Жамбылдағы жарылыстан кейін жоғалған Дәуітбаевты кім іздеп жатыр?
Апаттан соң ізім-ғайым жоғалған әскерилерден хабар тосып тұрған туыстары. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Қайнар ауылы. Фото: Күлтегін Аспанұлы
Күлі көкке ұшқан әскери бөлімнің өртке қарсы қорғау және құтқару жұмыстары әскери командасының бастығы, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев әлі іздестіріліп жатыр.
Төрт айдан бері хабар-ошарсыз жоғалған жауынгердің әкесі Талғат Дәуітбайұлы тұтқаның арғы жағынан ұлы табылмайынша, үміт үзбейтінін қоңыр үнмен жеткізді.
– Іздеуін іздеп жатыр. Әскер, полицей, керек адамдардың бәрін беріп жатыр. Күн де ары-бері шапқылас. Іштен еш хабар болмады. Топырағын сүзіп-елеп, тексерілгенін сыртқа тасып жатыр. Әзірге дерек жоқ. Біршама топырақ қалды. Өткен аптада осы күнге дейін 800-ден аса камаз топырақ шығарылды деген еді. Топырақ елеуге күн райы да әсер етіп отыр, – дейді Дәуітбаевтың әкесі.
33 жасында із-түзсіз жоғалған оның төрт баласы – бір қыз, үш ұлы бар. Жолдасы бесіншісіне жүкті. «175 гектар аумақтың әр бұрышы мұқият қаралып, бөлшектерді іздеу үшін үйінділер арнайы електен өткізіліп жатыр» делінген ведомство ақпаратында. Алғашында еріктілер мен атты жасақ жұмыла кіріскен іздеу жұмысы қазір біршама саябырсығандай.
Ес-жадынан айырылған күйде тауға қарай бой тасалаған болуы ықтимал деген хабар көптеп келіп түскен. Бірақ ешбірінен нақты із-дерек анықтаудың реті келмеген.
– Көрдік деген хабардың бәрін егжей-тегжейлі қарап жатырмыз. Басы басталады, аяғы жоқ. Біреу көрдім, осыған ұқсайды дейді де бажайлап тексерсеқ, ештеңе шықпайды. Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасының Тараз қаласындағы мекемесі айналысып жатыр. Қажетіне қарай әр жерден шыққан күмәнді болжамды қарап-тексеруге 150 сарбаз, қасына 40-50 шақты полицей береді. Жауапты мамандар іздеуді тоқтатпаймыз, тапқанша іздейміз деген, – дейді іздеудегі сарбаздың әкесі.
Қорғаныс вице-министрі, генерал-майор Мұхамеджан Таласов редакцияға берген жауабында іздестіру жұмысы жалғасып жатқанын, әзірге еш дерек табылмағанын растады.
– Бүгінгі таңда іздестіру жұмыстары әскери бөлімнің аумағында және одан тыс жерлерде де жүріп жатыр. Бұған Қарулы Күштердің әскери қызметшілерінен өзге, Жамбыл облысы Полиция департаменті мен Ұлттық гвардияның қызметкері жұмылдырылды. Қандай да бір нәтижеге жеткенше іздейміз, – деп мәлімдеді ол.
Ресми дерекке қарағанда, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының инженерлік-саперлік және басқа да бөлімшелерінің әскери қызметшілерінен тұратын арнайы іздестіру жасағы жұмыс істеген. Іздестіру және әскери бөлімді оқ-дәрі қалдықтарынан тазарту үшін 400-ге жуық әскери, 50-ден аса автокөлік пен арнайы техника жұмылдырылған. Облыстың ІІД Кинологиялық қызметінің және Ұлан әскери бөлімінің (иісшіл иттермен жұмыс істейтін) мамандары тартылған. Тау-қорықшылық бөлімшесінің атпен патрульдеу тобы, ұшу аппараттары тау бөктері мен жоталарда іздестірген.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Асқарұлының тілшіге айтуынша, жауынгер табылмаған жағдайда немесе Дәуітбаевтар отбасы іздестіру жұмысынан бас тартпайынша, мемлекеттік жәрдемақы берілмейді.
– 15 млн теңге мемлекеттік жәрдемақыны алу үшін отбасы іздестіруден бас тарту жайлы нұсқама беруі қажет. Іздестіруді тоқтатуға келісім берген жағдайда мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Қарулас достары да бір жағына шықпай тоқтатпаймыз деп отыр. Құқықтық тұрғыда осы тәртіп жүзеге асырылады, – дейді әкімдік өкілі.
Қоймаларының түгел дерлігі (110-ы өртенген, 3-еуі аман қалған) бүлінгенәскери бөлім аумағындағы төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары министрліктің «қолда бар қаражаты мен Үкімет резервінен қосымша бөлінген қаражат есебінен жүргізілді».
Бұған дейін, жаздың соңына қарай, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданының №28349 әскери бөлімінде өрт шығып, оқ-дәрі қоймасы жарылған. Апат түні жарылыс ошағына жақын ауылдардан бірнеше мың адам эвакуацияланған, жүзге тарта адам зардап шеккен. Оқиға кезінде және кейін жарақаты салдарынан барлығы 17 адам қаза тапты. 10 адам азаматтық қорғаныс, 6 адам қорғаныс министрлігі, тағы біреуі әскери прокуратура қызметкері. Апатқа байланысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы («Қару-жарақ, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық іс ашылған.
Елді дүрліктірген Байзақ жарылысынан кейін қорғаныс министрі болған бірер жылда екі ірі жарылысты көрген Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті. Қазақстанда әскери нысандарда төтенше жағдай жиі болады. Сарапшылар мұны қорғаныс саласындағы «дағдарыс» ретінде бағалайды, себебін жүйенің тиімді жұмыс істемеуімен түсіндіреді.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық