«Менің атым Қожа»: Жүйеге «бағынбайтын» образ қалай шындыққа ұласты?

cover Коллаж: Orda.kz

Осыдан 60 жыл бұрын «Менің атым Қожа» фильмі шықты. Бердібек Соқпақбаевтың жүйеге қарсы «бағынбайтын» кейіпкерінің образын ашып қана қоймай, жазушы ретінде қазақ тарихындағы аштық пен Желтоқсан оқиғасын жазған Нұрлан Сегізбаев қазір қайда? Ресей билігі және Қазақстан билігі тарапынан цензураға ұшыраған «Аллажар» фильмінің авторы Нұрлан Сегізбаев жайлы біз не білеміз? Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл фильмге қандай қатысы бар? Цензура оның шығармашылығына қалай әсер етті?

Orda.kz тілшісі кеңес кезеңінде де, тәуелсіздік алғаннан кейінде өмірін ағартушылық пен шығармашылыққа арнаған Нұрлан Сегізбаевқа хабарласты.

Қожа қандай тұлға болды?

1963 жылы Абдолла Қарсақбаев түсірген «Менің атым Қожа» фильмі —  қазақ кинематографиясындағы ең ірі туындылардың бірі. Бұл 1960 жылдардағы қазақ ауылын шынайы суреттеген фильм ғана емес. Талай қазақ баласы Қожабергенді көріп, онымен бірге есейді, көп нәрсе түйді. Канн фестивалінде балаларға арналған үздік фильм ретінде бағаланды. Ал повест әлемнің 68 тіліне аударылды. Сол көркем туындыда шынайы, қайсар, дәтті қазақ баласының рөлін сомдаған Нұрлан Санжарұлы қазіргі кезде кинодрамматург, сценарист, философия ғылымдарының кандидаты және ҚазҰУ оқытушы болып жұмыс істейді.

Нұрлан Сегізбаев,  «Менің атым – Қожа» фильмінен кадр

Жақында жазушы, сценарист Нұрлан Санжардың Қазақстандағы әдебиет жайлы кітабы Германияда жарыққа шығады. Ол «Менің атым – Қожа» фильмінен кейін 44 жыл өткен соң, «Қош бол, Гүлсары» фильміндегі Шораның рөлін сомдады. Бірақ ол өзін актер деп санамайды. Сондықтан біз оның шығармаларын зерделеп көрдік. 

«Қош бол, Гүлсары» фильмінен кадрлар, Нұрлан Санжарұлы Шораның рөлінде

Кеңес кезіндегі және тәуелсіз Қазақстандағы цензура

Бұл фильм төрт буынның жадында сақталған, ұлттық мұраға айналған туынды. Алайда 1958 жылы кітапты қазақ тілінде басып шығара алмады. Нұрлан аға жазушы Бердібек Соқпақбаевтың сол заманның қатаң цензурасына ұшырағанын айтты. Бердібек Соқпақбаев шығармасын жариялау үшін, орыс тіліне аударып, Мәскеудегі «Жас гвардия» баспасына апарды. Бірақ олар оны шығаруға құлық танытпаған. Орыс редакторлары жас жазушы Бердібек Соқпақбаевты француз жазушысы, коммунист Луи Арагонмен таныстырады. Нұрлан ағаның сөзінше, француз жазушысы кітаптың бас кейіпкері Қожаны Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романындағы Гаврошқа ұқсатқан. Сол баррикаданың үстінде оқ жауып тұрғанда жүгіріп, жауынгерлерге оқ-дәрі жеткізген жасөспірім бейнесіне ұқсатып, қатты ұнатып, бұл туындыны өз қаржысына француз тіліне аударып, Францияда басып шығарды. 

«Француз тілінде шыққаннан кейін ғана кітап орыс, артынша қазақ тілдерінде жарық көрді. Көп ұзамай фильмі де түсірілді. Алайда Бердібек ағамызды өз деңгейінде мойындаған жоқ. Өйткені ол социалистік реализмді жақтамады. Жазушылар одағында өгей баланың күйін кешті. «Халық жазушысы» атағын алмады, мемлекеттік марапаттарға да ие болмады. 66 жасында өз-өзіне қол жұмсады. Бұл – оның қарсылығының көрінісі еді. Соған қарамастан, шығармалары әлемнің 68 тіліне аударылды. Тіпті Мұхтар Әуезовтің шығармаларынан да көп тілге тәржімаланды! Дегенмен қазіргі күннің өзінде қазақ қоғамы оны лайықты деңгейде бағалап отырған жоқ», – деді Нұрлан Санжар. 

2024 жылы ұлы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-да атап өтілді. Бірақ Нұрлан Санжар оған сырқаттанып бара алмапты. Ол жазушылар арасындағы бірін-бірі мұқатуды сынап, қолдаудың жоқ екенін айтты.

«Өткен жылы ЮНЕСКО Бердібек ағаның мерейтойын атап өтті. Штаб-пәтерінде арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Бірақ мен қатыса алмадым, сырқаттанып қалдым. Олар гуманист жазушының шығармашылық еркіндігі үшін күресіндегі жеңісін атап өтті. Бізде талантты мойындау деген жоқ. Қазақ зиялылары бірін-бірі қолдамайды. Кезінде де жазушылар өзара домалақ арыз жазып, бірін-бірі қаралаған. Қазіргі кезде де дарынды адамға қолдау көрсету деген жоқ», – деді Нұрлан Санжар.  

2018 жылы Нұрлан Санжарұлының «Періште» кітабының сюжетіне негізделген сериал түсірілді. «Періште» телесериалы Ялта фестивалінде және Мәскеу телефорумында жүлделер алып, көрерменнің ерекше ықыласына ие болған еді. Сонымен қатар «Оралман» фильмінің сценарийін жазған осы кісі. Биыл жазушының «Қызыл қар» кітабы шықты. Қазір кітап дүкендерінде сатылып жатыр. 

Нұрлан Санжарұлының бұл кітабына идеялық әрі көркемдік тұрғыдан маңызды екі повесть кірді — «Өліара» мен «Аллажар». Жазушы Нұрлан аға «Өліара» повесінде тарихи шындық пен философиялық ойды тоғыстыра отырып, қазақ даласындағы түрлі идеологиялар мен тағдырлар жайлы жазды. Басты кейіпкер – венгр Иштван Мадьяр революцияны бостандыққа жетудің жолы деп біледі. Бірақ кейін тоталитарлық жүйенің жазалаушы құралына айналады. Осы арқылы автор әділеттілік, адамгершілік және утопиялық идеялардың құны туралы өзекті мәселелерді көтереді. 

Нұрлан Санжарұлы осы шығарманың негізінде сценарийін жазып, фильм түсірді. Жазушы министрлік «Өліара» көркем фильмінің прокатқа шығуына аштық жайлы тақырыпты қозғаған соң, тосқауыл қойғанын айтты.

 «Қазіргі кезде де цензура бар. Мысалы, менің «Өліара» атты фильмім – 1932 жылғы ашаршылық туралы тарихи көркем фильм. Шетелдік режиссер түсірген. Көрерменге ұсынуға болатын дайын туынды. Бірақ екі жылдан бері министрлік прокатқа рұқсат бермей келеді. Неге? Өйткені жоғары жақ ашаршылық тақырыбын халыққа көрсетуге болмайды деді. Біздің қоғамның шынайы көрінісі – осы. Қазақтың мәдениеті мен әдебиетінің қазіргі ахуалы – осындай», – деді Нұрлан Санжар.

«Аллажар» фильмінің авторлары және Нұрсұлтан Назарбаев

Бірі білсе, бірі білмес, 8 жыл бойы түсірілген режиссер Қалдыбай Әбеновтің «Аллажар» фильмінің сценариін жазған осы Нұрлан Санжар. 1988 жылдан бастап 1996 жылға дейін түсірілген бұл фильм ресейлік мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлерінің кесе көлденең тұрғанына қарамай, тәуелсіз Қазақстандағы цензураға қарамай, жарыққа шықты. Оған режиссер Қалдыбай Әбенов үлкен атсалысты.

Ал сценарист Нұрлан Санжар сол кездегі тар замандағы саясатқа бола, оның рұқсатын да алмай, сценаристер қатарына мәскеулік бір адамды қосқандарын айтты. Оның сөзінше, Лапшин сценарийге жедел жәрдем дәрігерінің образын енгізіп, өз үлесін қосқаннан кейін, сыйақысын алып, үйіне қайтқан. Қазірдің өзінде кейбір ашық ақпарат көздерінде сценаристер қатарында тек Александр Лапшин ғана тұр. 

Қазақтың көрнекті жазушыларының бірі Сағат Әшімбаев 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде телеоператор Рубикжан Яхинге алаңдағы оқиғаларды жасырын түрде түсіріп, сақтап қоюды тапсырған. Бұл тарихи құжат ретінде аса маңызды жазба болды. Міне сол жазушы Сағат Әшімбаев Санжар Нұрланұлына «Аллажар» фильмінің сценарийін жазу идеясын ұсынған, бұл фильм Желтоқсан оқиғасына арналған алғашқы көркем фильмдердің бірі саналады. Ол жайлы естелігінде жазушы былай деп жазады:

«Аллажар» көркем фильмінің сценарийін жазу туралы идеяны Сағат Әшімбаев айтқан еді. Ол «Правда» газеті ресми түрде қазақ халқын ұлтшыл деп айыптағанға жүрегі ауырды. Сағат Әшімбаев ұзақ сөйледі, шынайы әрі қатты айтты. Үнсіз ғана мұқият тыңдап отырдым. Бір-екі сағаттан кейін ол былай деді: «Маған бала кезіңде түскен «Менің атым Қожа» фильмі қатты ұнайды. Бірақ енді ересек адамсың, Нұрлан. Талантты әрі еңбекқор екеніңді байқап жүрмін. Кейіпкеріңнің есімі нені білдіретінін білемісің? «Қожа» дегеніміз «қожайыннан» шыққан. Мына ен даланың қожайыны — осы даланың қарапайым ғана баласы. Сондықтан саған бір тапсырма беремін: желтоқсан оқиғасы туралы кітап жаз, ал көркем фильм сценарийін жазсаң, қатып кетер еді. Қорықпа, балам. Бұл туралы жазуға болмайтынын білемін, дегенмен сен қорықпа, жаз. Сталиннің кезіндегіндей жарға тұрғызып, атып тастамайды». Сол тілегін естіп кабинеттен шықтым, содан бері осы тақырып ойымнан кетпей қойды», – деп жазды Нұрлан Санжар.

Ақыры сол істі қолға алған Нұрлан Санжардың алғашқы сценарий нұсқасын киностудия жақтыра қоймады. Оның сөзінше, тіпті кейбір әріптестері амандасуды да қойған. Кейіннен сценарий Мәскеудегі КСРО мемлекеттік кино редакциясына жетіп, олар жұмысты жалғастыруды талап етті. Сценарийді жетілдіру барысында Нұрлан Санжар мен режиссер Қалдыбай Әбенов арасында шығармашылық келіспеушіліктер туындады. Нүрлан аға кейіпкерлердің ішкі әлеміне терең үңілуді көздесе, Әбенов оқиғаларды кең ауқымда көрсетуді қалады. Нұрлан Сегізбаев келіспеушіліктер кейде қатты дауға ұласып, жаға жыртысқан кездері де болғанын айтты. Фильмді түсіру барысында да көптеген қиындықтар болды. Билік тарапынан кедергілер жасалып, түсірілім бірнеше рет тоқтатылды, қаржыландыру қысқартылды. Тіпті фильмге қатысы бар адамдарға экстремист деген айыптар тағылды. Осының бәріне қарамастан, Нұрлан Санжар өз ұстанымынан таймай, шығармасын аяқтауға күш салды.

«Көп жыл өткен соң сол проблемалардың мәнін түсіне бастағандай болдым. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі желтоқсан оқиғасы арқасында дәуіріміздің батыры атанғысы келіпті — сол себепті режиссерға ел президентінің үлесін де ұмыт қалдырмай, фильмге қосыңдар деген ұсыныс түскен. Бірақ Қалдыбай
Әбенов ерлік танытып, бас тартқан. Онымен қоймай, революцияшыл жастар Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаҺарманы» атағын беруді талап етіп, дегеніне жетті», – деп жазады кітабында Нұрлан Санжар. 

Нұрлан аға 1996 жылы «Аллажар» Қазақстанның мемлекеттік сыйлығына ұсынылған кезде оның есімі фильм авторларының қатарына енбей қалғанын айтты. Бұған қоса кинооператор Әбілтай Қастеев, қоюшы суретші Александр Дериганов, композитор Қуат Шілдебаев та тізімнен шет қалған екен.

«Бізді, авторларды, елемегендей болды. Дегенмен «Аллажар» Мемлекеттік сыйлықты алмады — фильмді ұлтшылдық бейнесі деп айыптап, ашық прокатқа шығармай қойды. Повестің қолжазбасын ұзақ жыл бойы Қазақстандағы ешбір баспа үйі қабылдағысы келмеді — маған бар болғаны аң-таң болып қарайтын. Қолжазба менің жазба үстелімде 35 жылдай жатты. Енді, міне, оны ақыры оқитындарыңызға бек қуаныштымын. Қалдыбай Әбеновтің осы күнді көрмей кеткені өкінішті», – деп жазады кітабында Нұрлан Санжар. 

Кешегі сотқар, қайсар, шыншыл Қожаның образын алып шыққан бозбала бүгінде қазақ руханиятына адал қызмет еткен тұлға. Ешкімнің сойылын соқпай, таза шығармашылыққа өмірін арнаған жазушы, қазақ кино өнеріне өмірін арнаған сценарист. Оның қыңыр мінезі, дегенінен қайтпайтын өжеттілігі діттеген мақсатын адал атқаруға дем болғаны анық. 

13 наурыздан бастап 60 жылдан бері ұлттың сүйікті фильмі болып келе жатқан «Менің атым Қожа» фильмінің жаңа нұсқасы кинотеатрлардан көрсетілгелі жатыр. 

Orda.kz бұған дейін осы ғажайып туындыда Қожабергеннің анасы Миллаттың рөлін сомдаған  Бикен Римова жайлы және оның аты берілген театр биыл 50 жылдық мерейтойын тойлағалы отырғанын жазған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар