Жазушылар одағындағы дау: Дәулеткерей Кәпұлына қарсы неге қол жиналды?
Қазақстан Жазушылар одағы биыл ақпан айынан бастап одақтың басқа қалалардағы филиалдарын жапты. Тек Астанадағы филиалдың басшысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы филиалды жабудан бас тартып, бүгінге дейін өз қызметін жалғастыра берген еді. Алайда әлеуметтік желілерде ақын-жазушылар шуласып, Дәулеткерей Кәпұлына қарсы «қол жинау» жайлы сөз тарап кетті.
Orda.kz осы мәселе бойынша және филиалдарды жауып, өкілдік қалдыру туралы шешімге қатысты Жазушылар одағына арнайы сауал жолдады.
Әуелі қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алатын ақын-жазушылардың бұл жағдайға наразы болып, парақшаларына жазба қалдырғаны жайлы айта кетсек.
«Жазушылар одағы дауды өзі бастап беріп отыр»
Одақтан 1,5 жыл бұрын шығып кеткен ақын Ақберен Елгезек осы жайлы жазба жариялап, одақтың басқармасы да, төрағасы да филиалдар жайлы шешім қабылдай алмайтынын кесіп айтты. Оның сөзінше бұндай шешім 5 жылда бір, болмаса төтенше жағдайда шақырылатын съезде дауыс беру арқылы қабылданады.
«Жазушылар одағының Мереке Құлкенов бастаған басшылығы дауды жоқ жерден өздері бастап беріп отыр. Мәселе қазіргі басшылықтың Одақ филиалдарын жабу туралы біржақты, ойластырылмаған шешімінде. Неге десеңіздер, Астана сияқты басты, Шымкент сияқты ірі қала мен 17 облыстағы Одақтың филиалдары – бұл сол өңірдегі әдеби ортаның негізгі ұйытқысы, жергілікті билік пен қаламгерлердің ортасын жалғайтын алтын көпір, көптеген шараларды ұйымдастырып, жергілікті қаламгерлердің құқықтарын қорғайтын ұйым. Филиалды жабу және оның басшысына «өкілдік» статусын беру – бұл жергілікті әдеби ортаның дағдарысына ғана алып келмейді, бұл ең алдымен Жазушылар Одағының Республикалық қоғамдық ұйым ретінде әлсіреуіне алып келеді», — деді Ақберен Елгезек.
Сондай-ақ ол филиалдың жабылуына қарсы болған Дәулеткерей Кәпұлына ашық айтпай, филиал басшысына қатысты мәтіні түсініксіз хат жіберіп, астаналық қаламгерлерді арандата бастағанын айтты.
«Дәулеткерейдің бар кінәсі – өзі айрандай ұйытып отырған Астана қаласындағы Одақ филиалының жабылуына қарсылық танытуында боп тұр. Оған қарымта ретінде Одақ басшылығы Дәулеткерейдің өзіне ашық айтпай, филиал басшысына қарсы астыртын хат (мәтіні дым түсініксіз) ұйымдастырып, астаналық қаламгерлерді арандата бастады. Көбісі бұл әрекеттің Дәулеткерейге қарсы емес, Одақтың «жарқын болашағы» үшін жасалған тарихи қадам деп алданып қалған. Өте ұят тірлік!», — деді Ақберен Елгезек.
«Одақ иесі — жазушылар»
Сонымен қатар ол филиалдарды жауып, өкілдік ашу — құқықтық қателік екенін атап өтті.
«Қазіргі Жазушылар одағының басшылығы Одақ филиалдарын жауып, өкілдіктер ашу шешімі арқылы үлкен өрескел құқықтық қателік жасап отыр. Себебі, филиалдарды құру немесе жабу, өкілдік ашу немесе тарату сияқты ұйым өміріндегі аса маңызды шешімді Жазушылар одағы төрағасының жеке әмірімен шешілмейді. Оны шешетін ұйымның ең жоғарғы басқару органы – Съезд! Жазушылар Одағының басты құжаты – оның Жарғысында Жазушылар Одағы Съезінің (Конференцияның) ЕРЕКШЕ ҚҰЗІРЕТІНЕ кіретін нормалар тарауында: «заңнамалық актілермен белгіленген шектерде басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ өз филиалдары мен өкілдіктерін құруға және қызметіне қатысу туралы шешім қабылдау» деген бұлжымайтын норма бар. Яғни, бұл шешімді қабылдауға Съезге ғана айырықша құқық берілген! Ал бұл Жарғы Қазақстан Республикасының 2 бірдей Заңы аясында жасақталған және Жазушылар Одағы да осы 2 заңның шегінде жұмыс істеуге міндетті. Олар – «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заң және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң. Яғни, Жазушылар одағының төрағасы да, оның аппараты да, одақтың хатшылығы да, Басқарма да филиалдар бойынша шешім қабылдай алмайды! Филиалдар мен өкілдіктер туралы шешімді, қайталап айтамын, тек Одақтың барлық мүшелері дауыс беру арқылы 5 жылда бір шақырылатын немесе төтенше жағдайда шақырылатын Съезде ғана қабылдай алады. Жалпы, ұйымды басқаратын адам қашанда өзі басқарып отырған мекеменің Жарғысынан бір қадам оңға я солға аттамауы тиіс. Өйткені ол Съезд сайлаған менеджер ғана, ол Одақтың иесі емес! Одақтың иесі – сол Одақтың мүшелері, яғни, жазушылар», — деді Ақберен Елгезек.
«Теңдей қарау керек!»
Сондай-ақ ол одақ тарапынан менмендік көріп отырғанын айтып, таланттарды жерге, елге бөлмей қарау керегін айтты.
«Хатшылық (11 адам толық дауыс беру арқылы! Дәулеткерей ол хатшылықтың құрамында бар) филиалдарды тарату бойынша бұйрық шығарып, жаңадан құрылған өкілдіктер туралы бөлек Ереже жасақтап, барлық филиалдардың басшыларына жазбаша ескерту жіберіп, өкілдіктерін құрып, оларды жергілікті Әділет органдарына қайтадан тіркейді. Басқаша болған жағдайда, «мен осы Одақтың басшысымын, өзім білем!» дегенге ғана саятын менмендікке толы сауатсыз әрекет болып шығады. Ондай шешімді Съезд қабылдамаған, кейінгі алгоритм туралы сөз айтпаса да болады. Ал осындай «жеке пәрменмен» қабылданған бұл шешімге одақтың барлық облыстардағы қаламгерлер үндемесе де, іштей келіспей отыр деп ойлаймын. Келіссе де, ол заңсыз келісім болар еді. Енді бұл мәселенің моральдік жағы бар. Одақ басшысы ұйымның ішін алатайдай бүлдіріп, елді жүзге, жерге, тіпті таланттардың деңгейлеріне бөлмей, ұйымның әр мүшесіне бірдей, тең қарау керек. Және үнемі жарғақ құлағы жастыққа тимей, сол Одақтың мүшелерінің құқығын қорғауға (өйткені кез келген кәсіби ұйым сол үшін құрылады ғой!), олардың мүдделеріне сай әрекет етуге, қаламгерлерге шығармашылық, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жағдай жасап, көмектесуге тиіс. Қазір өкінішке қарай, біз қазіргі басшылықтың жұмысынан ондай тиісті, оң әрекеттің орнына алалау, кеудеден итеру, менмендікті қана көріп отырмыз», — деді Ақберен Елгезек өз жазбасында.
Кейіннен Ақберен Елгезек «Sadaq media»-ға берген сұхбатында сөз қозғады.
Ал Orda.kz жолдаған арнайы сауалға Жазушылар одағы жауап қайтармады.
Бұл мәселеге қатысты әдебиетші Амангелді Кеңшілікұлы да сөз қозғады.
Ол өзінің жазбасында Дәулеткерей Кәпұлының елордада тұратын қаламгерлердің қамын ойлап, тыным таппай тер төгіп жатқанын көріп жүргенін жазды. Ол шаралардың бәріне Дәулеткерей Кәпұлының жүгіріп, көп жағдайда қаржыны да өзі тауып, қолынан келгенше сый-сияпатын жасағанын да атап өтті.
«Менің ойымша оны орнынан алып тастау әділетке қиянат болады. Құдайға шүкір, қазақта мықты ақындар көп. Бірақ мықты менеджерлер өте аз. Мықты менеджер болу, екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл бір. Екіншіден, Дәулеткерейді орнынан алып тастаса, бұл оқиға алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілердің арасына сызат түсіреді. Саяси биліктің оған жол бермегені дұрыс. Қаламгерлердің наразылық көңіл-күйі халыққа беріліп, отқа май құйғандай боламыз. Мен бұған қарсымын. Көзқарасымыз әр түрлі болғанына қарамастан ұрпақтар арасында сыйластық пен сабақтастық болуы тиіс. Данышпан халқымыз «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса — төбедегі келеді» дегенді бекер айтпаған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, мәселені ұшықтырып, саясиландыра бермей, демократиялық жолмен, ақылдасып шешкен ғанибет», — деді Амангелді Кеңшілікұлы.
Дәулеткерей Кәпұлына хабарласқанымызда ол өз пікір айтудан бас тартты.
Еске сала кетсек, Orda.kz бұған дейін Жазушылар одағында «оппозиционер» Әміржан Қосановтың штаттан тыс кеңесші екенін жазған болатын. Одақ басшысы болса «жазушы оппозиция болмауы керек» деген сөзді айтқан еді.
Жаңалықтар
- Шавкат Рахмонов пен Ян Гарри жекпе-жегі
- Елімізде байланыс қызметі тарифтері жыл соңына дейін өзгермейді - Цифрлық даму министрлігі
- Тоқаев Доха форумы конференциясының ашылу салтанатының құрметті қонағы
- Түркияның бұрынғы Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ Бас хатшысы қызметіне тағайындалды
- Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұрады
- Полиция тексеру бастады: Алматыда намаз оқу үшін көшені жапты
- Катарда Сирия бойынша Астана форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді
- 8-сынып оқушысының өліміне қатысты екі оқушы сотталды
- «Маңғыстаумұнайгазға» жаңа бас директор тағайындалды
- Бұрынғы спорт министрінің ағасы жұдырық ала жүгірді
- Тоқаев Катарға жұмыс сапарымен барды
- Алматының сейсмикалық қауіпсіздігіне 14 миллиард жұмсалады
- Әскердегі сержанттың озбырлығы сау жігітті жындыханаға аттандырды
- Туған шешесін баспанасыз қалдырмақшы болған
- Шерзат Полаттың өлімінен кейін қызметінен босатылған вице-министр көлік полициясын басқарды
- Тергеу абақтысы қызметкерін бір жапырақ нан үшін жазалады
- Қазақстан гүлденген 50 елдің қатарына енді
- «Билікті басып алуға тырысқан» кәсіпкер сотта мойнын тіліп жіберді
- «Қыз алып қаштым»: Депутаттар сексизмнен феминизмге қалай ауысты?
- Қор нарығында доллар бірден 9,31 теңгеге арзандады