Оқулығың осал болса, оқушыны кінәлама: қазақ тілі оқулықтарындағы қателер, жалған ақпарат пен жүйесіздік

cover

Мектеп оқушыларына қатысты күнде бір жаңалық шығып жатады. Бірі мектеп киімі десе, екіншісі сабақ кестесін алға тартып, енді бірі оқулықтарға көңілі толмайды. Orda.kz тілшісі орыс, ағылшын, неміс және басқа тілді сыныптар неге қазақ тілін меңгеруде қиындықтарға тап болғанымен танысып көрді.

1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы жолдауында қазақстандықтарды мемлекеттік тілді игеруге шақырып, оның мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтқан.

«Бала қазақ тілін меңгере алмай жатыр» дегенді көп естиміз, бірақ оның себебіне үңіле бермейміз.

Зерттеуші педагог, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Байсақов Нұржан Елубайұлы Orda.kz тілшісіне орыс сыныптары мемлекеттік тілді неге игере алмай жатқанын түсіндірді.

Суретте Нұржан Байсаков

Ұстаздың айтуынша, өзге тілде сөйлейтін балаға қазақ тілін меңгеруге еш жағдай жасалмаған.

– 2-3, 5-11 сынып аралығындағы қазақстандық оқушылар «Көкжиек-Горизонт» баспасынан жарыққа шыққан «Қазақ тілі» оқулықтары арқылы білім алуға мәжбүр. Жоғарғы сыныптар балама оқулықтарды өз бетінше таңдай алса, бастауыш сыныптарда мүлде таңдау жоқ. Әу баста тіл меңгеруде қиындықтарға тап болған бала, ары қарай оны оқығысы да келмейді, - дейді Нұржан Байсақов.

«Көкжиек-Горизонт» баспасында жарық көрген «Қазақ тілі» оқулықтарының авторы ретінде Ф.Оразбаева, Ж.Дәулетбекова, А.Рауандина, Р.Рахметова, Б.Мукеева көрсетілген.

Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Нұржан Байсақов оқулықтан төмендегідей қателер тапқан:

Жаңа сөздерді меңгеруге жағдай жасалмаған:

Біріншіден, жаңа сөздер есте сақталмайды. Бөлімде өткен жаңа сөздер қорытынды сабақта қайталап, бекітілмейді. Ғалымдар «шет тілін меңгеру кезінде жаңа сөздер кемінде 7-8 рет қайталап, зейін қою кезінде есте сақталады» дейді. Алайда, оқулықтарда жаңа сөздер 1-2 рет, болмаса мүлде қайталанбайтынын көруге болады.

Екіншіден, жаңа сөздер жүйесіз берілген. Мысалы, 2 сынып оқулығындағы «күшік» сөзі 67-бетте жаңа сөз ретінде берілген. Алайда бұл сөз 26, 29, 37-беттерде сөйлемдерде қолданылған.

Үшіншіден, бөлімде жаңа сөз беріліп, тапсырмаларда оның синонимі қолданылған. Мысалы, жаңа сөз «кеме» болса, мәтін ішінде «қайық» деп жазылған.

Төртіншіден, жаңа сөздер түсіндірілмейді. Жаңа сөз тек қазақ тілінде жазылған. Оның суреті де, анықтамасы да, аудармасы да берілмеген. Тіпті синоним мен антонимі жоқ.

2. Оқулықтарда тарихи жалған ақпараттар берілген. 5-сынып оқушыларының оқулығында «Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші АҚШ, екінші Қытай мойындаған» деген жалған ақпарат жүр. Орыс мектептеріне арналған Манаш Қозыбаевтың 9-сыныпқа арналған оқулығында «Қазақстан тәуелсіздігін бірінші Түркия мойындағаны» айтылған.

3. Оқулықтардағы суреттер орынсыз қолданылған. Түсіндірме не тапсырмаға қатысы жоқ суреттерді жиі кездестіруге болады.

4. Оқулықтарда қисынсыз тапсырмалар өте көп. Мәтін ішінде қою қаріппен берілген сөздердің мағынасын түсіндірме сөздік арқылы анықтау керектігі айтылған. Бірақ 95 пайыз сыныптарда барлық балаға жететіндей сөздіктер кездеспейді.

5. Оқулықтағы мәтіндер оқушыны қызықтыра алмайды. Тіл үйреніп жатқан оқырман жаңа ақпаратты эмоциясына әсер етсе ғана есінде ұзақ сақтайды. Ал оқулықта қызық ақпараттар аз. Қалған мәтіндерде не танымдық ақпарат жоқ, не қызықты сюжет жоқ, не эмоциясына әсер етіп тәрбиесіне ықпал етеді деп айта алмаймыз.

6. Оқулықта дөрекі грамматикалық қателер бар. Мысалы, «Мынау – не?», «Сенің атың – кім?» деп берілген. Мұндай тыныс белгісінің қателері өте көп. Мұндай сұраулы сөйлемдерде сызықшаның тұруы орынсыз.

Зерттеуші педагогтың оқулықтан тапқан осыған ұқсас қателерін ұзақ уақыт бойы тізе беруге болады. Бірақ жоғарыда негізгі олқылықтар тілге тиек етілді.

Оқулық авторы не дейді?

Оқулықты жазған авторлардың бірі Фаузия Оразбаева «оқу-әдістемелік кешенінің авторлар құрамындағы мамандардың барлығы еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған әдіскер-ғалымдар» деп сендірді.

Суретте Фаузия Оразбаева Фото: Қазақ радиосы

Жоғарыда аталған авторлардың ішінде Б.Мукеева, Л.Нұрмұханова, Қ.Жайлаубаева «Қазақ тілі» пәнінен сабақ беріп жүрген мектеп мұғалімдері екені айтылды. Бірақ «Қазақ тілі» оқулығының авторы ретінде көрсетілген мамандардың нешеуі 2 сыныптарға қазақ тілден сабақ беретіндері белгісіз күйінде қалды.

– Тілді үйрету аясында, ең алдымен,  қолдануда жиілігі жоғары сөздер оқушының психологиялық-қызығушылық  жағдайына байланысты беріліп, меңгеріледі.  Нәтиже сабақта   жиі қолданысқа түсетін, сөйлем құрауға қажеттілігі мол  сол сөздер бекітіледі, сонда ол баланың жадында жақсы сақталады. Сондықтан оқулықта сұранысқа қажет осындай сөздер мен тіркестер таңдалып алынды, - дейді «Қазақ тілі» оқулығының авторы Фаузия Оразбаева.

Алайда «нәтиже сабақта неге бөлімде жиі қолданылатын сөздердің қолданылмағаны» белгісіз болып қалды.

Сондай-ақ, оқулық авторының айтуынша, жаңа сөздерді аударып, оларға аударма беру балаларға артық жүктеме болады.

– Сөйлеу мен жазуға қажет аудармалар оқулыққа қосымша ретінде ұсынылған «Лексикалық минимум» құралында жеке сөз, сөз тіркесі, сөйлем құрамында берілді, - дейді Фаузия Оразбаева.

«Лексикалық минимум» құралы тек мұғалімде болатын жинақ. Демек, оқушы мұғалімнің көмегінсіз өз бетімен тілді үйрене алмайды.

– Оқулық жазу – өте күрделі процесс. Оқулықтың сапалы болуына ықпал ететін бірінші фактор – пән бағдарламасының  дұрыс түзілуі.  Жаңартылған оқу бағдарламасы  оқулық қолданысқа еніп кеткеннен кейін де жиі өзгеріп отырды. Бұл да оқулықтың  бірізді жазылуына кері  әсер етті.

Біздің ойымызша, оқулық ешуақытта қосымша ресурс болмайды. Оқулық оқу бағдарламасына негізделіп жазылады. Сондықтан  бағдарламаға қойылатын талап пен білім мазмұны коммуникацияға қызмет ететін бір-бірімен сабақтас, жүйелі тақырыптар мен басты мақсат: оқушының қазақша  дұрыс сөйлеп, сауатты жазуына негізделсе, авторлар да, оқушы да, оқытушы да түпкі нәтижеге жетеді, - дейді автор.

Осы оқулықтың шығуына кім жол берді?

Алайда, оқулықтағы қателермен бөліскен ұстаз Нұржан Байсақов:

– Кезінде депутат болған Оразкүл Асанғазықызы 2016 жылға дейін осы оқулықтарды жібермей, сараптама жасатып отырған. Ол кісі депутаттықтан кеткеннен кейін 2017 жылы сапасыз кітаптар басылып шығып, осы күнге дейін оқушылар сонымен оқып отыр, - дейді.

Оразкүл Асанғазықызы еңбек демалысында болғандықтан, бұл тақырып бойынша пікір білдіруге бас тартты.

Суретте Оразкүл Асанғазықызы Фото: EADaily

Ал «Қазақ тілі» оқулығының авторы Фаузия Оразбаева:

Бұған дейін бірде-бір баспа  2-сыныптың оқулығын жазуға бет бұрмады. Атап айтқанда, 2017 жылы 5,7-сыныптың оқу-әдістемелік кешендерін тек біздің авторлық топ қана дайындай алды. Содан кейін  2018 жылдан бастап өзге авторлар тобы сол оқулықтардың үлгісімен балама оқулықтарын ұсына бастады, - деп сендірді.

Осы оқулықтардың барлығын сол кезде ҚР Білім және ғылым министрі болған Ерлан Сағадиев бекіткен. Министр қол қойған бұйрықта осы қателері бар оқулық көрсетілген.

Оқу-әдістемелік қателер түсінікті дейік. Алайда, қажырлы еңбек жұмсаған топтың пунктуациялық қателер жібергеніне кім жауап береді?

Оқулық авторы Фаузия Оразбаева «Оқулықты редакциялауда А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген, академик Р. Сыздықтың жетекшілігімен дайындалған «Грамматикалық анықтағыш» еңбегіндегі емле ережелері басшылыққа алынды» дейді.

Ал Orda.kz тілшісі «Көкжиек-Горизонт» баспасына сұрақтар қойып хабарласқанда бірінші орыс тілді маман жауап бере алмай, «жауапты мамандар кейін келетінін» айтты.

Араға 15 минут салып, Orda.kz тілшісі қайта баспаға хабарласты. Бұл жолы тұтқаны Наталья Новосельцева «Көкжиек-Горизонт» баспа үйінің директоры алды. Ол сұрақты ести сала, нақты қандай қателер кеткенін сұратты. Басында ешқандай қате жоқ екеніне сендіріп, артынша әдіскер Пархат Қорабайұлы есімді азаматты шақыртты. Бірақ ер адам өзін таныстырмады. Ол бірден қателер мен оқулықты сәйкестендіріп көрді.

Суретте Наталья Новосельцева

– Тыныс белгісіне байланысты тексеруді А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты жүргізген. Сол жердегі ғалымдар тыныс белгілерін қойған. Соңғы мәтін ішіндегі тыныс белгілердің қойылу тәртібінің ережесі бойынша қойылған. Оқулық орталығы мен сарапшыларда әлі де пунктуациялық ережелерге байланысты нақты сүйенетін бірыңғай ереже болмай тұр. Әр ғалым өзінікін дәлелдеген. Мысал ретінде көрсетілген сұраулы сөйлемде сызықтың тұрмауы туралы ешкім ештеңе айта алмайды. Бұл мәселе бірнеше рет көтерілген. Фазылжанова Анар бастаған сарапшылар оқулықты тексерістен өткізді, -деді баспа өкілі.

Қазіргі ереже бойынша «Бұл – менің отбасым» деген сөйлемде сызықша қойылады. Бұл сілтеу есімдік, отбасым да есімдік болғандықтан, арасына міндетті түрде сызықша қойылады. Оны ұстаздардың өздері білмей ме не? Олар білмесе біздің жағдайымыздың не болғаны?

«Көкжиек-горизонт» баспасының өкілі

Демек, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Нұржан мырза сауатсыз болғаны ма?

Orda.kz тілшісі баспа сөзінде айтып қалған А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтына хабарласып, соңғы емлеге қатысты түсініктеме алмақшы болды. Алайда, институттың директоры Анар Фазылжанова сызықшаның маманы Солтанбекова Әсиямен байланыстырды. Әсия ханым ойланбастан екі есімдік арасына сызықша қойылмайтынын айтты.

Фото: OLX

Бір пікірмен шектелмей Orda.kz тілшісі мәтінмен күнделікті жұмыс істеп жүрген филолог Жанболат Шәкім мен журналист Қайнар Олжайға да хабарласып көрді. Барлығы бір ауыздан жоғарыда аталған сөйлемдердің бірде біреуінде сызықша қойылмайтынын айтты.

Демек, орыс, ағылшын, неміс және басқа тілді сыныптардағы «Қазақ тілі» оқулығында қателер бар. Олар 2017 жылдан бастап 5000 дана басып шығарылып, қолданысқа енген.

5 кезеңнен тұратын тексерістің нәтижесі қайда?

ҚР Білім және ғылым министрлігінің айтуынша, жоғарыда мысалға алынған оқулықтар ҚР БҒМ республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы (BMSO) ұйымдастырады. Орталықта 2 мыңнан астам сыртқы сарапшы 5 кезеңнен тұратын мемлекеттік сараптама өткізеді.

– Оқулықтардан бірінші оқу жылы ішінде полиграфиялық ақау табылса, оларды баспа өз қаражаты есебінен ауыстыруға міндетті. Оқулық мазмұнындағы қандай да бір қателік расталған жағдайда электронды нұсқадан бірден, ал қағаз оқулықтан қайта басып шығару барысында түзетіледі, - дейді министрлікте.

Еске салсақ, оқулықтар 5-6 жылда бір рет басылып шығады.

2016-2020 жылдары шыққан оқулықтарға қатысты сын-пікірлердің 75%-ы расталмаған. Расталған 25 пайыздың: 18%-ы техникалық қате, 6%-ы дерек және 1,5%-ы аударма қатесі.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсынған мәліметі
[democracy id="9"]

ҚР Білім және ғылым министрлігі оқулықтардан қате тапқан жағдайда сын-пікірді:

  • 8 (708) 425-06-29 Call-орталығына
  • [email protected] электронды поштасына жолдауды сұрады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар