Шерзаттың соты: Қорғаушылар марқұм Шерзат пен Нұрғанат үстінен қылмыстық іс қозғауды сұрады

cover Фото: Orda.kz

Шерзат Полаттың ісі бойынша соттың жарыссөз кезеңінде сотталушылардың адвокаттары кезекпен сөз сөйледі. Дидар Қалиахметтің қорғаушылары Қаржаубай Нұрымов пен оның жұбайы Гүлмира Бишембиеваны, анасы Жұмабике Қадырованы жауапқа тарту қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Дидар Қалиахметтің адвокаты Алмас Мырқасымов қорғауындағы азаматтың жанжалға қатысы болмағанын айтты.

«Қалиахмет төбелес басталған сәтте оқиға орнында болмаған. Сотта көрсетілген бейнежазбада оның шет жақта небәрі екі минуттай қарап, кейін кетіп қалғаны көрінеді. Сонымен қатар, Қалиахмет сол кезде төбелесті көре тұра жедел жәрдем мен полиция шақырмағанына өкініш білдірді. Сотта жауап берген Қаржаубай Нұрымов бастапқыда ашуға бой алдырғандықтан барлығын кінәлағанын, алайда кейін дүкенге Қалиахметпен бірге сыра алуға келген екі бөлесі – Санат пен Думанның төбелеске қатыспағанын, ал Қалиахметтің нақты не істегенін айта алмайтынын жеткізді», – деді Мырқасымов.

Қалиахметтің екінші қорғаушысы Гаухар Баймұханова Нұрымов, Қадырова және Бишембиеваның алдын ала тергеу мен соттағы жауаптарында қарама-қайшылықтар бар екенін айтып, бұл бойынша жеке қаулы шығару қажет екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, оқиға куәгерлерінің көбі Ғайыпбаевтың оқиға орнында мылтық атқанын баяндағанын, ал Қаржаубайдың дүкеннен үш рет пышақ алып шыққанын айтқанын негізге алып, осы деректер бойынша жеке қаулы шығарып, құзырлы органдарға жолдауды сұрады.

Сонымен қатар, Гаухар Баймұханова сот отырысында марқұм Шерзат Полат, оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев және Қаржаубай Нұрымовтың әрекеттерінде бұзақылық белгілері бар екенін айтып, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы жеке қаулы шығаруды сұрады.

Адвокаттың айтуынша, сот материалдарында тіркелген бейнежазбада Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың бірнеше рет дүкеннен пышақ алып шыққаны анық көрінеді.

«Жарыссөз барысында жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің өзі қорғауындағы азаматтардың қару қолданғанын мойындады. Бейнежазбада Қаржаубай Нұрымов үш мәрте дүкеннен пышақ алып шығып, оны пайдаланғаны көрсетілген. Осыған байланысты сізден Шерзат Полат, Нұрқанат Ғайыпбаев және Қаржаубай Нұрымовқа қатысты ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі бойынша жеке қаулы шығарып, істі Алматы облысының прокуратурасына жолдауыңызды сұраймын», — деді Баймұханова.

Бұл қорғаушыларға дейін жәбірленуші тараптың адвокаты Шекеев сотталушылардың Шерзат Полатқа пышақ сұғылып, қансырап жерде жатса да, қалғандары анасының зарына қарамастан аяусыз ұрғанын еске салып, 90-жылдың бандиттері де ондай қатігез болмағанын айтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған тұлғаларға ауыр  жаза тағайындауды сұрады.

Orda.kz тілшілері қоғамды дүрліктірген осы сот отырысына басынан бастап қатысып келе жатыр. Алғашқы сот отырыстарында 16 жасар бозбаланың өліміне қатысты сотқа жәбірленушілер мен куәгерлер келіп, мән-жайды баяндап берген еді. 

Ал 6 мамыр күні Нұрғанатты заңсыз бейнежазбаға түсірген полицей қызметкері Медет Әділжанов пен айыпталушы Дархан Әскентай сот алдында жауап берді. Ал 15 мамыр күні күдікті, ағайынды Тоқтаубаевтар жауап берді. 16 мамыр 9 күдіктінің бесеуі жауап берді. Олар оқиға орнына қалай барғанын және кімнің қандай әрекет жасағанын баяндады.

21 мамыр күні басты күдікті Абзал Шынасыл жауап беріп, өзінің пышақ сұқпағанын, Шерзатқа тиіспегенін айтты. Оның сөзінше, пышақты кім сұққанын көрмеген. 

Еске сала кетсек, Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубаймен, ұлы Шерзатпен және ағасы Нұрғанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат қаза болды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.

9 желтоқсан күні таңертең жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі марқұм Шерзаттың зиратының қасынан табылды.

12 қазан күні Азат ауылындағы марқұм болған Шерзаттың отбасының үйі өртеніп кетті. 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар