«Сен сияқтыларды колонияға қамау керек»: Алматы облысында болған оқушы өліміне кім кінәлі?

cover Коллаж: Orda.kz

Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Самсы ауылы Телтай Сәрсембек атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысын суицид жасауға мектеп психологы мен тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі итермелегені рас па? Қайтыс болған баланың ата-анасы жасөспірімдер арасындағы болмашы төбелес мектеп әкімшілігінің тарабынан қысымға айналып, баласының асылып өлуіне себепші болғанын айтты. Orda.kz тілшісі Самсы ауылы мен марқұм бала оқыған мектепке барып оқиғанының мән-жайын біліп қайтты.

Самсы ауылының тұрғыны Мақпал Әміртаева — көпбалалы ана. Оның қапыда айырылып қалған баласы Нұрислам Арыстан алты баланың бесіншісі екен. Анасының айтуынша, Нұрислам толыққанды, жақсы отбасында мейірімге қанып өскен ақжарқын мінезді болыпты. Өз-өзіне қол жұмсайтындай, не агрессивті, не тұйық бала болмаған. Әміртаева сап-сау жүрген баласы бұл дүниеден баз кешіп кетуіне сол ауылдағы мектеп психологы мен тәрбие ісінің меңгерушісінің тікелей қатысы бар деп айтты. 

Нұрислам Арыстан 7-сыныпта оқыған. Анасының сөзінше, жағдай 2025 жылдың 10 қарашасында басталған. Сол күні ауыл амбулаториясы хабарласып, баласы басқа оқушымен төбелесіп қалғанын айтып шақырған. Нұрисламның анасы мектеп психологы Махаббат Әдепбаева мен тәрбие ісінің меңгерушісі Айдар Чанчаровпен бірге амбулаторияға барған. Ол жерде Абзал есімді баланың анасы да отырған. Төбелес 9 қарашада мектептен тыс жерде болған. Ертеңіне Абзалдың анасы баласын амбулаторияға апарғанда, кіммен төбелескені анықталған. Абзал «мені Нұрислам ұрды, төбелесті өзі бастады» деген. Бірақ дәрігер ауыр жарақат жоқ екенін айтып, оларды қайтарады. 

«Одан кейін бәріміз мектепке бардық. Бірақ психолог балалармен сөйлеспей, терезеге қарап отырды. Ешқандай сұрақ қоймады, қолдау да көрсетпеді. Өзім осы мектепте биология пәнінен сабақ берген соң, балалардан төбелестің себебін сұрадым. Бірақ балам үндемей қалды. Сол жерде Абзалдың анасы да «арыз-шағымым жоқ»  деді. Негізі бәрі осымен бітуі керек еді. Бірақ жұрт тарағаннан кейін психолог «бір шара қолдану керек» деп айтты. Мен «онда жасөспірімдер полициясының есебіне қойыңыз» дедім. Ол маған «алдымен балаңды дұрыс тәрбиеле» деп жауап берді. Сол жерде сөзге келіп қалдық», — дейді Мақпал Әміртаева.
Фото: Нұрислам Арыстан // отбасылық архив
Фото: Нұрислам Арыстан // отбасылық архив

Осыдан кейін, анасының айтуынша, мектеп психологы «зардап шеккен баланың ем-домына ақша беріңдер» деп талап қойған. Дәрігер «ешқандай қауіпті жарақат жоқ» дегеніне, әрі Абзалдың анасы да «арыз-шағымым жоқ» дегеніне қарамастан, психолог «20 мың теңге апарып беріңдер» депті. Бұл сөзден кейін Әміртаева мен психологтың арасында кикілжің туындаған. Анасы психологтың «мектепте мұғалім болып істеген соң, баласының анасына сеніп, есіріп кетті» деген сарында сөз айтқанын жеткізді.

«Үйге келген соң баламнан сұрадым. Сонда төбелестің түпкі себебі басқа болып шықты. Абзал деген бала көліктің магнитоласын ұрлап әкеткен екен. Ол бір ғана емес, ауылдағы бірнеше көліктің магнитоласын ұрлаған. Бұл ұрлық фактісін мектеп те біледі. Нұрислам магнитоланы сұрағанда ол бермей, ерегіс шығып, төбелес болып кеткен», — деді анасы.

Анасының сөзінше, мектеп директоры жағдайды білгенде психолог пен тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісіне істі ушықтырмай, балалармен және ата-аналармен тыныш сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керегін ескерткен.

Нұрисламның досы жасөспірімдер арасындағы төбелесті телефонға түсіріп алған. Кейін бұл видео мектеп психологы мен тәрбие ісі жөніндегі меңгерушіге жеткен. Содан келесі күні 11 қаңтарда тәрбие ісінің меңгерушісі Айдар Чанчаров кешкі уақытта Әміртаеваның үйіне келіп, баласын телефонымен қоса сыртқа алып шығуды сұраған.

«Сыртқа шыққанымызда Чанчаров бірден баламның телефонын тексеріп, төбелестің видеосын іздеді. «Ерте тарап кетсе бізге сөгіс болады» деп, балама менің көзімше ұрысты. Сол кезде досына (редакция жеткіншектің аты-жөнін жасырын қалдырады) хабарласып, видеоны тез жіберуді сұрады. Видео келген соң мен «енді таратпаса болды, қатты ұрыспай-ақ қойыңыз», - дедім. Бірақ артынша Жанжаров бізбен бірге үйге кіріп, тағы да балама дауысын көтеріп, ұрыса бастады. Менің көзімше ол балама: «Сен сияқтыларды балалар колониясына қамау керек. Ол жерде сен біреуді ұрмақ түгілі, біреудің артынан жуасың» деген сияқты анайы сөздер айтты. Сондай-ақ «ертең бұл видео тараса, ата-анаңды құқығынан айырады» деп қайта-қайта жекіді. Мен балаға ондай сөз айтпаңыз, ол бала ғой десем, ол менімен сөз таластырып кетті. Ақыры қоймаған соң оған үйден шығып кет деп айттым», — деді анасы көз жасын тыя алмай.

«Сен сияқтыларды колонияға қамау керек»

Бала сол сәтте ештеңе деместен, үнсіз бөлмесіне кіріп кетті де, төсегіне сылқ түсіп жата қалыпты. Ертесіне, 12 қараша күні таңертең анасы баласының қасына барып, жұбатып, «бәрі жақсы болады» деп көңілін көтеруге тырысып, бетінен сүйіп, құшақтап жұмысына кетіп қалған. Сол сәтте Әміртаева бұл баласын соңғы рет құшақтағанынан бейхабар еді.

«Балам өзіне қол жұмсайды деген ой мүлде болған жоқ. Сол күні мектепке бармағанын естіп, іздей бастадым. Үйдегілерге хабарлассам, мектепке кетіп қалды деді. Түске дейін іздедік. Үйге келіп, бөлмесіне кірсем, мектеп киімдерін асығыс шешіп, сөмкесін жерге тастап кетіпті. Содан қора-қопсыны аралап жүріп, ет сақтайтын орынға кіріп қалдым. Сонда баламның асылып тұрғанын көріп, айқайлап жіберіп, зарлап, есімнен танып қалдым», — дейді қайғыдан қан жұтқан ана. 

Әміртаеваның айтуынша, төбелестен кейін екі күн қатарынан мектеп психологы мен тәрбие ісінің меңгерушісі тарапынан болған қысым баласының суицидке баруына себепші болды деп есептейді. 

«Кейін көршілерден сұрастырсақ, олар Нұрисламның мектепке кетіп бара жатқанын көрген. Сол кезде қарсы беттен екі полиция қызметкері келе жатқан екен. Тағы бір көршіміз баламның түрі бозарып, үйге қарай жүгіріп кеткенін байқапты, бір нәрсе ұмытып кеткен шығар деп ойлаған. Біздің күмәніміз — бір күн бұрын Жанжаров «сен сияқтыларды колонияға қамау керек» деп қорқытқан соң, балам полицияны көргенде «мені алып кетуге келді ме?» деп шошып, үйге жүгіріп келіп, өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін», — дейді Әміртаева.

Анасының айтуынша, олар баланы мәйітханаға сараптамаға бермеген. Туыстарымен ақылдасып, денесіне пышақ тигізбей жерлеуді жөн көрген. Жерлеу күні ауыл әкімі, депутат және мектеп ұжымы келген. Сол кезде ата-анасы мектеп директорына баланың өліміне психолог пен тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісінің қысымы себеп болуы мүмкін екенін жиналған жұртшылықтың көзінше айтыпты.

Нұрисламның ата-анасы арада уақыт өтіп, қайғыдан есін жиғанда егер осы екі қызметкер келіп кешірім сұраса, істі жабуға дайын болған. Бірақ психолог мектептің кінәсі жоқ екенін айтыпты.

«Біз екі ай күттік, кешірім сұрап келер деп, Алла өзі таразыласын дедік. Бірақ олар «мектептің еш кінәсі жоқ», деп отырып алды. Біздің талабымыз — олардың мектептегі қызметінен босатылуы. Менің айтарым, баламның өліміне тікелей мектеп әкімшілігі кінәлі. Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді деп ойлаймын. Балам екі күн бойы қысым көрді, ауыздарына келгенін айтты. Мен мұны ойдан шығарып отырған жоқпын. Балама айтқан сөздеріне өзім куәмін, үйдегілер де куә», — деді анасы.
Фото: Orda.kz // Нұрислам Арыстанның денесі табылған қаңба
Фото: Orda.kz // Нұрислам Арыстанның денесі табылған қаңбақ

Мектептің екі қызметкеріне қатысты іс қозғалғанына қарамастан, олар жұмыстан еш шектелмеген. Адвокат Арман Шәріпов істің қандай баппен қозғалғанын айтып берді.

«Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 105-бабының 3-бөлігі бойынша қозғалды. Дегенмен тергеу толық жүргізілмеген, жәбірленуші мен куәгерлер жауапқа алынбаған. Балаға қысым көрсеткен адамдарға еш шара қолданылмаған, қажетті психикалық және психиатриялық сараптамалар тағайындалмаған. Мұндай сараптама істі дұрыс бағалауда өте маңызды. Егер кінә дәлелденсе, 5–9 жылға дейін бас бостандығынан айыру мүмкіндігі бар», — деді Шәріпов.

Orda.kz тілшісі екінші тараптың пікірін алу үшін мектепке барды. Мектеп директоры Ахмет Иманов іске қатысты пікір білдіре алмайтынын, барлық ақпарат тек тергеу аяқталған соң белгілі болатынын айтты. Алайда ол өзінің қол астындағы екі қызметкерге қатысты баланың қысым көрді деген ақпаратпен келіспейтінін жеткізді.

«Қысым болғаны жайлы мен келіспеймін, нақтысын тергеу шешеді. Оларды дәл қазір қызметінен ала алмаймын, тергеу біткен соң шешіміне сәйкес әрекет жасаймыз», — деді мектеп директоры Иманов.

Сонымен қатар, мектептің тәрбие ісінің меңгерушісі 11 қараша күні мектептен тыс уақытта барғаны қаншалықты заңды деп сұрағанымызда, ол «сол күні рейд болған еді» деп қысқа жауап берді.

Сондай-ақ мектепке барғанымызда белгілі болғандай, төбелесті видеоға түсіріп алған 7-сынып оқушысына да қазіргі уақытта мектеп тарабынан қысым көрсетіліп жатқанын анасы айтты. 

«11 қарашада үйге келіп, тәрбие ісінің меңгерушісі Айдар Чанчаров телефонымды ақтарды. Маған айқайлап,  «Сен сияқтыларды колонияға қамасаң да аздық етеді», деді. Нұрисламның қазасынан кейін де, маған ауыздан артық сөз шығарып ұойма деп ескертті», — деді  Нәбиқан

Мектеп психологы Махаббат Әдепбаева өздерінің тарабынан ешқандай қысым болмағанын айтты. 

«Балаға ешқандай психологиялық қысым көрсетпедік, анасы мектепте мұғалім болғандықтан, Мақпалға баламен сөйлес деп айттық. Сол күні мен балаларды бақылап тұрдым, артынша татуластырып жібердік. Мектеп тарабынан ешқандай қысым болған жоқ деп тағы қайталап айтамын», — деді мектеп психологы.

Бұл дерек бойынша редакция құзырлы органдарға сауалхат жолдадық.

«Аталған факт бойынша полиция қызметкерлерімен қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта Алматы облысы полиция департаментінің үйлестіруімен қажетті тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайлары жан-жақты, толық және объективті тергеп-тексеруді қамтамасыз ету мақсатында мұқият тексерілуде. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», — деді Алматы облысының ПД.

Алдағы уақытта бұл оқиғаның қалай өрбитіні Orda.kz бақылауында болады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар