Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтады

cover Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтады. Президент бұл мереке – халқымыздың ізгі дәстүрлері мен асыл құндылықтарын айшықтайтын ерекше күн екенін атап өтті. Өзара құрмет, жанашырлық таныту, шынайы ризашылық білдіру – ұлтымыздың болмысына тән қасиеттер екенін еске салды, деп хабарлайды Orda.kz. 

Алғыс айту дәстүрі қоғамдағы татулық пен сенімді бекемдеп, ел бірлігін нығайта түседі. Жақындарымызға алғыс білдіру – оларға рухани демеу болып, қиын сәтте жанынан табылу деген сөз. Қазіргі құбылмалы кезеңде мұндай құндылықтардың мәні бұрынғыдан да арта түсті.

«Бұл күні біз, ең алдымен, тағдырлы кезеңдерде елін аман сақтап, келер ұрпаққа баға жетпес мұра қалдырған ата-бабаларымызға тағзым етеміз. Сондай-ақ ұстаздарға, дәрігерлерге, мәдениет қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, жұмысшыларға, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға және адал еңбегімен Отанымыздың дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз», – деді президент. 

Ол жастар мен еріктілерге де ерекше алғысын білдірді. Қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп, мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жүрген белсенді азаматтардың еңбегі зор құрметке лайық екенін баса айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, бұл – жасампаз әрі жауапты отаншылдықтың жарқын көрінісі.

«Еліміз тарихи жаңғыру кезеңіне қадам басты. Жалпыұлттық референдумға ұсынылған жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік институттардың жауапкершілігі мен тиімділігін арттыруға, Тәуелсіздігімізді нығайтуға жол ашады. Жаңа Ата Заң – ортақ күш-жігерімізбен қалыптастырып жатқан жарқын болашақтың берік негізі», – деді Тоқаев.

Алғыс айту күні әр азаматтың ел тағдырына жауапты екенін тағы бір мәрте еске салады. Алдағы өзгерістердің табысты жүзеге асуы – бірлігімізге, парасаттылығымызға және белсенді азаматтық ұстанымымызға байланысты. Заң мен тәртіпті, өзара құрмет пен ынтымақты басты қағида етіп, дәстүрімізді дәріптей білсек, Қуатты, Әділетті, Таза әрі Өркендеген Қазақстанды бірге құрамыз, деді мемлекет басшысы.

«Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасынің игілігі жолында бірлесе еңбек етіп, биік белестерді  бағындырамыз деп сенемін.Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін!», –  деп түйіндеді ол. 

Еске салсақ,  28 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев  Иран төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты қауіпсіздік шаралары жөнінде тапсырмалар берді. Президент Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке күштік құрылымдар мен салалық министрліктердің жетекшілерімен бірге Ирандағы ахуалдың ушығуына және еліміздегі тұрақтылыққа қатер төндіру ықтималдығына байланысты шұғыл шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар