Шерзаттың сотындағы дау: Айыпталушы Дархан Әскентай Шерзат қолына кастет киіп соққы жасағанын айтты

cover Фото: Orda.kz

 Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Бүгін сотталушылар жауап береді. Бірінші болып Дархан Әскентай сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Нұрғанаттың қолында мылтық болғанын, марқұм Шерзаттың оны ұрғанын алға тартты. Сотта адвокат пен прокурор сөзге келіп қалды. Себебі бұған дейін Шерзат ұрды деп келген Дархан Әскентай бүгін оның қолында кастет болғанын айтып, ауыр соққы алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Бірінші болып Дархан Әскентай жауап берді. Еске сала кетейік, ол осы төбелестің болуына себепші болған күдіктінің бірі. Әскентай 293-бап 3-бөлігі, яғни «Бұзақылық» бойынша айыпталып жатыр.

Оның мүддесін қорғаушы Мәулен Ержанов: «Сотқа дейінгі берген сұрақ жауаптарыңызбен келісесіз бе?» деген сұраққа: «Толық келіспеймін», - деп жауап берді.

Ол әуелде берген жауабын нақты білмейтінін, қысым көргенін айтты.

«Мен ұсталған кезде маған және қасымдағы жігіттерге қысым көрсетілді. Біз бір күн бойы кабинетен кабинетке сүйреп, сұрақ қойып, боқтап артынан тек адвокатпен көрісердің алдында ғана маған сұрақ-жауапқа қол қойдырып алды. Шынымды айтсам, соққы алғанның әсерінен не айтып, не қойғанымды нақты білмеймін», — деді Дархан Әскентай. 

Сонымен қатар ол оқиға болған түні “Қамажай” дүкеніне барып сыра мен темекі алып 1000 теңге қолма қол ақша, 1000 теңге аударып жіберемін деп келіскенін және бұрын-соңды Нұрымов пен Ғайыпбаевты көрмегенін айтты.

«Мен сыра алған кезде телефонымның қуаты өшіп қалған соң, Қаржаубайдан телефонымды қуаттағышқа қойып беруін сұрадым, ол қойып берді. Мен дүкеннің алдында күтіп отырғанда маған телефонға біреу хабарласып жатқанын айтты.  Сол арада Шерзат келіп “сен менің әкеме бірдеңе айттың ба, деп қолындағы темір кастетпен көзіме ұрды. Артынан Қаржаубай шығып, салқын сумен көзімді жуды. Ол бала қылшылдап тұрған, денелі болды. Мен оның анасын боқтамадым, боқтайтындай жағдайым да болмады. Сосын мен Тоқтаубаев Нұрболға қоңырау шалып, мені алып кетші деп айттым», — деді Дархан Әскентай.  

Дархан Әскентай Қаржаубайдың 2 рет пышақпен оқталғанын айтты. 

«Тоқтаубаев келіп менің жағдайымды көрген соң, неге жедел жәрдем шақырмайсыңдар деді. Сол арада жігіттер дүкен алдында тұрған кезімізде Қаржаубай екі рет пышақпен шықты. Ар жағында Шерзаттың да бір екі достары келді. Сол кезде Тоқтаубаев ақшаңызды бір емес екі рет төледік, чегіңізді де көрсеттік деді. Бірақ ол мені орысшалап шешемнен боқтады. Қаржаубай аузына келгенін айтып, балағаттады. Сол арада Шерзат әкесін сабырға шақырып жатты. Сосын мен Қаржаубайға мәселе ақшада емес, сіздің балаңыз өзімен өзі себепсіз ұрып жіберді дедім. Мен басқа жігіттерді шақырған жоқпын, олар аяқ астынан дүкен алдына келді. Сол кезде олар Нұрболдан: «Не істеп жүрсің?» дегенде біз: «Бәрі жақсы, сөйлесіп шешіп жатырмыз» деп келісіп тұрғанда. Шерзат сол келген жігіттердің бірін ұрып жіберді де, төбелес басталып кетті. Сол кезде қарудың дауысы шықты. «Тоқтаңдар, атам, атам» деген дауыс шығып жатты. Сол кезде Нұрбол маған: «көлікке отыр» деп айтты. Біз көлікке мініп,  кетіп қалдық. Әу баста Шерзаттан соққы алған соң ары қарайғы төбелеске араласуға да шамам болған жоқ», — деді Дархан Әскентай.   

Сонымен қатар Дархан Нұрқияс пен Равильді бұрын соңды көрмегенін, білмейтінін айтты. Сондай ақ ол Нұрғанаттың қолында мылтық болғанын, ататынын айтып қорқытқанын мәлімдеді. 

«Қаржаубай мен Шерзат екеуі мені ұрды. Көзімнен қан ағып тұрғанда ешқандай жедел жәрдем шақырмады. Әрі ақшаны толық төлемедің деп жала жапты», — деді Дархан Әскентай.   

Прокурор Дана Сәрсенбай мен Дархан Әскентайдың қорғаушысы Қалтаеваның арасында келіспеушілік болды. Судья екеуіне де соңғы рет ескерту жасады. Оған себеп — Шерзат соққы жасағанда қолында кастет бар деген ақпарат не тергеуде, не 10 рет алынған жауап та да бірде бір рет айтылмаған. Прокурор осыны алға тартты, ал қорғаушысы прокурорды қысым көрсетіп жатыр деп айтты.

[media=https://www.youtube.com/watch?v=HDZmiJhq-O0]

Кешегі сот отырысында оқиға орнына кейін келген куәгер жігіттер сөз сөйлеген еді. Олар Шерзаттың достарын көргенін, бірінің басынан қан ағып тұрғанын баяндап берді.

Бұған дейінгі сотта тілшілеріміз үзіліс кезінде адвокаттардан хуторлықтар мен Чика деген лақап аты бар азамат жайлы сұраған еді. «Делайте» деп бұйрық берген Чика деген лақап аты бар адам сотта куәгер болып жауап берді. 

Бұған дейінгі сот отырысында басты куәгер әрі жәбірленуші, марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов куәлік берді. Ол «хуторлық» жігіттерден жұрт сескенетінін, бұрындары көршілерін өлтіріп кеткенін баяндады.

Еске сала кетсек, 28 сәуір күні өткен сот отырысында Нұрбекова оқиға кезінде телефонға түсіріп тұрған әйелдің марқұмның әжесі Жұмабике Қадырова екенін мәлімдеген болатын. Оның сөздері бір-біріне қайшы болған соң, жәбірленуші тараптың адвокаттары оның дәрежесі куәгерден күдіктіге ауысуы мүмкін екенін айтты.

Өткен сот отырысында әжесі Жұмабике жұмыстан келгенде топ болып жабылып жатқан адамдарды көргенін, Шерзатқа ұмтылған анасын екі ер адам ұстап тұрғанын байқағанын айтты. Шерзаттың анасы  Гүлбара Бишімбиева да тура сол жағдайды баяндады. Сонымен қатар осы істе куә болған екі қыздың өзіне тас атқанын және бұзақылардың бірінің қолынан мылтық көргенін баяндап берді.

Еске сала кетсек, Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубаймен, ұлы Шерзатпен және ағасы Нұрғанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат қаза болды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

9 желтоқсан күні таңертең жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі марқұм Шерзаттың зиратының қасынан табылды.

Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты оқиғаның егжей-тегжейін мына репортаждан оқи аласыз.

Еске сала кетсек, ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен прокурор Берік Адамов және тергеу ісін қолға алған Самат Айысов 15 қазан брифинг өткізген. Ұсталғандардың кім екенін сол брифингте белгілі болды.

Олар «хуторлықтар» деген қылмыстық топтың бар екенін жоққа шығарды.

Шерзаттың үйі өртенген түні болған оқиғаны мына сілтемеден оқыңыз. 




Жаңалықтар

барлық жаңалықтар