«Ұмытылған қала»: Арқалық неге қаңырап тұр?

cover Фото: Ольга Ибраева. Orda.kz

Жыл өткен сайын Арқалық қаласының күйі қашып барады. Еңсесі түскен, жол салынбаған, батпаққа батқан қалада,ы жауын-шашын тұрғындардың жағдайын қиындатып жібереді. Резеңке етіксіз жүру мүмкін емес.

Orda.kz тілшісі Арқалыққа барып, тұрғындардан мән-жайды сұрастырып қайтты.

Теміржол Арқалық тіршілігіндегі ең маңызды орын. Қалаға Астанадан және Қостанайдан екі пойыз келеді. Жергілікті таксистер мен шағын автобустар вокзалда ертемен кезек күтеді, пойыз кестесіне үңіледі.

Қала ішіндегі көлік бағасы қымбат. Такси 700-ден 900 теңгеге дейін барады. Қала кішкентай болғандықтан, тұрғындар бұл бағаны тым жоғары деп санайды.

«Дұрысы – ауыр сөмке болмаса, жаяу жүру. Бәрі таяқ тастам жерде. Немесе шағын автобусқа мініп баруға болады, адам басына 80 теңге. Балаларға да 80 теңге, бірақ жеті жасқа дейін тегін», – деді жергілікті тұрғын.

Кезінде Арқалық гүлденген қала болған. Бірақ уақыт өте келе дамымай қалғандай, құдды бір адамдар өткен шақта өмір сүріп жатқандай көрінеді. Жергілікті тұрғындар әлі де: «мұнда кен орны болды, ал мына жерде тоғыз қабатты үй тұрды» деп еске алады. Бірақ қазір бүкіл жерде қаңыраған ғимараттардың қаңқасы тұр.

Бұрын Арқалықта тұтас шағын аудандар болған, соның ішінде 1980 жылдары салынған атақты тоғызыншы аудан. Мұнда үйлер, мектептер, балабақшалар, аурухана, «Қазпошта» мен емхана болды. Бір кездері америкалық технология бойынша үлкен аурухана салынған, мұндай жоба бұрынғы КСРО елдерінің ешбірінде болмаған.

Бірақ, өкінішке қарай, бұл медициналық мекеменің құрылысы аяқталмай қалды.

«1991 жылы Кеңес Одағы ыдырады. Халық бірден көше бастады. Біраз уақыттан кейін үйлерде жарық пен жылу тоқтап қалды. Қыс кезінде пәтерлердегі батареялар қатты аяздан жарылатын. Адамдар құжаттары мен қажетті заттарын ғана алып кетіп жатты. Біз пәтерді тек 2001 жылы тастап кеттік. Алдымен халықтың көшіп жатқанын байқамадық, кейіннен өзіміздің жалғыз қалғанымызды ұқтық», – деді Николай есімді тұрғын.


Ол адамдар жаппай көше бастағаннан кейін, бұрынғы атақты қаланың қалдықтары көз алдында талан-таражға түскенін айтады.

«Үйлерден сатуға болатын нәрсенің барлығын, сантехникадан арматураға дейін алып кететін. Содан тұтас шағын аудандар жойылды. Құрылыс қызу жүріп жатқандай көрінеді, бірақ шын мәнінде, керісінше, бәрін талқандап жатыр. Екі мыңыншы жылдары жылу магистральдарын қаза бастады. Біреулер қолмен қазды, біреулер техника әкелді. Есімде, соңғы рет өз пәтеріме кіргенде, бесінші қабатқа дейін пәтерлердің төбесі жоқ еді. 2017 жылы бүкіл шағын ауданды жермен жексен етті. Жаңа үйлер отыз жылға да жетпей бұзылды», – деп жалғастырды Николай. 

Тоғызыншы шағын ауданның тағдыры жетінші ауданның күйіне түсті. Мұнда коттедждер қалашығын салу жоспарланған, бірақ құрылыс тоқтап қалған.

Бүгінде мұнда тек қираған орындарды көруге болады. Бұл ауданның неге қараусыз қалғанын біз жергілікті әкімнен сұрадық. 

 

«Бұған арналған екі бағдарлама бар, олар бір-біріне сәйкес келмейді. Жарты жыл бойы мамандарымыз осы мәселемен айналысып, жоспарды қоя алмай жатыр. Координаттар сәйкес келмейді, бұл мәселе облыс көлемінде болып жатыр. Биыл құрылыс маусымын жоғалттық. Он күн немесе бір ай ішінде шешеміз деп айта алмаймын, бәлкім, алты айда шешерміз», – дейді Әмірхан Асанов. 

Тұрғындардың басым бөлігі қала орталығында шоғырланған, мұнда ауруханалар, мектептер және дүкендер бар, бірақ олардың жағдайы тым нашар.

Сонымен қатар, Арқалық су тасқынынан да зардап шекті. Бұл қала Қазақстанда алғашқылардың бірі болып су астында қалды. Үкімет зардаптарды жоюға 405 миллион теңге бөлді. Ал кейбір тұрғындар жақында жаңа пәтерлердің кілтін алды. Дегенмен, бұл пәтерлердің бір бөлігі сатылымға шығарылған. Себебі адамдар Астана сияқты қолайлырақ қалаларға көшуге тырысады.

Қаланың жолдары өте нашар. Тұрғындардың айтуынша, өткен жылы бюджеттен басты алаң «Наурызды» қалпына келтіруге, жол мен тас төсемдерді жөндеуге қомақты қаржы бөлінген. Бірақ жөндеу жұмыстары екінші жыл қатарынан аяқталмай тұр. Әкім бұл үшін жауапсыз мердігерді кінәлады.

 

 «Жол бойынша биыл жоспарланған көшелер аяқталуға жақын. Горбачев көшесінде шағын учаске қалды. Ауа райы қолайлы болғанда асфальт төселеді деп ойлаймын», – деді шенеунік. 

Әкім жұмыс аяқталып қалды десе де, қаладан жаңа асфальт ізін іздеп табу қиын. Қала жолдары мынадай күйде: 

Абай көшесіндегі жаяу жүргінші жолдары да осындай. Бірақ әкім оның да екі апта ішінде жөнделетінін айтты.

Жергілікті тұрғындар жөндеу жұмыстары ең қолайсыз уақытта – жаңбыр мен батпақ кезінде жүргізіліп жатқанын айтып шағымданады. Әйгерім есімді тұрғынның айтуынша, сол жердегі ескі тас төсемдер өте нашар. Ескі кедір-бұдыр жол қазір жүруге кедергі келтіреді.

«Жөндеу жұмыстары жақсы. Бірақ қазан айының соңында кім жол жасайды? Сіз де байқадыңыз ғой. Бүкіл қаланы қазып тастады. Көшеде лай балшық, жігіттер тас төсемді жаңбыр астында салып жатыр. Ол енді келесі жылға дейін қалай шыдайды? Жазға жетпей шашылып кетеді ғой. Ақша да, еңбек те босқа кетіп жатыр», – деп наразы болды жергілікті тұрғын. 

Ал жаңа тротуар міне осындай:

Жұмысшылардың айтуынша, жөндеу өткен аптада аяқталған. Дегенмен, тұрғындар жаңарту үшін қанша еңбек етсе де, ол бар іздегендері сәтсіз аяқталып жатыр деп есептейді.

«Су мен жылуға қатысты мәселе жоқ. Уақытында жылу беріледі, су басқа өңірлердегідей ажыратылмайды. Бірақ қаланың сыртқы көрінісі... Сіз өзіңіз көріп тұрсыз, біз әлі Кеңес дәуірінде тұрғандаймыз. Бірдеңе салуға тырысып жатыр, бірақ бәрі тоқтап қалады. Мұнда ешкім көшіп келгісі келмейді», – деді Әйгерім. 

Арқалықта жөндеу жұмыстары жүріп жатса да, өмір тоқтап қалғандай көрінеді. Қанша үміттеніп күтсе де, еш өзгеріс жоқ.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар