Мектепке хиджаб киіп баруға тыйым салу керек (пе?)

cover Коллаж Orda.kz

Жақында Қазақстан мектептерінде заң жүзінде хиджаб киюге тыйым салатын петиция жарияланған болатын.

Қазіргі таңда хиджаб мәселесі өте өзекті болып отыр. Кейбір дін жолындағы ата-аналар қыздарына хиджаб кигізіп жатады. Бұл мәселеде Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығында «Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды» деп ұйғарылған болатын. Енді дінтанушы осы даулы мәселені заң жүзінде көтеріп, петиция ұсынып отыр.

Orda.kz тілшісі сол петиция авторына хабарласып, осы мәселе жайлы сұхбаттасты. Дінтанушы Әл-Фараби Болатжанның айтқан пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

Құранда хиджаб кию туралы нақтылы аяттар, сүрелер, хадистер бар?

Иә, Құранда «хиджәб» деген сөз келесі сүре-аяттарда: 7:46, 17:45, 19:17, 33:53, 38:32, 41:5, 42:51 жеті мәрте кездеседі. Алайда осы мысалдардың ешқайсысында ол сөз әйел адамның киімі ретінде айтылмайды. Оның Құрандағы мағынасы – перде. Мәселен, 42:51-де Жаратқан адамдармен «хиджәб» (перде) арқылы сөйлеседі делінген. Хадистерге келсек, бұл үлкен әрі кешенді мәселе. Бұны бір сұхбат аясында толыққанды жеткізе алмайсың. Жалпы тарихи тұрғыдан қарастырайық. Исламға дейінгі кезеңнен бері араб қоғамында әйелдердің орамал тағуы олардың әлеуметтік дәрежесін айқындайтын. Яғни, азат әйелдер өз дәрежесін көрсету үшін орамал тағатын, ал күңдерге орамал тағуға тыйым болатын. Демек бұл әу баста дінге қатысы жоқ әлеуметтік «өлшем» болған. Ислам дінін қабылдағаннан кейін бұл дағды қалды. Араб халифаты кезінде орамал діни сипатқа ие әлеуметтік «өлшем» болып кетті. Халифа Омар орамал таққан күңдерді көргенде, оларды тіпті таяқпен ұрып, орамалдарын шешіп тастаған деген хадистер бар, өйткені күңдерге азат әйелдер сияқты жүруге болмайтын. Сол себепті мұсылмандық дәстүрде күң бөтен еркектердің көзінше орамалсыз жүре береді, тіпті намаз оқығанда орамалсыз оқиды. Бірақ құлдыққа тыйым салынған қазіргі тең құқықтық заманда бұндай ортағасырлық әлеуметтік өлшемнің не қажеті бар? Оның үстіне бұл басқа халыққа тиесілі дәстүр емес пе? 
Әрине, әркім өзі шешім шығарсын.
 
Мектеп оқушыларына хиджаб кигізу жайлы мәселе қай кезде басталды? 

Меніңше, бұл өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ақырындап орын ала бастады. Себебі коммунистік режимнің құлауы, еліміздің тәуелсіздік алғанымен бірге идеологиялық вакуум пайда болды. Сол вакуумды әртүрлі діни, саяси идеологиялар толтыра бастады. Әсіресе, шетелде араб елдерінде алғашқы діни білім алып, Отанға оралғандар сол араб елдеріне тән мәдениет пен дүниетанымды Қазақстанға тарата бастады. 

Неге бұл мәселені қолға алдыңыз? 

Дінтану деген білім саласы діндерді объективті түрде зерттеуге тырысады, мәселен, діндерді әлеуметтік, психологиялық, тарихи және т.б. феномен ретінде қарастырады. Демек, дінтану деген бұл діни емес зайырлы сипатқа ие мамандық. Дінтанушы бейтарап болуға тырысу қажет. Меніңше қазір кейбір заңгер әрі құқыққорғаушы атаулылар еліміздегі діни ахуалды әдейі тұрақсыздандыруға тырысады. Жыл сайын белгілі бір діни ағымдарға жататын белсенділер қыздарын хиджабқа ораған ата-аналарды мектеп әкімшілігі мен зайырлы билікке қарсы айдап салады. Аталмыш ата-аналар қыздарына әдейі хиджаб кигізіп мектепке жібереді. Ақырында бәрі ұрысып, соттасады. Біздің еліміміз ҚР Конституциясының 1-бабында зайырлы деп аталған. Яғни, мемлекет діннен ажыратылған, барлық дінге тең қарайды, сенім бостандығы бар, дін мемлекеттің, мемлекет діннің ісіне араласпайды. ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабы 4-тармағында «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта» делінген. Демек, мемлекеттік мектептер тек зайырлы сипатта болуы тиіс. Сәйкесінше мектеп формасына қатысты ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығында «Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды» деп ұйғарылған. Яғни, мектепке ешқандай діни киім киюге болмайды, бұл христиан айқышы, индустердің сариі, сикхтердің сәлдесі немесе мұсылмандардың хиджабы болсын – болмайды!

Алайда аталмыш заңгерлер бұл бұйрықтағы тыйым заңсыз дейді. Неге десеңіз олар ҚР Ата Заңы 39-бабы 1-тармағына сәйкес құқықтар мен бостандықтарды тек заң ғана шектей алады, ал Министр бұйрығы бұл заң емес, ал заңға тәуелді акт дейді. Дегенмен, ҚР «Білім туралы» Заңында ата-ана мен оқушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті екені айтылған (5-бап, 47-бап, 49-бап). Яғни, Заң Министрдің бұйрығымен санасу керек дейді. Бірақ әлгі кісілер бұған мән бермейді. Әйтсе де, бұндай жағдай түрлі айла, іліктерге жол беріп, дау-дамай шығаруға мүмкіндік беріп жатыр.

Сонымен, әртүрлі дау, бәлеқорлықтың жолын жабу үшін, мен мектепке діни киім киюге болмайды деген тыйымды тікелей «Білім туралы» Заңның мәтініне енгізуді ұсынып отырмын. Сонда, дау мен шу шығарып жүргендердің әлгі дау мен шуды шығаруына заңды негіздері болмайды. Өйткені, сонда бұл тыйым жай ғана бұйрықтың емес, Заң мәтінінде болады.

Халықаралық тәжірибеде ондай үлгі аларлық жағдай Француз Республикасында бар. Францияда 2004 жылы 15 наурызда мектепте діни киім киюге тыйым салатын Заң қабылданған. 2009 жылы кейбіреулер шулап, Францияның аталмыш Заңы дискриминациялайды деп Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа алты шағым түсіргенде, Сот шағымдарды қанағаттандырмай, қайтарып тастаған. Яғни, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот бұндай заңды легитимді емес деп қарастырмайды.  

Бұның бізге не үшін керек десе, елімізде тіркелген 18 конфессия бар. Енді әр дін өкілі өз діни киімінде келсе, онда не болады? Балалардың арасында буллинг, діни негізде бөліну пайда болады. Оның үстіне бәрі тек киіммен ғана тоқталып қоймайтыны анық. Кейбір діни ағым өкілдері одан әрі талаптар қоюы әбден мүмкін: сурет салуға болмайды деп баласын бейнелеу өнері сабағына қатыстырмауы мүмкін, әлде музыка рұқсат емес деп музыка сабағына қатыстырмауы мүмкін деген сияқты және т. с. с. Бұның бәрі жақсылыққа апармайтыны анық. Бір сөзбен айтқанда бұл бүлікке апарады. Бүлікті еш дін қоштамайтыны анық. Атап айтқанда, исламда бүлікті «фитна» дейді. Құранның 2 сүре 191 аятында бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр күнә екені айтылып кеткен.
Демек, халықты бүліктен сақтау жөн. 
Мектепті діни бейтарап орта қылып қалыптастыру өте маңызды нәрсе. Балалар мектепте білім алып, дұрыс ер жетіп, қалыптасу керек. Мектептен кейін енді өздері біледі.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар