«Легионерлер Қазақстанды қарық қылмайды»: Туниске жеңіс әкелген қазақ бапкері

cover Коллаж Orda.kz

Тунис мемлекетінің таэквондодан ұлттық құрамасының бас бапкері қазақстандық Есбол Сұлтановтың шәкірттері Тунис тарихында болмаған жетістік жасап, 1 алтын, 1 қола алды.

Қазақстан БАҚ-да жаңалық болып көптеген қызығушылық тудырған бапкермен Orda.kz тілшісі сұхбаттасты. Сұхбат барысында Сұлтанов Қазақстаннан не үшін кеткенін, легионерлерге деген көзқарасы мен алдағы жоспарымен бөлісті.

— Есбол мырза, сіздің бапкер ретінде жеткен жеңісіңіз тек Тунис еліне ғана қуаныш сыйлап қоймай Қазақстан үшін де жаңалық болып жатыр. Өзіңіз байқағандай барлық БАҚ беттерінде сіздің атыңыз жүр. Тунис еліне бас бапкерлікке қалай келдіңіз оған дейін қайда жаттықтырушы болдыңыз?

— Мен Алматыда Шаңырақ спорт мектебінде жұмыс істеп жүрдім. Ол жерден көптеген чемпиондар шықты. Ұлттық құрамаға 40 шақты спортшы дайындап бердік. Сол ұлттық құрамада көмекші жаттықтырушы болып істедім. 
2023 жылы таэквододан Тунис елі негізгі жарыс саналатын әлем чемпионатын сәтсіз аяқтаған соң, олар халықаралық деңгейдегі бапкерді іздеді. Бірнеше елден біраз жаттықтырушылар түйіндемелерін жіберді. Солардың ішінен мені таңдап, келісімшарт ұсынды. Олар да енді тек түйіндемеге қарап таңдады деп айта алмаймын. Оған дейін де біз көптеген әлем чемпионаттарында, жарыстарда, оқу-жаттығуларда кездесіп тәжірибе алмасып жүрдік. Сол кезде менің қандай бапкер екенімді, жұмысқа деген көзқарасымды көріп, бақылап жүрді. 

— Қазақстан таэквондо федерациясы мен Тунис таэквондо федерациясы арасында қандай айырмашылықты байқадыңыз?

— Сөздің ашығы керек, — Тунистің жұмыс істеу тәсілі Қазақстанға қарағанда әлдеқайда кәсіби.Тунис бұрын Францияның колониясы болған. Оқу француз тілінде, оқу бағдарламалары Еуропадан алынған. Жалпы спорт француздық жүйемен дамыған. Ең көп байқағаным және маған ұнағаны — олардың федерациясы ұлттық құрамамен бірге тығыз жұмыс істейтіні. Біздегі ақсап тұрған мәселе де осы деп есептеймін, Федерация мен құрама екі бөлек әлем сияқты. Құрылымдық жағынан да көңілім толыңқырамайды. Тунис федерациясының құрылымдармен жұмыс істеу бағыты ұнады. Көптеген дүниелерді алуға болады. Көріп отырғандай, нәтижесінде ұлдарымыз 1 қола, 1 алтын алды. Жалпы командалық есепте 4 орын алдық, әлем бойынша 4-ші орында тұрмыз. Бұл тарих.

— Сөзіңізде Федерация мен ұлтық құрама екі бөлек жұмыс жасайды деп қалдыңыз. Оны неден байқадыңыз?

— Мысалы, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында бүкіл елдің федерация, комитет басшылары, спортшылары, бапкерлері бірге жүреді. Жатықтырушы мен спортшы шаршы алаңдағы жұмыспен айналысса, қалған басшылық сыртқы коммуникациямен айналысады. Яғни, әлемдік деңгейде болу керек. Бәрін тек бапкерге тіреп қою мүлде дұрыс емес. Жалғыз бапкер бүкіл ұжымдық жұмыстың көрсеткіші бола алмайды. Қазақстанда спортқа қаражат жақсы бөлінеді. Дегенмен, оны ары қарай дұрыс жарата білу керек. Яғни, жақсы мамандарды жинау керек. Жаттықтырушыдан бөлек, физикалық дайындық, массаж, физиотерапевт, медицина, мамандары мықты болу керек. Спортшының жеке психологиялық жағдайымен айналысатын маманы болу керек. Осылардың барлығы жұмылып жұмыс істеу керек. Қатал дисциплина керек. Ал федерация құрама жұмысының ішінде біте қайнасып жүруі тиіс. Мысалы, Өзбекстан құрамасын алып қарасақ, олардың біздің спротшылардан ешқандай артықшылығы жоқ. Бізде бір мектеп, бір тәсіл дерлік, бірақ неге олар осы жолы айрықша өнер көрсетті деп ойлайсыз? Бұл дициплина мен ұжымдық жұмыстың ғана нәтижесі. Бізге ешқандай да жаңа бір тәсіл ойлап табудың қажеті жоқ. Барлық тәсіл баяғыда ойластырылып қойған, тек соны ұтымды пайдала білу керек.

— Осы жолы біздің таэквондашыларға не жетіспеді деп ойлайсыз?

— Бас бапкердің бағдарламасын білмеймін, жаттығудың басы-қасында болған жоқпын. Айтсам, шаршы алаңдағы жекпе-жекке қарап айтайын. Таэквондода бір салмақта 16-17 адам болады. Барлығы кіл мықты. Физикалық, моральдық, техника жағынан мықты болу керек. Бір жағы ақсап қалса, болды бір саты төмен боласың. Біздің Самирхан Абабакиров пен Батырхан Төлеуғалидың техникасы мен психологиясы жақсы болды. Меніңше, бәлкім, тәжірибе жетіспеген шығар. Бірақ бәрін тек спортшы мен жаттықтырушыға тіремей, бұл сәтсіздіктен бүкіл құрама мен федерация анализ жасай білу керек, кәсіби сын керек. Біз жалпы қандаймыз? Бізді қадағалағанда ғана жұмысты жақсы жасаймыз. Менталитет сондай, кішкене босатса, босап кетеміз. Мен өз көзіммен көргенімді айтып отырмын. Себебі, кемшілік болған соң, жетістік жоқ болып отыр. Сол себепті сауатты анализ жасау керек.

— Осы жолы Олипиадада легионер, яғни шетелден алдырған спортшыларымыздың көрсеткен нәтижелері көңіл толарлықтай болмады. Осы орайда Қазақстан таэквондо федерациясында сырттан келген бапкерлер туралы ойыңыз қандай?

— Теннисшілер жайлы қысқаша айтсам, Рыбакинаға әу баста бар талап келісімшартта тайға таңба басқандай анық көрсетілуі керек. Оның ішіне ел атынан шығатын жарыстарға басым көңіл бөлу керек. Ал енді таэкводоға келетін болсақ. Қазақстан таэквондо федерациясында Кореядан әкелген 2 жаттықтырушы-кеңесші бар. Сөздің ашығы 2 маманға де менің көңілім толмады. Бірі 8 жыл бойы федерацияда жұмыс атқарып жүр, соңғы екі Олимпиадаға да балаларды дайындады, мардымды нәтиже болған жоқ. Содан федерация нәтиже шығарар деп едік, барып тағы бір кореялық жаттықтырушыны алып келді. Ол да 2-3 жыл болды нәтиже бермеді. Менің осы маман таңдаудағы тәсілдеріне көңілім толмайды. Халықаралық деңгейдегі жаттықтырушы керек болса, Кореяға хат жазады, ал олар кімді жіберіп жатыр, танысын ба, әлде қатардағы маманды ма? Белгісіз. Ал жалпы легионерге келетін болсақ, қысқа уақытта жетістік пен нәтиже керек десеңіз, легионер алған да жөн шығар. Алайда, «керек екен» деп алыстан көзді жұмып, алдырта салуға болмайды. Шетелден легионер мен жақсы жаттықтырушы керек пе? Бар, көр, бақыла, оның жеңісі мен жетістігіне, бапкер ретінде жұмысына анализ жаса. Сонда ғана қандай да бір нәтиже болады. Ал жалпы былай бізде өз жасында, 12-13 жасында әлем чемпионы болып жатқан балалар бар. Оларды жаттықтыру үлкен еңбекті талап етеді, бірақ ары қарай дамытса, келешекте осы балалардан болашақ Олимпиада чемпиондары шығатынына мен сенемін. Не дегенімен Олимпиада тұғырында легионерден гөрі өзіңнің қазағың тұрғаны әлдеқайда жақсы сезім.

— Ал енді Тунис елінде қаласыз ба? Осындай жетістіктен кейін Қазақстан федерациясынан ұсыныстар түсіп жатқан шығар? Ендігі жоспарыңыз қандай?

— Шынымды айтсам, мен қазір Қазақстанға қайтып бала-шағамның қасында болуды жоспарлап отырмын. Соңғы 1 жыл тоқтаусыз еңбек еттім. Иә, қазіргі таңда Тунис келісімшартты ұзартуды ұсынып жатыр. Біз тарих жасадық. Жалпы командалық есепте 4 орын алдық. Бұрын-соңды Тунисте мұндай жетістік болған емес. Сонымен қатар маған Араб елдерінен, Египеттен Олимпиада барысында келіп танысып жатты. Енді олардікі тек қызығушылық. Ал енді Қазақстаннан шыны керек, тек өзіңіз сияқты журналистер ғана қызығушылық танытып хабарласып жатыр, Федерациядан ешкім хабарласпады.

— Шақырса келесіз бе?

Мен қазір өзімнің бапкер ретінде жеткен халықаралық деңгейдегі мәнсабымды тастап кетіп те қала алмаймын. Менің мақсатым — жетістігімді ара қарай дамыту. Егер, менің талаптарыма сай, әрі менің тәжірибемді ескере отырып, бір жұдырықтай болып жұмыс істеуге ұсыныс түссе, қарастыруға болады. Маған да өз елімнен чемпион тәрбиелеп шығару әлдеқайда маңызды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар