Төрт бала ковид кесірінен екі бірдей қамқоршысынан айрылды

cover

Төрт баланың екі бірдей ата-анасы коронавирустық пневмониядан көз жұмды. Балаларды туыстары өз қамқорлығына алды, деп облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Бұл туралы Orda.kz хабарлады.

Қайтыс болған ерлі-зайыптылардың үлкен баласы 9 жаста, кенжесі әлі нәресте. Үш бала туыстарының қамқорлығында, сәби дәрігерлердің бақылауында.

Белгілі болғандай, 1990 және 1989 жылы туған ерлі-зайыптылар Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына ауыр жағдайда келіп түскен. Екеуінде де коронавирустық пневмония асқынып кеткен.

– Дәрігерлер бар күшін салды. Бірақ құтқара алмады. Әйел жүкті болған. Оған кесар тілігі жасалды. Нәрестені аман алып қалды. Кішкентай қыз мамандардың бақылауында жатыр, - деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігі балаларға тиісті көмек көрсетіледі деп уәде етті.

Еске салсақ, Алматы облысы әлі де «қызыл» аймақта.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар