Элита мен олигархтар интернетте өздері туралы ақпаратты жоя алады

cover

Қазақстанда «дербес деректерді пайдалануды» бақылауға арналған сервис енгізу жоспарлануда. Сервис азаматтарға олардың деректерін кім қарағанын білуге және «ұмыту» құқығын пайдалана отырып, өзі туралы ақпаратты жоюды талап етуге мүмкіндік береді.

Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.

Цифрландыру министрлігінің заң жобасы 9 сәуірде талқылауға шығарылды.

— Егер сайтта қандай-да бір мақала жарияланса, біз мақаланы алып тастауды талап етеміз деген жоқпыз. Жобада ақпарат иесі өзінің аты-жөнің мақаладан алғызу мүмкіндігі қарастылады. Мысалы, Руслан Кенжебекұлы Әбдіхалықов туралы мақала жарияланса, тұлға туралы деректер иесіздендіріледі және мақала белгілі бір азамат, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны А.Р.К. туралы болады. Бұл әр азаматтың заңды құқығы. Бұл ұмыту құқығының бір бөлігі. Ақпаратты ғана емес, сонымен қатар оның жеке деректерін қоғамдық ресурстарда да жойылу керек, — деп мәлімдеді ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов 13 сәуірдегі өткен брифингте.

Ашық НҚА-да жарияланған заңнамалық актінің негіздемесінде ақпараттық қауіпсіздік комитетіне түрлі интернет-ресурстарға көптеген шағымдар келіп түсетіні айтылған (www.adata.kz, www.fa-fa.kz, Telegram-бот ShtrafKZBOT және т.б.), олардың ойларынша, жеке деректер заңсыз жарияланады.

— Біз қазір олардың жеке деректерді таратуға бағытталған қызметін тоқтату үшін жұмыс істеп жатырмыз. Сервисте Дербес деректер операторларының тізбесі болады: ресурстар, мемлекеттік органдар, банктер және дербес деректерді жинайтын және заң бойынша дербес деректер операторлары болып табылатын басқа да ұйымдар. Қызмет барлық операторлардың толық тізімін шоғырландырады. Бұл кіммен жұмыс істейтінімізді, азаматтың кімге келісім бергенін көру үшін қажет. Тиісінше, азамат осы операторға жүгініп, оның деректерін заңды түрде жоюды талап ете алады, - деді Әбдіхалықов.

Сервистегі ақпарат Қазақстанның мемлекеттік техникалық қызметінің бақылауымен (ҰҚК жанында) Электрондық үкімет инфрақұрылымында сақталатын болады.

Сондай-ақ, спикер Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметінен (kgd.gov) «салық төлеушіні іздеу» бөлімінде аты-жөнін терген кезде ЖСН іздеу мүмкіндігін жойды. Адамның ЖСН-ін жазып, аты-жөнін білу мүмкіндігі жойылды.

Айта кетсек, adata.kz және де басқа ресурстарды журналистер зерттеу жүргізу барысында қолданады. Өйткені ЖСН немесе тегін жазу арқылы сіз адамның аты-жөнін, оған қандай акциялар мен жылжымайтын мүлік жазылғанын таба аласыз.

— Біздің мақсатымыз-журналистердің, іскер адамдардың жұмысын қиындатпау. Біз адамға оның деректерімен не болып жатқанын, оларға кім қол жеткізе алатынын көруге және, тиісінше, оны жасыруға немесе ашық күйінде қалдыруға мүмкіндік беретін құралды жасағымыз келеді. Біз журналистердің кәсіби қоғамдастығының алаңдаушылығын түсінеміз. Бірақ қол жетімді адамдардың санатын анықтаған жаңалықтар бар. Бұл мемлекеттік қызметкерлер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, - деп қосты Әбдіхалықов.

«Құқықтық медиа орталық» ҚҚ директоры Диана Окремова журналистерге жеке деректерді пайдалануда өзінің кәсіби қызметі үшін келісім қажет емес екенін еске салады.

— Бірақ жақында бізде ашық ақпарат көздерінен ақпаратты пайдаланатын азаматтық белсенділер мен блогерлердің көптеген зерттеулері болды. Жиі зерттеулер сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеулердің катализаторы болады. Жақында жақсы дамыған АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІК тамырымен жойылып кетуі мүмкін деген қорқынышым бар, — деп айтады Окремова.

Құқық қорғаушы жаңа заң жобасының нормалары ашық қоғамды қалыптастыруға кедергі болады және сыбайлас жемқорлық пен жазасыздыққа жағдай жасайды деп санайды.

Егер Facebook-те шартты түрде белгілі бір кәсіпкер туралы хабарлама пайда болса, онда жаңа заң жобасы оған мәтіннен аты-жөнін алып тастауды талап етуге мүмкіндік береді.

Диана окремова

— Біз реформалар жүргізу арқылы бір қадам алға басамыз, бірақ мұндай заң жобаларын қабылдаған кезде үш қадам артқа шегінеміз, себебі бұл түзетулер алдын-алу болып табылады. Шын мәнінде, біреудің жеке деректерін пайдалану зиян келтірмейді. Егер ол адам адал салық төлеуші болса және күдікті істерге қатыспаса, оның ЖСН-ін білгеннен және ол қандай ұйымның басшысы, қандай заңды тұлға екендігін білгеннен ешқандай зиян жоқ.

Осы заң жобасын талқылаған кезде біз министрлікке «қоғамдық қызығушылық», «қоғамдық тұлға» ұғымдарын енгізуді ұсындық. Себебі, қандай-да бір ақпаратқа қоғамдық қызығушылық болса, онда жеке мәліметтер келісімінсіз ашылуы мүмкін екенін ескеру қажет. Егер жоғары дәрежелі шенеуніктер мен қоғамға белгілі адамдар туралы айтатын болсақ, онда олардың жеке деректері ашылуы мүмкін. Сондықтан бұл ерекшеліктер тізіміне тек шенеуніктер ғана емес, сонымен бірге барлық танымал адамдар кіруі керек, — деді Окремова.

Ұсынылған заң жобасы 23 сәуірге дейін талқылауға шығарылды.

Orda.kz мемлекеттік қайраткерлерге, бизнесмендерге, шенеуніктерге байланысты қандай да бір ұйымдарға, іс-шараларға немесе компанияларға бюджеттен бөлінетін қаражатқа қатысты материалдарды жүйелі негізде жариялайтын болады.

Авторы: Бағдат Асылбек
Аударған: Мұхит Тұрсынәлі

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар