Қарағандыдағы азапты өлім: Миына қан құйылған адамның өлуіне полиция қалай жол берді?

Қарағандыда полицияның көз алдында соққыға жығылып, миына қан құйылған Нұргелді Нәукеновті ешкім құтқармады. Жантүршігерлік оқиғаның егжей-тегжейіне үңілген сайын денең түршігеді. Екі баланың әкесі Нұргелді Нәукенов таныстарының қолынан қасіретті өлім құшты. Олар Нәукеновтің ақшасын тартып, азаптап ұрып, далаға лақтырып кеткен. Ең сорақысы — полиция бұл сұмдықтың бәріне куә болып еш әрекет жасамады. Артынша үш сағат бойы жәбірленушіні тергеп, миына қан құйылып жатса да, жедел жәрдем шақырмаған. Алматыда марқұмның туыстары айыптылардың жеңіл жаза алып, бостандықта жүргеніне наразы. Orda.kz осы оқиғаның барлық қыр-сырын анықтап қайтты.
2024 жылы 4 қыркүйекте Қарағанды автобекеті маңында екі баланың әкесі, 39 жастағы Нұргелді Нәукенов ауыр соққыдан кейін көз жұмды. Ол сол күні Ұлытау облысынан Қарағандыға үлкен ұлының оқу ақысын төлеу үшін досымен бірге келген екен. Екеуі бекет маңынан пәтер жалдап, кешкісін жақын маңдағы асханаға барып тамақтануға барады.
Сол жерде Нәукенов бұрыннан жақсы танитын, тіпті денсаулығы нашар деп бірнеше рет қаржылай көмектескен танысына жолығады. Артынан оның жанына тағы екі ер адам келіп, барлығы марқұмды сыртқа шақырып шығарады. Далаға шыға салысымен әлгі танысы Нәукеновті жағасынан ұстап, жерге итеріп жібереді. Ол қарақұспен тас жолға құлаған, Нәукенов сол сәтте есінен танып қалады.
Кейін үш ер адам және Қарағандыға бірге келген досы оны сүйреп, көлікке салып, пәтердің алдына апарып тастап кеткен. Ең сорақысы — бұл оқиғаның бәрі бекеттің маңындағы полиция орнының дәл көз алдында болған. Қызметкер тіпті күдіктілерге көмектесіп жіберген. Кейін полиция қызметкерінің күдікті үш адамның бірінің туысы екені белгілі болды.
Асханада Нәукеновтің қуатта тұрған телефоны қалып қояды. Артынша әлгі танысы сол жерге қайта оралып, марқұмның телефоны арқылы ұлының оқуына деп әкелген 740 мың теңгені банк шотынан шешіп алған. Ақшаны алған соң, телефонын жоғалтып жібергендей қылып ізін суытады.
Жарқаты бар Нәукеновті жедел жәрдемге емес, полиция бөлімшесінде 3 сағат ұстап отырған
Нәукенов соққыдан кейін есін білмей, жалдамалы пәтердің ауласында бірнеше сағат бойы кезіп жүрген. Содан тұрғындар аулада түсініксіз күйде жүрген ер адамды байқап, полиция шақырады, тәртіп сақшылары марұмды бөлімшеге жеткізеді.
Ол үш сағат бойы бөлімшеде отырған, бірақ кім екенін, не себепті жүргенін нақты түсіндіре алмаған.
Полицейлер оны мас деп ойлап, жағдайына тиісті мән бермеген. Нәукенов бірнеше рет басының ауырып тұрғанын айтса да, жедел жәрдем шақырмаған. Ақыры есін жимаған оны полиция 16 жастағы баласын шақырып, тапсырып ертіп жібереді.
Осы жерде заңды бір сұрақ туындайды. Полиция қызметкерлеріне: «неге жедел жәрдем шақырмадыңдар оны сол 3 сағатта аман алып қалуға болар еді ғой» деген туыстарының сұрағына әлгі екі тәртіп сақшысы: «Біз Нәукеновті мас деп ойладық» деп құтылған.
«Сонда олар мас адам мен сау адамды айыра алмай ма? Оған қоса жарақат алып бет ауызы мен басында ісік бар екенін өз көздерімен көрген. Біз дәл осы екі полиция қызметкері де бауырымның өміріне немқұрайлылық танытқаны үшін жазаға тартылсын дейміз. Мен өзім ауруханада жарақат пунктінде істеймін. Талай осыған ұқсас жарақат алғандардың өмірін құтқарып қалғанын өз көзімен көрдім», – деді марқұмның әпкесі Айгүл Наукенова.
Қонақүйде жалғыздықта аузынан көк көбігі ағып жан тапсырды
Полиция бөлімшесінде 3 сағат отырған Нәукеновті қызметкерлер кәмілеттік жасқа толмаған баласына ерітіп жібереді, кетпес бұрын балаға әкесінің басынан алған жарақаттарын өздері өз қолдарымен көрсеткен. Шыққан соң Нәукенов баласы тек жатып ұйықтағысы келетінін айта берген екен.Содан баласы өзі тұрып жатқан пәтерінде басқа студенттер болғандықтан, әкесін жақын маңдағы қонақүйге орналастырып кеткен. Әкесі сол қонақүй бөлмесінде аузынан көк көбігі ағып, бас миынан алған жарақаты асқынып, жалғыздықта жан тапсырады. Артынша анықталғандай медициналық сараптама оның бас сүйегі сынғанын, миына қан құйылғанын жазып берген.

Тергеуге сенбейді
Айгүл Нәукенова тергеуге сенбейді. Ол қажетті дәлелдерді — камера жазбалары, банкомат бейнесі, детализацияны — өзі іздеп тапқан. Марқұмның телефоны бірнеше күн бойы қосулы болғанына қарамастан, тергеу дер кезінде әрекет етпеген.
Оқиға кезінде болған 6 адамның тек үшеуі жауапқа тартылған. Абайсызда кісі өлімі бойынша біреуі 1,5 жылға сотталғанымен, 9 айда босап шыққан. Ұрлық ісіне қатысы бар күдіктілердің екеуі де бостандықта. Нукенованың айтуынша, істі тергеген тергеуші де сотталғандардың бірінің туысы болып шыққан. Оған қоса марқұмның телефоны детализация бойынша 18 қыркүйекке дейін тергеушінің үйінде жатқан екен.
Күдік пен сұрақ көп жауап аз....
Айгүл Нәукенова бауырының телефонын күдіктілердің қалай ашып алғанын әлі күнге түсіне алмайды. Тергеу барысында телефонды ашып ақшаны аударып алған ер адам «нөлді төрт рет басып аштым», деп айтыпты. Алайда Нәукеновтің ұлы әкесінің телефонында басқа құпиясөз болғанын айтып отыр. Туыстары бұл жауапқа күмәнмен қарап, күдіктілер пәтерге қайта келіп, марқұмды тағы да соққыға жығып, телефонын күштеп аштырған болуы мүмкін деа ойлайды. Оған себеп, ұялы байланыс операторының анықтамасы бойынша телефонның сол уақытта пәтер орналасқан ауданнан сигнал берген екен.
Сонымен қатар, туыстарының айтуынша, дәл сол 740 000 мың теңгені ұрлаған күні әлігі үш ер адам, ақшаны сол күні-ақ шашып тастаған. Барып құмар ойын ойнаған, пәтер жалдап онда қыздар шақырып білгендерін істепті.
Заңгер Инга Иманбай бұл қылмыстық істі жеке-жеке қылмыстар жиынтығы ретінде емес, бірнеше адам ұйымдасып жасаған топтық қылмыс ретінде қарастыру қажет деп санайды.
«Мен қолға алған істе бірнеше жеңіл қылмыстық істің жеке-жеке қозғалуы күдік туғызып, көптеген сұрақтардың жауапсыз қалуына әкеледі. Бұл дегеніміз қылмыстың нақты қалай болғанын жасырып, жауапкершіліктен жалтаруға көмектескенін көрсетеді», – деді заңгер Инга Иманбай.
Сондай-ақ, Иманбай оқиғаға қатысушыларға қатысты қылмыстық кодекстің бірнеше бабымен іс қозғау қажеттігін айтты. 106-баптың 3-бөлігі «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру»,
191-баптың 2-бөлігі «тонау»,
434-бап «қылмыс туралы хабарламау».
Оған қоса, Нәукеновтің ауыр халін білсе де жедел жәрдем шақырмай, тиісті шаралар қолданбаған полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты да қылмыстық іс қозғау керек деп есептейді. Иманбай осы жоғарыда айтылған талаптарды Бас прокурор Берік Асыловқа ресми түрде жолдайтындығын және істі бақылауға алуын сұрайтынын айтты.
Orda.kz істің ары қарай қалай өрбитінін бақылап, ақпарат таратып отырады.
Жаңалықтар
- Қазақстандағы қуатты су электр станциясын белгісіз біреуге сатып жіберді
- Мәжіліс депутаттары Жомарт Ертаевтың қайта түрмеге «аттанатынын» мәлімдеді
- «Құранмен сендірді»: прокурор 136 адамға несие алдырған емшіні түрмеге қамауды сұрады
- «Самұрық-Қазына» қорының директорлар кеңесіне жасанды интеллект мүше болды
- Тоқаев Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровпен кездесті
- Берденовке жасалған қастандық бойынша екі тарап та үкімге қарсы шықты
- Шерхан Қалмырза деген кім және ол әлемді өзіне қалай қаратты?
- Мәскеуде Сирияның экс-президенті Башар Асадқа әлдекімдер у берді
- «Қазақстанға келіп, жар табамыз» деді – Павел Дуров
- Ақтөбелік әкім әуейі болғанын мойындады: Прокурор әкімді кінәлі деп тануды сұрады
- 42 жастағы Рауан Әбілханов 600 шақырымды бес күнде еңсеріп, рекорд орнатты
- «Тасмағамбетов бекіткен»: Алматыдағы ірі зауытты EXPO-2017 бойынша сотталған Ермегияевтің әкесі қалай иеленді?
- Түркістан облысында ағайындылар туабітті мүгедек бауырын зорлады: Сот өтіп жатыр
- Қостанайда көліктен құлап түскен зейнеткерді артта келе жатқан көлік басып кетті
- «Қайраттың» жұлдызға айналған қақпашысы Шерхан Қалмырзаға Ұлықбек Шәріпов көлік сыйлады
- Жасырын куәгер мен Тәжиевтің ұлы: Хасанның адвокаттарын сот залынан шығарып жіберді
- «Орталық стадионда болдым»: Рахат Әлиевтің ұлы әкесінің қазақ футболына қосқан үлесін еске алды
- «ҮРКЕР» — 2025» ұлттық сыйлығына өтінімдер қабылдау басталды
- Қырғыз ауылындағы қыз зорлауға қатысты оқиғадан кейін тұрғындар өлім жазасын талап етті
- Ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті – Тоқаев