«Кім мылтық атты?»: Шерзаттың өліміне айыптылар кінәні толық мойындаудан бас тартты
Фото: Orda.kz
Талдықорғанда қоғамды дүр сілкіндірген қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы басталды. Тоғыз бірдей адамға айып тағылып отырған сот отырысы Талғарда өз дүкенінде қапыда қаза болған 16 жасар Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатыр.
Сотқа қатысқан Orda.kz тілшісінің жолдаған репортажын назарларыңызға ұсынамыз.
Судья Ержан Жанұзақов жүргізіп жатқан алғашқы отырыстың өзі күтпеген жағдайлармен басталды. Соттың кеш басталуы, тараптардың наразылығы... Бір қызығы, айыптылардың бұрын сотталғаны бірден ашық айтылды.
Сот отырысына айыпталушы тараптың адвокаты Кәлиева 40 минутқа кешіккен соң кеш басталды. Судья оған ресми ескерту жасады. Сондай-ақ, барлық тараптарға тергеу аяқталғанша баспасөзге пікір беруден бас тарту туралы айтылды. Судьяның бұл шешімі кейбір қатысушылардың наразылығын тудырса да, отырыс өтіп жатыр.


Тоғыз адам айыпталып отыр. Тергеу барысында олардың бірқатары бұрын да түрлі қылмыстары үшін сотталғаны белгілі болды. Ұрлық жасағандар да, істі болып, соттың бостандығын шектеу жайлы тыйымын (пробация) орындамағандар да бар. Бұл жайттар істің ауырлығын одан әрі күрделендіре түседі.
Істің басты фигуранттарының бірі — Абзал Шынасыл. Оған кісі өлтіру және бұзақылық баптары бойынша айып тағылып отыр. Ол өз кінәсін толық мойындамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, сотқа толық дайын емес. Бұл мәлімдеме жәбірленуші тараптың ашуын келтірді.
Адвокаттар істі басқа ауданға көшіру туралы талаптарын айтты. Қорғаушылар да, жәбірленуші тараптың адвокаттары да отырысты Алматы облысының Қарасай аудандық сотына ауыстыруды сұрап отыр. Себебі Талдықорғанға жетудің қиындығы мен жолдың алыс. Бұл қиындықты тек тараптар емес, оқиғаны бақылап отырған журналистер де растап отыр.
Алайда судья Ержан Жанұзақов бұл өтініштерді мақұлдаудан бас тартты. Отырыс Талдықорғанда өтетін болады. Оның айтуынша, бұл — істің әділеттілігіне әсер етпейді. Тараптар сотқа келуге міндетті.
Бұл жолы прокурор Дана Сәрсенбай сот залында айыптау актісін қайта оқып, сот-медициналық сараптама нәтижелерін жария етті.
Бұған дейін де ауыр айыптаулар айтылған болатын. Алайда бұл отырыста Шерзаттың өмірінің соңғы минуттары жайлы нақты ақпарат айтылды. Прокурордың айтуынша, сол түні өзгелерге қарағанда қатігездікке барып, қылмыс істегендер — Дархан Әскентай мен Абзал Шынасыл.
Оқиға «Қамажай» дүкенінің алдында басталған. Әскентай дүкенге сыра алуға келген. Бірақ арада бейбіт әңгіме емес, жанжал басталған. Ол Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты балағаттаған. Әкесін қорғамай отыра алмайтын Шерзат араша түсіп, Әскентайға екі рет соққы берген. Сол кезде барып Әскентай көлігіне отырып, кетіп қалған. Бірақ көп ұзамай жалғыз емес, серіктерімен қайта оралған.
Кейінірек сотта айтылғандай, Тоқтаубаев алғашқылардың бірі болып келіп, дүкенге сыраның қалған ақшасын төлеген. Артынша бірінен соң бірі келіп, оқиға орнына топ болып жиналған. Нұрымовтар отбасы мен келгендер арасында жанжал өршіп, төбелеске ұласты. Сол сәтте, тергеу нұсқасы бойынша, Абзал Шынасыл Шерзатқа пышақ сұғып алған. Жараланған Шерзат қашып құтылмақ болғанымен, бірнеше қадам басып, кейін құлап түскен. Бұл — оның өмірінің ақтық сәті еді.
Оқиға орынында 16 калибрлі мылтық ауаға екі рет атылған. Бірақ прокурор оқиға орынына мылтықты кім әкелгенін және кім нақты ауаға оқ атқанын нақтыламады.
Прокурор Дана Сәрсенбай сотта сараптама нәтижесін оқып берді:
«Шерзаттың өліміне себеп – кеуде қуысын тесіп өткен пышақ жарақаты. Сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне тиген. Көп қан жоғалтып, есін жимаған күйі көз жұмған. Ол 2024 жылдың 4 қазанында, сағат 01:30-да Талғар аудандық ауруханасында қайтыс болды».
Осылайша, сот отырысында алғаш рет Шерзат Полаттың өліміне қатысты медициналық қорытынды жария етілді.
Сот отырысы кезінде Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадырованың қан қысымы күрт көтеріліп, жедел жәрдем дереу ауруханаға алып кетті. Көп ұзамай, анасы — Гүлбара Бишімбиева да есін жинай алмай қалды. Оған да дәрігерлер көмек көрсетті.
Айыптау актісін оқыған прокурор Дана Сәрсенбайдың мәліметінше, көпшілік арасында қызу талқыланған екі қыз — Нұрбекова мен Жақсыгелді оқиға орнында болған. Олар Mercedes-Benz көлігімен келіп, жанжалға қатысушылардың қатарында жүрген. Көлікті басқарған — Белғожаев. Түнде олар дүкен алдына әдейі жиналған, оған дейін мейрамханада ішімдік ішіп отырған.
Нұрбол Тоқтаубаев бұл іске Азамат Тоқтаубаев, Ілиясов, Шынасыл, Сәкиев және Белғожаевты шақырып, «Қамажай» дүкенінің маңына алып келген.
Адвокат Шекеевтің айтуынша, Шерзаттың өліміне «Хуторлықтар» деп аталған топтың немесе Хасан Қасымбаев есімді азаматтың қатысы жоқ.
Orda.kz осы қоғамның жағасын ұстатқан оқиғадан кейін болған Талғардағы лауазымды тұлғалардың қызметінен кеткені жайлы жазған болатын. 15 қазан күні Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Сағындық Матан қызметінен босатылды. Сонымен қатар дәл осы күні осы істе аты аталған Хасан Қасымбаевтың інісі, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен босатылды. Желтоқсанның басында Талғар ауданының полиция бастығы ауысты.
Еске сала кетсек, Orda.kz тілшісі Хасан Қасымбаевты іздеп тауып, оны тек қылмыстық топ жетекшісі ғана емес, құқық қорғау органдары мен билікте таныстары бар қолы ұзын адам деген айыптарға қатысты пікірін тыңдаған еді. Редакциямызда Хасанның айтқан сөздері жазылған бейнежазба бар. Ол сол сұхбатта бәрін жоққа шығарғанымен, артынша полиция оны 2021 жылы жасаған қылмысы үшін ұстады.
Бұған дейін айыптылардың бірі Азамат Тоқтаубаев 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын, бірақ үкім марқұмның өлімінен кейін, тергеу изоляторында отырған кезде шыққан. Сондықтан бұл жағдай оның жауапкершілігін ауырлатпайды.
Нұрқанаттың қайтыс болуына қатысты іс жеке қаралғалы жатыр. Ресейге осы оқиғаға байланысты спутниктік деректер сұралған. Тергеу барысында оның қаза тапқан кезде кімдер сол маңда жүргені анықталуға тырысқанымен, күдік тудыратын ешкім табылмаған.
«Хуторлықтар» тобына қатысты тергеу нәтижесінде өзін сол топтың мүшесі деп таныстырған бір ғана адам болған. Алайда оның және тұтас топтың бұл іске қатысы жоқ екені анықталған. Хасан Қасымбаев та бұл оқиғамен байланысты емес.
Сотта айыпталушылардың әрқайсысының әрекеттеріне жеке тоқталып, оларға тағылған айыптар айтылды. Осыдан кейін судья олардың кінәні мойындайтынын, болмаса мойындамайтынын сұрады. Судья айыптау актісі бойынша айыпталушыларға: «Барлығы түсінікті ме?» — деп сұрады. Олар құжатты толық оқып, бәрі түсінікті екенін айтты.
Айыпты мойындау туралы:
- Шынасыл өз кінәсін жартылай ғана мойындады, 99-баптың екінші бөліміне қатысты айыппен келіспейтінін айтты.
- Сакиев ешқандай кінәсін мойындамады.
- Белғожаев кейбір жайттармен келіспейтінін айтып, кінәсін жартылай ғана мойындады.
- Әскентай да кінәсін жоққа шығарды.
- Ілиясов өзіне тағылған айыпты мойындамады.
- Азамат Тоқтаубаев кінәні ішінара ғана мойындады.
- Нұрбол Тоқтаубаев та тек жартылай мойындап, «Менің Шерзатқа саусағымның ұшы да тимеді» деді.
- Қалиахмет: «Кінәмді толық мойындамаймын», — деді.
- Думан Ысқақ та еш кінәсі жоқ екенін айтты.
Жалпы, айыпталушылардың ешқайсысы кінәні толық мойындаған жоқ. Прокурор Дина Сәрсенбай айыптау актісін оқып бітті. Тоғыз айыпталушының бесеуі ғана кінәні жартылай мойындаса, қалғандары толықтай жоққа шығарды.
Айыпталушылардың қорғаушылары өз тарапынан: «Біздің қорғалушыларымыз тек іс материалдарын толық оқыған соң ғана жауап беруге дайын болады», — деді.
Судья келесі сот отырысында кімнен бастап жауап алынатынын бекітті. Алдымен жәбірленушілерден, содан кейін — куәгерлерден, ең соңында — айыпталушылардан жауап алынады.
Келесі отырыс 18 сәуірде өтеді. Бүгінгі отырыс толығымен айыптау актісін оқуға арналды. Прокурор оны әр айыпталушыға жеке-жеке тоғыз рет қайталап оқыды. Бұл шешімді судья қорғаушы тараптың келісімімен қабылдаған еді.
Сондай-ақ, сот отырысында айыпталушылардың айыппен келісетін-келіспейтіні нақты анықталды. Сот алдымен жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алып, содан кейін айыпталушыларды тыңдайтын болды.
Еске сала кетсек, Талғарда 4 қазан күні бір топ адам келіп дүкен иесі Қаржаубай Нұрымовпен, ұлы Шерзат Полат және ағасы Нұрқанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат Полат қаза болды. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды.
9 желтоқсан күні таңертең жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.
10 желтоқсанда Азат ауылында Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасы өте салысымен арты үлкен дауға айналды. Қаржаубай Нұрымов 10 желтоқсан күні ағасының жаназасында ұсталды. Ол жүк көлігінің төбесіне шығып, ұлы мен ағасының өліміне қатысты әділ тергеу жүргізуді талап еткен болатын. Сот оны ұсақ бұзақылық пен полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады деген айыппен 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Алайда Нұрымов бұл айыптарды жоққа шығарып, тек полиция көлігінің дөңгелектерін тескенін мәлімдеді.
Осы кезде полиция туыстары мен адвокаттары өтінген соң, Қаржаубайды ұстадық деп хабарлаған еді. Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты полицияға оның жақындары ұстаңдар деп айтпағанын мәлімдеді.
Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты оқиғаның егжей-тегжейін мына репортаждан оқи аласыз.
Еске сала кетсек, ІІМ бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен бас прокурор Берік Адамов және тергеу ісін қолға алған Самат Айысов 15 қазан брифинг өткізген. Олардың артынан ұсталғаны мәлім болды. Ұсталғандардың кім екенін сол брифингте айтып берген еді.
Шерзаттың үйі өртенген түні болған оқиғаны мына сілтемеден оқыңыз.
Жаңалықтар
- Прокурор «Қазақтың Робин Гуды» Ілияс Сариев пен оның серіктесін 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
- Темірлан Еңсебекке тағы бір айып тағыла ма? Qaznews24 әкімшісін прокуратура қайта шақырды
- «Талғар — ең қауіпті аудан емес»: Сұлтанғазиев өңірдегі қылмыс туралы айтып берді
- Солтүстік Корея мектептерінде орыс тілі міндетті пән болып енгізілді
- Жаңа парламентті Мәулен Әшімбаев басқара ма?
- Жамбыл облысында сәлем салудан бас тартқан келін дөрекі сөйлеген күйеуін сотқа берді
- Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы отырысына қатысты
- Тасмағамбетовтың қызметтегі соңғы күні: ҰҚШҰ-ның бұрынғы бас хатшысы енді қайда барады?
- «Тасмағамбетов кетіп, Масадықов келді»: Бішкекте ҰҚШҰ-ның жаңа бас хатшысы тағайындалды
- «Бәрі террорист емес»: Әміржан Қосанов Тоқаевты сынап ашық хат жолдады
- Алғабастағы өрттен жапа шеккен жеті жастағы қыз әлі өте ауыр күйде жатыр
- Құлағы нашар еститін жүргізушіге жол ақысын төлемей кеткен жолаушы табылды
- «Қайрат» сыртқы алаңда «Копенгагеннен» 3:2 есебімен ұтылды
- «Әйелін атпен сүйреп өлтірген»: Талдықорғандағы елдің жағасын ұстатқан іс сотқа жетті
- Гонконгтағы өрт: Отқа оранған тұрғын үйде 13 адам қаза тапты
- Ақ үйдің жанында атыс болып, гвардияның екі жауынгері зардап шекті
- «Майқайың алтын» кенішінде құтқарушылардың қайтыс болуына байланысты 6 адам сотталды
- Mudarabah Capital ісінде күдікке ілінген Шыңғыс Құрманғалиев қамауға алынды
- Полиция «Дат» газетінің бұрынғы бас редакторын неге ұстағанын түсіндірді
- Ақтөбеде жеке мектептің мұғалімдері 4 айдан бері жалақысыз жүр