«Ревизор келе жатыр». Нұр-Сұлтанның тексеру комиссиясы 9,4 млн теңгеге такси жалдамақ

cover

Тиісті лот мемлекеттік сатып алу сайтына жарияланды.

«Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі 2021 жылдың наурыз-желтоқсан айларында қызметкерлерді тасымалдау үшін 9,4 миллион теңгенің конкурсын жариялады.

Контрагенттерді тексеру сайтында мекемеде бар-жоғы 31-40 адам жұмыс істейді деп хабарланған.

Конкурс жаңа жылдан кейінгі «көп демалыс, аз жұмыс» аралығында, яғни, 6 қаңтар күні жарияланған. Таксопарктер сатып алуға 2021 жылдың 14 қаңтарынан бастап, 29 қаңтарға дейін өтініш бере алады. Лоттың құны 9 миллион 452 мың теңге. Мекеме күніне 30-дан артық шақыру жасай алмайды. Және тағы бір басты талаптардың бірі – таксопарк автобустарға арналған жолаққа рұқсат алуы шарт. Яғни, Нұр-Сұлтан әкімдігінің шенеуніктері кептеліске түспей, діттеген жеріне тез жеткісі келеді.

Лотты ұйымдастырушы «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі такси қызметіне бұдан басқа, мынандай негізгі талаптар қойып отыр.

  • Әлеуетті өнім беруші «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы» ММ үшін бірыңғай такси тарифі бойынша қызмет көрсетуі тиіс. Бұл ретте әлеуетті өнім берушіге төлем ақы тек іс жүзінде көрсетілген қызмет үшін ғана төленеді;
  • Жолаушыларға (ревизорларға) сапардың құнын көзбен шолып отыруға мүмкіндік беретін есептеу құралдары бар көлік керек;
  • диспетчерлік қызметі тәулік бойы жұмыс істеуге міндетті;
  • өтінімдерді үзіліссіз, үздіксіз, тәулік бойы қабылдауы керек.

Бұдан өзге, ревизорлар көліктің іші қыста жылы, жазда салқын болсын дейді. Әрі салон ішінен «жағымсыз иіс» шықпау керек. Жүргізушінің киімі таза және «жалпы қабылданған әдеп ережелерін» сақтауы керек.

«Такси өтінім немесе шақырту алған сәттен бастап Дирекция көрсеткен мекен жайға 15 минут ішінде келуі тиіс. Осы шартты бұзғаны үшін айыппұл салынады. Көлік жолда сынса, 15 минут ішінде басқа такси келуі керек», - деп жазған ұйымдастырушы лоттың техникалық сипаттамасында.

«Ревизорлар» конкурс талабы бойынша Lada Largus, Renault Logan, Toyota Corolla және осы санаттағы өзге де автокөліктерге мінеді. Ал, ұжыммен барып, тексеру жасаймын десе көп адам сиятын Toyota Hiace немесе Mercedes Sprinter сияқты шағын автобустар талап ете алады.

Енді, лоттың техникалық сипаттамасында көрсетілгендей, такси қандай тарифпен жүретінін санап көрейік:

1абоненттерді отырғызу (сапардың алғашқы 3 шқ қоса алғанда)700 теңгеден аспайды
2абоненттерді әуежайдан отырғызу (алғашқы 3 шқ қоса алғанда)1 200 теңгеден аспайды
3абоненттерді «Нұрлы-Жол» ТЖ вокзалынан отырғызу (алғашқы 3 шқ қоса алғанда)900 теңгеден аспайды
43 шқ қашықтықтан асқаннан кейін әрбір келесі және әрбір минут1 шқ үшін 100 теңгеден аспайды
5жолда тұрып қалу минуты (абонентті күту)1 мин үшін 40 теңгеден аспайды
6тегін күту10 минуттан аспайды
7ақылы күту1 мин үшін 40 теңгеден аспайды
8қаланың әкімшілік шекарасынан тыс (қалааралық) сапарлар1 шқ үшін 100 теңгеден аспайды
9такси көлігі келгенге дейін 30 минуттан аз уақыт қалғанда алдын ала тапсырыстың күшін жою1000 теңгеден аспайды
10автокөлік келгеннен кейін ағымдағы тапсырыстың күшін жою1000 теңгеден аспайды
11жолаушылар сыйымдылығы үлкен автокөлік қызметтері отырғызу орындары 11-12 адам – сағатына 7400 теңгеден аспайды Отырғызу орындары 18-20 адам – сағатына 11600 теңгеден аспайды

Тексеру комиссиясы қандай жұмыс істейді?

Атауы көп айтыла бермейтін бұл мекеменің қызметі, бір жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қандай тексеру жасағаны туралы жеке материал әзірлеуге болады. Дегенмен, бүгінгі мақалаға мекеме туралы жалпы ақпарат ұсынып отырмыз. Мекеменің ресми сайтындағы деректерге сүйенсек, «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 2 мамырдағы «Өңірлердегі сыртқы мемлекеттік бақылау органдарын жетілдіру туралы» Жарлығына сәйкес құрылған. Контрагенттерді тексеру туралы сайттарда мекеме шағын кәсіпорынға жатады, ал қызметкерлер саны жазғанымыздай, 31- 40 адам деп хабарланған.

«Тексеру комиссиясының негізгі қызметі Нұр-Сұлтан бюджетінің орындалуына және мемлекет активтерінің пайдаланылуына сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жасау;

Жергілікті бюджеттің орындалуын, бюджет қаражатының және мемлекет активтерін пайдалану саласында Бюджеттік заңнаманың, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың және өзге де нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталуын бақылау;

Жергілікті бюджеттің орындалуы және мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, Нұр-Сұлтан қаласының даму Бағдарламасының және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалау», - деп жазылған ресми сайтта.

Мекеме басшысы Иманжүсіп Ақпомбаев бұл қызметіне дейін республикалық бюджеттің орындалуын тексеретін Есеп комитетіне мүше болған.

Күнімжан Айдарқызы, Нұр-Сұлтан

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар