Малдың бәрін Өзбекстанға сатып, өзіміз көршімізден қарыз алайық!

cover

Жаз басталғаны сол еді, Қазақстанды, атап айтқанда халықты, небір қиындықтар арты-артынан қысып жатыр. Қазақстан бүкіл әлемде болып жатқан экологиялық апат салдарынан ата кәсібінен айрылып қалуы мүмкін.

Маңғыстауда жем-шөптің жоқтығы малды картонмен тамақтандыруға дейін әкелді. Енді қайтсін? Қарапайым шаруа адамы табиғаттың жасаған тосынсыйынан аман шығу керек. Бұл мәселе тек Маңғыстауды емес, Қызылорда, Шығыс Қазақстан сынды негізгі мал өсіретін аймақтарда тіркеліп жатыр. Ол емес, мал тіпті Павлодарда масаға тұншығып жатыр. Осындай қиын кезде көшпелі қазақ негізгі кәсібінен айрылып қалмай ма? Мал шаруашылығының орнына қандай кәсіп болады? 21 ғасыр қазағы қандай болмақ?

Осы және басқа да сұрақтарға Orda.kz редакциясы жауап іздеді.

11 маусымда әлеуметтік желіде Қазақстандағы көкөністің бағасы күрт қымбаттағаны талқылана бастады. Барлығы не болып жатқанын түсінбеді. Егін егетін Қазақстан өз халқын картоп пен сәбіздің тиімді бағасымен қамтамасыз ете алмады. Ауыл шаруашылық министрлігі «қазақ отырықшы емес, көшпенді халық қой», егін болмаса да, мал бар ғой деді. Бірақ малдың да хәлі мүшкіл.

– Мамырда бір жылқымды 210 мыңға сұрап еді, қазір 170 мыңға да сата алмай отырмын, - деп шағымданды малшы Елдар Дулатов.

Неге малдың бағасы арзандап жатыр?

Қазір Қазақстанның бірнеше аймақтарын қуаңшылық жайлап, малға азық жоқ. Ірі қара арам өліп жатыр. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатындар «обал болмасын» деп жаппай сата бастаған. Мал бағасысының арзандауына себеп болған да осы жағдай.

Неге Қазақстанды құрғақшылық жайлауда?

Эколог Азаматхан Әміртай

– Қуаңшылық біздің ауыл шаруашылығымызға қатты әсер етіп, қиыншылық әкеліп жатыр. Биылдың өзінде үлкен құрғақшылық болады деп болжанып отыр. Қазір Қазақстанда су ресурстарының тапшылығы бар. «Оны шешіп жатырмыз, көбейтіп жатырмыз» дегенмен ешқандай өзгеріс жоқ. Айтылған бағдарламалардың барлығы іске асып жатқан жоқ. Суға деп қаншама миллиард доллар жұмсалып жатыр. Бірақ одан ауыл шаруашылығы мен қарапайым халық пайда көріп отырған жоқ. Қазір біз су мәселесін шешіп, өзен-көлдің көлемін ұлғайту үшін Жамбылда бұлақ көздерін ашумен айналысып жатырмыз.

Көптеген бұлақ көздерінің жабық тұруы, көрші Ресей, Қырғыз, Қытай елдерінің өзен көздерін бітеуі Қазақстанның қуаңшылықпен бетпе бет келуіне әкеліп жатыр.

Сондықтан бағдараламаларға бөлінген қаражатты қолды етпей, мәселені шешу керек, - деді эколог Азаматхан Әміртай қынжыла.

Тарихшы Нұрлан Сәдірбекұлы

Тарихшы Нұрлан Сәдірбекұлы мұндай жағдай қазақ даласында бұрындары болған деп отыр. Дәлел ретінде Майлықожаның «Қоян жылғы жұт» деген термесі бар дейді.

– Майлықожаның «Қоян жылғы жұт» жыры қазақтың жұт кезінде қалай аман қалғаны туралы айтылған. Онда Майлықожа Қаратауға барып, сол жақтағы Дулат еліндегі туыстарынан, құдаларынан қап-қап астық сатып алып, соның арқасында аман қалғаны туралы жазған.

Міне, жұт жылдары қазақ халқы қатты қиналып, аштықтан өлмес үшін астық, бидай, арпа сатып алып жеген, - деді Сәдірбекұлы.

Еттің қымбаттауы тек қуаңшылыққа байланысты емес

Экономист Мақсат Халық

Экономист Мақсат Халық мал шаруашылығының қазақ үшін орны ерекше екенін түсініп тұр. Бірақ оның айтуынша, ет бағасының өсіміне әсер ететін басқа факторлар бар.

– Қымбатшылық негізінен барлық салада болып жатыр және ол мультипликативті түрде біріне-бірі әсер етіп жатыр. Әр саладағы шаруа болсын, кәсіпкер болсын өзінің тауарының бағасын қымбаттатуға тырысады. Бір жағынан олар баға көтеруге мәжбүр. Себебі, жанар-жағармай бағасы, жем-шөп бағасы қымбаттап, су тапшылығынан қуаңшылық жайлап жатыр. Осының барлығы бірігіп, бағаның қымбаттауына әкеп жатыр.

Екінші жағынан, ештеңе әсер етпейтін саланың өзі барлығының қымбаттап жатқанын көріп, «бізде баға қосамыз» деп жатыр. Яғни, онда табыс тауып қалатындар да бар. Арада делдалдар бар, алаяқ кәсіпкерлер мен пайдакүнемдер бар. Олар жағдайды одан ары ушықтырып жатыр.

Қазақстандағы тауар бағасының өсімі бірінші кезекте инфляция салдарынан, содан кейін ғана басқа жағдайлар әсер етеді.

– Мен өзімнің сұхбаттарымда айтып жүргендей, мұның бәрі біріншіден еліміздегі ақша массасының ұлғаюынан. Қазір жартылай инфляция, бағаның құнсыздануы, тауар бағаларының өсімі орын алып жатыр. Мұны нақты қарайтын болсақ, өткен жылдың қазан айында көрсеткіш, еліміздегі ақша массасының көлемі – 24 трлн 180 млрд теңге болған. Ал қазір бұл көрсеткіш 27 трлн теңгеден асып жығылды. Ал осы азғана уақытта 3 трлн ақша басып шығарылып тұр. Бұл жағдай бағаның өсуіне бірінші кезекте әсер етіп отыр.

Екіншіден, мына қуаңшылық салдарынан малдың арам өлуі сұранысты арттырып, бағаның қымбаттауына әсер етуде. Қазір мүмкін шаруалар малдарын жаппай сатып жатқан болар. Бірақ мал басының азаюы ертең оның бағасының күрт өсуіне әкеледі, - дейді Мақсат Халық.

Жағдай шынымен де мәз емес

ҚР Ауыл шарушылық министрлігі Orda.kz редакциясына мал мен құс басының төмендеу фактісі тіркелмеген деп жауап берді.

Қазіргі таңда Қазақстанда мал саны кестеде көрсетілген

Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі малдың қуаңшылық салдарынан қырылып жатқанын жоққа шығармады. Құрғақшылыққа қыста қардың аз түсуі мен көктемде жаңбырдың аз жауу себеп дегенді алға тартты.

– Қызылорда облысының Арал ауданында 167 бас ірі қара мен 324 бас жылқы арам өлген. Осыған орай, аудан әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Қазіргі уақытта Қармақшы, Сырдария, Жалағаш облыстарында өндірілген жоңышқаның алғашқы партиясы Арал ауданына жеткізілді.

Бүгінгі таңда Арал ауданына 1037,6 тонна шөп (51 880 түк) пен 40 тонна жем (2000 қап) жеткізілді.

Қазір жағдай тұрақталды, малдың өлім фактілері тоқтады, - деді министрлік.

Ал Маңғыстауда картон жеп жүрген малдың жағдайы әлі де мәз емес. Ондағы жағдайды реттеу үшін шаралар енді қабылданады.

– 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап облысқа қажетті көлемде жем-шөп жеткізу туралы келісім жасалды. Облысқа жалпы көлемі 2200 тонна шөп жеткізіледі. Шараны ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 150 млн теңге қарастырылған.

Сонымен қатар, бүгінгі күні «Каспий» АҚ 54 млн теңгеге «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-нан 637 тонна жем (арпа) сатып алды, - деп министрлік Orda.kz редакциясының сұрағына жауап берді.

Сөз жүзінде айтылып, іс жүзінде істеліп жатқан жоқ

"Шопан-ата" ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының өкілі Алмасбек Садырбаев

Бірақ Шопан-ата ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының өкілі Алмасбек Садырбаев барлығы тек сөз жүзінде айтылып, іс жүзінде атқарылып жатқан жоқ дейді.

– Қуаңшылық салдарынан мал бағасы арзандай бастады. Елдің барлығы жем-шөп болмаған соң, жұттың қысқа дейін, тіпті келесі жылы көктемге дейін жалғасатынын біліп, қолындағы малынан барынша құтылу амалдарын жасап жатыр. Алдағы екі-үш айда мал бағасы әлі де арзандайды.

Әрине, мына қуаңшылық қазақты малынан айырады. Бізге қарсы жұмыс істейтін мына көрші Өзбекстан болады. Өзбектер келіп аналық бас малды арзан бағаға сатып алып кетеді, осыдан кейін бізде аналық малдың саны күрт түседі де, ендігі жылы елімізде еттің бағасы 4000-5000 теңгеге дейін жетеді. Бұл елімізде етке деген тапшылыққа алып келетіні анық, - деді Садырбаев.

"Шопан-ата" ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының ресми өкілінің айтуынша, Қазақстанда мал шаруашылығымен айналысатын менеджмент ақсап тұр.

– Қазір мал шаруашылығы даму үстінде. Бірақ, әттеген-ай, тежеуіштер бар. Ол мына агро саясат. Малды өсіру дегеніміз ол менеджмент. Онда оның азық-түлігі, жем-шөбі кіреді, сондықтан оны жалпы қарау керек. Ал бізде ше? Шетелден де малды әкелді, өзіміздікі бар әйтеуір амалын жасап жатыр. Толыққанды агро саясатқа кіргізген жоқ. Әсіресе, мына жем-шөпке келгенде біздің елде мүлде дайындық жоқ. Сол жем-шөпті егіп жатқан, сонымен айналысатын шаруашылыққа қолдау жоқ. Жем-шөп шаруашылығының өзі бір әлем. Ол да дамып жатқан жоқ.

Одан кейін менеджментке оралар болсақ, бізде ветеринария саласы мүлде сын көтермейді.

Сосын сауда мәселесі. Фермерлерден етті 1500-1600 теңгеден алып кетіп жатса да, арасында делдалдар баға қосып-қосып, қаладағы тұтынушыға ол 3000 теңгемен жетіп жатыр. Бұл не деген масқара? Бұл не деген мазақ? Олар малшының адал еңбегін жеп жатыр. Мұның өзі үлкен мәселе болғандықтан, мұны да қолға алу керек, - дейді Фермерлер одағының ресми өкілі.

Жем-шөп шаруашылығына қолдау

– Қазір біз қайталап айтам әрбір облыс пен ауданда қуаңшылық кезінде жем-шөп дайындайтын цехтер дайындауымыз керек, олар болу керек. Малдың жем-шөбін алдын ала дайындау керек. Онда жем-шөп дайындау паркін ашу керек, жем-шөптен аралас жем жасау керек. Себебі, оны кез келген қуаңшылық зардабын шегіп жатқан жерлерге тасу жеңіл болады.

Үкімет алда «Мал шаруашылығы мен ауыл шарушылығының дамуы 2022-2027» ұлттық жобасы дайындалып жатыр. Соған міндетті түрде мына жем-шөп дайындығы мен мал шарушылығы менеджменті мәселерін енгізу керек, - дейді Алмасбек Садырбаев.

Сондай-ақ, Алмасбектің айтуынша,  елден аналық бас малды тірідей шығаруды қою керек, ол ет тапшылығы мен оның бағасына кері әсер етеді.

– Тағы бір үлкен мәселе – мына Өзбекстанға кетіп жатқан малдың легін тоқтату керек. Өзіміздің елдің ішінде мұны қаржыландыру керек. Өйткені қазақтың қарапайым шаруасына несие арқылы қаржыландыру қол жетімсіз. Ал өзбектер болса, өзінің шаруаларына 4 пайызбен несие беріп жатыр. Олар сол ақшаны әкеліп, қазақтың малын әкетіп жатыр. Шұғыл түрде шекараны жабу керек. Әйтпесе біздің малдың барлығы сонда кетіп бітеді. Сөйтіп келесі жылы ет тапшылығы болады.

Сондықтан Әлихан Смайылов басқарған ведомство аралық комиссия қазақ елінен тірі малды шығаруды тоқтату керек. Қажет болса, еттей алсын! Бірақ тірі аналық бас малды елден шығаруға болмайды, - деп Садырбаев фермерлер атынан өтініш білдірді.

Ауыл партиясы жұтпен күресте

Ал ауыл шаруашылығында мұндай «жұтқа Ауыл партиясы қандай көмек көрсетіп жатыр?» деген сұраққа Ауыл партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Серікбай Өмірзақов «менде мұндай ақпарат жоқ» деп жауап берді.

Үкімет мал басын «әйтеуір өсіріп жатыр», бағдарламалар қабылданып жатыр, мемлекет ақша бөліп жатыр.

Бірақ шаруашылықтың дұрыс жолға қойылмағандығынан, қазіргі таңдағы қуаңшылық салдарынан мал арам өліп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі басым күшті өсімдік шаруашылығына арнауда.

Қызылорда облысы Арал ауданында 167 ірі қара мен 324 бас жылқы өлген. Ал Маңғыстау облысының ветеринарлық басқармасы 1143 малдың аштықтан қырылу фактісін тіркеген.

Қуаңшылық жайлаған кезде негізгі күн көрісі мал болған қазақ қай салаға ығысады?

– Қуаңшылық салдарынан егін мен малсыз қалған қазақ тіпті қызмет көрсету саласына бет бұрмайды. Себебі, пандемия салдарынан бұл жақтың жағдайы мүшкіл. Қазір кәсіптің жаны кіріп тұрған жақтар – ІТ саласымен байланысты, онлайн сауда өз құнын біраз арттырып тұр. Ол дәрі-дәрмек, фармацевтика саласы, құрылыс саласы жанданып келе жатқанын көріп тұрмыз.  Мұнда өсім бар, кірістілік бар. Жаңағы егін мен малмен айналысатын кәсіпкерлер осы салаға ығысуы мүмкін деп ойлаймын, - деді экономист Мақсат Халық.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар