Шымкентте аяусыздықпен ажал құшқан Нұрай Серікбайдың 40 күндік асы берілді
Фото: Orda.kz
Жұртшылықтың жағасын ұстатқан Шымкеттегі 21 жастағы Нұрайдың қазасы қоғамда кең резонанс тудырған болатын. Қайғылы оқиғада бойжеткенді пышақтап өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адам ұсталып қамалды. Нұрайдың туыстары дер кезінде арызға көңіл бөлмеді деп полицейлерді кінәлады. Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Шымкенттегі Нұрайдың өлімінен кейін полиция жұмысына баға беруді тапсырып, біраз қызметкер жұмыстан шықты. Кеше Нұрайдың отбасы оның 40 күндік асын берді. Orda.kz жергілікті тілшісі де асқа қатысып, редакция атынан отбасына көңіл айтты.
Туыстарының сөзінше, Нұрай қауіптеніп жүргенін бірнеше рет айтқан, өзіне келген хабарламаларды дәлел ретінде сақтаған. Дегенмен полицейлердің салғырттығынан қаршадай қыз 11 жерінен пышақ жарақатын алып, қаза болды.
Кісі қолынан қаза тауып, қыршын кеткен қызды еске алуға бүкіл аймақ келді десе де болады. Бір айдан бері қайғыдан қан жұтып отырған отбасыға көңіл айту үшін қарақұрым халық жиналды. Жалғызынан айрылған ата-ана әлі де есеңгіреп отыр.

Еске алу естелігінде экранға Нұрайдың бейнесі шыққанда артында қалған анасы көз жасын тыя алмай, есеңгіреп қалды. Нұрайдың анасы жиналған жұрттың қабырғасын қайыстырып, арнайы шығарған жоқтауын зарлаумен болды...
Сені ойласам қанжылайды жүрегім,
Қайда кеттің бізді тастап бөбегім?
Тәтті күлкің, күлімдеген көздерің,
Жоққа кетті, осы ма еді көрерім?
Сендей қызды Аллам берді қуантып,
Қиындықты ұмыттырды жұбатып.
Көз алдымда қызғалтақтай гүлдеп ең,
Қалай мені тастап кеттің жылатып?
Неткен нәзік, неткен сұлу болып ең,
Тым ерекше, қай әлемнен келіп ең?
Жүрегімнің жұлып кеттің жартысын,
Сенсіз өмір енді қалай сүрем мен?
Сұрағыма жауапты мен таппадым,
Қай адамның ала жібін аттадым?
Аппақ қызым қалайша сен сезбедің,
Мына жауыз жаныңды кеп аларын?
Еркесі едің, үйіміздің сәнііедің,
Жарқыраған өмірімнің мәні едің.
Үйімізді қуанышқа толтырып,
Қуантып алып ұшып кеткен бақ па едің?
Әлпештедім, еркелеттім сені мен,
Бар аналық махаббатты беріп ем.
Мен бақытты, қыз анасы болғанда,
Бір ақ сәтте үзілерін біліп па ем?
Шашыңды иіскеп, маңдайыңнан сүюші ем,
Анашым деп маған қарап күлуші ең.
Енді сені көрмеймін деп ойласам,
Бұдан артық қайғыны мен білуші ма ем?
Нұрай қызым..., Нұрайым менің, алтыным!
Жүзің сенің нұрын шашқан ай күнім.
Гитараңмен шырқап берші әніңді,
Жанға жағар сыңғырлаған бал үнің.
Ақылың да жасыңа сай болмап ед,
Тұла бойың өнерменен тұнған ед.
Періштедей ерекше боп жаралдың,
Нәзік жаның жүректерді жаулап ед.
Арманым еді сені қолдан ұзату,
Жазылмапты келін болып шай құю.
Аппақ көйлек кигіземін деп саған,
Қырық күндік асқа бердім шақыру!
Қош бол ботам, кешір мені жан қызым!
Жарық болып, жанып- өшкен жұлдызым!
Панасында Алланың сен болғайсың,
Таусылған соң бұл жалғанда дәм тұзың!
Анашың. 03.02.2026 жыл.
Асқа Нұрай оқыған Алматыдағы академияның деканы мен кураторы да арнайы келіпті. Ұстазы Нұрайды жалындап тұрған студент ретінде еске алып, көзіне жас ірікті.
«Нұрай өте мінезі жұмсақ, нәзік, мәдениетті, адамгершілігі мол, жақсы қыз еді. Биыл төртінші курсты бітіріп, келесі жылы бесінші курсқа өтейін деп жатқан. Соған жете алмай қалды. Мына жақта группалас қыздары да келіп отыр. Бәріміз қатты қайғырдық», — деді Нұрайдың кураторы Сәуле Нұрбай.
Жантүршігерлік қылмыс 11 қаңтар күні қас қарайғанда Шымкентте болған еді. Қаладағы көпқабатты үйлердің алдында қанға боялған бойжеткеннің мәйіті табылды. Сансыз жарақаттан тіл тартпай кеткен 21 жастағы марқұм Нұрай Серікбай болатын.
«Нұрай мектепті алтын белгімен тәмамдап, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясына дизайн фокультетіне грантқа түсті. 4 жыл бойы оқу үлгерімі жоғары деңгейде болды. Сонымен қатар студенттік іс-шараларға белсенді қатысатын санаулы студенттердің бірі еді. Ауыр, өте ауыр жағдай. Бұл біздің оқу ордасы үшін орны толмас қайғы», — деді Нұрай оқыған факультеттің деканы Тұрар Ұзақбаев.
Еске салсақ, президент сынынан кейін Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу ауқымы кеңейді. Күдікті азаматқа қатысты іс бастапқыда «Адам өлтіру» бабы бойынша қозғалғанымен, қазір «Аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабымен сараланады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл бап 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Авторы: Назерке Еркінбекқызы, Шымкент
Жаңалықтар
- Әнші Гүлнәр Сиқымбаеваның жалғыз ұлы әлі табылмады: Жұбайы «Бармысың, бауырымға» жүгінді
- Президент ШҚО әкіміне инвестиция тартып, өңірдегі туризмді дамытуды тапсырды
- Қазақстандықтардың жартысы 340 мың теңгеден аз жалақы алады
- Француздардың контейнер кемесі соғыс басталғалы алғаш рет Ормуз бұғазынан сәтті өтті
- Сақал – сән емес, салмақ: Қазақтағы сақал-мұрт қоюдың мәні мен міндеті
- «Кеген–Нарынқол» трассасында жолды су шайып кетті
- 240 мыңнан астам мұғалім ЖИ қолданып үйренді: Тоқаев Сүлейменоваға міндет жүктеді
- Ақтөбе облысында жұртты қорқытып, бопсалап келген қылмыстық топ ұсталды
- Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омар 6 жылға сотталды
- Никаб киюге шектеу: Заң қалай жұмыс істеп жатыр?
- Президент өкімімен әскери қолбасшылар тағайындалды
- Алматыда жасөспірімдерге тиісіп, көшені шулатқан тәжік балалары ұсталды
- Мәскеу — Челябі бағытымен жүретін пойыздың жеті вагоны рельстен шығып кетті
- Иран АҚШ-тың нысанаға алынуы мүмкін кемелерінің тізімін жасады
- 200 млн-ға жуық заңсыз табыс: Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырған бір топ адамға үкім шықты
- Жамбыл облысында сарбаздың қазасына қатысты командирді тергеу аяқталды
- Трамп Макронның әйелімен қарым-қатынасы туралы әзілдеймін деп сынның астында қалды
- Ғашықтар туралы қазақстандық үздік 5 фильм
- «Менде оны үлгі тұттым»: Дмитрий Бивол Головкинмен кездесуі туралы айтып берді
- Шымкентте буллингке қатысты 400-ден астам шағым түсіп, кейбір директорлар жұмыстан қуылды