«Жансақтау бөлімінде»: Ақтөбеде суши жеп уланған 8 адам ауруханаға түсті

cover Фото: Pixabay

Ақтөбедегі инфекциялық ауруханаға cушиден уланған 8 адам түсті.

Orda.kz сайтының өңірдегі тілшісі істің мән-жайын анықтады.

Ақтөбелік бір келіншек суши жегеннен кейін жансақтау бөліміне түсті. Ол тез дайындалатын орыннан тапсырыспен тамақ алып жегеннен кейін ес-түссіз құлағанын айтады

Жалпы ауруханаға түскендердің дені «Үш таяқша» тез тамақтану орнынан тапсырыспен тамақ алған. 

«Кеше жансақтау бөліміне түстім. Бүгін палатаға ауыстырды. «Үш таяқша» орталығынан суши алып жеген едім. Өзімді жайсыз сезініп, құладым. Дәрігерлерден сол жерден суши жеген басқа адамдардың да ауруханаға түскенін білдім», — деді ақтөбелік тұрғын.  

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы екі күнде 8 адамның суши жеп инфекциялық ауруханаға түскенін растады. 

«Ауруханаға 8 адам жүгінді. Оның  ішінде 4 ересек адам мен 2 бала ауруханаға жатқызылды. Екі адам ауруханада жатудан бас тартты. Бұл екі күндегі жағдай», деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.  

Дәрігердің айтуынша, ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы қалыпты деп бағаланып отыр. 
«Үш таяқша» тез тамақтану орны да оқиғаның өздеріне қатысты екенін растады. Орталық жұмысты уақытша тоқтатқан.

«Адамдардың уланып қалуы болды. Қазіргі уақытта бізге 3 адам хабарласты. Дәрімен қамтамасыз ететінімізді айттық. Олар бізге ешқандай талап қойған жоқ. Дәл қазіргі уақытта жұмысты уақытша тоқтаттық. Біз күніге 300 тапсырыс аламыз. Бағасы тиімді. Халықтан алғыс алу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Осындай жағдай 1 жыл бұрын болды. Ол кезде тауықтан шықты. Бізде бәрі таза, күніне екі рет балғын өнімдерге тапсырыс береміз. Бір алып қойып, ертеңіне пайдалану деген болмайды. Енді тексеруден кейін белгілі болады», — деді «Үш таяқша» тез тамақтану орталығының әкімшілігі.  

Ал өңір эпидемиологтары жұмыс жүріп жатқанын, ақпарат зерделенген соң берілетінін хабарлады.

Автор: Ардақ Ерубаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар