Биыл Бикен Римова театрына 50 жыл толды

cover Коллаж: Orda.kz

1975 жылы 4 қараша күні ашылған қазіргі Бикен Римова атындағы Талдықорған қаласындағы театрға биыл 50 жыл толады. Осыған орай Orda.kz тілшісі осы театрда 38 жыл қызмет еткен Сағындық Жұмаділден сұхбат алып, театр тарихы жайлы сұрастырды.

1975 жылы 4 қараша күні бір топ жастар қойған Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» спектаклімен ашылған. Кеңестік цензураның қатты кезінде де тарихи драмаларды сахналап ұлт мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан театрға 50 жыл толып отыр. Өнердегі талай алыптар қызмет еткен киелі шаңырақ жайлы мақаламыздан оқыңыздар.

Театрға Бикен Римованың аты қалай берілді?

Сағындық Жұмаділ театрдың 25 жыл атсыз жүргенін, тек 2000 жылы Заманбек Нұрқаділов әкім болып отырған кезде халық әртісі Бикен Римованың есімін алғандарын айтты.

Бикен Римова, Фото: Иосиф Будневич

 Бикен Римова — 1923 жылы Жетісу облысының Қаратал ауданында дүниеге келген халқымыздың еңбек сіңірген әртісі. 1943 жылы Алматы көркем-театр училищесін бітіреді. 1941 жылы Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрына жұмысқа қабылданып, ғұмырының соңына дейін әкем театрда қызмет атқарды. 

Бикен Римова, «Менің атым Қожа» фильмінде Миллат образын сомдаған кезі

Бикен Римова «Шабандоз қыз», «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» сынды киноларға түскен. Өмірінің соңғы жылдары отандық «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясына түсті. Бикен Римова 1966 жылы Қазақ ССР Халық әртісі мен Мемлекеттік сыйлығының Лауреаты атағын алды. 

Бикен Римова «Тақиялы періште» фильмінде Әмина Өмірзақовамен бірге

 Қазір Бикен Римова театрының әртісі Сағындық Жұмаділ Жетісудың бірқатар тумаларының атын сұрағандарын айтты. Ақыры Заманбек Нұрқаділовке директор болып отырған кезінде осы ұсынысты айтып, сөз қозғағанын баяндап берді.

«Біз 25 жыл атсыз жүрдік. Совет одағы кезінде Ленин комсомолы атындағы театры болайық деп сұрады. Оны бермеді. Ілияс Жансүгіровтің атын сұрадық. «Ілияс Жансүгіров атында университет бар, мәдениет үйі бар болмайды» деді. Қанабек Байсейітовтің атын сұрадық, «Ол кісінің атында саз колледжі бар» деді. Ақын Сараның атын сұрап едік, «Ол кісінің театрға қатысы жоқ» деп тоқтатып тастады. Мен 1996 жылы театрға директор болдым. 2000 жылға қарай Шахмет Құсайынов пен Бикен Римованың баласы Көбей театрға келіп бізбен сөйлесті. «Атсыз жүр екенсіңдер. Бикен апайларың осы Жетісудың қызы, сол кісінің атын берсек қалай болады?» деді. Біз қолымызды көтеріп, қуана-қуана келістік. Бірақ сол кезде біз Алматы облысына қосылған кезіміз. Әкіміміз — Заманбек Нұрқаділов. Ол кісіге қайтып айтамыз? Ешкім батпайды. Ол кісі енді адуынды адам ғой. Мінезі шалт, бірде көл, бірде шөл. Бірақ енді қазақ десе, өнер десе жанып тұратын адам. Содан бәрі жабылып «Сен осы театрдың директорысың. Осындай үлкен жиналыс болады. Мына Нұрқаділов мырзаның алдында осы мәселені көтер» деді. «Жарайды, енді басымды алмас» деп келістім. Сонымен жиналыс болып «Қандай сұрақтарыңыз бар?» деді. Қолымды көтердім. «Иә, Сағындық, айт. Не?» деді. «Міне 25 жыл бойы атсыз жүрміз. Ананы сұрадық, мынаны сұрадық, анау деді, мынау деді. Енді мынау Бикен апамыз осы Жетісудың қызы. Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, осы Бикен апамыздың атын біздің театрға берсеңіз. Соны алуға көмектессеңіз» дедім. «Өздерің қалай қарайсыңдар? Халық қалай қарайды?» деп сұрады. Біз қолдайтынымызды, халықтың да қолдайтынын айттық. Заманбек Нұрқаділов «Егер халық қолдаса, мен қарсы емеспін, мен көмектесемін» деді. Сол кездегі Қасым Жомарт Тоқаев премьер-министр болып жұмыс істейтін. 2000 жылы сол кісі Бикен Римованың атын берген құжаттарын табыстады», — деді Сағындық Жұмаділ.
Фото: Orda.kz, Сағындық Жұмаділ

Сағындық Жұмаділ Бикен Римованың атын алмай тұрып та, Бикен апамен хабарласып тұрғандарын айтты.

«Сол Бикен апамыз тірі кезінде, театр атын алмай тұрып, мен апама бардым. Шахмет Құсайыновтың «Алдар көсе» деген пьесасын қоюға рұқсат беріңіз дедім. Ол да «Құдай, айналайын, әрине, берем рұқсатымды. Мен өзім сол Жетісудың қызымын. Мен өзі көп бара бермеймін. Сұраншақ та емеспін. Бірақ сырттарыңнан тілеулес болып жүремін. Елімдегі театр дұрыс болса екен деймін. Жасап жатқан дүниелеріңді көріп марқайып жүремін. Қоюға рұқсат» деді. Сол кезде өзі ауырып жүрген еді. Осы қойылымның премьерасы болғанда өзім келіп, көлікпен алып кетемін деп айттым. Ол кісі де келісті. Бір әттеген-айы, премьерасы жақындағанда апам қайтып кетті. Өкініштісі сол. Бірақ сол «Алдар көсені» қоярда үйіне барып, дәмдес болып, өзі жазған кітабына қолтаңба алып, ол кісі қуанып, «жақсы дүние болды ғой» деп бір жасап қалып еді. Соны біздің театрдың негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлы ойнады. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Әмір-Темір қойды. Қазір ол кісі зейнетте. Бұны біз неге айтып отырмыз? Біз Бикен апаның атын алған соң ғана сол кісіні айтып жүрген жоқпыз, біз ол атты алмай тұрып та, Бикен апамен тығыз қарым-қатынаста болғанбыз», — деді Сағындық Жұмаділ.

Театрдың негізін қалаушылар

Бұл кісінің аты берілген театрды 50 жыл бұрын ашқан қыз-жігіттер қазіргі кезде де аға буын ретінде театрда қызмет етіп жүрген көрінеді. Жалпы Талдықорғандағы алғашқы театрдың басқа театрлардан ерекшелігі — сол кездерден бері қызмет етіп келе жатқан аға-апаларымыз — аға буын, кейінгі жылдары қызметке келіп, театр қатарына қосылып отырғандар — орта буын және жаңадан театрға келген жастар — жас буын ретінде қойылымдарда түрлі рөлдерді сомдап жүр.

«Бикен Римова атындағы Талдықорған қаласындағы қазақ драма театры осыдан аттай 50 жыл бұрын 1975 жылы консерваториядағы КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шолпан Жандарбекова апамыздың классын оқып бітірген, жап-жас, өрімдей қыз-жігіттер Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян сұлу» атты дипломдық жұмыстарымен келіп, осы Талдықорғанда театрдың шымылдығын ашты. Ал енді осы 1975 жылдан биылғы жылға дейін санасақ тура 50 жыл өтіпті. Осы ширек ғасыр уақытта біздің театрдың жеткен жетістігі таудай десем бұл мақтанғаным емес. Бұл республикалық, халықаралық фестивальдерде гран-приден бастап, бірінші, екінші, үшінші орындар және үздік ер адам рөлі, үздік әйел адам рөлі және эпизодтық үздік рөлдер деген жүлделердің бәрін дерлік алған театр. Сол 1975 жылы келген бір топ қыз бен жігіттердің ішінен қазір театрымызда 7-8 апаларымыз бен ағаларымыз қызмет етіп жатыр. Қазір ол кісілердің жасы 70 асты. Халық әртісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, еңбек сіңірген әртістері... Көрдіңіз бе? Бұл үлкен жетістік», — деді Сағындық Жұмаділ. 

Оның сөзінше, 1975 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян сұлу» спектаклінен басталған театрдың репертуары бүгінгі күнге дейін Батыс, Шығыс, Еуропа драматургтарының шығармаларымен үлкен репертуарға қосылып үлкен бір галерея жасады. Атап айтсақ, қазақ классиктері Ғабит Мүсіреповтің, Мұхтар Әуезовтің, Ілияс Жансүгіровтің, Тахауи Ахтановтың, Иран Ғайыптың, Дулат Исабековтің, Сұлтанәлі Балғабаевтың көптеген шығармаларын сахналап отырды. Одан кейін Еуропадағы драматургтердің, мысалы Шекспирдің «Асауға тұсау», Шиллердің «Зұлымдық пен махаббаты», орыс халқының классиктерінен Чеховтың «Ваня ағайы», Максим Горькийдің спектакльдері, Островскийдің спектакльдері, сонымен қоса жас драматургтердің де спектакльдері қойылды. 

«50 жылдың ішінде қайтқандары бар, қазір көзі тірісі бар... 4 халық әртісі шықты. Алтын Ружева деген үлкен апамыз болды. Халық әртісі. Одан кейін Омаров Бәйтен Уәлиханұлы деген үлкен режиссер азаматымыз болды. Ол да халық әртісі. Одан кейін осы театрды ашқан Алмахан Кенжебекова деген апамыз да халық әртісі атанды. Сонымен қатар былтыр ғана Әлихан Ыдырышева апамыз да халық әртісі атанды. Олардың қатарында ҚР еңбек сіңірген қайраткері атағын бәрі дерлік алды десем өтірік емес. Мысалы, Өмірсерік Қалиұлы, Азат Базаргелдиев, Серік Нұрғалықов, Кендебай Темірбайұлы, Жанат Шайкина, Жібек Лебаева, Сағат Жылгелдиев, Оразәлі Ақжарқын, Әлімбек Оразбек т.б. кісілердің бәрі еңбек сіңірген қайраткерлер. Одан кейінгі толқынның арасында Ахманов Мұрат есімді ҚР еңбек сіңірген әртісі режиссеріміз болған. Одан кейінгі тағы бір режиссеріміз Болат Ұзақов ҚР еңбек сіңірген қайраткері. Осынша адамның осыншама жетістікке жетуі біздің театрдың өте талантты адамдардан құралғанын білдіреді», — деді Сағындық Жұмаділ. 

Бізге сұхбат берген Сағындық Жұмаділ Қазақстан бойынша 56 театрдың әртістерінің арасында өтетін Тұңғышбай Жаманқұловтың «Театр қоғамы» ұйымдастырған «Еңлік гүл» атты сыйлықтың иегері атанған. Бұл театрда 2 адам сыйлықты алған көрінеді. Осы театрдың театр суретшісі Қарлығаш Шалабаева да осы сыйлықты жеңіп алған. 

Театр суретшісі Қарлығаш Шалабаева Фото: biken-rimova.kz
«Театрымыз халықаралық байқаулардан да жүлдесіз қалып көрмеген. Фестивальдардағы үлкен сыншылардың біздің театр әртістеріне баға беріп, «әйел рөлін үздік сомдаған», «ер рөлін үздік сомдаған» деп баға беруі — үлкен жетістік. Сол 50 жыл бұрын 20-25 жастағы қыз жігіттер қазір үлкен апаларымыз, аталарымыз болып отыр. 50 жылдық мерейтойымызға «Қозы Көрпеш Баян сұлу» спектаклін жаңа буынмен бірге қойғалы отырмыз. Бұл 50 жыл бұрын көрген көрермендер үшін де, қазіргі көрермендер үшін де үлкен жаңалық болғалы отыр. Сонымен қатар театрда Қанабек Байсеитовтың Оразбек Бодықовпен бірігіп жазған еңбек ері Зылиха апамыз туралы жазған «Беу қыздар-ай» деген спектаклін ретро спектакль ретінде заманауи түрде қоюды қолға алдық. Өткенде ғана Гогольдің «Ревизорын» қойдық. Серік Әбікеновтің «Аманат» деген спектаклін қойдық. Ол тарихи спектакль. Қаратал өңірі әулиелер мекені дейтін болсақ, сол әулиелердің бірі Жолбарыс би туралы өте жақсы спектакль. Халық өте жақсы қабылдады. Абайдың 175 жылдығына М.Әуезовтің «Абай» трагедиясын қойдық. Сонда мен Абайдың рөлін ойнадым. Енді 180 жылдығы келе жатыр. Соған біздің осы халық ерекше қабылдаған спектакліміз дайын. Өткенде Володиннің «Кездесу мен қоштасу» спектаклін қойдық. Жалпы біздің спектакльдеріміздің бәрінде аншлаг болады. Біз рухани байлық іздейтін кезге келдік. Сондықтан халық қазір театрға асығады», — деді Сағындық Жұмаділ.

Театрға 25 жасында 1988 жылы келген Сағындық Жұмаділ 1996 жылдан 2002 жылға дейін театр директоры болған. Қазіргі театр директоры — Ерлік Жуасбек.

«Мен ол кезде 25-те едім. Міне, қазір осы театрда істеп жатқаныма 38 жыл болды. Сонау 88-ші жылы келдім, 96-дан 2002-ші жылға дейін директор болдым. Қазір актер және театр директорының кеңесшісі деген лауазымым бар. Бізде қазір Ұлан Ахметов деген азамат бар, оған қоса көркемдік жетекші деген лауазымы бар. Қазір біз «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакліне кезінде бізде істеп кеткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовты шақыртып қояйық деп жатырмыз. Ол қазір Астанада жұмыс істейді. Қазір тағы бір жас режиссеріміз келді. Аты-жөні – Қосубақ Әлібек Бердібекұлы. Әлі оқу орнын бітірмеді. Сол біздің театрымызды ұнатып қалыпты. Бітірген соң осында қалсам деген ойын айтты. Біз оған еш кедергі келтірмей, бастамасына екі қолымызды көтеріп қолдау білдіретінімізді жеткіздік. Сондықтан бізге жастардың келгені жақсы. Қазір режиссер тапшы. Бәрі Алматы мен Астанада жұмыс істегісі келеді», — деді Сағындық Жұмаділ.

Сағындық Жұмаділдің сөзінше бұл театрда қызмет еткен көп әртістер қазір Қазақстанның түпкір-түпкірінде түрлі театрларда жұмыс істейді. Кинорежиссер Талғат Теменов, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, қазір М.Әуезов атындағы драма театрдың режиссері Әлібек Оразбеков, Қ.Қуанышбаев театрының режиссері Болат Ұзақов, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов, Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі, Қ.Қуанышбаев театрының актрисасы Жанат Шайкина, Қазақстанның еңбегі сіңген әртісі, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының актері Жібек Лебаева сынды тұлғалар осы театрда жұмыс істеген. Сағындық Жұмаділ олардың кезінде облыстар қосылып жатқанда жан-жаққа ауысып кеткенін айтты. Осы театрдан шыққан әртістер жайлы ол былай деді:

 «Маған дейін бір директорымыз болған, театрдың негізін қалаушы Секербек Айтқалиұлы Жабықбаев деген кісі болған. Ол кісі өзі ақындау еді.  Сол кісінің бір-екі ауыз сөзі есте қалыпты. 
«Талдықорған таланттардың мекені ғой,
Дайындап шартарапқа беріп жатқан», – дейді. Бұл рас. Қарап отырсаңыз бізден шыққан таланттар жан-жақта жүр. Қостанайдағы бас режиссер Оразәлі Ақжарқын да біздің театрда жұмыс істеген. Сондықтан біздің театр қай жағынан болса да кемеліне келген талантты ұжым», — деді Сағындық Жұмаділ. 

Енді театр ұжымы 50 жылдық мерейтойға театр «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деген спектакльді жаңғыртып қойып, дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Бикен 1», «Бикен 2» деген фестивальдердің жалғасы ретінде, «Бикен 3» деген фестиваль кезінде спектакльмен шымылдықты ашқалы отыр. 50 жылдық тарихы бар театр ұлтымыздың басынан өткен екі кезеңді көрді. Тәуелсіздік алмай тұрған кезде де қазақ халқының ұлттық құндылықтарына қызмет етті. Өнер ордасы ретінде сол кездегі өнер адамдары қойып кеткен биік беделді әлі күнге түсірмей келе жатыр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар