«Қазақфильм» қазақ тілді режиссерлерді неге жетімсіретті?

«Қазақфильм» киностудиясында «Қазақанимацияны» астыртын Астанаға көшіру жайлы дау туып, «Қазақфильм» аумағындағы жерлерді сату жайлы сыбыс тарады. Кейбір режиссерлер мен актерлер киностудия аумағына аттап баса алмады.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін Orda.kz «Қазақфильм» аумағына кіре алмаған, халықаралық Азия кинофестивалінен үш бірдей жүлдемен оралған авторлық «Әбіл» фильмінің режиссері Елзат Ескендірге хабарласты.
Белгілі режиссер Елзат Ескендір «Қазақфильм» аумағына кіре алмай жүргенін, бұл мәселенің түп-тамыры киностудия басшылығының қазақ тілді режиссерлерге деген көзқарасында жатқанын мәлімдеді.

«Қазақфильм» аумағына кіруге тыйым салу
— Елзат мырза, жақында сіздердің «Қазақфильм» аумағына кіре алмағандарыңыз жайлы естідік. Оған не себеп болды деп ойлайсыз?
— Оған басты себеп – ең алдымен, Айдар Омаровтың (ред. «Қазақфильм» вице-президенті) қазақ тілді режиссерлерді ұнатпауы, қазақ тілді режиссерлердің шығармашылық дамуын көре алмауы, қазақ танымының дамуына қолынан келгенінше қарсылық жасауы, сол арқылы «Қазақфильм» киностудиясына жақындатқысы келмей, түрлі жергілікті және халықаралық шаралар кезінде қолдау білдірмей, керісінше бізге қарсы дискриминацияға дейін баруы. Омаров тарапынан бұндай әрекеттер ол киностудияның вице-президенті болып тағайындалғалы бері сезіліп тұратын. Яғни, 2023 жылдың тамызында Азамат Сатыбалды киностудияға президент болып келгенде ол апта өтпей вице-президент болды.

— Бұл жағдай қай уақытта басталды?
— Оның ең бірінші амал-әрекеті, менің «Әбіл» фильмімнің екінші жылға қалған, яғни бірінші жылы министірліктен ақшаның кешіктіріліп берілуі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының сол кездегі басшысы Есетжан Қосыбаевтың және оның әкімшілік-шығармашылық ұжымының киногерлерге қарсы, әдейі жасалған құйтұрқы әрекетінің салдарынан, кешігіп түскен ақшаны одан ары кешіктіруімен және киностудия тарапынан тағайындалған продюсердің өндірісті дұрыс жүргізбеуі себебінен, түсірілім уақыты екі жылға созылған фильмнің, өздері басшылыққа келген 2023 жылы, яғни сол жылдың күз айына жоспарланған менің фильмімнің өткен жылдан қалған бөлігінің түсірілуіне аса құлықты болмай, бар іске түрлі себеп-сылтау іздеп, түсірілім жалғаспай, фильм орта жолдан аяқсыз қалып, оған дейін бір жарым жылғы еткен еңбек, төккен тер мен оған жұмсалған мемлекет қаржысы далаға кетуіне мүдделі сынды, қарсы әрекет етіп, дұшпандық ниет танытқан.
Алайда, біз көбі бітіп, азы қалған жұмысты аяқтап, осы кезге дейін жұмсалған қаржының желге кетпеуі үшін, әрі ол қаржыға сапалы дүние жарық көргелі тұрғанын дәлелдеп, оны жыл бойы, «Қазақфильм» киносудиясы аясында екі рет тәуелсіз көркемдік кеңес жасақтап, оның басында Асанәлі Әшімовтен бастап, Әлия Бөпежанова, Дәрежан Өмірбаев, Сергей Әзімов, Анар Қашағанова, Гүлнар Әбікеева, Инга Исмайлова сынды беделді киногер, әдебиет сыншысы сияқты азаматтарға көрсеттік. Олар бірауыздан фильмнің сол кездегі материалына өте жақсы баға беріп, қалған аз бөлігі қалайда түсірілуге тиіс екені жайында өздерінің оң пікірлерін білдіріп, мынандай материал қиянат көрмеуі керек екендігі жайында айтқан.
Одан соң да біз ұзақ уақыт «Әбілдің» болашағы жарқын екенін Ұлттық кино орталығының басшыларына дейін дәлелдей жүріп, кішігірім қосымша қаржы тауып, ол жетпегеннен кейін фильмнің продюсері боп келген Серік Әбішев өз қалтасынан қаржы салып, мен бүкіл режиссерлік гонарарымды осы түсірілімге жұмсап, ақыры екінші жылы фильмнің түсірілімін жалғастырып, оны сәтті аяқтағанбыз. Ал жоғарыда аты аталған азаматтардың «Әбілдің» түсірілімі жалғасу керек екендігі жайындағы пікірлері түгелдей дерлік протоколға түскен, документ ретінде қолымда тұр.
Егер Айдар Омаров сынды вицелердің ырқына көнсең, оған фильмнің маңызы мен сапасы, оғанға дейін түсірілген материалдың құны, оның болашағы, оған кеткен қаржының нәтижесі – бәр-бәрі бір тиын еді. Міне, уақыт көрсеткендей «Әбіл» халықаралық деңгейде өз көрермендерін тауып, дүниежүзілік фестивалдерде өте жақсы баға алып жатыр.

— Киностудия аумағына кіргізетін рұқсат қағазыңыз не болды?
— 2023 жылдың соңында менің «Қазақфильм» киностудиясы аумағына кіріп-шығу рұқсат қағазымның уақыты аяқталған еді. Алайда, жаңа жылдан кейін менің киностудия аймағында «Әбіл» фильмінің пост-продакшн кезеңдеріне қатысты жұмыстарым жалғасып жатса да, рұқсат қағаз уақытын ұзартып, киностудия аймағына емін-еркін кіріп шығуыма мүмкіндік жасамай қойды. Сол кездің өзінде әр күні кірген сайын есік алдындағы күзет қарауылдарына бірнеше минут бойы не үшін, қандай мақсатта келгеніңді дәлелдеп тұруың керек еді. Бұл сол киностудияда жұмыс жасап жатқан режиссер үшін өте ауыр болатын.
— Бұл жағдайды киностудиядағы басқа бөлімдерге айттыңыздар ма?
— Мен бұл мәселені өзім де, продюсерім Серік Әбіш те жеке Айдарға және киностудия өндіріс бөлімі басшылығына да бірнеше рет айттық. Бірақ, олар біздің сөзімізге құлақ аспады. Фильмнің пост-продакшны аяқталған соң да туынды үлкен экранға шыққанға дейін оның техникалық тұрғыдан түрлі жұмыстары болып тұрады. Фильмді «Қазақфильм» киностудиясында түсіргендіктен сенің режиссер ретіндегі ол жердегі жұмысың жалғаса бермек. Ал фильмнің қосымша жұмыстарымен және осы фильмге қатысты түрлі мәселермен киностудияға кіріп-шығайын десең, кіре берістегі шлагбаумнан бастап алдыңнан түрлі күзет кедергілері шығады. Және сен осында жиі келіп жүрсең де, олардың бәріне жеке-жеке не үшін келгендігіңді дәлелдеп шығуың қажет. Бұл жүйкеге тиіп, адамды шаршатып, тіпті, кейбір әрекеттерімен этикалық әрекеттерден асып кететін.
— «Қазақ анимацияны» Астанаға көшіру жайлы шешім не болды? Алматыда істейтін анимация өкілдері қазір осы жағдайға байланысты жауап ала алды ма?
— Менің анимацияға қатысым жоқ. Бұл сұрақты Ерлан Төлеутайға қойғандарыңыз дұрыс. Жалпы киногер ретінде менің пікірім, анимация орталығы осы Алматы болуы керек. Себебі аниматорлардың басым көбі осы Алматыда тұрады.
— Қазіргі басшылық сіздермен жеке кездесетіндерін, жүлде алған «Әбіл» фильміне қатысты құттықтайтындарын айтқан еді. Сонымен хабарласты ма?
— Бұл Айдар Омаровтың кезекті өтірігі ғой. Егер олар сіздерге де солай деп айтса, онда олар суайттың суайты екен. Яғни, Айдар Омаров – қазақ тілі мен қазақ мәдениетінен мақұрым ғана емес, қарапайым этикадан жұрдай өтірікші болғаны. Әрине, хабарласқан да жоқ, кездесуге шақырмады да.
Мен осыдан бір-екі күн бұрын «Әбіл» фильмінің авторларын шақырып кездесеміз, жеңімпаз фильмдердің авторларымен кездесу әр айдың соңына жоспарланады деп жазыпты. Осы мәтінді талдап көрелікші. Біріншіден, Везуль кинофестивалінің жабылу салтанаты 16-ақпанда болып, біздің жеңімпаз болғанымыз сол кезде жарияланды. Отандық ақпарат пен әлеуметтік желіге де дәл сол уақытта шықты. Одан бері екі апта уақытты артқа тастап, ақпан айы да аяқталып, наурыз басталып, оның да 7-жұлдызы болды. Олар «айдың соңында құттықтайтын» айдың соңы аяқталғалы қашан?!
Екіншіден, «әр айдың соңында жеңімпаздарды құттықтайтындай» «Қазақфильмнің» фильмдері ай сайын халықаралық фестивалдерден жүлделі болып жатқан жоқ. Ай түгілі бір фильм бір фестивалден үш бірдей жүлдені алатын бұндай жағдай жылына болмайды. Мүмкін, бірнеше жылда бір рет болса болар. Тіпті қазақ киносының халықаралық фестивалдерде назарға ілігіп, жүлде алуы, «Қазақфильм» түгілі Мәдениет министірілігі арқылы қаржыланатын фильмдердің өзінде ай сайын емес, жылына сирек болып жататын жағдай. Сондықтан, Айдар Омаровтың бұл сөзі «ұялған тек тұрмастың» кебі әрі «ұялмайтын бетке талмайтын жақ» бередінің сыйқы. Бұл адамда сөз бен сертке тоқтау деген мүлде жоқ. Тек сол сәттегі қысылтаяң жағдайдан сол мезетте сытылып шығып кетсе болғаны. «Ертең мына сөзімнің өтірігі шығып қалады-ау, ертең мұны біреу салық бетіме басады-ау» деген ұғым-түсінік оның санасына мүлде қонбаған.
Үшіншіден, олар мені жеке шақырып құттықтамақ түгілі, әншейінде жылт еткенді қағып алып, түкке татымас нәрселерін бөлісіп, сол сәтте-ақ жарияға жар салып отыратын киностудияның әлеуметтік желідегі ресми парақшасының өзінде біздің жеңімпаз болған жаңалығымызбен бөліспеген екен. Мен оны Қазақстан Киногерлер Одағының басшысы Адай Әбілдиновтың ФБ-парақшасында жазған постынан білдім. Тек содан кейін ғана, ертесі күні түс ауа өздеріні ресми парақшасына біздің фильм жайындағы жаңалықты салыпты. Бұл жаңалық Ұлттық киноны қолдау орталығының мамандарының да есіне Адайдың жазбасынан кейін түскен екен. Бірақ олар сәл этикадан аттамапты. Ақпараттарында фильмнің атауы мен оның авторы ресми түрде толық әрі нақты жазылған.
Ал «Қазақфильмнің» парақшасындағы ақпаратта фильмнің атауы мен оны өндіруші компания, министірлік жайында ақпарат болғанымен, оны түсірген режиссердің есім-сойы мүлде көрсетілмеген. Сонда ол фильмді кімнің түсіргендігі, режиссерінің кім екендігі оларға бәрібір ме?! Яғни, осыдан-ақ бүгінгі Айдар Омаровқа шығармашылық өкіліне деген қарым-қатынастың құны көк тиын екендігі белгілі ғой?! Өзіңіз ойлаңызшы, осындай адам «Қазақфильм» деген өнер ордасын басқаруға қаншалықты лайықты?! Тіпті, оны уақытша болса да басқарып кетуге оның моральдық-этикалық деңгейі сай ма?! Ал өздері тағы осы даулы мәселеге байланысты сұрау салған журналистерге «біз оларды қабылдағалы жатырмыз, біздің шығармашылық өкілдеріне деген құрметіміз зор» деп беттері бүлк етпей өтірік айтуға әзір.
Сондықтан, мен бұл адамды бұрыннан білгендіктен, одан және ол басқарып отырған басшылық тарапынан әу бастан-ақ жылы лебіз күтпеген едім. Бұлардан бірдеңе күтудің өзі — маған сын. Тек сіз сұрағаннан кейін, жағдайды түсіндіру үшін бәрін бүге-шігесіне дейін айтып отырмын.
Түсіріліп біткенше қыспақта қалған көркем фильм
— «Әбіл» фильмін түсіргенде қандай қиындықтар болды? Естуімізше шетелге шығуға қаржы табу да қиын болған...
— «Әбіл» — өндіріске жіберілген уақыттан бастап қиындыққа ұшыраған фильм. Ол ең алдымен «Қазақфильмнің» сол кезегі басшысы Ақан Сатаев пен оның мәжбүрлі түрде менің фильміме продюсер ретінде тағайындаған Светлана Нам тарапынан үлкен кедергі, қиыншылыққа ұшырады. Олардың ең басты кемшілігі – «Әбіл» фильмінің түсірілу бағыты – авторлық кино деген дүниені түсінбеуі еді. Олар маған «Әбілді» сериал түсіргендей жылдамдықпен түсіруге мәжбүрлемекші болды. Мен, бірақ, олардың айтқанына көніп, айдағанына жүрген жоқпын.
Мен «Әбілді» өзім қалаған көркемдік сапада түсіру үшін, барлық жұмысты ұқыпты әрі тыңғылықты, әр дүниеге мән бере отырып жүргізуге тырыстым. Себебі, мендегі мақсат — халықаралық деңгейге шығаратын, көркемдік сапасы жоғары, айтар ойы бар, салмақты әрі сапалы кинотуындыны дүниеге алып келу еді. Күрес қиын болды, дегенмен сол мақсатыма жеттім. Мен сол үшін де жобаға халықаралық мамандарды шақырдым. Олардың бірі, біздің фильмнің қоюшы операторы, әлемдік кинода есім-сойы белгілі, европа киносының ірі өкілі, орыс режсисері Сергей Дворцевойдың «Тюльпан», «Айка» фильмдерін түсірген, Польшалық Йоланта Дылевска болды. Йола менің фильміме орасан зор еңбек сіңірді. Және түсірілім кезіндегі қиын, сын сәттерде де мені қолдап, қорғаған еді.
Мен сол үшін оған мәңгілік рахмет айтып өтетін шығармын. Ол кино түсіру үшін Қазақстанға келіп, біздің кино түсіру алаңына барған кезде, тіпті, санаулы күндерден кейін мына жерде кино түсірілімі басталады-ау деген ишара да жоқ, тұрғызылатын декорацияның іргесі де қаланбаған, алаңды түгел шөп басып жатыр еді. Сол сәттегі оның қапа болған түрін ойласам, қәзіргі күнге дейін өз-өзімнен қатты қиналып, ұялып кетемін.
Дәл сол сәтте ол ренішпен «мені қайда шақырғансыңдар» деп, теріс бұрылып, кино алаңын тастап, кері Польшаға кетіп қалуына болар еді. Бірақ, ол менің көзімдегі киноға, осы жобаға деген махаббаты көріп, «Елзат, біз әлі жақсы кино түсіреміз» деп, мені қолдап, жұмысты ары қарай жалғастырып кетті. Соны құрметіне, сол қиын күндердегі зор қолдауыма алғыс ретінде мен Йоланта Дылевсканы, түсірілім аяқталған соң, сол жылы дүниегі келеген қызым Айшешек-Бегімге кіндік шеше қылдым. Ол бұл ұсынысыма қатты толқып, зор ілтипатпен қабыл алды. Ал, сол күндері мына жақта маған қарсы түрлі әрекеттер ұйымдастырлып жатты.
Олар, әсіресе, Светлана Нам өзінің айтқаны бола қоймаған соң, маған қарсы түрлі құйтұрқы әрекеттерге барды. Түсірілім басталған соң да түсірілімді қажетті мамандармен қамтамассыз етпеді, керекті техниканы кажеті уақытта жеткізбеді, негізгі декорацияны уақтылы салып, түсірілімнің бір ізді болуын қадағаламады, т.б. Соның бәріне айтатын сылтауы «Ақша жоқ! Ақша жетпейді!» деген жалғыз ауыз сөз. Әйтпесе, «Әбіл» фильмінің жалпы бюджеті 320 миллион тенге. Ал оқиға екі күннің аясында, арасы 1,5 шақырымнан аспайтын 2 локацияда өтеді. Оқиғаның ауқымы шағын, көп адам жоқ. Қиын қойылымдар жоқ, камерлық оқиғаға құрылған сценарий. Осының өзіне Светлана Нам «ақша жоқ!» деп түрлі сылтаулармен қиындата берді.
Нәтижеде, түсірілім алаңына адам жетіспегендіктен біз түсірілімді уақтылы бастап, уақтылы аяқтай алмағандықтан фильм түсірілімі бірінші жылы аяқталмай қалды. Сосын, жоғарыда айтып өткенімдей қосымша шағын ақша тауып, өзімдің гонарарымызды салып фильмді аяқтап шықтық.

— Ақан Сатаев бірнеше фильм түсірген, аты белгілі, тәжірибелі режиссер ғой. Ол авторлық фильмге неге қырын қарады?
— Сатаев криминалды, тарихи бағыттағы фильмдер түсіріп, тәжірибелі болғанымен, авторлық фильм бағытында фильм түсіріп көрмеген немесе бұл бағытта табысқа жетпеген режиссер деп айтуға болады. Авторлық фильмнің басқа бағыттағы фильмдерден қарағанда өзінің түсірілу әдісі болады. Оны сіз басқа фильмдерді түсіргендегідей күніне мынанша минут, мынанша сахна деген жоспармен, конвейр ретінде түсіре алмаймыз.
Егер олай түсірсеңіз фильміңіздің бірден сапасы нашарлайды. Себебі, мында әрбір деталь, әрбір мизанцена, әрбір актердің халі, олардың дайындығы, ауа райы, күннің әрбір мезеті аса маңызды. Сіз осылардың бәрін есептеп, мұқият дайындалып қана жұмыс жасайсыз. Әсіресе, актерлердің халі, дайындығы аса маңызды. Егер бір дүние дұрыс болмай қала ертесі күні қайыра сол сахнаны түсіруге тура келеді. Ал Сатаев та, Нам да бұны мүлде түсінбейтін адамдар еді.
Содан кейін, Ұлттық киноны қолдау орталығының сол кездегі басшысы Есетжан Қосыбаев және оның қарамағындағы қызметкерлердің министірліктен өзі де кешігіп түскен ақшаны одан ары кешіктіріп, жобаны тапсыруға бір ай уақыт қалғанда алғашқы траншты беруі болды.
Түсінікті болу үшін нақтылап айтайын, бір киноға бөлінген ақшаның алғашқы бөлігінің өзін киноны черновой монтажбен тапсырып өткізуге бір ай ғана уақыт қалғанда алдық. Яғни, біз киноның 2,5 ай дайындық уақытын, одан кейінгі түсірілімге жоспарлаған 36 күннің 20 күндей уақытында бір де тиын алмай, ақшасыз атқардық. Оның бәрін мен және менің жанымдағы бір-екі адам қарызға ақша алып, жұмысты жүргізіп отырдық. Түсірілім тобы осы уақыт аралығында тегін жұмыс жасады. Әрине, оның бәрі жүйкеге ауырлық, жүрекке салмақ салған кезең болды.
Соның кесірінен де біз бірінші жылы түсірілімді аяқтай алмай қалып, келесі 2023 жылы жалғастыруымызға тура келді. Алайда, бұл кезде, бұл кезде деймін-ау, бұдан да ерте, түсірілімге бірінші транштың артын ала екінші транш ақша түсе салысымен Светлана Нам өзінің міндетін атқармай, жұмысты бел ортасына тастап кетіп қалды. Нәтижесінде, оның жүргізген бүкіл жұмысы үшін «Қазақфильмнің» сол кездегі вице-президенті Серік Әбішев түгел есеп-қисапты өзі өткізді. Жоғарыда айтып өткенімдей, келер жылы қосымша ақша тауып, онда да Айдар Омаровтар тарапынан түрлі кедергіге ұшырай жүріп, ең бастысы күрестің нәтижесінде фильмді аяқтап шықтым.
— Нәтижесі қандай болды?
— «Әбіл» әлемдік премьерасы 29-Бусан халықаралық кинофестивальінде, еуропалық премьерасы Скандинавия өңірінің бас кинофестивалі 48-Готеборг халықаралық кинофестивалінде, азиялық премьерасы 21-Гонконг Азия халықаралық кинофестивалінде, француз премьерасы 31-Везуль Азия халықаралық кинофестивалінде өтіп, Везульден үш бірдей сыйлыққа ие болды. Және алдағы уақытта да бірнеше фестивалге барады деп жоспарланып отыр. Ең бастысы фильмді көрген халықаралық көрермендер мен киносыншылар жоғарғы бағасын беріп жатыр.
Қиындықтарға қарамай жүлделі болған «Әбіл»
— Осы фильмге түскен Ерлан Төлеутай және тағы басқа ұжымдағы адамдарды қалай бағалайсыз? Оларды қандай ерекшеліктеріне қарап таңдап алдыңыз?
— Менің Ерлан Төлеутайды және одан басқа да актерлерді рөлдерге таңдауымның ең басты шарты – ол адам ең алдымен өзінің кейіпкеріне болмыстық тұрғыдан ұқсауы керек. Және мендегі әр актердің түр-сипаты, энергиясы мен суреттеп отырған кезеңмен сәйкесуі тиіс. Сондықтан мен массовкаға таңдалатын актерлерге дейін өзім араластым. Кастинг тобымен бірге ауылдарға барып, массовкаға қатысатын адамдарға дейін өзім таңдадым. Себебі, массовканың өзінде кателік кетпеуі керек. Ал басты рөлдерге түсетін актерлердің оның кәсіби не кәсіби емес болуы маңызды емес. Ең бастысы кейіпкеріне ұқсас ішкі энергиясы болуы керек. Мен шын өмірдегі «Әбілді» іздедім.
2015 жылы сценарий жазылды. Мен сол энергиялық тұтастықты Ерлан Төлеутайдан көрдім. Себебі Ерлан Төлеутай ауылда өскен қазақ. Көп қазақтар ауылдан қалаға келгенде кішкене ауылдық бітімін жоғалтып алып жатады. Орта, қала адамға өз энергиясын сіңіреді. Ал Ерлан Төлеутайда далалық сипат, далалық рең болмысында, мимикасында, бет-әлпетінде, қимыл-қозғалысында сақтап қалған. Мен ол кісіні 2010 жылдан бері танимын. «Қазақфильмде» жұмыс істедік. Сол кезде оның өзіндік қасиеттерін байқайтынмын. Бірақ, кейін «Әбілді» жазып болған соң, арада көп уақыт салмай, Ерлан Төлеутайдан «Әбілді» көрдім.

— «Әбіл» қандай жүлделермен оралды? Елге келгеннен кейін қандай өзгерістер болды?
— Везульден үш сыйлық алдық. Jury Grand Prize, Critical Jury Prize және NETPAC Prize. Бұл жерде Гран приді негізгі конкурстық бағдарламаның қазылар алқасынан алдық. Екіншісі — француз сыншылары беретін сыйлық. Ал үшіншісі — Азия киносын насихаттап, тарату үшін берілетін жүлде. Бұл жерде бас жүлдені беруде қазылар алқасының төрағасы болып отырған, әлемдік кинодағы танымал есімдердің бірі, әр жаңа фильмі әлем көрерменінің жіті назарында болатын, Венеция кинофестивалінің бас жүлдесі «Алтын жолбарыс» иегері, Канның тұрақты режиссері, менің де режиссер болып қалыптасуыма үлкен үлесін қосқан қытайлық режиссер Цзя Чжанкэнің бағалауы мен үшін үлкен мәртебе болды.
Елге келгеннен бәлендей өзгеріс болады дегенді мен о бастан-ақ күтпегенмін. Өйткені, елдегі шенеуніктер мен шенеуніксымақтардың деңгейі белгілі ғой. Олардың талғамы – осы қоғамдағы Масс-мәдениеттің тұтынушыларының талғамымен бірдей. Олардың өзіне бір-бір талғамды шенеунік керек. Осындайда Ілияс Омаровар мен Өзбекәлі Жәнібековтардың орны үңірейіп көрініп тұрады. Біздің мәдениет министірлігі мен «Қазақфильмнің» айналасында өнерді түсінетін, оның бағасын білетін адам қалмаған сияқты. Бәріне үкіметтің алдында берілетін есеп дұрыс болса болды, қалғаны, сол ақшадан қандай мәдени өнім жарық көрді, оның қоғамға берер пайдасы қандай, халықаралық деңгейде қалай бағаланып жатыр деген сұрақтар оларды бәлендей мазаламайтын сияқты.

— Авторлық, көркем фильмдердің біздің елде аз шығуына не себеп деп ойлайсыз?
— Қазіргі таңда елде көркемдік сапасы төмен фильмдер көптеп жарыққа шығып, елді рухани деградацияға ұшыратуда деген пікірлер жиі айтылады. Соған ең бірінші – осы мәдениет министірлігі кінәлі. Оның ең басты кінәсі мемлекеттің мәдени саласына жауапты министрлік ретінде сол өнімдерге қарсы, көркемдік сапасы жоғары фильмдерді көптеп өндіріп және сол үшін, біз сияқты көркемдікке жұмыс істейтін авторларлар мен осындай көркемдігі жоғары фильмдерді халыққа түсіндіріп, насихаттап отыратын кинотанушылар мен сыншыларды қолдауы тиіс еді. Себебі, кинотанушылар мен киносыншылар көп болмайынша, және олар үздікіз жазып, көркемдік деген ұғымның қыр-сырын елге сіңірмейінше көрерменнің талғам-таразысы түзелмейді. Көркемдік талғам-таразысы жоқ халық діни надандыққа ұрынғыш келеді. Ал діни надандыққа ұрынған халық өз елінің түбіне өзі жетеді. Оған алыс-жақын шетелдерден мысал келтіруге болады.
Мәдениет министірлігінің кино саласындағы ең басты жұмысы – киноинститутын ашып, оған кино тақырыбында жазатын ғалымдар мен зерттеушілерді, сыншыларды жұмысқа алып, әлемдік және отандық кинодағы көркемдік деңгейі жоғары туындыларды саралап, сараптап жазғызып, насихаттап, көрерменнің талғамын өсіруге іс қылу керек. Көрерменнің талғамы көтерілген кезде – ол қай фильмге бару керек екендігін өзі-ақ шешіп алады. Мысалы, терең әдеби талғамы қалыптасқан оқырманға «бульварный» шығарма мен интеллектуалдық шығарманың қайсысын оқу керек екендігін түіндіріп жатудың қажеті шамалы ғой.
Содан кейін, мемлекет қаржысына түсірілетін киноның негізінде халықтың салығы жататын болса, онда ол салықтың ақшасына мемлекет және ондағы Ұлттық киноны қолдау орталығы мен «Қазақфильм» тек халықтың өз ішіндегі мәселелерін көрсетіп, қоғамдық ойға қозғау салғызатын, яғни әлеуметтің үні болатын авторлық кино мен мемлкекеттік деңгейдегі идеологиялық фильмдерді ғана түсіру керек.

— «Жошы» фильмін түсіріп жатқандарын естідік. Алайда қазақ режиссерлерге емес, шетелдік мамандарға түсіртіп жатыр деген сыбыс бар. Сондықтан «Қазақфильм» аумағына қазақстандық режиссерлерді кіргізбейді дейді. Бұл қаншалықты рас? Бұл жайлы білесіз бе?
— Үлкен тарихи жобаларға шетелдік режиссерлерді шақыру қазақ шенеуніктернің қалыпты жағдайы ғой. Егер сол режиссерлерге берген қары мен жағдайды бізге жасаса біз де сол сапада түсірер едік. Ал «Әбіл»-ді түсіргенде маған қарсы жағдайдың қалай болғанын айтым. Сондықтан қаржымен бірге жағдай мен қарым-қатынастың дұрыс болғаны да игі. Сапалы дүние салиқалы шығармашлық ортада туады.
— Сұхбатыңызға алғысымыз шексіз!
Еске сала кетсек, бұған дейін «Қазақфильм» басшылығы осы дауға қатысты жауап беріп, жер сатылуы жайлы сөздерді бұрмаланған ақпарат деп жоққа шығарды. Ал анимация студиясын Астанаға көшіру жайлы сол кездегі жетекшісі Айбике Рахымжановамен кездесу өткенін айтты. Ал халықаралық кинофестивальдерде оқ бойы озық шыққан қазақстандық «Әбіл» фильмінің авторларымен «Қазақфильм» басшылығы ай соңында кездесіп, құттықтайтындарын мәлімдеген еді. Осы мәселе бойынша Orda.kz киностудияға арнайы сауал жолдады.
Жаңалықтар
- Депрессия салдарынан атыраулық әйел екі баласын тұншықтырып өлтірді
- Алматыдағы «Ақсай» су қоймасы 80 пайыз дайын
- Отанымыздың табиғатын сақтау тақырыбында «Жер сағаты» акциясы өтті
- Жауын-шашын салдарынан Маңғыстау облысын су басты: Халық зардап шегуде
- Алматы облысында қар көшкіні жүрді
- Елшілік Түркияда жүрген Қазақстан азаматтарына үндеу жолдады
- Машкевичті Еуропада жерлейтін болды
- Стамбұл мэрі қамалып, оған сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағылды
- Ұлттық жоспар, доктриналар мен кешенді жоспар жобалары көпшілікпен талқыланбайтын болды
- Еліміздің барлық өңірінде Наурызнама онкүндігін түйіндейтін – Тазарту күні өтіп жатыр
- Қазақстанның футбол құрамасы Уэльспен өткен матчта тарихи гол соқты
- «Америка дауысы» қызметкерлері Трамп әкімшілігін сотқа берді
- Алматы тауларында төрт адам жоғалды
- Нариман Құрбанов Түркиядағы Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алды
- Тоқаев Кирсти Ковентрині Халықаралық олимпиада комитетінің президенті болып сайлануымен құттықтады
- Түркістан облысында жанармай құю бекетінде жарылыс болды: қаза тапқандар бар
- Уэльспен өтетін матчқа қатысатын Қазақстан құрамасының бастапқы құрамы белгілі болды
- Трамп Байден, Харрис және Клинтонды құпия мәліметтерге жолатпайтын болды
- Алматыда 5000-нан астам адам Абай әндерін шырқады
- Александр Машкевич дүниеден озды – БАҚ