Кеше аудандық әкімнің орынбасары келіп көрді. Ол кісілер келгені туралы ақпаратты әлеуметтік желіде жариялады. Мектеп пен жатақханада жылу жүйесі жақсы. Биыл жаңа модульдық қазандық келеді. Ол бксқа да жылу жүйелерімен бірге газға қосылады, - деді директор.

Сондай-ақ, жұмысқа кіргізу үшін пара алады деген айыпқа байланысты директор өз пікірін білдірді. Айтуынша, бұл жала.

– Жоқ. Бұл ақпаратпен келіспеймін. Себебі, мен ешкімнен ақша алған жоқпын. Мұндай мазмұндағы арыздың жазылып келе жатқанына бір жылдан асты. Арыз жазғандардың қатарында толық ұжым жоқ. Ұйымдастырып отырған 3-4 мұғалім, - деді Данара Елемесова.

Мектеп директорымен сөйлесіп отырғанда ата-аналардың балаларымен  кездесуге келгенін байқадым. Директор құжаттарын дайындауға кеткенінде балаларын көруге келген Ержан Шабралиевпен сөйлестім. Ержан Шабралиевтің үлкен баласы осы мектепті бітірген екен. Ал, қазір екі қызы оқуда. Айтуынша, қыздары еш уақытта «қарным аш» деп хабарласпаған.

Үш балам осындай оқиды. Интернат жаман емес, балаларым маған хабарласып, «аш жүрміз» деп айтқан емес, - дейді оқушылардың ата-анасының бірі Шабралиев Ержан.

Даудың басы қайда?

Мектеп ұстаздарын әңгімеге тартқанымда олар жеке сөйлеспейтінін айтты. Тек ұжым ретінде пікір білдіреміз деген ұстаздар қауымы бір кабинетке жиналып бар жағдайды жайып салды. Мектеп ұжымы Жамбыл облысы әкімдігі еңбек инспекциясына шағым білдірген. Негізгі себеп – жалақының дұрыс есептелмеуі.

Инспекцияның түсіндірмесінде 2020 жылдың наурыз айындағы жалақылары дұрыс есептелмеген. Жергілікті бюджет есебінен төленетін жалақыларынан 2020 жылдың каңтар, ақпан айында ұсталатын жеке табыс салығы ұсталмаған. Жалақыдан ұсталмаған жеке табыс салығы осы жылдың мамыр айында өз келiсiмдерiмен ұсталғаны белгілі болды. Алайда қаңтар, ақпан айында ұсталуы тиіс жеке табыс салығы мамыр айында ұсталғанда тиісті сомадан артық болып кеткен.

Жалақыны уақтылы және толық көлемде телемеу Қазақстан Республикасынын Еңбек кодексiнiн 113 бабының 1,3 тармағын бұзу болып табылады. Тексеру барысында анықталған заң бұзушылыкты жою туралы жұмыс берушіге 1 нұсқама беріліп, заңды тұлға 60 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Біз сенуден қалдық

Бас көтерген ұжым мүшелері комиссияларға сенбейтіндіктерін баса айтты. Себебі, бұл жағдай екінші жылға жалғасқан. «Нақты дәлелденсе де, жауаптылар әлі қызметте отыр» дейді.

Директордың дөрекі сөйлеуі қатаң сөгіспен ғана шешілген және жалақыны дұрыс есептемеуі әкімшілік жауапкершілік ретінде ғана қаралған. Комиссияға айтылған уәждердің жауабы мен қорытындысы туралы есеп болмайтыны мәлім болған. Ұстаздардың айтуынша, сұхбаттасуға келген прокуратура қызметкерлері камераға түсірмей тұрып дөрекі сөйлеген. Кейін камера қосылған соң өзгеріп шыға келген.  

Мектептегі көзге көрінген кемшіліктер

Мектеп шатыры кептерлердің мекеніне айналған. Ал кептер бар жерге түрлі жәндіктердің қоса келетіндігі бәрімізге мәлім. Балалар жататын корпуста кептерлердің болмағаны дұрыс болар. Сапасыз жабылған шатырдан су ағып, балаларға ыңғайсыздық тудырады.

Мектепте қоқыс жәшіктері жоқ. Бәрін бір жерге жинап қоятыны байқалды. Ас мәзіріне сәйкес, мектеп асханасындағы бесін аста берілетін «вафлидің» орнына «печенье» беріліп отыр. Тағы бір кемшілік, асханада тамақтың дәмін келтіретін арнайы үлгідегі тағамдар мен олардың салмағын өлшейтін таразылар жоқ болып шықты. Айта кетейік, осы айтылған мәселелердің бәрі әкімдіктің жанынан құрылған арнайы комиссияға жеткізілді.

Даулы мектептің мәселесі әрі қарай да Orda.kz редакциясының бақылауында болмақ.

Автор: Исламбек Дастан

Жандос Мәдениет

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар