Кенесары үшін кешірім сұраған қырғыз әншісі сотталмақ: Ханның басы қайда жатыр?

Танымал қырғыз әншісі Қайрат Примбердиев екі ғасырдан астам уақыт бұрын болған хан Кенесарының өлімі үшін қазақ халқынан кешірім сұрағанына қатысты Қырғызстандағы реакция қатаң болды. Енді әнші «алауыздық тудырды» деген айыппен тергелуде. Orda.kz Қырғызстанда не болғанын, Қазақстанның бұл жағдайға қалай жауап бергенін, неге хан Кенесарының есімі әлі күнге дейін ұрпақтарын алаңдатып жүргенін және оның басы қайда екенін зерттеп көрді.
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) әнші Қайрат Примбердиевке қатысты тергеу бастады. Ол «нәсілдік, этникалық, ұлттық немесе діни алауыздықты қоздырды» деген күдікке ілінді. Әнші қамауға алынбағанымен, оған елден шығуға тыйым салынды.
Қылмыстық іс Қырғызстанның ҚК-нің 330-бабы бойынша қозғалды. Бұл бап бойынша ең жоғарғы жаза – бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 100-200 мың сом (570 мың теңгеден астам) көлемінде айыппұл салу.
Заңгер Алтынай Исаева мұндай бап бойынша істерді қарастырғанда тек мәтіннің мазмұны ғана емес, «іс-әрекет жасалған контекст» те маңызды екенін айтады. Оның түсіндіруінше, құқық қолдану тұрғысынан өткен оқиғаларға өкініш білдіру мен тікелей араздық туғызуға бағытталған әрекеттерді ажырата білу қажет. Заңгердің айтуынша, кінәлі адамның тікелей ниеті болып, араздық туындауына саналы түрде ықпал етуі тиіс.
Примбердиев нақты не деді?
YouTube-тегі AIRAN арнасына берген сұхбатынан кейін Қайрат Примбердиевке қарсы қылмыстық іс қозғалды. Сұхбат барысында ол қазақтың саяси және әскери қайраткері Кенесары Қасымовтың өлімі үшін қазақстандықтардан кешірім сұраған. Примбердиев қатысқан видео 9 қаңтарда жарияланды.
«Біздің Ормон хан Кенесары ханды өлтіруге мәжбүр болды. Мен тек өз атымнан қазақ халқынан осылай болғаны үшін кешірім сұрағым келеді», – деді Примбердиев.
13 қаңтарда Қырғызстанның мәдениет вице-министрі Марат Тағаев әншінің мәлімдемесіне жауап берді. Бішкектегі әдеби форум қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде ол Примбердиев «көрші елдердің насихатына еріп кетті» деген пікір білдірді.
«Тарихтағы олқылықтар қырғызстандықтардың оны басқа елдердің көзқарасы арқылы қабылдауына әкеліп соқты. Иә, Қырғызстан мен Қазақстан – бауырлас халықтар, біздің тарихымыз талай рет тоғысты. Бірақ, еңбегі сіңген әртіс Қайрат Примбердиев көрші елдердің насихатына еріп, Ормон ханның әрекеті үшін кешірім сұрады. Бұл тақырыпта ондаған деректі фильм түсірілді. Олардың үзінділері барлық әлеуметтік желілерде таралды. Осыны біздің жастар мен әншілер көріп отыр», – деді Тағаев.

Келесі күні, 14 қаңтарда, Кайрат Примбердиев халыққа өзі үндеу жасады. Ол Instagram-да видео жариялап, қазақстандық журналистермен әңгімесі шамамен бір сағатқа созылғанын, бірақ соңғы бейнежазбаға дәл кешірім сұраған бөлігі ғана енгенін түсіндірді.
«Мен онда бүкіл қырғыз халқының атынан емес, тек өз атымнан кешірім сұрадым. Алайда сұхбаттың толық нұсқасын тыңдасаңыз, шын жүректен айтылған сөздерімнің мағынасы түсінікті болады»,
– деді әнші.
Примбердиевке қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы тек бір айға жуық уақыт өткен соң белгілі болды – Қырғыз Республикасының ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті бұл туралы 11 ақпанда хабарлады. Ведомствоның баспасөз хабарламасында Примбердиев «ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған сөздер айтты» деп қысқаша жазылған.
«Голос» шоуының финалисі Примбердиев туралы азды-кем ақпарат бөлісейік
Примбердиев музыкалық мансабын 2010-жылдары бастады, алғашқы жылдары негізінен кафелер мен мейрамханаларда өнер көрсетіп, басқа әншілердің әндерін орындады. 2015 жылы ол Ресейдің «Главная сцена» вокалдық байқауына қатысып, финалға өтіп, үздік үштікке кірді. 2016 жылы Примбердиев бірінші арнадағы «Голос» шоуына қатысып, финалға дейін жетіп, үшінші орын алды. Ал 2017 жылы оған «Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді.
Әнші әлеуметтік желілерді белсенді қолданады және кейде өз еліндегі әлеуметтік мәселелерді шығармашылық тұрғыда көтереді. Мысалы, 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде ол билік әрекетіне наразылығын білдіріп, «Жетишет» атты ән жариялады. 2022 жылдың күзіне қарай ол қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстан зардап шеккен Баткен облысының тұрғындарын қолдады.
2021 жылы Примбердиевті Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағынан айыру туралы ұсыныс болған. Ол кезде Қырғызстанның мәдениет министрі болған Нуржигит Кадырбеков Примбердиев пен тағы бір әнші Курал Чокоевті "В пи#ду звезду"интернет-шоуына қатысқаны үшін сынады. Бұл бағдарлама орыс тіліндегі "ЧБД" немесе "Прожарка!" шоуларына ұқсас қырғыз жобасы еді.
Министр шоу қатысушыларының боқауыз сөздер қолданып, әдепсіз әзілдегеніне ашуланып, олардың бейнебаяндарын теледидардан көрсетпеуді бұйырды. Тіпті концерттеріне тыйым салу туралы ұсыныс жасады. Алайда, белсенділер мен құқық қорғаушылар бұл шешімді сынға алып, министрдің мұндай өкілеттігі жоқ екенін айтты. Сол кезде Примбердиев сын айтқандарға: «Коррупционерлерді, адал емес милиция мен судьяларды мұқият бақылаңыздар», – деп жауап берді.
Қазақстанның оқиғаға көзқарасы мен «Примбердиев ісінің» Қырғызстан үшін маңызы
Қазақстанда әншінің бұл әрекеті Қырғызстандағыдай қызу талқыға түскен жоқ. Ақпарат агенттіктерінің жаңалықтар легінде бұл тақырып көпшілік назарынан тыс қалды. Қазақстандық саясаттанушы Замир Каражанов бұл жаңалықты алғаш рет Orda.kz тілшісінен естігенін айтты. Оның пікірінше, қазақ қоғамы бұл оқиғаға мән бермеді, себебі әңгіме тарихта қалған оқиғалар туралы болып отыр. Ал Қырғызстандағы өткір реакцияға қатысты Каражанов бұл жағдайды ұлттық сана-сезімнің күшеюімен байланыстыруға болатынын атап өтті.

Оның қырғызстандық әріптесі басқа пікірде. Саясаттанушы Алмаз Тәжібайдың айтуынша, Қырғызстан мен Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тарихи тақырыптар екі елде де саясилана бастады. Оның пікірінше, Қазақстан билігі Қырғызстанмен қайшылықты жағдайлар туындағанда даулы тарихи оқиғаларды ақталу құралы ретінде пайдаланады.
«Қазақстанда Кенесары Қасымовты ұлттық қаһарман, әсіресе ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы ретінде танытты. Бұған мемлекет тікелей ықпал етті, конференциялар ұйымдастырып, ғалымдарды қаржыландырды. Ал қырғыз қоғамы, ғылыми ортадан бөлек, Қасымовты дәл солай қабылдаған жоқ. Бүгінге дейін бұл оқиғалар ғана емес, жалпы тарих туралы білімнің жеткіліксіздігі байқалады. Өкінішке қарай, [Қасымовтың] басына қатысты тақырып контекстен үзіп алынған», – деп есептейді саясаттанушы.

Оның пікірінше, Примбердиевке қатысты іс – бүкіл қырғыз қоғамына берілген белгі, билік халықтың тарихи оқиғалар туралы пікірталас жүргізгенін қаламайды. Алайда бұл жағдай қырғыздардың өз тарихын зерттеуге деген қызығушылығын арттырды.
«Бұрын екі халық арасында фольклорлық айтыс өтетін, бұл қарым-қатынасты нығайтып, кейде онда еш зияны жоқ саяси мәселелер де көтерілетін. Мәдени және тарихи сәттерді саясатқа айналдыруға болмайды. Тарих өткен қателіктерді қайталамау үшін қажет, ол – сабақ болуы тиіс. Менің ойымша, біз Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытамыз, бірақ бұл пікірталастан да өтуіміз керек. Бұл тарихи оқиғалар да қоғамда жаңа деңгейге көтерілуі тиіс», – дейді саясаттанушы.
Қос срапшы да Примбердиевке қатысты қылмыстық іс Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпейді деп есептейді. Қаражанов қырғыз билігінің реакциясында Қазақстанға қарсы саяси астар жоқ деп санайды. Тәжібай екі ел арасында даулы мәселелер жиі туындайтынын, бірақ қарым-қатынасты нашарлату ешкімге тиімсіз екенін айтады.
«Қазіргі заман тарихындағы резонансты істер қарым-қатынасқа әсер еткен жоқ. Мысалы, былтырғы көшпенділер ойындарындағы әділетсіз төрешілік. Оның үстіне Қазақстан Қырғызстанда мәдени немесе өзге шаралар арқылы «жұмсақ күшін» белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Мысалы, Бішкекте Абайға ескерткіш қойылды», – дейді саясаттанушы Тәжібай.
Қазақстандық сарапшы өткен ғасырлардағы оқиғаларды бағалау – кәсіби тарихшылардың міндеті екені айтады.
«Кез келген тарихи оқиға ондаған жыл өткен соң бағаланады. Тіпті 1790-жылдардағы Француз революциясы әлі күнге дейін зерттеліп, талқыланып келеді. Тарих – бұл мамандардың саласы», – деп қорытындылады Қаражанов.
Жаулап алушы ма, әлде азат етуші ме, тарихшылар не дейді ?
Қырғызстанда тарихшылар Кенесарының қырғыздарға қатысты әрекеттерін «бейбіт» деп атау қиын екенін айтады.
«Иә, Кенесарының Ресей отаршылдығына қарсы күресін ұлттық-азаттық қозғалыс деп атауға болады, өйткені ол қазақтардың тәуелсіздігін және қазақ мемлекеттілігін сақтап қалуға тырысты. Бірақ, ол қолданған әдістер, тіпті Ресей билігін мойындаған қазақтарға қатысты да, зорлық-зомбылыққа негізделген еді», – деп түсіндіреді Orda.kz -ке пікір білдірген, есімін атамауды қалаған тарихшы.
Оның айтуынша, Абылай хан кезеңінде қырғыздар мен қазақтар бітімге келіп, шекараларын белгілеп, бір-біріне шабуыл жасамауға келіскен. Алайда ,1847 жылы Кенесары шекарадан өтіп, солтүстік қырғыздарға шабуыл жасап, оларды күштеп өзіне бағындыруға тырысқан. Қырғыз ханы Ормон Кенесарының әскерін тас-талқан етіп, қазақ ханын өлім жазасына кескен.
«Ормон хан Ресей сияқты мықты одақтастың артықшылықтарын түсініп, соған ұмтылды. Ал оның ұлы Жантай бастапқыда Қоқан жағында болып, орыстарға қарсы соғыспақ болғанымен, кейін әкесінің саяси алысты болжау қабілетін мойындап, оның еркіне бағынды. Кенесарының қырғыздарға қарсы соғысын күштеу мен жаулап алу әрекеті ретінде қарастыруға болады, өйткені ол Абылай хан жорықтарынан кейін белгіленген қырғыз жерлерін басып алуға тырысты», – деп түсіндіреді сарапшы.
Оның пікірінше, Кенесары қазақ мемлекеттілігінің идеясы мен оның дербестігі үшін күрестің көрінісі екен. Бүгінде Қазақстанда оның тұлғасы тарихи әділеттіліктің белгісі ретінде қарастырылады.
«КСРО ыдырағаннан кейін тарихи оқиғалардың саясилануы мен бұрмалануы Кенесарыны қазақтардың ұлттық идеясы үшін басты күрескер ретінде қабылдауға алып келді, ол қолданған әдістер мен қазақ-қырғыз қарым-қатынасындағы саясатына қарамастан», – деп есептейді ол.

Қазақстанда тарих ғылымдарының докторы, мемлекеттік тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяғанның пікірінше, Кенесары ханның ниеті қырғыздармен бірігіп, қоқандықтарға қарсы күрес жүргізу болған, алайда ол сатқындыққа тап болған.
«Қырғыз жеріне аяқ басар алдында Кенесары өзінің басқыншылық ниеті жоқ екенін түсіндіріп, арнайы хат жіберген. Алайда оның келуінен кейін ұлы жүз қазақтары, дулаттар мен қырғыздар арасында қақтығыс туындады. Бұл соғыс емес, Кенесары өз еркінен тыс араласқан ішкі қақтығыс болды», – деп түсіндіреді Аяған.

Оның айтуынша, қырғыздар Қоқан билігінде болып, олар Кенесарыға қарсы айдап салған және шабуыл жасауға себеп іздеген. Патшалық Ресей де қазақ ханына бұрыннан өшпенділікпен қарап, қырғыздар арасында тыңшыларын ұстаған. Олардың барлығы әдейі Кенесарыны жоюға дайындалды. Нәтижесінде қырғыз манаптары Ормон мен Жантай шабуыл ұйымдастырды. Кенесарының әскері талқандалып, өзі тұтқынға түсті. Бірақ хан қырғыз басшыларына қантөгісті тоқтатуды өтініп, өзінің жаулап алу мен адамдарды өлтіру ниеті болмағанын қайта-қайта еске салды.
«Алайда манап Жантайдың сырт айналуы - не істесеңдер де, еріктерің білсін дегенді білдіретін. Ақыры қатардағы жауынгер Кенесарыны найзамен жүрегінен түйреп өлтірді», – дейді Аяған.
Оның айтуынша, сақталған хаттарда Ормон мен Жантай Сібір генерал-губернаторы Гасфордқа «қарақшы Кенесарыны тұтқындап, өлтіргендерін» хабарлап, оның басын Ресейге жіберуге уәде етеді және марапаттауды сұрайды. «Қарқаралы мен Шелектен жер беруді, алтынмен көмкерілген шапандарды, қару-жарақ, тиындар және тіпті полковник атағын». Ресей әкімшілігі олардың өтініштерін қанағаттандырған.

Аяғанның пікірінше, Кенесарының өліміне қатысты мәселе уақыт өте қайта көтеріліп отырады, өйткені оны «арнайы саясаттандыратын күштер бар».
«Меніңше, біреу Кенесары ханның қазасы төңірегінде әдейі шиеленіс тудырып отыр», – деп санайды ол.
«Саяси сауданың нысаны». Кенесары ханның басы қайда?
Бүркітбай Аяғанның айтуынша, ханның басы саяси сауданың нысанына айналған. Көптеген тарихшылар оның патшалық Ресейге жіберілгеніне сенімді. Қазіргі Ресей билігі ресми түрде Кенесары ханның басын қайтаруға кедергі келтірмейтіндей көрінеді. Бірақ оны әлі күнге дейін ешкім таба алмады. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде бұл іздеумен тек тарихшылар ғана емес, экстрасенстер де айналысты.
2021 жылы тарихшы Зиябек Қабылдинов Кенесарының бас сүйегін қайтару жөніндегі комиссия құрамына енгізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бас сүйек табылған, ал Қазақстанға қайтару бастамасы Ресей тарапынан шыққан. Тарихшы сондай-ақ, белгілі бір рәсімдер мен дипломатиялық нюанстар қажет екенін, ал бірнеше аптадан кейін бас сүйек қайтарылатынын жазды.
«Санаулы апталардан кейін Қазақстанға ұлы ханның бас сүйегі мен жеке заттары (дулыға, мылтық және т. б.) оралады. Бұл 9 мамыр – жеңіс күні қарсаңында және ханның 220 жылдығын атап өту алдында жүзеге асуы мүмкін», – деп атап өтті ол сол кезде.
Кейін бұл жазба өшірілді. Ал бас сүйек әлі күнге дейін табылған жоқ. Іздеуге кезінде мемлекетке опасыздық жасады деп сотталған Кәрім Мәсімов те кіріскен. 2016 жылы премьер-министр қызметін атқарып жүріп, ол бұл ниетін X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде жариялаған.
Ол бұл мәселені Сочиде Дмитрий Медведевпен кездесуде шын мәнінде талқылады. Сол кезде БАҚ-тың хабарлауынша, ресейлік саясаткер бұл мәселені зерттеп, тиісті тапсырмалар беруге уәде еткен. Алайда, Ресей премьер-министрінің сайтында жарияланған келіссөздер стенограммасында тек Кейкі батырдың сүйектерін қайтару туралы өтініш қана аталған.

Мәсімов Кенесары ханның басын Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартқысы келді деген қауесет бар. Бұрынғы президенттің мұндай сыйлыққа мұқтаж екені туралы пікірлер Кәрім Масімовтың әрекетінен бұрын да айтылған. Қазақстанның «Руханият» жасылдар партиясының бұрынғы жетекшісі, азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталин Total.kz порталына берген сұхбатында Назарбаевқа дәл осындай сыйлық тарту еткісі келгенін мойындаған.
«Егер мүмкіндік болса, мен мемлекет басшысына Кенесары ханның басын сыйлар едім. Соңғы қазақ билеушісінің рухы президентке даритын еді де, оған демеу болар еді», – деген болатын Серікжан Мәмбеталин.

Алайда, бұл игі ниеттер оның саяси мансабында табыс әкелмеді. Партиясы парламент сайлауынан шеттетіліп, ол оппозицияға кетті және бұдан кейін ондай сыйлықтар туралы әңгіме қозғамады. Кейінірек, оны араздық тудырды деген айыппен соттап, біраз уақыт өткен соң азаматтығын ауыстырды. Қалай болғанда да, Кәрім Мәсімовтің Кенесары ханның басын қайтару әрекеттері сәтсіз аяқталды. Дегенмен, ол Кейкі батырдың басын қайтаруға қол жеткізді.
2023 жылы Orda.kz журналисі Никита Телиженко жүргізген іздестіру жұмыстарында соңғы қазақ ханының бас сүйегі мен мылтығы Омбы мұражайында сақталуы мүмкін екенін және бұл мәселеге ФСБ-ның ерекше бақылау орнатқаны анықтады.
«Ханның басын кескен кезде, оның мылтығы басымен бірге Омбы генерал-губернаторы Горчаковтың ордасына жіберілді. Бұл туралы дәлелдейтін құжаттар да бар. Омбыда ол 2016 немесе 2017 жылға дейін сақталғаны анық. Бірақ, қазір қайда екенін білмеймін. Бас сүйегіне қатысты көмектесе алмаймын. Кіммен сөйлессем де, ешкім нақты ештеңе айта алмайды. Кенесарының басы — тіпті ғылыми фантастика деңгейіндегі нәрсе сияқты. Иә, болды, иә, келген, бірақ қазір қайда және қайда кетті — ешкім білмейді», – деп баяндаған еді сол кезде біздің журналиске аты-жөнін көрсеткісі келмеген ресейлік археолог.![]()
Омбыға келгеннен кейін Никита Телиженконың сұхбат алу туралы келісілген бірнеше тарихшысы кездесуге бірнеше сағат қалғанда пікірін өзгертіп, сұхбат беруден бас тартты. Тек Омбы мемлекеттік университетінің музейтану кафедрасының оқытушысы Семён Трифонов қана келісімін берді.
Оның айтуынша, Кенесары ханның басы мен мылтығы Омбы өлкетану музейінде сақталған. Бірақ «оларға қолжетімділік шектеулі». Алайда, бұл музейден де ханның басы табылмады. Дәл сол сияқты, Омбыдағы генерал-губернатор үйі музейінде де іздестірілді, өйткені 1847 жылы дәл осы жерге Кенесарының басы жеткізілді деген дерек бар. Бірақ музей басшылығы ресми сұранысқа берген жауабында ханның сүйектерінің сақталуы туралы ақпаратты растамады.
Тарихшы Бүркітбай Аяған Кенесарының басы соғыстар мен революциялар кезінде жоғалып кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сонымен қатар, оның әлі күнге дейін бір жерде сақталуы да мүмкін екенін айтады, бірақ оны табуға «проимпериялық күштер» кедергі жасап отыр деп есептейді.
«Германия, Голландия, Франция, Англия ұлттық артефактілерді қайтарды. Бір кездері отарлаған халықтарынан кешірім сұрады», – деді Аяған.
Ал кешірім сұраған Қайрат Примбердиевке не болмақ?
Әзірге белгісіз. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті әншіге қатысты қылмыстық іс қозғалғаннан бері ешқандай түсініктеме берген жоқ. Біз Қайрат Примбердиевтен пікір сұрадық, бірақ ол белгілі себептерге байланысты сұхбат беруден бас тартты.
Жаңалықтар
- 2025 жылы Түркістанда Ислам институты ашылады
- Маңғыстау облысындағы жерасты Бекет-Ата мешіті көгілдір отынмен жылитын болды
- Трамп: Әлемде менен басқа Путинді тоқтата алатын ешкім жоқ
- Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына орай 42 мың адам мерейтойлық медаль алады
- Еліміздің үш облысында су басу қаупі бар
- Украина мәселесі Украинасыз талқылануда: Эр-Риядта АҚШ-Ресей келіссөздері басталды
- Алматы әуежайында билет беру кешікті, «Эйр Астана» ұшағы Бакуде апатты жағдайда қонды
- Оңтүстік Корея елдегі орман өртін – ұлттық апат деп жариялады
- Экрем Имамоғлы Түркия президенттігіне үміткер атанды
- Ким Чен Ын Кремльге Украинаға қарсы соғыста «бекем» қолдауға уәде берді
- Көкшетауда ақ кимешекті аналар шеруі рекорд орнатты
- АҚШ пен Украина арасындағы Эр-Риядтағы келіссөздер аяқталды
- Ақтау көшелерінен 350 текше метр су шығарылды
- «Ең үлкені 100 жаста»: Ақтауда ұлттық киім киген 5 мың адамның басын қосқан кім?
- Депрессия салдарынан атыраулық әйел екі баласын тұншықтырып өлтірді
- Алматыдағы «Ақсай» су қоймасы 80 пайыз дайын
- Отанымыздың табиғатын сақтау тақырыбында «Жер сағаты» акциясы өтті
- Жауын-шашын салдарынан Маңғыстау облысын су басты: Халық зардап шегуде
- Алматы облысында қар көшкіні жүрді
- Елшілік Түркияда жүрген Қазақстан азаматтарына үндеу жолдады