«Оппозиционерді» кеңесші етіп алған Жазушылар одағы енді не дейді?

cover Коллаж Orda.kz

2019 жылы ҚР президентін сайлауда оппозиция өкілі ретінде танылған Әміржан Қосанов қазіргі кезде Жазушылар одағының штаттан тыс кеңесшісі болып отыр. Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болып сайланған соң, мінберде тұрып «Ешқашан біздің жазушылар оппозиция болмайды деп есептеймін. Болмауы керек деп есептеймін. Өйткені оппозиция деген сөз – мемлекеттің басшысына қарсы болу деген сөз. Мен оған келісе алмаймын» деді. 

Осы ретте бір заңды сұрақ туады: Әміржан Қосанов өз позициясын өзгертті ме? Әлде одақ төрағасы пікірін өзгертті ме?

Orda.kz елдің бүтін бір руханиятының ошағы болып отырған Жазушылар одағындағы әрбір шешімі маңызды болған соң, осы мәселенің мән-жайын сұрастырды.

Біз Әміржан Қосановқа, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновке, сондай-ақ оппозиция ретінде пікір білдіріп, қоғам шындығын өз шығармаларында көрсетіп жүрген бірқатар жазушыларға хабарластық.

 

«Оппозиция болмау деген — мәмілеге келу деген сөз»

ҚЖО Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек «жазушы оппозиционер болмауы керек» деген сөзді дұрыс түсіну керегін айтты. Оның сөзінше көбі оппозиция сөзіне тек саяси тұрғыдан қарайды. 

«Бұл жерде біз билікпен мәмілеге келіп жұмыс істейік деген дүние. Яғни, жазушылардың мүддесін көздеу мақсатында айтылған дүние. Оны апарып бұрмалап, ашығы керек сол кезде бір біздің Жазушылар одағының мүшелері осы сөз үшін, осы сөздің мәніне терең бармай жатып, жазушылар одағының мүшелігінен шығып та кетті. Олар шығып кетті екен деп жазушылар одағының ешқандай қабырғасы қирап қалған жоқ. Бәрібір 90 жылдық тарихы бар Жазушылар одағы әлі орнында тұр. Ол өздерінің еркіндегі дүние. Бірақ сөздің мәнісіне жете бойламай жатып, оны түсінбей жатып, осындай әрекетке бару ұшқалақ ұшқары көзқарас деп ойлаймын. Мереке Құлкеновтің ол сөзі қарсы болмау керек деген сөз емес. Мәмілеге келу деген дүние. Бұл Жазушылар одағының төрағасы болған адам бірінші кезекте не істейді? Айналып келгенде біздің мыңдаған мүшеміз бар. Бірінші сол мыңдаған мүшенің мүддесіне қызмет жасайды. Қазақстан Жазушылар одағы — қоғамдық, шығармашылық ұйым. Сол үшін ол кез-келген саламен бірлікке келіп, тіл табысып жұмыс істеуі керек», — деді Ғалым Қалибек.

«Әміржанның кезіндегі оппозициядағы тірлігі кедергі емес»

Жазушылар одағы басқарма төрағасының кеңесшісі болып жүрген Әміржан Қосановтың көзқарасы жайлы сұрағанымызда Ғалым Қалибек оны қазіргі кезде оппозиция бағытында көрмей жүргенін айтты.

«Әміржан жайлы «ол кезінде оппозиционер болған екен, билікке қарсы тұрып, бүгін билікпен тіл табысып жүр екен, Жазушылар одағының қанатының астында екен» деген әңгімелер айтылып жатса, оған жауабымыз мынау. Біріншіден, Қосанов кезінде жұртқа белгілі ақын болған. Оның поэзиясы Қадыр Мырза Әлі сияқты классик ақындардың бағасын алды. Сондай ақын азамат. Кейін жазбай кетті. Бірақ қазір қайтадан әдебиетке келіп жатыр. Екіншіден, сол шығармашылығы болғаны үшін біз оны одаққа мүшелікке қабылдадық. Кеңесші дегенде ол бір штаттағы кеңесші емес. Ол қоғамдық кеңесші болып саналады. Бірақ оның оппозициядағы кезіндегі тірлігі бұған кедергі жасамайды. Қазір оның ешқандай оппозициялық бағытта жүргенін көріп жүрген жоқпыз», — деді Ғалым Қалибек.

«Одақтық халық жағында болғаны маған қастерлі саналатын»

Сондай-ақ, одақтан шығып кеткен, мистикалық жанрда кітап шығарып, сол жанрда шығармаларын жариялап жүрген жазушы Қойшыбек Мүбарак осы мәселе жайында өз пікірін айтты. 

«2019 жылы одаққа мүше болдым. Оған дейін 3 кітабым шықты. Мерзімді басылымдарда біраз шығармаларым жарық көрді. Кешегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына үлес қосқан одақтың істеген айтулы жұмыстары да бар, кемшіліктері де бар. Былайша айтқанда, бір тобы атқарушы биліктің кешегі кеңес заманында да, бүгінгі егемендіктен кейін де билікті жақтап кеткен жерлері көп. Дейтұрғанмен одақтың басшылық тарапынан болсын, санаулы тұлғалардың болсын халықты жақтауы, халықтың сөзін сөйлеуі, халық жағында болғаны маған қастерлі саналатын», — деді Қойшыбек Мүбәрәк.

Жазушылар одағы оның сөзінше, әуелде халық үшін құрылмаған. Ол кезінде одақта ұлы тұлғалар жүргенін соң, қастерлеп мүше болғанын айтты.

«Жазушылар одағы — үкіметтік емес ұйым болғаннан кейін жазушыларды жарылқап тастайтын құзіреті жоқ. Дейтұрғанмен Алматы әкімдігімен бірігіп, әкімдіктен мысалы осы қалада тұратын жазушыларға жылына бір 500 мың теңгеден қаржы беріп тұрды. Одақтың бүгінгі жазушыларға мәдениет министрлігімен бірлесіп, 30 мың тираждай кітап шығарып береді деген тәтті үмітке байлаған «жемі» бар. Ол кітабы енді шығар, бәлкім шықпас. Бірақ жазушы қауым, одақ мүшелері 30 мың тираж деген көлемді дүниені көрген кезде, одақ не десе, сонысына мақұл болып отыр», — деді Қойшыбек Мүбарак.

«Одақтан шығу»

Еске сала кетсек, былтыр одақ төрағасы сайланған Мереке Құлкенов жазушылардың XVI құрылтайында: «жазушылар оппозиция болмайды» деген еді. Оған бірқатар жазушылар қарсы болып, әлеуметтік желілерінде пікір жазды.

Қойшыбек Мүбарак facebook парақшасындағы осы жазбасынан кейін, билетін тапсырып одақтан шығып кетті. Бірқатар жазушылар пікір білдіргенімен артынша жазбаларын өшіріп тастады.

Қойшыбек Мүбарактан одақтан неліктен шығып кеткенін сұрағанымызда, одақ төрағасының оның азамат ретінде жеке позициясына қол сұғуына мүмкіндік бермеу үшін деп жауап берді. Сондай-ақ, ол Жазушылар одағының төрағасын бұрыннан сыйлайтынын, оның Жаңаөзен оқиғасы жайлы ашық пікірін айтқаны үшін сырттай құрметтейтінін айтты.

«Мереке Құлкенов 2011 жылы болған Жаңаөзен оқиғасы кезінде жүрген адам. Көзқарасын білдірген бірден-бір жазушы болып еді. «Өлке» деген баспасы болды. Сол баспада қаншама дүние жарыққа шықты. Соның бәрін көргенде сырттай сыйлап, құрмет тұтып жүретінмін. Одаққа төрағалық ететіндей жастардан болсын, үлкендерден болсын, біраз үміткерлер болды. Соның ішінен бәрін қайырып қойып, Мереке Құлкенов жеке шықты. Жақсы, шыға берсін. Онда біздің шаруамыз жоқ. Кім болса да, одақты жеке бір адам қалтасына салып әкете алмайды. Мерзімді бір 5 жыл ма, 10 жыл ма, тіпті Оразалин секілді 30 жыл отырып басқара ма? Қалай басқарса да сондай бір уақытша кезеңмен ғана басқара алады», — деді Қойшыбек Мүбарак.

«Одақ өз қасиетін сақтауы керек»

Жазушы Қойшыбек Мүбарактан одақтан не себепті кетіп қалғанын сұрадық. Ол өзін оппозиционер емес, азаматтық қоғамның мүшесі деп атады. Сондай-ақ, оппозиционер болу болмауды өзі шешуі керек екенін айтты. 

«Одақ төрағасын тағайындау кезінде одақтың 800-ге тарта жазушысы болды, талай марғасқалар отырды. Тіпті сол жерде оппозициялық көзқараста жүргендер де отырды. Солардың ішінде күңкілдеп ой айтқандары болған шығар. Дейтұрғанмен ешкімнің ашық қарсылық білдірмегенін көрген кезде, «одақ және одақтың мүшелері соған өз пікірін білдіре алмайтын болса, онда бұл одақта менің қалуымның қажеті жоқ» деп билетімді апарып тапсырдым. Былайша айтқанда, менің жеке азаматтық көзқарасыма жазушылар одағының төрағасы қол сұққысы келді. Соған қол сұқтырмай, өзімнің еркін ойымда қалу үшін одақтан кетіп қалдым», — деді Қойшыбек Мүбарак.

Жазушы Қойшыбек Мүбарак Әміржан Қосановтың 2019 жылы оппозиционермін деп сайлауға қатысқан кезде оны қолдағанын айтты. 

«Әміржан Қосановтың «Біздің қоғамға бір өзгеріс әкелемін, қоғам бір қалыпта тұрмауы керек, дамуы керек өзгеріс болса жасаймын» деген сөзіне қарап мен де қолдағанмын. Оның ең бір басты қателігі — сайлау нәтижесі шықпай тұрып, алдын ала өзінің қарсыласын қолдауы болды. Ол кезде Қосановтың басында қандай жағдай болғанын білмеймін. Бірақ енді осыған қарап қана Қосановты шынайы оппозиция жолында жүрген адам деп ойлай қоймаймын. Ал сол шынайы оппозиционер болмауының бірден бір дәлелі — одақтың төреғасы «жазушылар оппозиция болмауы керек» десе де сол одаққа мүше болып, кеңесші болып отыруы шығар. Демек, Қосанов өзінің нақты бет-бейнесін Құлкеновтің сондай көзқарасына қарамай, қасына барып қосылуымен-ақ өзі анықтап берген болуы керек», — деді Қойшыбек Мүбарак.

«Қазаққа болсын деген дүниенің бәрін жасап жатырмыз»

Біз одақтың төрағасынан осы даулы мәселеге қатысты пікірін сұрадық. Мереке Құлкенов қазір мемлекетпен стратегиялық әріптес болып жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Осы қазаққа болсын деген дүниенің бәрін жасап жатырмыз. Жазушылар да солай және бүкіл әлемде жазушылар көшеге шығып айқайлап жатқан жоқ. Жазушы оппозициялық пікірін өз шығармаларында көрсетеді. Шығармалары арқылы осы өмірді басқаша өзгертуге тырысады. Осындағы әділетсіздікке, осындағы қатігездікке қарсы шығып жатыр. Көркем шығарма деген солай жазылады ғой. Сондықтан қаламгерлер оппозиционер болмауы керек дегенде менің айтайын дегенім сол еді. Оппозициялық көзқарасы шығармаларында көрініс табуы керек деген сөз»,  — деп түсіндірді Мереке Құлкенов.

«Әміржан Қосановтың көзқарасы өзгерген сияқты»

Төрағадан кеңесшісі Әміржан Қосанов жайлы сұрағанымызда, «оппозициялық көзқарасы қазіргі кезде мүлде өзгерген сияқты» деп жауап берді.

«Әміржан Қосанов оппозиционер болғаны рас. Бірақ қазіргі мақалаларын оқысаңыз, оның оппозициялық көзқарасы мүлдем өзгерген сияқты. Жаңа Қазақстанға деген көзқарасы. Оның үстіне ол ақын, публицист, біздің көп жұмысымызға көмектесіп жүр. Жаңа бағдарламаларға көмектесіп жүр. Сондықтан мен оны өзімнің штаттан тыс кеңесшім етіп алдым», — деді Мереке Құлкенов.

Ал «билетін тапсырып, одақтан шығып кеткен жазушының әрекетін қалай қабылдадыңыз?», — деген сұрағымызға, байсалды түрде қабылдағанын айтып жауап берді.

«Менің сөзімнен кейін одақтан шығып кеткен жазушылардың әрекетін байсалды түрде қабылдадым. Бір адамның бір сөзі үшін кетіп қалса, ондай жазушылар одағының мүшесі маған не үшін керек? Жазушылар одағы деген мың адам. Оның басқармасы бар. 270 адам. Солардың ішінен менің жалғыз өзімнің сөзімді бөліп алып, маған өкпелеп, кетіп қалса, ол өздерінің еркі», — деді Мереке Құлкенов.

Orda.kz Әміржан Қосановқа көзқарасын сұрап хабарласты. 17 тамыз қоңырау шалғанымызда жауапты жазып жіберетінін айтты. Артынша қоңырау көтермеген соң, жауабын ала алмадық. Ал кейбір одақтың жазушылары пікір білдіруден бас тартты.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар