Палатадағы жаңа жыл: COVID ауруханасынан фоторепортаж

cover Сырқаты екіжақты пневмонияға айналған науқастың КТ суреті. Фото: Orda

Orda редакциясының тілшісі мен операторы коронавирус жұққан сырқаттар емделетін Алматыдағы Изатима Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының Түрксіб ауданындағы ірі филиалына барып, арнайы фоторепортаж дайындады.

И.Жекенова атындағы жұқпалы ауруларға арналған аурухананың Түрксіб ауданындағы жаңа филиалы. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Аурухананың аға дәрігері Абзал Малбасқанов түсірілім тобының сұрақтарына жауап берді. Ол фтизио-хирург әрі пульмонолог ретінде пандемия басталғалы адамдарды  коронавирустан емдеумен айналысып келеді.

Алматы қаласының сотүстік түкпірінде қоныс тепкен аурухананың қабылдау бөлімінде 7 бокс-кабинет бар, оның екеуі қарқынды терапия жүргізуге арналған. Науқастар жедел жәрдем көлігімен жеткізілген бойда қажет көмек көрсетіледі, тексерістен өтеді. Нәтижесінде алдын ала диагноз қойылып, тиісті бөлімдерге бөлінеді. Ағзасынан коронавирус табылмаған пациенттер «қызыл аймақтағы» бірде-бір адаммен байланыса алмайды. Тіпті дәрігер болса да.

Бүгінгі жағдай жөнінде аурухананың аға дәрігері Абзал Малбасқанов таныстырды. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Пандемиямен бірге жетілген жүйе

Аға дәрігер қаладағы ең үздік КТ аппаратының бірі осында деп сендірді. Әр пациент екі минутта тексеріледі деседі. Маманның айтуынша, егер диагностикалау күрделі болса, өзге мекемелердегі, тіпті шетелдегі радиолог, пульмонолог мамандармен қашықтан консилиум жасалады.

– Қазір тәулігіне 10-15 адам келіп түседі, оның жартысы үйіне қайтады. ПТР теріс шыққан немесе ЖРВИ түріне шалдыққан науқастар амбулаториялық бақылауға алынып, үйінен емделеді. Медициналық көмекке жүгінгеннен бастап емханадағы бақылауға дейін хабардар болып отырамыз, – деді ол.

Жедел жәрдем қызметімен жеткізілетін науқастарды қабылдау бөлімі. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Адам жоқ кезде бос бөлімдер консервациямен жабулы тұрады. Қазір стационарда 70-тен аса адам емделіп жатыр. Оның 29-ы реанимацияда.

250 дәрігер, орта санатта 522 және 250 кіші медицина қызметкері жұмыс істейтін аурухана былтыр қарашаның соңында ашылған. Нысан ауданы 28,5 мың шаршы метрден асатын үш бірдей ғимарат 4 гектар аумақты алып жатыр. Бір уақытта 500 адам қабылдай алады: қарқынды терапия және реанимация бөлімінде 45 орын бар. Ел арасында ауызекі тілде аялдама атауы «РВ-90» деп айтылып кеткен.

Биыл үшінші және төртінші толқынды өткерген аурухана тәжірибесі біршама толысқан. Өте ауырға соққан шілде-тамыз айларында 5 мыңға жуық науқас түсіп, ондағы 624 адам реанимацияға жатқызылған. Оның 352-сі айыға алмай көз жұмған.

Қабылдау бөлімінің қарқынды терапияға арналған палатасы. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Бас сұққан №1 бөлім – обсервация бөлімі. Коронавирус анықталған науқастар мен ЖРВИ, пневмонияның зерттелген түріне шалдыққандар араласпас үшін құрылған. Жағдайы тым ауыр науқастардың жанына орташа хәлдегі адамды жатқызса, психологиялық қысымға ұшырауы мүмкін. Сондықтан ауру ұқсастығы мен деңгей-түріне қарай жіктеліп орналастырылады. Науқас кірген есігінен емес, басқа бағыттан шығады. Дерттің қауіптілік деңгейіне байланысты жүріп-тұру бағыттары ойластырылған. «Қызыл аймаққа» кірген адам «жасыл» не «сары» аймаққа кірмейді. Қорғаныш киімін шешіп, залалсыздандырып болған соң ғана рұқсат. Тек қажетті мамандарға ғана.

Науқасты қабылдап жатқан мамандар. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Қазір сырқаттар қатары саябырсыды

Жолшылай медқызметкер арбамен әкетіп бара жатқан жүкті әйелге кезіктік. Аяғы ауыр келіншекпен тілдесудің реті түсті. ПТР қорытындысы шыққанша аралық (транзит – ред.) аймаққа жатқызылғалы жатыр екен. Сөзінше, жүктілігі 31 аптаға таяған.

– Карантин ережесін қолдан келгенше ұстанушы едім. Декрет төлемі үшін құжат тапсыруға ХҚКО-ға бардым. Бір аптадан бері әлсіздік сезіліп жүр, дене қызуым кешелі күрт көтеріліп, әзірге түспей тұр, – деді жас келіншек.

Шетелге шықпаған, кейінгі айда еш жерге қонаққа бармаған. Дәрігер дер уақытында, жағдайы нашарламай тұрып келгенін айтты. Қарсы көрсетілімі болғандықтан екпе алмапты. Отбасында ешкім ауырмаған. Дәрігерінің сөзіне қарағанда, тексеру қорытындылары толық белгілі болғанға дейін транзит бөлімінде арнайы жеке палатада жатады.

Коронавирусқа ұқсас клиникалық белгілермен ауруханаға түскен жүкті әйел. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Ауру анықталғанша бақылауда болады

Абзал Малбасқанов жұмыс тәртібі бойынша, қабылдау бөлімінде алынатын ПТР экспресс тест нәтижесі бірер сағатта дайын болады деп түсіндірді. Оны нақтылау үшін келесі күні обсервация бөлімінде кең спектрлі тағы ПТР тесті алынады. Бұл деректі жаңартып, диагнозды растауға көмек береді.

Аурухана ашылғалы жұмыс істеп келе жатқан бірінші бөлімнің меңгерушісі Салтанат Бейсенбаева сөзге араласты. Қалыптасқан ахуалдың жай-жапсарын сұрастырдық.

– Күнделікті 3-4 адам түсіп жатыр. Коронавирус дәлелденбесе, үйіне шығарылады. Егер анықталса, жағдайына қарай тиісті бөлімдерге жіберіледі. Кейінгі кездері жеткізілген науқастардың 70%-ынан ПТР теріс шығып, үйіне қайтып жатыр. Жаздыгүні түгел дерлігінен, 90% бөлігінде ковид оң көрсетіп, клиникалық белгілері мен тексеру қорытындысына сай ем тағайындалып, сәйкес бөлімдерге орналастырылды, – деді дәрігер.

Қабылдау және арнаулы бөлімдерге бағыттар жолайырық. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Жаңа штамм қалай анықталады? 

– Биыл көктем бойы альфа (Британ – ред.) штамы өршіп тұрды. Жаз басталған кезде басқаша симптоматикамен пациенттер түсе бастады. Ауру тез басталып, тез дамыған, белгілері айқын, ПТР оң шыққан, бұрынғысына ұқсамайды. Содан күмәнданып бас санитар Жандарбек Бекшинге өзгерістер туралы ақпаратты толықтырып ұсындық. Арнайы зертханашы мамандар жіберіліп, пациенттерден сынама алынды. Үлгілер астанаға геномды секвенирлеуге жөнелтілді. Қорытындысы белгілі болған соң бас санитар дельта (Үнді – ред.) штамы табылғанын ресми түрде мәлімдеді. Апта сайын осындай белгілері мен ауру тарихы өзгеше науқастардан сынама алып отырамыз, – деп таратып берді Малбасқанов.

Заманауи компьютерлік томография аппараты. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Ол теория жүзінде тарауы тез, Дельта өтпеген жерден Омикрон (Оңтүстік Африка – ред.) тамыр жайып жатқанын алға тартады. Бастапқыда Ухань штамы 14 күнге дейін көрінуші еді, ал дельта 3-5 күн арасында симптомы байқалады. Омикрон нұсқасының жұғу периоды тіпті қысқара түскен.

Жағдайы жақсы және тұрақты пациенттердің түстеніп отырған сәті. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda
Түскі ас әр палатаға жекелеп үлестіріледі. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

– Қазақта екі ауру бар – суық не көз тию деп, қойдың майы мен парацетамол қолданып жүре берсе, өткізіп алуы ықтимал. Неғұрлым ерте қаралса, соғұрлым штамм түрін анықтау мүмкін әрі тезірек емделіп шығады. Созып жүріп алса, қандай штам екенін анықтау қиын. Жұқтыру сценарийі сауалнама арқылы зерттеледі. Шілде-тамыз айларында үй жағдайында асқындырып келген кейбір науқастар қабылдау бөліміне келіп жатып қайтыс болғандар көп болды. Орта жастан асқан, созылмалы аурулары бар, консерваторлық-резервтік күші аз адамдар. Қазақта «дәм-тұзы таусылған» деген бар ғой, иммунитеті мен ағзасындағы резерв қуаты әлсірегендер тез нашарлап кетеді. Дельтаның қаупі – өкпе бір күнде 60-80%-ға қабынып, пневмонияға айналып кете салады, – дейді.

Аяғы ауыр әйелдер мен хәлі нашар қарттар сияқты әлеуметтік ерекше статустағы адамдарға арналған жеке палата. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Өкпесіне өтіп кеткен Иманжан қария

Алғашында жасанды құрылғының көмегімен тыныстаған 78 жастағы Иманжан ақсақал бұған дейін вакцина алмағанын айтады.

– Жедел жәрдеммен келіп едім. Қазір тәуірмін. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Температурам көтеріліп, ентігіп-дем алуым қиындап, жөтеліп түстім. Бір аптада бетім бері қарады. Екі өкпем де 40%-ға зақымданыпты. Үш күн оттек көзімен тыныстадым. Жаңа жылда бала-шаға, немере-шөберемнің ортасында болсам деп ем, ештеңе етпес. Алла амандық берсін лайым, – деп ағынан жарылды.

Өмірінде алғаш рет ауруханаға жатқаным осы деген Иманжан Рустамов. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Үш күн қатарынан тыныс алу органдарына гимнастикалық жаттығу жасап жақсарған. ПТР теріс көрсеткенімен, пневмонияға шалдыққандар басқа бөлімде емделеді. Науқастардың өмірін қатерге тікпес үшін орын жеткілікті кезде мұндай сырқаттар ПТР оң шыққандармен бірге жатқызылмайды. 

Маманның сөзінше, 21-28 күнде пневмония толығымен сіңіріледі. Қорытынды рентгенографияда нәтиже жақсы шықса, ақсақал ары қарай үйінде мобильді топтың бақылауында болады.

Пневмония тәрізді диагноз қойылған сырқаттар жататын бөлімше. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda
Әскери бөлімнің екі сарбазы да пневмония ауруынан емделіп жатыр. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Пневмония жас талғамайды

Палатаның терезе тұсындағы екі төсекте қаладағы әскери бөлімдердің бірінен екі сарбаз жатыр. Бірінде полисеминарлы пневмония, ПТР теріс. Жас жауынгер әскерге барарда, маусым айында Спутник V вакцинасының толық дозасын алған.

Рентген аппаратына түскен сарбардардың бірінің өкпе фотосы. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Дәрігер пневмония жас талғамайды дейді. Екінші сарбаздың рентген фотосына үңіле қарап айтқаны – «өкпенің оң жақ төменгі бөлігі қабынған, сол жағында енді басталып жатыр».

Бозбаланың екеуі де биыл шетелге шықпаған көрінеді. Әскери борышын өтеп жүргендер казармадағы қатарластары ПТР тексеруден өткенін жеткізді. 

Малбасқанов ПТР терістерге жалпы пневмония деп қойыла салмайды дейді. Бұл үшін пациенттің қақырығы алынып бактерияға зерттеледі. Бактериалды пневмония болса, соған сәйкес J12-J18 зерттелген ем жүргізіледі деп түсіндірді.

Жас сарбаз ауруды қайдан жұқтырғанын шамалай да алмаймын дейді. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

«Жаңа жылда отбасыммен ақ дастарханның басында болсам деп едім»

Коронавирус жұққаны расталғандар (ПТР оң шыққан – ред.) жататын төртінші бөлім меңгерушісі Айгерім Қайратқызы сыйымдылығы 25 адамға арналған бөлімде 10 адам жатқанын айтты. Олардың жағдайы да, жас ерекшеліктері де әртүрлі.

Бөлім меңгерушісі Айгерім Шынасылова пандемия кезгі эпидахуалды баяндап тұр. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Дәрігермен бірге дәліздің соңындағы палатаға кірдік. Алғашында бірден жансақтау бөліміне түскен 68 жастағы Мира Кимнің өкпесі КТ-4 дәрежесінде зақымданған. 14 желтоқсан ауыра бастағанын сезінгеннен кейін үш күн өткен өткенде ауруханаға жүгінген ол:

– Желтоқсанның 17-сі түстім, өте ауыр жағдайда түсіп едім. Хәлім тұрақтаған соң палатаға ауыстырды, шүкір. Әзір айтарлықтай тәуір болып қалдым. Денсаулық жағдайыма байланысты вакцина алмадым. Үйден сирек шығып едім. Былтыр ауырғам жоқ. Өкпем 80%-ға қабыныпты. Салыстыруға келмейді, қазір қайда жақсымын, – деді.

Әуелі жансақтау бөліміне түсіп, кейін жағдайы жақсарған Мира Ким. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda
Науқас туралы қысқаша ақпарат. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Тағы бір палатада зейнеткер әңгімелесуге ынта білдірді. Сөзінше ауырғанына он күнге жақындаған. Десе де 15 желтоқсан ПТР қорытындысы оң шыққанына қарамастан, үйде емделуге тырысқан.

– Басында жай тұмау шығар деп, үйде Цефозолин алып жата бердім. Демалыста өз бетімше емделуге тырыстым. Оңалмаған соң емханаға барып, осында жеткізді. Өкпем КТ-3 дәрежесінде, 60% шамасында жарамсызданды. Тегі дем ала алмай, қатты ентігіп келдім. Қазір өте жақсы. Емдеген мамандарға рақмет. Әсіресе, Мәулен Саугелдіұлына ризамын, өз ісінің шебері, – деп шамалы ентігіңкіреп сөйледі.

Қыс ауасында ауырған науқастардың бірі екпенің әсерінен сырқаты едәуір жеңіл өтті деп есептейді . 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Орта жастағы әйел мүмкін болса бүгін-ертең шықсам деп отыр. Дәрігер күлімсіреп қойды да «әлі шамалы күтінген жөн» деп бірге шықты.

– Ұят деген ұғымға сын көзбен қарау керек. Жақынының жаназасына, той-томалаққа барамын деп, сонда сырқаттанып түскендер болды. Қазір адамдар біраз өзгерді. Былтыр ауырып жатса да жасыруға тырысушы еді. Бүгінгі таңда дерттің барына көзі жеткен соң ауруханаға жүгінеді, – деді бәсең дауыста дәлізде тұрып. 

Тыныстау органдары оттек көзіне жалғанған науқастардың бірі. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Жаңа жылға арналған ең бағалы сый – денсаулығы жақсарып, жақындарына оралу деп білген жандар отбасындағы мамыражай күндерін аңсайды. Сол күнге жетуге асық. Дәрігер рұқсат етсе, тап қазір қайтсақ деп отыр.

«Реанимация – ақырғы аялдама емес»

Жанталасып жатқан науқастардың ыңырсыған үнімен аппараттардың шиқылдаған дыбысы қабаттаса шыққан реанимация бөлімі. Сол жақ түкпірде бір топ дәрігер әлдебір науқастың кеңірдігіне түтікше орнатуға ота жасап жатты. «Барлығы – Дельта штамын жұқтырғандар» деп тыныштықты бұзды жетекші дәрігер. Айтуынша, коронавирус нақтыланбаған, пневмониясы асқынғандар бөлек бокс-бөлмеде жатады.

Екі реанимация бөлімінің біреуі пациенттердің болмауы себепті жабылған. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Оң жақ бұрышта бір темір табақтың төңкеріліп саңғырлаған даусы саңқ ете қалды. Ау-жайға қарасақ, бір науқас алдындағы металл науаны әдейі я байқаусызда екені белгісіз қолымен түртіп жіберіпті. Малбасқанов «адамдар оттегі жетпеген соң ақыл-есі кіресілі-шығасылы болып, жаны қиналады. Кейіннен «мені байлап тастап емдеді» деп шағымданатыны да бар» деді қоңыр дауыспен.

Реанимациядағы жағдай жүрегі әлсіз жандарға ауыр соғады. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Реанимацияға арналған екі бөлімнің біреуі жұмыс істеп тұр екен. Өздігінен тыныстай алмайтындар толықтай өкпені жасанды желдету (орысша – ИВЛ) аппаратына қосылған. Кейбірі сүйемелдеу үшін High flow аппаратымен тыныстап жатыр. Оң қапталына шиырма қойылған орта жастағы бір науқас ақтара көтеріп оқып отырғаны – ашық хатқа ұқсайды.

Қарқынды терапияға мұқтаж жандардың жас ерекшеліктері әркелкі. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

– Жансақтау бөліміне түскендердің 50-60% үлесі палатаға ауыстырылады. Қалғаны ұзақ емделеді. Жазда үш тәулікте қайтыс болғандар көп болды. Қабылдау бөлімінен бірден реанимацияға түскендер аз кездеспеді. Бірақ жансақтау бөлімі – ақырғы бекет емес, әр адамның өмірін сақтауға бар күшімізді саламыз, палатаға ауысқанда кеудені қуаныш кернейді, – деді Малбасқанов.

Бөлімшедегі көріністен бойды тілеулес әрі аяныш сезімі қатар билейді. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Көз түскен көп науқас ес-түссіз көзі жұмулы жатыр. Тілі сөзге келмесе де көзі ашық жатқан науқастардың көзінше ары-бері сабылмай мазаламайық деген оймен көпке бөгелмедік. Есік аузына тақадық. Бір мейіргер жігіт жылжымалы темір төсекті сақырлатып сүйрелей әкетіп барады.

Ауруханадағы 70-тен аса сырқаттың 30 шақтысы жансақтау бөлімінде жатыр. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Өмірге құштар науқастардың дауасы – жартылай өзінен

Аурухананың уақытша мәйітханасы бар. Марқұмдардың сүйегі арнайы тасымалдау көлігімен қалалық мәйітханаға жеткізіліп, диагнозы дәлелденгендерге арналған бөлімге қойылады. Көз жеткізу мақсатында туыстары көрісуге кіргізіледі, діни наным-сеніміне сәйкес медқызметкерлер санитария шартын сақтап жуындырып береді.

Өмірдің бір кемдігін қабылдамасқа шара жоқ деген аққалаттылар науқастардың өмір мен өлім арасындағы арпалысынан ащы да болса да сабақ алатынын мойындайды.

ӨЖЖ аппаратының құрамдас бөлігі. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

– Наурыз айында бір топ қарт әжей қатарластарымен бастаңғыға қатысқан. Бәрі ауырып қалады, он шақты апаның екі-үшеуі үйінде жатып-ақ қайтып кетеді. Төрт үлкен кісі реанимацияға түседі. Сол апаның біреуі бізде. Қосымша аурулары көп, жасы 78-де, өкпенің зақымдануы өте жоғары – 90%. Шыға алмай ма деп алаңдадық, күдік болғаны рас. Әжейдің ішкі өзегі күшті, өмірге талпынысы мықты болды. Ол кісінің құлшынысына қарап өзің де шабыттанасың, ықыласың артады. Үш апта дегенде беті бері қарап, бір айда үйіне отбасына оралды. Жасы келген кісілердің көбі көретінін көрдім деп, емге құлшыныс білдірмей, күдер үзіп, өтіп кетеді. Кейуананың күш-жігері бәрімізді тәнті етті, – деді Абзал Малбасқанов.

Қосулы тұрған өкпені жасанды желдетуге арналған құрылғысы. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

«Жастардың ажал алдындағы жанары жүрекке батады»

Аға дәрігер жаз кезінде жастар көптеп түскенін айтады. Жағдайы аяқ астынан «екі-үш күннің ішінде өршіп, көз жұмғандар болды». «Әттеген-ай деп, жанарың жасқа толады, өкініште қаласың» деді мұңдана. «Жастар өмірден өтерде жаны қиналып кетеді, өзің де, ол да қимайды... өте ауыр». 

Қазақстан COVID пандемиясының төртінші толқынында 6,6 мыңнан (тек ресми деректің өзінде коронавирустың себебінен) аса азаматынан айырылды. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Дәрігер аурудың барына бәрінің көзі жетті деген пікірде. Десе де антиваксерлердің барына қынжылатынын айтады.

– Екпе алу өте маңызды, карантин-сақтық талаптарын сақтаған жөн. Маңызды жайттың бірі – ұят деген дүниеге дұрыс қарау ләзім. Ауырып жатқан адамның үйіне жетіп бармай, айыққан соң да көңіл сұрауға болады. Қазір біраз дүниені жақындатқан телефон қолда  дегендей. Селқос қарап, қайғы үстіне қайғы қосқандар аз болмады. Көзіміз көрді. Уақыт өткен сайын адамның ағзасы да, медицина да індетке бейімделіп жатыр. Заманың түлкі болса, тазы болып шал демей ме?.. Келер жылы локдаунсыз, қалыпты өмірге ораламыз деп сенемін, – деді жұртқа айтарыңыз қандай деген сауалымызға.

Коронавирусқа шалдыққандар мемлекет есебінен, анығы салық төлеушілер мен халық қазынасынан емделеді. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

Аурухананың аға дәрігері «жасырары жоқ, вакцинаны сатып алғандар, де-юре екпе салдырғандардың қатарында жүреді» дейді. Екпе алғанға дейін ауырғандар бар. Олар (екпе алғандар – ред.) ауырмайды деп кесіп айтпаймын, ауруы мүмкін. Зерттеп қарасаң, екпе алмай тұрып жұқтырған болуы немесе иммунитеті қабылдап үлгермеуі ықтимал. Есесіне вакцина алып, ағзасы ақпараттанған жандардың жағдайы реанимацияға дейін жетпейді, әлдеқайда жеңілірек өтеді» дейді.

Осылайша, екі-үш сағатта көзілдірігіміз буланып кетті, қонышы биік резеңке етіктен аяқ терледі. Еркін тыныстамаған соң, бетпердені қабаттап тартқан соң, өкпең тарылып, жиі дем алуға тура келеді. Кез келген адам бір ретке киетін қорғаныш киімнің өзінде малмандай болып, қара терге түседі.

Медқызметкерлер жұмыс уақытында қозғалуға ыңғайсыз болса да ұдайы қорғаныш киімінде жүруге мәжбүр. 2021 жылғы 30 желтоқсан. Алматы қаласы. Фото: Orda

2022 жыл табалдырығындағы жағдай

Қазір Алматы қаласында 894 төсек-орын бар. Ресми ақпаратқа қарағанда, онда 135 сырқат емделіп жатыр, оның төртеуі бала. Тағы 395 науқас үй жағдайында амбулаториялық бақылауға алынған.

Былтырғы 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 988 мыңға жуықтаса, 1 тамыздан былайғы коронавирус пневмониясы 84 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 1 млн 72 мыңға жеткен.

Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Сондай-ақ пандемия кезінде жалпы вирус жұққандардың 22 мыңнан астамы (КВИ+ / U07.1 – 13 мың, КВИ- / U07.2 – 5,2 мың, ілеспе аурулардан – 3,8 мың) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінгендерді жалпы статистикаға енгізбейді. Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 43-орында тұр.  

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар